ТАПА-ТАЛ ТҮСТЕ КӨЛІК ТІЗГІНДЕГЕН МАС ЖҮРГІЗУШІ ҚАМАУҒА АЛЫНДЫ

Уақыты: 12.01.2021
Оқылды: 1099
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Еңбекшіқазақ ауданында тапа-тал түсте көлік тізгіндеген мас жүргізуші ұсталды. Оның мастығымен қоймай, көлік басқаруға құқығы жоқ екені де анықталды. Бұл туралы "Жетісу" газеті мәлімдеді.

Алматы облысы полиция департаментінің мәліметінше, Есік қаласының көшесінде жүрісі күмән тудырған көлікті тоқтатқан жол сақшылары жүргізушінің масаң күйде екенін анықтаған. Талапқа сай жүргізілген медициналық куәландыру оның орта дәрежеде мас екенін дәлелдеді.

- Сағат 11-30 шамасында "Тойота" маркалы көліктің жүргізушісі - 25 жастағы тұрғынның мас екені, сонымен қатар, ол 2017 жылы ішімдік ішіп, жол-көлік оқиғасын жасағаны үшін 5 жылға жүргізуші құқығынан айырылғаны белгілі болды. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 346-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Іс бойынша басқа ақпарат заңнама талабына сәйкес жариялануға жатпайды, - деді Еңбекшіқазақ ауданы полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Талғат Сейілханов.

Полиция өкілінің ақпаратына сәйкес, бұған дейінгі теріс қылығынан оң қорытынды шығармаған жігіт полицияның уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, былтыр қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгертулер енгізіліп, масаң күйде көлік тізгініне отырған жүргізушілер қатаң жазаланады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан