Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

МЕКТЕП ЖАРЫЛАДЫ: 14 ЖАСТАҒЫ ЖАСӨСПІРІМ БҮКІЛ АУЫЛДЫ ДҮРЛІКТІРДІ

Уақыты: 14.01.2021
Оқылды: 415
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

"Мектеп жарылады" деп қоңырау шалып, Панфилов ауданындағы бір ауылды дүрліктірген жасөспірімнің әрекеті әшкере болды. Бұл туралы "Жетісу" газеті полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлады.

Панфилов ауданының полиция бөліміне Аққұдық ауылындағы мектеп қызметкерлері қоңырау шалып, белгісіз біреудің телефон арқылы мектептің түнде жарылатынын хабарлағанын айтқан. Тәртіп сақшылары талапқа сәйкес әрекет етіп, аудандағы барлық тиісті қызмет өкілдері оқиға орнына жедел жиналған.

- Осы дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Полицияның жеке құрамына дабыл беріліп, оқиға орнына жиналды. Жарылғыш затты табуға облыстық «Арлан» жасағының сапер тобы жұмылдырылды. Мектеп іші мен жақын маңы толығымен тексеріліп, қоңырау шалушының жалған ақпарат таратқаны дәлелденді. Жедел-тергеу шаралары барысында 14 жастағы жасөспірімнің телефон шалғаны анықталды. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жариялауға жатпайды, - деді Панфилов ауданы полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Жандос Кавлиев.

Ауыл тұрғындарын дүрбелеңге салған қоңыраудан кейін мектеп маңында тұратын отбасылар қауіпсіз жерге шығарылған. Қандай да бір ақпарат білуі мүмкін адамдардың барлығынан жауап алған полицейлер телефон лаңкесін көпке ұзатпай анықтаған.

2006 жылы туған, кәмелетке толмаған бала мектепке бомба қойылды деп білім ордасына барғысы келмегендіктен қалжыңдаған болып шықты. «Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда. Тиісті сараптама тағайындалды. Тергеу аяқталған соң іс материалдары сотқа жолданып, нақты процессуалдық шешім қабылданады», - деп толықтарды полиция подполковнигі Жандос Кавлиев.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан