АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ҰРЛАНҒАН 122 КӨЛІК ӨЗ ИЕЛЕРІНЕ ҚАЙТАРЫЛДЫ

Уақыты: 16.01.2021
Оқылды: 779
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Былтыр Алматы облысының полицейлері қолды болған 122 көлікті тауып, өз иелеріне қайтарған. Бұл туралы "Жетісу" газеті полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлады.

Алматы облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы негізгі қызметтері бойынша былтырғы жылды қорытындылап, жетістіктерімен бөлісті. Жол-көлік оқиғасын жасап, оқиға орнынан қашып кету немесе көлікті заңсыз иеленіп, ұрлап кету деректерін әшкерелеу аталған басқарманың Іздеу бөлімі қызметкерлеріне жүктеледі.

Кейбір жүргізушілер жол-көлік оқиғасын жасап, кей жағдайда жаяу жүргіншіні қағып, оқиға орнынан бой тасалағысы келетіні анық. Ең алдымен, олар осы арқылы жауапкершіліктен жалтарамыз, ешкім таба алмайды деп қателеседі. Іздеу бөліміндегі тәжірибелі мамандар әр бөлшектен оқиғаның картинасын құрып, кінәлі жүргізушіні анықтай алады.

- Былтыр оқиға орнын тастап, қашып кеткен 20 көліктің жүргізушісін анықтап, кінәсін дәлелдедік. Оның 14 дерегінде кісі өлімі тіркелді. Әртүрлі дене жарақатын салып, қашып кеткен 6 жүргізуші анықталып, жауапкершілікке тартылды. Жасырынған жүргізушіге қосымша бап бойынша іс қозғалып, жазасы ауырлайтынын ескерген абзал, - деді Алматы облыстық ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Бағдат Әшімов. Сонымен қатар, өзгенің темір тұлпарын заңсыз иеленіп кету дерегін әшкерелеп, тәртіп сақшылары 122 көлік иесін қуантқан. Кәсіби із кесушілер ұрланған көлікті табу уақыт еншісінде екенін және іздеу жұмысында асығуға әрі назарға алынбайтын сәттердің болмайтынын ескертеді.

- Өзгенің көлігін ұрлаудың 122 дерегі ашылып, көліктер иелеріне табысталды. Іздеу жұмыстарында жақсы нәтиже көрсеткен Талғар, Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Сарқан және Кербұлақ аудандарының қызметкерлерін атап өтуге болады, - деді полиция полковнигі Бағдат Әшімов.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан