БАЛА ЗОРЛАҒАН ПЕДОФИЛ ӨМІР БОЙЫНА БАС БОСТАНДЫҒЫНАН АЙЫРЫЛДЫ

Уақыты: 18.01.2021
Оқылды: 890
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысында көршісінің баласын ұрлап, оны жертөлелердің бірінде зорлаған ер адам өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Жаға ұстатар қылмыс жайлы Алматы облыстық сотының баспасөз қызметі мәлімдеді.

Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының мәліметінше, 2020 жылдың 7 наурызында Н.есімді ер адам мас күйде көршісінің кішкетай баласын ұрлап кеткен. Баланың қарсылығы мен айқайына қарамастан, аузын жауып, оны ешкім көрмейтін жеке тұрғын үйдің жертөлесіне апарып, жұдырықпен ұрған.

Салдарынан бала есін жоғалтып, дәрменсіз күйде, зорлық-зомбылық пен жыныстық әрекетке ұшырады. Сотта сотталушы айыпты мойындамады, әрекеттің дәлелденбеуіне байланысты өзін ақтауды сұрады.

Сот отырысында мемлекеттік айыптаушы мен жәбірленушінің заңды өкілі соттан ер адамды Қылмыстық кодекстің 125-бабы, 2-бөлігі, 5-тармағы,120-бабының 4-бөлігі, 121-бабының 4-бөлігі бойынша кінәлі деп тануды және өмір бойына бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындауды сұрады.

Сотталушының кінәсі қылмыстық іс материалдарымен, куәгерлердің айғақтарымен, сот-сараптамалық зерттеулердің нәтижелерімен дәлелденді. Сондықтан, сот жаза тағайындау кезінде қылмыстың аса ауыр санатына жататынын, қылмыстың сипатын, сотталушының жеке басын, оның ішінде қылмыс жасағанға дейінгі және одан кейінгі мінез-құлқын, жауапкершілік пен жазаны ауырлататын мән-жайларды ескерді.

«Сот оны Қылмыстық кодекстің 125-бабы 2-бөлігі 5-тармағы, 120-бабы 4-бөлігі, 121-бабы 4-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды және оған қылмыстық-атқару жүйесінің төтенше қауіпсіз мекемелерінде жазасын өтей отырып, өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі түпкілікті жаза тағайындады», - делінген Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының "Қазақпаратқа" шыққан мәлімдемесінде. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"