ҰЗЫНАҒАШТА МОТОЦИКЛ ҰРЛАҒАН КҮДІКТІ БІРНЕШЕ АЙДАН КЕЙІН ҰСТАЛДЫ

Уақыты: 20.01.2021
Оқылды: 1104
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысында мотоцикл ұрлағаны үшін іздеу жарияланған күдікті ұсталды. Бұл туралы "Жетісу" газеті полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлады.

Оқиға Алматы облысының Жамбыл ауданында 2020 жылдың қазан айында орын алған. Былтыр күзде Ұзынағаш ауылының 34 жастағы тұрғынына тиесілі мотоцикл қолды болып, полицияға арыз түскен. Тәртіп сақшылары жедел іздестіру шаралары барысында ұрланған көлікті тауып, заңды иесіне қайтарған. Дегенмен, мотокөлікті ұрлап, арзан бағаға басқаға сатты деген күдікке ілінген тұрғын қашып кеткен еді.

- Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалған. Қылмысқа қатысы бар 26 жастағы тұрғынның бой тасалауына байланысты іздеу жариялағанбыз. Күдікті ұсталды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. Оның өзге де қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде. Өзге ақпарат тергеу құпиялығына байланысты таратылмайды, - деді Жамбыл аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Асхат Тегенбаев.

Алдын ала тергеу барысында күдікті қылмысын мойындады және оның бұған дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылмағаны анықталды. Ол сотқа дейінгі тергеу аяқталғанша мекенжайын өзгертпеу туралы міндеттемемен босатылды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан