ТАБИҒАТТЫ ҚОРҒАУ ПОЛИЦЕЙЛЕРІ ҮШ КҮНДЕ 52 ЗАҢСЫЗ ӘРЕКЕТТІ АНЫҚТАДЫ

Уақыты: 25.01.2021
Оқылды: 1483
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысынң табиғатты қорғау полициясы үш күн ішінде 50-ден астам құқықбұзушылықты әшкереледі. Бұл туралы Алматы облысының полиция департаменті мәлімдеді.

Алматы облысы аумағында өтіп жатқан «Браконьер» жедел алдын алу іс-шарасы барысында табиғатты қорғау полицейлері 52 құқықбұзушылықты анықтады. Іс-шараның басты мақсаты – табиғат қорғау заңнамасы талаптарының бұзылуына жол бермеу және оның алдын алу.

- Үш күн ішінде заңсыз аңшылық жасаудың 28 дерегі, заңсыз балық аулаудың 11 дерегі, сондай-ақ, ағаштарды заңсыз кесудің 12 дерегі тіркелді. Аталған деректер бойынша ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске сәйкес, хаттамалар толтырылып, айыппұлдар салынды. Қарасай ауданында ағаштарды заңсыз отаған бір тұрғынға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды, - деді Алматы облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы табиғатты қорғау тобының инспекторы, полиция капитаны Бағлан Рымжанов.

Өз кезегінде полицейлер табиғатты қорғау заңнамасын қатаң сақтауға және табиғи байлығымызға жанашырлық танытуға шақырады. Саятшылық құруға ниет еткен тұрғындар қолданыстағы заңға сәйкес, тиісті құжаттар мен рұқсаттарды алу және қаруды сақтау және тасымалдау тәртібін ескерулері қажет.

Айта кетейік, 16 қаңтар күні басталған табиғатты қорғау шарасы айдың соңына дейін жалғаспақ.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан