ДАСТАРҚАНДА ОТЫРЫП, ТЕЛЕФОН ЖЫМҚЫРҒАН ӘЙЕЛДІҢ ҮСТІНЕН ІС ҚОЗҒАЛДЫ

Уақыты: 26.01.2021
Оқылды: 795
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Танысының телефонын жымқырған әйелдің әрекеті әшкере болды. Бұл туралы Алматы облысының полиция департаменті мәлімдеді.

Сарқан ауданының полициясына жүгінген 34 жастағы тұрғын қонақта болған кезде «Самсунг» маркалы телефонының қолды болғаны туралы арыз жазған. Тәртіп сақшылары жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізіп, телефонды иесінен қайтарып берді.

- Зардап шегушінің өз танысының үйінде ішімдік ішкені және үстел үстінде тұрған телефоны қолды болғаны анықталды. Қылмысқа қатысы бар адамды анықтау барысында 1986 жылы туған Сарқан ауданы, Екіаша ауылында тұратын әйел күдікке ілінді. Күдіктіден жоғалған телефон тәркіленіп, иесіне қайтарылды. Өзге ақпарат тергеу мүддесінде жарияланбайды, - деді істің мән-жайын анықтаған Сарқан ауданы полиция бөлімінің тергеушісі, полиция аға лейтенанты Ернар Асқарұлы.

Тексеру барысында күдікті танысының бейқамдығын пайдаланып, қараусыз қалдырған телефонын ұрлап алғаны белгілі болды.

Тергеушінің ақпараты бойынша, ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу аяқталған соң, іс бойынша нақты процессуалдық шешім қабылданатын болады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан