Әнуар оқулары өтті

Уақыты: 30.05.2017
Оқылды: 2925
Бөлім: ТҮПСАНА

Абай топырағындағы ядролық сынақтың жабылуы үшін аянбай тер төккен, ұлт зиялыларын қорғап, әл-Фарабиді қазаққа жеткізген заңғар тұлғалардың қатарында Әнуар Әлімжановтың есімі ерекше аталады. Қазақтың ұлы перзенті бүгінгі және келер ұрпақтың да мақтанышы.

«Әне, анау жатқан құмдауыт төбеден асып түссең, ескі қара жол бар, ол жолмен түнделете жүріп отырып, балалық шағымның базары болған көгілдір тауға ертеңгі таң сәріде жетуге болады», – деп өзінің балалық бал шағын қалдырған Көгілдір тауды да көзімізбен көрдік. Айдынды Алакөл ауданындағы, қасиетті өлке Қабанбай ауылына табан тіреп, Әнуар Әлімжановтың 87 жылдығына куә болдық.  «Өз елі, өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді», – деп Ілияс Жансүгіров айтпақшы, қазақ елін әлемге танытқан біртуар тұлғаның тойы өз ауылынан, өзі туған өлкеден бастау алды. 
Қазақ халқының өткен дәуірдегі мүшкіл халін қаламынан төгіп, қоғамына жеткізген жазушыға деген құрметтің бүгінде сәл кенжелеп тұрғаны ақиқат. Бірақ Әнуар мәңгі ұмытылмақ емес. Оның сыр толы, нұр толы әдемі әлемі бүгінгі ұрпаққа еңбекқорлығымен танымал. Сондай-ақ, батылдығымен, қайсарлығымен қымбат. Ол тек бір ауданның ғана, болмаса өзі өскен өлкенің ғана игілігі үшін емес, ол жалпы қазақ қоғамы үшін жанын берді. Халықаралық деңгейде өрбіген мәселелерді шешу үшін шынайы жолда бар күшімен күресті. Міне, осындай текті тұлғаны бүгінгі ұрпақ қалай ұмытсын?! Қарапайым да кішіпейіл мінезімен қазақтың қазақтығын танытқан жанның еңбегін ұрпақ кәдесіне жарату – бүгінгінің міндеті. Осыған орай, Қабанбай ауылында алғаш рет Әнуар оқулары өткізілді. Жауапкершілігі жоғары шараны ұйымдастырып, Әнуар мұрасын зерттеп жүрген жазушының жерлесі, «Жас қалам медиа» ЖШС директоры Ербол Ақшолақов мерейтойдың жоспарын жасап, жоғары деңгейде дайындалды. 2011 жылы Қабанбай ауылында Әнуар атамызға арналған ескерткіш бой көтерген болатын. Осынау тұғыр орын тапқан саябақтың да атын жазушының құрметіне беріп, «Әнуар Әлімжанов саябағы» деп атаған. Әлемге есік ашқан зиялының туған күніне орай өткен шараға жиналған қауым ескерткіш тақтаға гүл шоқтарын қойып, құрмет көрсетті. Сөз тізгінін алған Алакөл ауданы әкімінің орынбасары Алмас Абдинов жазушының қазақтың бағына туған қасиеттілігін айтып, оның мұрасын насихаттау жұмыстарын жүйелі жүргізу керектігін жеткізді. Артынша азаматын ардақтаған алакөлдіктерге алғысын жеткізген ақын Қажет Андас жазушының әлі де зерттелмеген мол мұрасының бар екенін айтып өтті. Қазақ дамуы үшін игілікті істер атқарған зиялының оқулары ауылдық Мәдениет үйінде жалғасын тапты. Оқушылар арасындағы байқау үміткерлеріне сәттілік тілеген ақын Ербол Ақшолақов биыл бастау алған Әнуар оқуларының үзілмей жалғасын табатындығын тілге тиек етті. Жазушының жан дүниесінен сыр тарқатып, оның ешкімді, ешбір елді, ұлтты жатырқамай, «сыздаған жарасының аузынан» табылатындығын айтып өтті. «Кішкене ғана Қарлығаш ауылынан шыққан қаршадай ұлдың бар қазақтың нұрлы болашағына  күрескендігі біз үшін мәңгі мақтаныш», – деді ол өз сөзінде. Шара шымылдығы ашылған соң оқушы Назерке Бақытова Ербол Ақшолақовтың «Ауылды аңсау» атты арнауын тебірене оқып, байқау қатысушыларына қуат сыйлады.  Мыңнан тұлпар, жүзден жүйрікті анықтайтын әділқазылар төрағасы, «Жетісу» телеарнасының редакторы Есболат Айдабосын бастаған зиялы қауым оқушылар дарынын саралады. Аймақтық жарысқа бас-аяғы 11 мектептен оқушылар қатысты. Байқау шарты бойынша, топ болып жазушының шығармаларынан көрініс көрсетуі керек. Мүдіргендер де, сыннан сүрінгендер де бар. Дегенмен, оқушылардың өз ауылынан шыққан тұлғаны терең танитындығы қуантты. Туындының сөздерінен шатаспау, реквизит қолдану секілді қағидаларды қалыс қалдырмады. Бірінен-бірі асқан сахналық қойылымдар көрермен қауымға жігер сыйлап, мерейтой сәнін арттыра түсті. Балалардың бойынан туған жерге деген сүйіспеншіліктің, махаббаттың биіктігі көрініс тауып, сахналық қойылымдары арқылы қошеметке кенелді. Алғаш рет өткізіліп отырған байқау осылай өз мәресіне жетті. Әділқазылар сахнадағы жүріс-тұрысына, сөз мәнеріне, музыкалық сүйемелдеуге назар аударып шынайы шабандоздарды анықтады. Өздерінің өрлігімен, сахнадағы еркіндік, кеңдігімен Ақжар орта мектебі бас жүлдені иеленіп, мерейге бөленді. Байқау бірінші рет ұйымдастырылса да ұрпаққа берерлік, көз көрерлік тамаша тұстары көп. Келер жылы да үлкен көлемде жүзеге асса деген тілекпен тарқасты жазушысын құрметтеп жиналған жұрт. 
Шара аясында жазушының қаламына қасиет сыйлаған көгілдір таудың көркемдігін көзбен көріп, тұнық суынан тәніне тазалық тапқан Ақтұмасынан ауыз тидік. Заңғар тұлғасын құрметтеген Қар-лығаш ауылының оқушылары Әнуарға арнау айтты. Ұлылықты ұлықтаған, қаламгер қасиетін ұмытпаған ұрпаққа тамсанып қайттық. Әнуар десе жаны бөлек  қауым- ның құрметіне бөлендік, мейіріміне кенелдік. Ауылдағы Әнуар Әлімжанов атындағы мектепке барып, жазушының қолтаңбасы қойылған мұралармен таныстық. Мектеп ішінде елі үшін туған ерге мұражай ашылған. Ал жазушының шығармаларынан шындық тауып, тереңнен білім алып жүрген оқушылардың дарыны бір басқа. Сөйлегені шешендей, ой өргені көсемдей қыз-ұлдарды көріп көңіл қуанды. Өмірден ерте кетсе де қазақтың жүрегінде, ең ғажап тілегінде сақталған жазушының аты алтын әріппен өрілгеніне тағы бір мәрте көз жетті. Қарлығаш ауылынан адамдықтың, адалдықтың, өз еріне деген құрметтің биік белгісін көріп, шаттыққа бөленіп тарқастық. Әнуар мұрасы ешқашан өлмек емес.

Құралбек СӘБИТОВ