Қаламгердің мерейі өсті

Уақыты: 05.06.2017
Оқылды: 1345
Бөлім: ТҮПСАНА

Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығатын  жарыста « Огни Алатау» газетінің тілшісі Жанар Мықтыбаева оза шауып,  алдан көрінді. Ол «Алтын Гефест» ұлттық байқауының жеңімпазы атанды.

«Алтын Гефест» сыйлығы  қазақстандық компаниялардың озық тәжірибелерін кеңінен таратуға негізделген. Байқаудың мақсаты – өндірісті дамытуға  айрықша үлес  қосқан азаматтарды  құрметке бөлеу.  «Алтын Гефест» – тау-кен өнеркәсібі кешенінің қызметкерлері мен компаниялары, тау ісі мен металлургия саласындағы ең үздік  жоба, ғылыми, оқу орындары мен кәсіпорындардың мамандарына берілетін  жалғыз марапат.  Биыл байқауға қатысуға 190 үміткер өтініш білдірген. Олардың 106-сы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері. Байқау жеңімпаздарын анықтауға тау-кен өндірісін жақсы меңгерген мамандар және мемлекеттік қызметкерлер қатысқан. Сондай-ақ, қаламгерлер де бар.  Марапаттау Астанадағы Салтанат сарайында өтті.  Байқау қорытындысына байланысты өткен шарада Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрі  Жеңіс Қасымбек сөз сөйлеп, жеңімпаздарды құттықтады. Тау-кен өндірісі саласы бойынша ұйымдастырылған байқаудың жеңімпаздарын министр өзі марапаттады. «Алтын Гефест» журналистерге  Еңбек адамын  бұқаралық ақпарат құралдары бетіне шығаруды  міндеттеген. Қаламгерлер қауымы  шама-шарқына қарай газет бетіне мақала жазды, теледидардан бейнесюжет көрсетті.  Десе де, қазылар  өздері қойған талапты орындаған, тақырыпты ашқан, өндірістің өзектілігін айта білген журналистерді анықтады.
Нәтижесінде Жанар Жексембекқызы «Металлург.  Кеудені мақтаныш кернейді!» медиа-жобасымен  әріптестерінен оза шықты. Мұнда Александр Печеркинаның мамандығына адалдығы, біліктілігі, озық тәжірибені меңгеруі айтылады. Әріптесімізді үш номинация бойынша өткен байқаудың алдыңғылар қатарынан көрінуімен құттықтаймыз. Жанар Жексембекқызы, әрқашан биіктен көрінуіңе тілектеспіз! 
“ЖЕТІСУЛЫҚТАР”