Аштық құрбандарына арналады

Уақыты: 06.06.2017
Оқылды: 1500
Бөлім: ТҮПСАНА

Саяси қуғын-сүргін  құрбандарын еске алу күні Алматыдағы Қабанбай және Наурызбай батыр көшелерінің қиылысындағы «Қарағайлы» саябағында 1931-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш ашылды. Аталған рәсімге қала жұртшылығы, зиялы қауым өкілдері және қоғам қайраткерлері қатысты.

Қазақтың ашаршылыққа ұрынуы, қапыда қырылуы – ұлт тарихының қасіретті парақтары. Кешегі тоталитарлық билік 70 жыл бойы ол туралы жұмған аузын ашқан жоқ. Тек тәуелсіздікке қолымыз жеткен соң ғана сол бір қасіретті кезеңде не болғанын және қалай болғанын білдік.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен құрбандарды еске алу күні белгіленді. Қасірет сыры жыл өткен сайын зерттеліп, зобалаң мен зорлықтың мың сан құпиялары ашылу үстінде. Оны естіп,  көргенде  аға ұрпақтың да, бүгінгі бала ұрпақтың да жүректері қан жылайды. Халқымызға ондай күн енді қайтіп тумаса екен деп тілейді. Ескерткіш ашыларда:  «Бұл ескерткіштің мәні – өткендер рухына тағзым, ал болашақ үшін – тағылым», – деп қала әкімі Бауыржан Байбектің тебірене сөйлегені де сондықтан.
Ақ жамылғы жайлап сыпырылғанда, биіктігі 3 метр болатын мүсіннің мұңлы бейнесі жүректерді шымырлатты. Әбден арып-ашқан, қауқары қалмаған, қорғансыздық халіне ұшыраған Ананы көресіз. Құшағындағы сәбиіне өлімсіреп қарайды. Бөбегінің көзі жұмулы, өзі қимылсыз. Атамекені, Алашы анасына қорған бола алмай отыр. Өйткені, байтақ даланы аштық жайлаған. Оған кім кінәлі?! Ескерткіш осы сұраққа жауап беріп тұрғандай.
Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин, Тарих және этнология институтының директоры Хангелді Әбжановтер жиналғандар алдында ойларын ортаға салды. Ескерткіштің мәні мен мазмұнына тоқталды.
Ескерткішті жасау үшін байқау жарияланып, оған 21 жоба ұсынылған екен. Оны талдап, таразылап, сараптаған Астанадағы мемлекеттік комиссия. Нәтижесінде бәрі бірауыздан бүгінгі бой көтерген ескерткіштің нұсқасын дұрыс деп тапты. Оны жасаған сәулетшілер  Қанат Бегулиев, Айдос Бүркітбаев және Дулат Үсенбаевтар.
– Ұлт қасіретін тас мүсінмен бейнелеп көрсету оңай емес. Сол үшін де біз тынымсыз еңбек еттік. Көп оқуға, көп ізденуге тура келді. Ақыры бәріміздің ойымыз бір арнада түйісті. Нәтижесі көз алдарыңызда тұр. Ең үлкен баға – көпшіліктің бағасы, – деді Дулат Үсенбаев.
Ескерткіштің айналасы тағзым етушілер әкеліп қойған гүл шоқтарымен көмкерілді.
Болат МӘЖИТ