БҮГІН - ІЛИЯС ЖАНСҮГІРОВТІҢ АТЫЛҒАН КҮНІ: МУЗЕЙДЕ ӨТКЕН ШАРА

Уақыты: 26.02.2021
Оқылды: 1652
Бөлім: ТҮПСАНА

Бүгін ақын, прозаик, драматург, сатирик, аудармашы, Қазақстан Жазушылар Одағының алғашқы төрағасы, сан қырлы дарын иесі Ілияс Жансүгіровтің атылған күні. Жыл сайын 26 ақпан күні І.Жансүгіров әдеби музейінде ақынды еске алу кеші өткізіледі. Биыл да музей қызметкерлерінің ұйымдастыруымен кішігірім шара өткізілді. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Еске алу кеші Ілиясқа жала жабылып, оның түрмеге тоғытылып, жазықсыз атылған сәті бейнеленген фильмін көрсетілуден басталды. Рухани шараның алғашқы сөзін І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің профессоры, «Ілиястану» ғылыми-практикалық орталығының меңгерушісі Мұратбек Иманғазинов алып, халқына адал қызмет еткен азамат ақын жайлы тың мәліметтерді баяндады. Ал білім ордасының қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының докторанты, жас зерттеуші Ерік Саржігітов өзінің ақын шығармалары бойынша жүргізген зерттеуін көпшілік қауымға ұсынды.

Ілиястың басына қара бұлт үйірілгенде оның туған-туыстарына да тыныштық болмағаны белгілі. «Халық жауының інісі» деп Қызырбек те қудаланып, ащы сұмдықтың дәмін татқан еді. Балалық шағынан қудалауды көп көрген, түрлі естеліктерді бойына жинаған Қызырбектің қызы Нұрпан апамыз талайға белгісіз естеліктерден сыр шертті. Ағайын бірге туған Ілияс ағасы мен Қызырбек әкесінің балалары бірге өскенін, ақынның жары Фатима апаймен өткен ерекше күндерді тебірене әңгімеледі.

Шараға жетісулық ақындар да атсалысып, өздерінің жүректен шыққан арнау өлеңдерін оқыды. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Жазушылар Одағы Алматы облысы филиалының өкілі Жангелді Немеребаев «Ілиястың жейдесі» атты Ілияс ақынға арналған арнау өлеңінің шығу тарихын ортаға салды. Салтанат Құмархан мен Бақтөре Сарқытбай ақындар әсерлі жырларын оқыды. Сонымен қатар, «Ардагер әжелер» ансамбілінің әншісі Шара Әбілдаева Ілиястың өлеңдеріне жазылған әндерді шырқаса, Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының жеке дауыстағы әншісі Серік Төлеутай терең мағыналы «Үш арыс» әнін домбырамен әндетті.

Халық тағдырын өз тағдырынан жоғары қойған кемеңгер ақынды еске алу кешін І.Жансүгіров әдеби музейінің меңгерушісі Нұргүл Жауынбаева қорытындылады. Нұргүл Қызырбекқызы соңғы жылдары дарынды азамат Ілияс жайлы деректер мен оның тұтынған заттары музейде көбейгенін қуана хабарлады. Шараға қатысқан қонақтарға алғысын білдіріп, эпидемиялық ахуал тұрақтанған соң мәні зор іс-шаралар жоспарда өз кезегін күтіп тұрғанын мәлімдеді.

Зейнегүл ЖҰМАБЕКОВА,

І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің 2-курс магистранты