Жаңғыру жыры

Уақыты: 12.06.2017
Оқылды: 1628
Бөлім: ТҮПСАНА

Туған жерге деген сүйіспеншілік туған елге -
Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласады.
Н. Назарбаев.

 

Жырлаймын заманымды жаңа туған,
Азаттық кіндігінен жаратылған!
Елбасы  бағдарымды айқындады,
Төрт бөліп түн ұйқысын таң атырған.

Жүректің маздап үміт төріндегі, 
Табылды ең керегім өмірдегі.
Қалың ел, байтақ дала тебіреніп,
Бабалар аунап түсті көріндегі.

Шаттығым нұрға бөлеп шаңырақты,
Көңілдің көк аспанын жадыратты.
Асқақтап Бәйтерегім одан сайын,
Жайқалып, жапырағын жамыратты!                                            
Арманның көппен бірге астым белін,
Берекем – ортамдағы тас діңгегім.
Шаппайды бірлік барда – іргем берік,
Қойыма қорадағы қасқыр менің.

Жасымнан елім дедім, жұртым дедім,
Ішімді қайдан ұқсын сыртым менің.
Ұлтымның өкпесіне құрт түскенде,
Көксаудай күндіз-түні күркілдедім.

Айтпасаң ұлттың сөзін не боласың,
Судай боп құмға сіңген жоғаласың.
Қырандай көкке шырқап шыға алмайды,
Қанатын қарға қанша сабаласын.

Ежелгі елім де азды, жерім де азды,
Ата салт қашан еркін белін жазды?
Бір-бірін оққа байлап күні кеше,
Бір қазақ бір қазақтың көрін қазды.

Сан қилы басымыздан заман өткен,
Таптырмас құстың сүтін талап еткен.
Қайтадан оралмасын ол зобалаң,
Сұмдығын су түбіне ала кеткен.

Тағдырдың қатуланса қас-қабағы,
Үйірер қара бұлтын аспан әлі.
Болжаған Елбасымыз болашақты,
Бекерге жаңартқан жоқ астананы.

Дүние жаңарады, ескіреді,
Біреулер ескіргенін кеш біледі.
Еліне тұтқа болған ерте туып,
Ерлердің даңқы алысқа естіледі.

Айналса шәуқарғаға қыран-намыс,
Басынар қызыл түлкі бұлаңдағыш.
Іркіттей ірітеді берекеңді,
Ұр да жық әулекілер ұрандағыш.

Киелі елім аңыз, жерім аңыз,
Қайталап айта беріп неғыламыз.
Азайып ақсақалдар сөз ұстаған,
Көбейді кертартпа көбік ауыз.

Жарқырап жайнамаймыз жаңармасақ,
Ескіні ерегескен табанға сап.
Көлденең жұрт күлмей ме жүрер жолды,
Адасып ашық күнде таба алмасақ.

Жас ұрпақ, түптегі асыл затыңды ізде,
Жалғасқан бабалардан хатыңды үзбе!
Жаһандық ұлы көшке ілесе біл,
Жат емес кеше көрген «латын» бізге. 

Өзінен көрсін әркім көз алдаса,
Заманның өзгергенін сезе алмаса.
Шаң жұтып ескі жұртта отырамыз,
Санамыз саф алтындай тазармаса.

Қазағым, ортаң ала, тілің шұбар,
Болғанда бірің егіз, бірің сыңар.
Көсіліп өз тіліңде сөйлемесең,
Таң атып, қалай ерте күнің шығар?

Жұмылсақ қайсымызға тіс батқандай,
Бірліктің білегінде күш батпандай.
Елбасы кемеңгерлік ойын айтты,
Күңгіртте қолыңа шам ұстатқандай. 
    
Бабалар бүгінгі ұрпақ ұмытпасқа,
Тағдырын жазып кеткен тіліп тасқа.
Түскенде ұлт мүддесі таразыға,
Өзара өкпе-назды сырып таста!

Қайтеміз мақтан етіп жер өлшемін,
Киелі әр сүйемі кең өлкенің.
Болғаны жұртың азат аздық етер,
Болмаса рухың азат егер сенің.

Алаштың ашылмаған кімге есігі,
Дәстүрлі құрғамасын жыр бесігі.
Сақта деп Елбасымыз елдігіңді,
Құлаққа құйып отыр күнде осыны.

Іштегі айықтырып мың күмәнді,
Бұл жолы күллі қазақ шын қуанды.
Сүйініп тілеулестер сәлем жолдап,
Дұшпандар бір қабарып, бір қуарды.

Елбасы жөнге салып, әй, демесе,
Қайтады жатқа кеткен қайдан есе?
Елшіңде не қасиет, не қадір бар,
Тіліңде мемлекеттік сөйлемесе?

Асатын қиын кезең, алда белес,
Жолыңнан тайдырмасын алдап елес.
Өз тілін меңгермеген мемлекет,
Тарихта бізден басқа болған емес.

Белгілі барар жері әлімсақтан,
Сатқынның Отаны мен жерін сатқан.
Тұқымы құрыған жоқ жер бетінде,
Абай бол жан-жағына, елім, сақтан!

Басып жүр бұл жалғанды қонышынан,
Жалғасқан парақорлар жең ұшынан. 
Байындай баяғының жылжымайды,
Құйқалы, шөбі шүйгін қонысынан.

Шетінен ел оңбайды ұры болған,
Құлқынның ер оңбайды құлы болған.
Бойына қалай сіңер арам байлық,
Аузынан өз халқының жырып алған?

Уақыттан желден жүйрік озарсың ба, 
Қалады байлық емес, сөз артыңда.
Жұртының жүрегінен орын алса,
Кісінің айналады өзі алтынға.

Арзанға таптырмайды қымбат бақыт,
Жіберсең сайтан менен жын қаптатып.
Отырар ару қызың албасты боп,
Көмейден көк түтінін будақтатып.

Дұшпаны бейғам елдің жалақтамақ,
Қасқырдай қозыңды кеп тамақтамақ.
Дәстүрлі дініміздің шырқын бұзды,
Шошайған теке сақал, шолақ балақ.

Күрсінем осыларды ойлағанда,
Қазандай көкірегім қайнағанда.
Жерінген жөргегінен мұндай сұмдық,
Япыр-ау, болып еді қай заманда? 

Бұғынар бұлтқа барып адасқан ай,
Індетті ішке кірген аластамай.
Жұмылған ашылмайды гүлдің көзі,
Ұйтқыған қара құйын толастамай.

Арылып шаң-тозаңнан, қыл-қыбырдан,
Қырсықтан құтылайық тілді буған.
Құрдымға кеткеніміз көне берсек,
Қоғамның мінезіне мың құбылған.

Елбасы сілкінбесе тосын бүгін, 
Жұртым-ау, жиғызады есіңді кім?
Қадірін тал бесіктің қайдан білсін,
Ұланың естімеген бесік жырын.

Көбеймес төрт түлігің төлдемесе,
Шөп шықпас көктен жаңбыр селдемесе.
Уызға ұл мен қызың жарымайды,
Үкілі өз бесігің тербемесе.

Ұрпағың бойламаса асыл ойға,
Көңілің жарқылдаған жасымай ма?
Білмесе немереңе өкпелеме,
Жатқанын бабасының басы қайда.

Кінәлі кешегі өткен ғасыр бұған,
Көл-көсір төгілді жас, шашылды қан.
Атаңның  ұмыт қалған басы түгіл,
Атаусыз қалды қанша асыл мұраң.

Шыға алмас тығырыққа тірелген ой,
Жоғалған жоғымызды түгендемей.
Тәуелсіз көштің жолы түзелмейді,
Жүгенсіз кеткендерді жүгендемей.

Тұншықса күй-мұрамыз, ән-мұрамыз,
Біз қалай жаңарамыз, жаңғырамыз?
Төріне салтанатты сарайлардың,
Шықпаса алдыменен домбырамыз?

Баласы әкесінен туған аса,
Биікке арман болмас ту қадаса.
Қазақпын дегеніңе кім сенеді,
Қазақы қаның бойда туламаса?

Жайлаған еркін қонып, еркін көшіп,
Атажұрт – күміс құндақ, алтын бесік.
Құсадан жарылады нағыз қазақ,
Тұрмаса дала тербеп, тау тілдесіп.

Халқының қасиетін таныта алған,
Қазақтың бәрі көкжал, бәрі тарлан.
Топырақ олар үшін құдіретті,
Бір тамшы кіндігінің қаны тамған.

Аралап туған жердің сай-саласын,
Ұрпағың ата жолын қайталасын.
Ізіңді іштен шыққан ұлың қумай,
Қалайша қазақпын деп айта аласың?

Әкенің ізін бала танымаса,
Атаға тартпағаны оның аса.
Кім болар көкірегі нұрға толып,
Даланың дарқандығы дарымаса?

Әлемді кезбе болар шиырлаған,
Көзіне жат көрініп қиыр далаң.
Бейшара атанады елден безген,
Бақыттан бір түйір дән бұйырмаған.
 
Балаңның туған жерге көзін үйрет,
Атадан қалған асыл сөзін үйрет!
Мен кепіл, топ жармаса, бәйге алмаса,
Бозөкпе болмаса егер өзі күйрек. 

Қамшылап сүйресең де неше жерден,
Шыға алмас тұлпар шыққан есек өрден.
Нар ұлдар әке көрген оқ жонады,
Арулар тон пішеді шеше көрген.

Білімнің биігіне құлаш ұрған,
Күтеді халқым үміт шын асылдан.
Алысқа ұзай алмас алаяқтар,
Қулығын қысқа күнде мың асырған.

Шарлаған шартарапты ұландарың,
Ойға алған орындасын ұлы арманын.
Алайда естерінен шығармасын,
Шағатын тобығынан жылан барын.

 Қасқайып қарсы жүрсе дауылға кім,
Көтерер қиындықтың ауыр жағын.
Сақтай біл бет-бейнеңді қазаққа тән,
Түссең де от пен суға, бауырларым!    

 Сүймейді сергек халық жалғандықты,
Тектінің тұқымында талғам мықты.
Алып шық асқар таудың жотасына,
Отаның иығыңа салған жүкті!

Төгіліп зердесінен алтын бұлақ,
Қазаққа күллі дүние салсын құлақ.
Жүрсең де қай қиырда, қай түкпірде,
Туған ел жүрегіңде болсын бірақ!

Жайнасын жеткіншектің бәрі түлеп,
Құдайдан жалынамын соны тілеп.
Тұрса екен кеуде керіп, асқақ қарап, 
Мына тау, мына дала менікі деп!..
     
Өз ұлың бастап отыр жарқын жолға,
Түпкі ойын түсіне біл, халқым, қолда!
Зердесі зеңгір көктей тұнық елге,
Берері тәңірінің таусылған ба?!

Биіктеп ұшам десең алға сірә,
Қам жаса қанатыңның талмасына.
Қырандай дүр сілкініп қайта түлеп,
Серік бол самғағанда Елбасыға!..

Несіпбек АЙТҰЛЫ,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.
Астана қаласы.