Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ЖАРКЕНТ ПЕН КЕГЕН ӨҢІРІНДЕ ҚАСЫМ ХАН ТУРАЛЫ КИНО ТҮСІРІЛІП ЖАТЫР

Уақыты: 07.03.2021
Оқылды: 412

Алматы облысында «Ұлы дала таңы» фильмінің түсірілім жұмыстары басталды. Бұл туралы "Жетісу" газеті Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

Бүгінде Қасым хан туралы түсірілетін фильмде басты рөлдерді сомдайтын актерлер белгілі. Қазіргі таңда Жаркент өңірі, Көктал ауылының маңында режиссер Ақан Сатаевтың (кино түсіру барысы жайлы үстінен басыңыз) «Ұлы дала таңы» толықметражды тарихи көркем фильмінің түсірілімі басталып кетті.

«Кинотуындыны Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Қазақфильм» киностудиясы түсіреді. Ауа райының уақытша суығаны түсіру тобына қыс мезгіліндегі табиғатты түсіріп алуға мүмкіндік берді. Өндіріс кестесіне сәйкес, түсірілім тобы өз жұмыстарын жалғастыру үшін Кеген ауылының маңына көшеді», - делінген киностудия мәліметінде.

Фильмде Қазақ хандығында Қасым хан билік еткен кезеңде мемлекет өркендеп, Шығыс Дешті-Қыпшақ даласында көшіп-қонып, ұлан-ғайыр атырапта өмір сүргені баяндалады. Дәл осы жылдары қазақтар дербес этникалық қауымдастық ретінде сырт елдерге де танылып үлгерді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"