АЛАШТАНУ НЕМЕСЕ ҚАЗАҚТАНУ ҒЫЛЫМЫ: РУ МЕН ҰРАН ТУРАЛЫ БІРЕР СӨЗ

Уақыты: 22.03.2021
Оқылды: 1622
Бөлім: ТҮПСАНА

Тұтас адамзат, соның ішінде ұлттар мен ұлыстар да ортақ биологиялық, этникалық тектерден, белгілі бір аталардан тарағаны шындық. Ондай болмағанда, қазіргі генетика ғылымы да болмақ емес. Біреу құба, біреу сары, енді біреулер қара нәсілді, сөйте тұрып барша адам баласы бірыңғай зоологиялық түр және түршеге тән болмас еді – керісінше айтсақ, біз ойымызға, бойымызға, түр-түсімізге қарамастан жүз пайыздық генетикалық ортақтыққа иеміз. Алайда қазіргі адам баласы бәленінші жылдың бәлен айының түгенінші күні туған Пәленекең деген кісінің баласы тағы да емеспіз. Өйткені біз әке мен шешеден пайда боламыз, олардың да өзді-өз ата-аналары болады. Сөйтіп бұл тізбек ары қарай, уақыт пен кеңістіктің тереңіне бойлап кете береді. Сондықтан, адам баласының пайда болу барысын кесімді бір уақыттан емес, тұтастай ұзақ барыстан іздейміз. Осы заманғы биология ғылымы бізге солай дейді. Ұлт және оларды қалыптастырған ірі этнотоптар туралы да соны айтуға болады, біз Пәленекең ата мен Түгенекең ападан бір күнде туа салғамыз жоқ.

Қазақ халқы тұрғысынан да шындық дәл солай, біздің бәріміз – түбіміз бір туысқанбыз. Бірақ қазақ немесе Алаш, жүз немесе арыс деген этнонимдер, терминдер мәлім бір кісінің аты болмаған. Әрі олар біз ойлағандай бертінде емес, көптеген мың жылдар бұрын қалыптасқан.

Әл-Мәсудидің дерегі бойынша, миләдиден, Ғайса ғ.с.туудан мыңдай жыл бұрын, Сүлеймен ғ.с.заманында Қазақия деген атау болғаны анық. Егер оның туынды зат есім (қазақ+ия) екенін зердеге салсақ, «қазақ» деген этноним одан да бұрын, өте ертеде қалыптасқанына көз жеткізе аламыз. VIII-IX ғғ. жазылған «Хұдұд әл-әлем» («Әлемнің шегаралары») атты тарихи еңбек те мұны нақтылай түседі, онда да Қазақия атауы бар. Демек үшбу кітәп жазылған заманда Қазақия атауы әлемге әйгілі болған, ендеше қазақ этнонимі одан да бұрын қалыптасқаны сөзсіз. Ал бұл тарихи атаудың біздің ұлттық атымызға қатысы бар ма дегенге келсек, ондағы Шымкент туралы дерек бұл сұраққа нақты жауап бола алады.

Атап айтқанда, Қазақия – Түркістан территориясының, Орта Азияның тағы бір атауы болып табылады. Олай болады екен, үшбу территориялық атауды қалыптастырған ҚАЗАҚ этнонимі де осы өлкедегі түрік халқына, біздің ата-бабаларымызға тиесілі болғанында ешқандай күмән жоқ.

Кей зерттеушілер М.Дулати бабамыздың дерегіне сілтеме жасай отырып, қазақ этнонимі XV ғ. орта шенінде пайда болған деп қарайды. Бұл арада түпнұсқа дерек шынайы болғанымен оған байланысты қалыптасқан тарихи түсінік мүлде қате. Нақты айтқанда, «қазақ болу», «қазақ шығу» деген сөз қазақ этнонимі содан кейін ғана пайда болғанын емес, керісінше, ежелден бар екенін көрсетеді. Яғни хан ордасының саясатына наразы болған оппозициялық топ, Керей, Жәнібек қатарлы хан-сұлтандар Әбілхайыр ханмен арадағы ағайыншылықтан шығып, тек ұлттық жақыншылықты – қазақтықты ғана сақтап қалады. Сосын ордадан іргесін аулақ салады.

Міне, бұл саяси тәсіл – «қазақ шығу» немесе «қазақ болу» деп аталған. Демек Шыңғысхан және оның әулеті құрған мемлекетте ҚАЗАҚ, АЛАШ деген этноним, политонимдер бұрыннан болған немесе олар құрған ұлыс әуел баста солай аталған. Мұның алаш нұсқасын Қ. Жалайыри, қазақ нұсқасын М. Дулати бабамыз өзді-өз еңбектерінде қолданады. Айталық, Қ.Жалайыри Шыңғысхан құрған тоқсан бес мыңдық ұлттық армияны «Алаш мыңы», яғни Алаш армиясы деп атаған. Ал М.Дулати Орта Азия мен Кавказ түріктерін қазақ деп атайды да, оны «өзбек қазақ», «қырғыз қазақ», «тұр қазақ» сынды үш ұтыққа бөліп таратады. Яғни автор олардың барлығын қазақ деген ортақ атқа ие біртұтас ұлт ретінде көрсетеді. Үшбу деректерді басқа да түпнұсқа құжаттық дәйектер (фактілер) нақтылай түседі, «Шыңғыс қағанның қузауыры» («Құпия шежіре») мәтінінде «қазақ арба» (қазақ терген) деген термин бар.

Нақты айтқанда, Шыңғысханның арғы ата-бабалары қазақ арбамен көшсе, түпкі ана-әжелері қазақ арбамен ұзатылып келетін. Бұл тарихи құжаттық шындық арқылы Шыңғысхан өмірге келуден бұрын-ақ қазақ этнонимі, яғни қазақ атты ұлт болғанына анық көз жеткіземіз. Демек қазақ деген атау Керей хан мен Жәнібек хан заманынан бұрын да кең қолданыста еді, қазақ ұлты сол кездің өзінде әлемге әйгілі болатын. Қазақ сынды осынау байырғы атау мыңдаған жылдардан бері бірде этноним, бірде политоним ретінде қолданылса, кейде топонимдер мен антропонимдер құрамында да кездеседі. Жоғарыдағы Қазақия деген тарихи территория соған нақты дәлел болып табылады.

Ал алаш атауының этнолингвистикалық төркінін тарихтағы Алынша (Аланша) хан, алан, алшын, албан сынды антропоним, этнонимдердің құрамынан ұшыратамыз. Үшбу атаулардың семантикалық түбірі «ал» болып, ол – алу, жеңу деген мағына береді. Сондай-ақ одан «алын», яғни жалын деген семантема да келіп шығады. Атап айтқанда, «алынша» – жалынша, яғни отты, құдіретті деген мағынаға ие сөз болып табылады. Ал одан эмблема, таңба ретіндегі «Ш» пішіні қалыптастырылған. Өз кезегінде, бұл – жалайыр, төре, тарақты, тама, табын қатарлы ру-арыстардың таңбасы болып біздің заманымызға дейін жетуде. Жоғарғы жағы үш салалы, тағаны біртұстас болып келетін бұл белгі қазақ этнографиясында «тарақ таңба» деп аталады. Ол үш сала болып лаулаған жалынның схемалық кескіні болып табылады. Біз оны көбіне арыстық, тайпалық таңба ретінде қарастырамыз.

Ал ұлттық рәміз ретінде үшбу таңба ұлыстағы туларға, мөрлерге салынатын. Мысалы, Абылай хан мөрінде (жоғары жағында) тарақ таңба құс ізі тәрізді етіп – үш аша түрінде бейнеленген. Сондай-ақ, хан мөрі қазақ этнографиясында «құс мұрын» деп аталатын пішінде жасалған. Мөр табаны тамшы тәрізді жазықтық кескін қалыптастырады. Онда да ырма сызық арқылы ішті-тысты етіп тамшы тәрізді үш фигура бәдізделген. Іс жүзінде ол да – үш тілді жалынның абстракцияланған кескіні, схемасы болып табылады.

Ашалап айтсақ, мөр табанындағы бір-бірінің ішіне салынған тамшы тәрізді үш пішін – көкке өрлеп жанған үш салалы жалынның жазықтық кескіні болмақ. Бұл таңба, түптеп келгенде: алаш, жағлағыр (жалайыр), тама сынды, төркіні от ұғымынан келіп шыққан этноним, политонимдердің геральдикалық, графемалық кескіні болып табылады. Оның үш салалы болуы – Алаш жұртының, қазақ ұлтының үш үлкен саладан, үш жүзден құрам табатынының геральдикалық ишарасы болмақ.

Илаһи түсінікке сай бұл таңба ортасынан нұр шашылып тұрған жаңа туған айға, төте жазудағы Алла деген каллиграфиялық хат үлгісіне ұқсатылады. Көркемдік, эстетикалық тұрғыдан қызғалдақ, жауқазын гүлдеріне, үйеңкінің үш ашалы жапырағына баланады. Мұндай ұқсатуларды Елхан, Осман әулеттерінен қалған артефактілерден анық көре аламыз. Жоғары қараған үш ашалы таңбаны ертедегі Көрей (Корея) оңқалары, яғни бектері де баскиімдерінің маңдайына салдыратын. Өйткені олар Ханбалықтағы Құбылай қаған әулетіне тікелей тәуелді еді, оларды солар тағайындап немесе мансұқтап отырды. Әрине, солай болғандықтан Көрей оңқалары Алаш ұлысының рәмізін, тарақ таңбаны ұлықтауға, бастарына көтеруге заңды түрде міндетті болған-ды. Ал АЛАШ атауының политонимдік, этнонимдік мағынасына келсек, ол – қазақ сөзінің қасиетті синонимі, біздің ұлттық ұранымыз екені баршаға аян.

«Жәмиғ ат-тауарихта» түрік халқын құраған үш этникалық саланың жалпы таңбалық, эмблемалық сыйпаттамасы Дайбақұй деген шартты антропонимге жинақталған. Оны кеңестік кезең зерттеушілері «Дибяқұй» (Дибякуи) немесе Діббақұй (Диббакуи), т.б. тұлғасында аударғаны мәлім. Төте жазуда «б» және «й» әріптері пішіндік жақтан ұқсас болғандықтан оларды парықтандыру қиынға соғары даусыз еді, сондықтан да бұл сөздің дыбыстық аудармасында бірізділік сақталмаған. Іс жүзінде үшбу шартты антропоним «дай», «бақ», «ұй» деген үш семантемадан құрам тапқан-ды. Жекелей алғанда, олар түрік халқының «+» (дай), «口» (бақ), «О» (ұй) сынды үш байырғы таңбасын меңзейді. Жинақтай қарастырсақ, түрік, әсіресе қазақ ру-арыс таңбалары осы үш түрлі пішінді белгілі көркемдік, абстракциялық тәсілдермен өзгерту, құрастыру арқылы қалыптасқанына көз жеткіземіз. Ал бұл таңбалар адамзат дүниетанымының өте ерте кезеңінде барлыққа келген-ді. Енді соларды өз ұлтымыздың этнологиясы мен этнолингвистикасы негізінде талдап көрелік:

Мұндағы «+» (дай), аспан мен жер арасында тіреу болып тұрған мифтік тұлғаның қарапайым кескіні. Өте ертеде көк күмбезі тұтас дене деп қаралғандықтан әрі ол кезде әлемдік тартылыс күші, гравитация туралы ұғым қалыптаспағандықтан аспанның «құлап кетпеу» себебі осылай түсіндірілген. Таңбада оның горизонталь бағыттағы құлашы және вертикаль бағыттағы дене сұлбасы бейнеленуде. Оны пішік (иероглиф) жазуындағы  «大»  (дай, тай / да), яғни үлкен, алып деген таңбамен дыбыс және кескін жақтан салыстыра қарастыруға болады. Тек бірінде екі аяқ қосылып, екіншісінде талтайып тұрған күйде бейнеленген. Қазақ тілінде бұл түсінік «Тәйір» (ой, тәйір-ай / не тәйірі) деген зат есіммен бейнеленеді әрі оны әлі де қолданамыз. Бірақ сөздің семантикалық мағынасына, түпкілікті байыбына бара бермейміз. Шындығында ол: «тай» (дай) – үлкен, «ер» (ир) – адам деген екі сөзден құрам тапқан, жоғарыдағыдай мағынадағы мифологиялық, теологиялық термин болатын.

Екіншісіне, «口» (бақ) таңбасына келсек, ондағы «бақ» семантемасынан бақша (қорған), бағыт (төрт тарап) деген сөздер келіп шыққан. Ал ондағы пішінді қамалға немесе екі бойлық, екі ендік сызықтан қалыптасқан кеңістікке ұқсатуға болады – олардың бәрінен де иелік, билік деген мағына туындайды.

Үшіншісіне, «О» (ұй) деген таңбаға назар салсақ, оны күн көзіне, көк күмбезіне ұқсатуға болады – ол түрік халқының әлемдік идеясын, жаратылыстану, қоғамтану барысындағы пәлсапалық көзқарасын бейнелейді. Осы баяндалғандардан мынандай қорытынды шығаруға болады: түрік, қазақ халқының ұлттық, арыстық атаулары мен таңбалары жеке тұлғаның есімінен емес, дүниетанымдық, пәлсапалық, символдық мағыналардан келіп шыққын.

Ал олардан бергі арыстардың ұтықтасуына және тайпалық, рулық атаулар мен ұрандардың қалыптасу барысына келсек, оны шамамен үш кезеңге бөлуге болады. Біріншісі, Шыңғысхан заманы, екіншісі, Қазақ хандығының құрылу кезеңі, үшіншісі, Тәуке хан тұсы. Жоғарыда айтылғандай, ірі арыстар Шыңғысхан заманынан неше ондаған ғасырлар бұрын да болған. Сондықтан да әлемнің әр түкпірінен албан, суан (сван), тана (танайус), қоңырат (құн, құнық, құнғария), керей (крит), найман (наймансуме), т.б. түрки этнонимдермен төркіндес атауларды жиі кездестіреміз. «Жәмиғ ат-тауарих» дерегі бойынша, Оғыз хан түрік халқының ата қағаны саналады. Алайда оның заманында қаңлы, қыпшақ, ұйғыр (үйсін), қарлық, ағашері қатарлы арыстар өзді-өз территориялары бар ірі-ірі ұлыстар болатын. Жылнамада ол иеліктер «енші» (енчі, енчү) деп хатталғаны белгілі.

Үшбу тарихи құжатта басқа арыстар туралы да дәл сондай деректер көрсетіледі. Айталық, жалайыр, қоңырат, дулат, татар қатарлы арыстар моғол (мұғұл) деген ортақ атаумен хандық құрып келген-ді. Ал керей, найман, уақ (оңғыт) қатарлы түрки арыстар да моғол сынды ортақ атқа ие болғанымен, олар өзді-өз аттарымен жеке-жеке хандықтар құрған-ды. Осылардың ішінде татарлардың жөні сәл өзгеше. Олар байұлы, әлімұлы, дөйт, таз, тана қатарлы ру-арыстардан құрам тапқан әрі жерлерінде екі үлкен көл (Арал, Каспий) бар еді, демек тарихтағы татарлар – ілкі кіші жүздер болатын.

Қ.Жалайыри Алаш ұлысын алты сан деп, ал оның Өзбекиядағы бөлігін үш сан деп көрсетеді. М. Дулати Қасым хан иелігін, яғни Қазақ хандығы жерін Өзбекия деп атағаны мәлім. Ендеше Қ.Жалайыри бабамыз да осы аймақты, яғни қазіргі Қазақстан көлемін меңзеген. Әрі ол үш сан алаштың, яғни үш жүздің ағасы тарақ (Ш) таңбалы жалайыр деп көрсетеді. Бұл түпнұсқалық деректерден шығатын қорытынды мынадай болмақ: қазіргі қазақ халқының үш жүздік құрылысы және оларды құраған ірі арыстардың ұтықтасу, ұжымдасу барысы Шыңғысхан заманында жүзеге асырылған. Сондай-ақ, өзі де сол арыстың перзенті болуына байланысты  жалайырларға үш жүздің ағасы мәртебесін берген-ді.

Демек, Алаш тарихында еш нәрсе себепсіз болмаған, біздің ұлттық құрамымыз – мемлекеттік құрылысымыз ҰЛЫ ШЫҢҒЫСХАННЫҢ, әз Алашаханның стратегиялық жобасына сай жасақталған. Сондықтан да оны ешбір зұлым күш бұзып тастай алмай келеді.

Біздің халқымызды құрайтын арыстар өте ұзақ замандарды бастан кешкендіктен, олардың аттары: үйсін – үйсүн (ұйсұн) немесе ұйғыр (ұйғұр), алшын – алчын немесе алчын татар, дулат – дұғлат немесе долан – доғлан, қоңырат – қоңғырат (құнғұрат) немесе құн (ғұн, құнұқ), керей – герей немесе керейт (герейт), уақ – оңғыт (оңғұт), найман – нәймін, қыпшақ – қипчақ (қифчақ), қаңлы – (қаңқлы), арғын – арғұн, т.б. дегендей, әркелкі айтылатын әрі солай ала-құла жазылатын.

Мұндай жайттарды Ә.Баһадұр ханға дейінгі тарихшылардың еңбектерінен анық аңғаруға болады. Қазақ хандығы заманынан бастап осы көрсетілген атаулардың алдыңғы жарымы сақталды да, соңғы бөліктері біртіндеп қолданыстан шығарылды.

Әрине, ол да жайдан-жай емес, қайта хандардың жарлығы арқылы жүзеге асырылғаны сөзсіз. Қазір ешкім де үйсінді – ұйғыр, алшынды – алчын татар, арғынды – арғұн деп айтпайды. Мұндай байырғы аттарымыз, тек арғы тарихты қаузаған әдебиеттерде ғана кездеседі. Демек, қазіргі қазақтың арыстық жүйесі, шежірелік құрылысы Қазақ хандығы дәуірінде толықтай қалыптасып болған.

Ал арыстарды құрайтын тайпаларға келсек, олардың ішінде тарихы сан ғасырға, мың жылдарға кететіндері де бар. Айталық, Шыңғысхан заманында меркіт, қарақас деген рулар болған, қазір олар – керей арысының құрамындағы тайпалар саналады. Кей тайпалардың аты тілдің дамуына сай тұлғалық, морфологиялық өзгеріске түскен. Мысалы, тарихта алайұнтлы (ала йұнтлы) – ала жылқылы деген ру болса, қазіргі керей ішінде шыбарайғыр (шұбарайғыр) атты тайпа бар. Шежіре бойынша, ол – адамның аты емес, қайта басқалар жағынан тағылған лақап саналады. Кейбір шежірелік таратуға сенсек, Шыбарайғырдың өз есімі Шотпан екен. Әсілі, шыбарайғырлар өзімен тетелес басқа тайпалармен туыс саналады, бірақ оларды керей арысына қосатын шежірелер бірізді емес.

Меркіт пен қарақас туралы да солай деуге болады. Демек, тайпа аттары да адам есімінен келіп шықпаған, яғни тайпа ішіндегілер мәлім бір тарихи тұлғаның тікелей биологиялық жалғасы болып саналмайды. Олар – этникалық тектері жақын адамдардың жиынтығы, сондай-ақ әрқайсының осы тайпа құрамына кірген уақыттары да әркелкі болуы мүмкін. Шыңғысхан заманындағы жазба деректерге негізделсек, көптеген адамдар соғыс жағдайында немесе әкімшілік жарлық, әскери бұйрық арқылы өзге этникалық топтарға кіріктірілген.

Қазақ шежіресінде де «кәрі жілік ұстату», «өлсе құн алу, өлтірсе құн төлеу» қатарлы ырымдық, заңдық шарттар арқылы сырт адамды руға қабылдау жөнінде ақпарлар бар. Қазақтың рулық құрылымына қалмақтармен арадағы қанды қырғындар, сондай-ақ ақтабан шұбырындылар аса ауыр дәрежеде ықпал еткені – тарихи шындық. Көптеген адамдар, тұтас ауылдар із-түзсіз жоқ болып кетті. Қалған бірталай жұрт басқа жүздерге, өзге ру-арыстарға сіңу арқылы жанын, қазақтығын сақтап қалды – сөйтіп алаш баласының арасын бұрынғыдан да жақындата түсті. Керісінше, өзге халықтарға сіңбе болып кеткендеріміз қаншама?! Осындай тарихи деректер әрқандай тайпаның бір ғана атадан тарамағанын толық дәлелдеп береді. Қайта әрбір тайпа құрамында қазақтың көптеген этникалық топтарының өкілдері бар еді, яғни барлық қазақ – қаны да, жаны да бір жақын туысқандар болып табылады. Міне, бұл – біздің руға бөлінбейтініміздің, шын мәнінде рулардан құралатынымыздың нақтылы тарихи дәлелі болмақ.

Алайда ұранның жөні тайпа атынан басқаша болады. Қазіргі көптеген тайпалардың ұраны Тәуке хан тұсы және одан сәл кейінгі замандағы нақты тарихи тұлғалардың атынан келіп шыққан. Тіпті ірі арыстардың кейбірінің ұраны да қалмаққа қарсы соғыс дәуірінде бір немесе бірнеше рет өзгергені тарихи шындық. Біз көп еститін Қарасай, Райымбек, Қабанбай, Бөгенбай, Бекет, Өтеген, Жәнібек, Елтінді, Қожаберген, Есет, Сәменбет, Жанат, Жабай, т.б. барлығы – нақты дерегі бар тарихи тұлғалар. Яғни олар, аталған дәуірдегі сол ру, тайпалардың басшылары, әскери қолбасылары, рухани көсемдері болған. Ал адам өмірі, әсіресе оның тұлға болып танылу кезеңі онша ұзақ болмайтыны баршаға аян. Сондықтан тайпалық, рулық ұран да басшыларының алмасуына сай өзгеріп отыруы мүмкін.

Сан мың жылдарға жалғасқан осынау барыс Қазақ хандығының жойылуымен бірге тоқырап қалғаны көпке аян. Одан соң бодандық кезең басталды, аумалы-төкпелі заман болды, сөйтіп қазақтың мемлекеттік құрылымы, рулық жүйесі өз функциясын тоқтатты. Қазір тәуелсіз мемлекетте жасап жатсақ та, бұрынғы рулық құрылымға қайта оралуымыз мүмкін емес, өйткені Ата Заңға негізделген зайырлы қоғамдық жүйе қалыптастырдық. Мемлекет басшысынан өзге саяси тұлғалардың өкілеттілігі ұлтына байланысты болмайды. Ешбір адамның құқы этникалық тегіне, діни нанымына қарап әрқандай шектемеге ұшырамайды. Сондықтан бұдан былай жаңа ру және жаңа ұран қалыптаспайтынына жұрттың бәрінің көзі жетсе керек. Алайда, ерте заманнан және Қазақ хандығы кезеңінен қалған рулық жүйенің, ондағы рулардың аты мен ұран болған тұлғалардың даңқы қазақ халқы барда мәңгі сақталары даусыз.

Өйткені рулық жүйе – біздің ең байырғы ел екеніміздің әрі этникалық, биологиялық жақтан бек таза, жіксіз біртұтас халық екеніміздің күмәнсіз тарихи дәлелі. Ешқандай халықтың, тіпті бірге туысқан түрки ұлттардың да рулық жүйесі біздегідей мінсіз, кемелді емес. Олардың тілдері де қазақтағыдай жалпы ұлтқа толық түсінікті болмаған – XX ғ.басынан, әдеби тілдері қалыптасудан бұрын көптеген диалектілерде сөйлейтін. Біздегі бұл артықшылық – сан мың жылға жалғасқан мемлекеттіліктің, Шыңғысхан әулеті заманындағы ұлы біртұтастықтың жемісі. Бейне, үнемі айтылатындай, Қазақ – руға бөлінбеген, қайта рудан құрам тапқан тұтас халық, кемелденген бірыңғай ұлт. Ал аттары ұран болған бабаларға келсек, олар – ұлт тұтастығы үшін өшпес еңбек сіңірген ұлы тұлғалар, әсте рудың ғана батыры емес. Сондықтан Қазақ мемлекеттілігі бар жерде ұран болған арыстарымыздың аттары ешқашан өшпейді.

Қысқасы, алаштану, қазақтану ғылымы ру-арыстар туралы деректерді зерттеуден әсте қол үзе алмайды. Өйткені, әрбір рудың тарихы, шын мәнінде тұтас ұлттың тарихы болып табылады. Дүние жүзінде арғы тарихы кеңістіктің шектемесіне ұшырамайтын бір халық болса, ол – сөзсіз қазақ ұлты. Жатпандардың – байырғы американдықтардың тілі бізбен бекерден-бекер туыс бола қалған жоқ. Шынайы зерделесек, біздің ата-бабаларымызға қатысты деректер дүниежүзінің барлық түкпірінен табылары хақ. Барша байырғы мәдениеттер мен діндердің архитектура, эмблема, геральдика, нумизматика, миниатюраларында қазақ таңбалары мен өрнектерінің, әсіресе қошқармүйіз оюымыздың элементтері сайрап тұр. Олар жай ғана шимай-шатпақ емес, қайта біздің байырғы, өркениетті ел болғанымыздың көзі тірі куәгері. Тарих – ұлтты ұйытатын, мемлекеттілікті сақтайтын ең негізгі ұстындардың бірі, сондықтан оған немкетті қарауға болмайды.

Өзімізді – тарихымызды тани білейік, ардақты Алаш жұрты.

PS: Бұл мақалада айтылған пікірлерге өз кітаптарымызда, әсіресе, «Шыныңа көш, тарих! Шыңғысхан кім?» (бес томдық), «Шыңғысхан тарихы – қазақ тарихы», «Шыңғысханның атамекені мен ататегі және тілі мен діні», «Таныс та бейтаныс Шыңғысхан әулеті және пішік (иероглиф) жазбаларындағы құнды деректер» (үш томдық) деген еңбектерімізде кеңірек тоқталып өткен едік.

Тілеуберді ТЫНЫБАЙЫН,

ҚР ҰҒА Құрметті академигі,

шыңғысхантанушы, аудармашы

Сурет ғаламтордан алынды