Өнегелі өмірдің үш белесі

Уақыты: 19.06.2017
Оқылды: 1962
Бөлім: ТҮПСАНА

– Еркін ауылындағы сегізжылдық мектептің алтыншы сыныбында оқитын кезім. Сол күні балалар мені құттықтай жөнелді. Сөйтсем, аудандық газетке металл сынықтарын жинағанымыз жайлы мақалам шығыпты. Типографиялық таңбамен басылған мәтінге, соңындағы аты-жөніме қарап қатты толқыдым. Бұл – керемет қой! Бір-ақ сәтте атағым ауылды шарлады. Міне, менің журналистік жолым осылай басталған, – дейді Ырым Кененбай ағамыз.

 

Журналистік жол
Бұған дейін ол нені армандамады дейсіз?! Математикадан аудандық жарысқа қатысып, жеңімпаз атанды. Ол да қызықтырды. Мектептегі үрмелі оркестр үйірмесіне қатысты. Музыкант болуға да бейімі бар еді. Еркіндегі кітапхана қорын түгел оқып тауысты. Қысқасы, өзінің күшіне, істейтін ісіне берік сенетін. Алайда, аудандық газетке шыққан мақаланың әсері соның барлығынан басым түсті.
– Мен секілді жергілікті тілшіге тапсырмалар көбейді. «Айналайын, Ырым, мынаны ұмытып кетпей жазып жібер» – дейді үлкендер. Ауыл жаңалықтары аудандық газетке үзбей жарияланатын болды. Бастықтардың өзі менімен кәдімгідей санасатынды шығарды.
Бірте-бірте жазуға қол газетке көз үйренді. Енді республикалық деңгейдегі басылымдарға көз салдым. Оның ішіндегі ыңғайлысы, әрине, «Қазақстан пионері». Оның да белсенді тілшісіне айналдым. Редакторы Әбілфайыз Ыдырысов. Қызметкерлері де елгезек жандар. Балаларға ілтипатпен қарайды. Жақын тартады. Ақыл-кеңестерін айтады. Жоспарларымен таныстырып, хат жазып тұрады. Шекесінде редакцияның эмблемасы бар конвертке сыныптастарым қызыға қарайтын.
Ұзамай «Қазақстан пионерінің» бір топ тілшісі марапатталды. Олардың ішінде Аралдан Жақау Дәуренбеков, Балқаштан Жанат Елшібеков, Еркіннен мен бармын. Сыйлыққа қазақтың көрнекті жазушыларының кітаптарын алдық. Аталған әріптестеріммен кейін Алматыда жолымыз түйісті. «Ырымды қанаттандырған – «Қазақстан пионері» деп Жақаудың жазғаны бар, – дейді Ырым Суанбайұлы.
Қалай десек те тіл өнері қанмен келетін қасиет. Бұл қасиеттер Ырым ағамыздың әулетінде ежелден бар еді. Мәселен, атасы Кененбай кезінде ел құрметтеген би болған. Болыстықты да атқарған. Қара қылды қақ жарып, ақ пен қараны ажыратқан. Ол кісінің шешендігі күні бүгінге дейін аңыз болып айтылады. Ал Кененбайдың әкесі Айтқұл баба өз заманының қайраткері атаныпты. Оның дәлелдерін ел ішіндегі әңгімелерден естуге болады. Көксу өңіріндегі Екіаша мен Кемеращыда «Айтқұл бұлағы», «Кененбай арығы» деген атаулар әлі бар. Тау суларын бөктермен қиялата әкеліп арықтарды егіске бұрған. Олар осындай істерімен көпшіліктің алғысына бөленген.
Ырым Кененбайдың «Алпыстағы алма ағашы» атты кітабын оқысаңыздар, атасын былай сипаттайды: «Атамыз зор, денелі адам болғанға ұқсайды. «Елді аралағанда ол кісіні анау-мынау жылқылар көтере алмайтын. Үлкен қара аты бар еді, тек соған мінетін» деп еді Тәттібай атамыз. «Билік айтқанда халық төбені айнала қоршап отыратын» дейтін Әукен аға». Әкесі Суанбай да көркемсөзден қаражаяу емес-ті. «Қайта-қайта қисса-жыр айтқызамын. Ол кісі аңыз-әңгіме, батырлар жырын жатқа білетін», – деп еске алады жазушы.
Бәлкім, Суанбай қария таяқ ұстаған малшы емес, қалам ұстаған қызметкер болар ма еді? Оған «байдың баласы» атанған тағдыры кедергі келтірген. Көшелі жандарды тап жауына балаған кер заманда жазықсыз жазаға ұшырап, абақтыға айдалады. Бірақ, татар дәмі таусылмапты. Сансырап жүріп күндердің-күнінде еліне жетеді. Келсе – отбасы мен әулеті тозып, қожырап кеткен. Артында қалған екі ұлы қайтыс болыпты. Бұл қасірет оңай соқпады. Орта жастан асқанда үміті үзілгендей еді. Алайда, құдіреттің мейірімі шексіз ғой, қайтадан көгеріп-көктеудің мүмкіндігі туады.
– Екінші рет шаңырақ көтеріп, шешемізбен отасты. Құдай оңдап, Қыдыр қолдап, жаздыгүні жайлауда дүниеге мен келіппін. Шырағы қайтадан жанған әкем жүрегі жарыла қуанады. Ұлының атын Ырым қойған екен, – дейді балалық шағы туралы әңгімелегенде.
Ырым ағамыздың өмірінде 1965 жылдың жөні бөлек. Сол жылы ҚазМУ-дің студенті атанды. Журналистика бөліміне оқуға түсті. Елдің түкпір-түкпірінен келген талантты жастар Виноградов, 88-дегі жатақханаға жиналды. Нұрлан Оразалин, Сағат Әшімбаев, Жарасқан Әбдірашев, Әшірбек Көпішев, Қаржау Айтолқын, Сейітқазы Досымов, Мағира Қожахметова, Шәрбану Бейсенова секілді ұл-қыздар жұртты екпінімен елеңдетіп, Алматыны өздеріне жалт қаратты.
Ырым Суанбайұлы да солардың арасында еді. Өз ортасын енді тапты. Себебі, мектепте жүрген он алты жасының өзінде жазушы атанған. «Балдақ сыры» деген әңгімесі «Жетісу» газетіне жарияланады. Әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі Дүкенбай Досжанов сәт сапар тілеген. Мұндай биікке 9-сынып оқушысының шыға бермейтіні белгілі. Қаржаубай Омаровтың «Студент демесең, Ырым дайын қаламгер еді. Сағат екеуміз оның жазғандарынан сескенетінбіз» дейтіні сол кез.
Өзін алғаш рет «Қазақстан пионерінің» тілшісі жасаған Әбілфайыз Ыдырысов ағасы енді кураторы. Қазақ журналистика ілімінің негізін қалаған Тауман Амандосов – декан. Белгілі ғалым Қайыржан Бекхожин – кафедра меңгерушісі. Сатираның ғұлама зерттеушісі Темірбек Қожакеев – бір шыбықпен айдайтын қатал оқытушы. Осындай ұстаздардың алдын көрген студенттің нашар журналист атануға хақысы да жоқ.
– Үшінші курста «Лениншіл жасқа» қызметке орналастым. Жастар басылымының редакторы – Шерхан Мұртаза. Орынбасары – Қалдарбек Найманбаев.
Кадрларды іріктеу ісі орынбасардың қолында. Осыған орай қолданатын ол кісінің әдісі бар. Бір штаттағы 80 сомдық жалақыны төртке бөледі. Жарысқа төрт жігіт қатысады. Сен студентсің бе, басқа мамандықта жүрсің бе немесе мүлдем оқуда жоқсың ба, бәрібір. Мұндағы басты шарт – жақсы жазу. Бір айдан кейін іріктеліп, екеуі қалады. Айлықтары 40 сомға шығады. Екі айдан соң жеңімпаз азамат қызметке кіреді. Әрі қатал, әрі әділ.
Сөйтіп, 1968 жылы 4-наурызда «Лениншіл жастың» әдеби қызметкері болып бекідім. Көктемдегі арнаулы нөмірге «Қырда өскен қызғалдақтар» деген көлемді очеркім жарияланды. Сол күні бізбен Шерхан Мұртазаның өзі танысты.
– Құттықтаймын! Аты-жөнің кім? – деді редактор.
– Ырым. Ырым Кененбаев.
– Материалыңды алып маған кел, – деді. Мақаламды мұқият оқыды. Ешқандай түзетпестен қолын қойды. Бірақ, атымды Рым деп өзгертті.
– Сіздікі дұрыс емес, бұл – әкемнің ырымдап қойған аты, – дедім.
– Бәрібір, бұдан кейін сен Рым боласың, – деді Шерағаң да райынан қайтпай. Сонымен, мен – Ырым деп, бастық – Рым деп жүріп, ақыры Шерағаңды көндірдім, – деп күледі.
Іле-шала мәдениет және ғылым бөліміне меңгеруші болады. «Маздақ» клубын ұйымдастырып, ауыл мәдениетіне қатысты мәселелерді көтереді. «Күмбез» ашып, Ақселеу Сейдімбековті әңгімеге тартады. Сонымен қатар, қазақтың әйгілі ғалымдары Әлкей Марғұлан, Ақжан әл-Машани, Шафик Шокиндермен, аграрлық саланың білгірлері, екі мәрте Социалистік Еңбек Ерлері Нұрмолда Алдабергенов, Жазылбек Қуанышбаев және Социалистік Еңбек Ері Зылиха Тамшыбаевалармен болған мазмұнды сұхбаттары әлі күнге дейін оқырмандардың есінде.
Шерағаңнан кейін бас редактор Сейдахмет Бердіқұлов болды. Білікті басшы журналистер арасындағы жарыс көрігін қыздырды. «Сәтті ойлар сағатын» ұйымдастырды. Оған жарамды идея таба алмау ұяттың үлкеніне саналатын. Халық айтса, қалт айтпайды. Шығармашылықты шыңдайтын «Лениншіл жас» журналистиканың ұстаханасы деп аталған еді.
– Сейдағаңның әдістері өзгеше. Жыл сайын бөлім қызметкерлерін ауыстырып отыратын. Сол арқылы бізді әмбебаптыққа баулитын. Кезек-кезек арнаулы нөмірлерді шығарушы едік. Мойнымыз жауапкершіліктен босаған емес. Соның арқасында жетекшіге айнала бастағаныңды өзің де сезбей қаласың, – дейді Ырым аға.
Еткен еңбек, төгілген тер босқа кетпеді. «Лениншіл жастың» сондағы таралымы 300 мыңға жетті. Журналистік өмірдің жастар газетіндегі 10 жылы қаламгердің бақытты өмірі және болашағының басты кепілі болатын.

Жазушылық мұрат
– Несін жасырамыз, журналистік бөлімдегі біздер не ақын, не жазушы болсақ деп армандадық. Газеттегі қызметті оқумен келген мамандық, кәсіп деп ұғындық. Оны жазушылыққа апаратын баспалдаққа баладық.
Сол жылдары «Лениншіл жастың» жігіттері әдеби ортаның буын бұрқыратты. Өскеменнен келген Оралхан Бөкей аламан жарысқа бірден қосылды. Мақаласының өзі сурет, қара сөздерінің өзі өлең секілді. Орекең екеуміз біраз уақыт бір бөлімде жұмыс істедік. Ол – меңгеруші, мен – әдеби қызметкер. Жарықтық, жазғандарыма қалам тигізбей редакторға жолдайтын. Бұлай болудың себебі де бар. Мен де барымды саламын. Өйткені қасымдағы Орекеңнен ескерту естімеуім керек. Әріптесің мықты болса, осылай тәрбиеленесің.
Сағат Әшімбаев салиқалы әдеби сындарымен жалт қаратты. Небір сүбелі шығармалардың өзін жіліктеп тұрып талдайды. Айналып келгенде мұның бәрі «Лениншіл жастың» беделін ары қарай аспандатты.
Айтпақшы, әлі ешкім біле бермейтін бір «құпияны» ашайын. Әдебиет тарихында сыншы ретінде қалған Сағат бұрқыратып әңгіме жазатын. Тебірене отырып оқып беретіні әлі есімде. Ұмытпасам, бір шығармасының аты «Белдік». Кейіпкерлерді кереметтей сомдаған. Оқиғалары да қызық. Шиеленіскен тұстарында кейіпкерлермен бірге қобалжисың. Кейін сыншылық жанрды ғана таңдады. Ал, әлгі әңгімелерін ешбір баспасөзден байқамадым. Сірә, әр нәрсені бір шалып, шатпақтағанды жөн көрмесе керек. Менің курстастарым осындай талғамы зор айтулы азаматтар болатын, – деп Ырым аға әңгімесін жалғастырды.
«Жастық – поэзия» деп бекерге айтылмаған ғой. Ырым ағамыз да бозбала шағында өлеңдер жазыпты. Солай болуға тиісті де. Қабылиса жырау, Бақтыбай ақыннан қалған дәстүрлер Көксу, Қаратал өңіріндегі қалыптасқан салт. Той-томалақ жырсыз өтпейді. Жүрек сырын шертетін хаттар өлеңмен өрнектелетін. Дүниенің бәрі қызыл-жасыл сұлулық, жырға айналып тұратындай әсер беретін қайран жастық деген сол ғой! Бертін келе шығармаларын өзара салыстыра отырып, прозаның тиімді екенін аңғарады. Қабілетінің соған бейім екенін сезеді. Бұдан соң Сағат досы секілді өлеңнің есігін мықтап жауып, шығармашылықтың жаңа өрісіне қадам басты. 
 Сөйлемдері ұйқаспайды демесең, жазушылық та ақындықтың бір түрі. Арқасы қозбаса, шабыты шалқымаса, кестелі сөздің көкейден шығуы қиын. Ырым Суанбайұлы осының бәрін өз басынан өткізе отырып, жазушылыққа қалыптасты. Соның нәтижесінде «Лабасы етегінде» деген тұңғыш кітабы жарық көрді.
– Ырым аға, сізге осы арада бір сұрақ қояйын. Лабасы атауы құлаққа таныс. Мұқағали Мақатаевтың «Атамакен» дастанында, Бердібек Соқпақбаевтың кітаптарында кездеседі. Тіпті «Лабасы – Іле басы» деп жазылған мақаланы оқығаным бар. Кітабыңыз Нарынқол жақтың тіршілігін сөз етпей ме?
– Жетісудың адамдары да ұқсас, таулары да ұқсас. Лабасы деген шоқы Талдықорғанда да бар. Ол аймақ нағыз құтты мекен. Жайлауы шүйгін, суы бал. Адамдары бақуатты. Мамыражай тіршіліктегі ғажап өңір.
Лабасының етегінде үлкен елді мекен бар. Ленин атындағы колхоз деп аталған. Төрағасы шаруашылықтың білгірі, дала академигіне айналған Жылқайдар Егінбаев. Сол ұжымшар тасы өрге домалап, озат атанады. Қойлары егізден қоздап, егістігі ерекше жайқалады. Олардың даңқы бәріне естіледі. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мұндай ұжымның тәжірибесінен кітап шығарып, бірдің өнегесін мыңның игілігіне айналдыруды тапсырған. 
Бір күні мені «Қайнар» баспасына шақырды. Директоры Хайдолла Тілемісов пен бөлім редакторы Шәймерген Әлдибековтер қарсы алды. Алдымен баспаға жүктелген міндетті сөз етті. Мазмұнымен таныстырды.
– Жылқайдар Егінбаев басқарған шаруашылық туралы кітап керек. Сол жұмысты сапалы етіп кім атқарады дегенде, сен есімізге түстің. Қаламың жүйрік, сөздерің нәрлі. Шерхан мен Сейдахметтің мектебінен өттің. Оның үстіне қарадүрсін жазбайсың. Мәселенің ішкі иірімдеріне үңілесің. Екіншіден, Талдықорғанның түлегісің. Ол аймақтың бәрі саған жақсы таныс. Сондықтан өзіңе қолқа салмақпыз, – деді олар.
Біз келістік. Алайда, мұны өз редакторым Сейдахмет Бердіқұловқа айтуға тиістімін.
– Егер, баспа сені таңдаса, оған қарсы болмаймыз. Бұл – жігіттеріміздің шыңдалғанын білдіреді. Қуана құптаймын. Арнайы іссапармен Лабасыға жіберемін. «Лениншіл жасқа» керекті оқиғаларды да түзіп, материалдар әкел. Қасыңа фототілші Съез Бәсібековті қосып беремін, – деді Сейдағаң ықыласын білдіріп. Бастығымның шешімі мені мүлдем қанаттандырды.
«Қайнар» баспасынан шығатын кітаптар белгілі. Олардың өзіндік стандарты бар. Әрине, солай етіңдер деген ереже жоқ. Оны өздері ұйғарып қалыптастырған. Бұл өлшем бойынша, табыс туралы салыстырмалы сандар көбірек болуы керек. Есептегіш маман секілді мәліметтерді қопаруың қажет. Ал шындығында ондай кітапты ешкім оқымайды. Адамның жан дүниесі туралы сөз қозғамаған шығарманың кімге керегі бар? Мен осындай қасаң қағиданы өзгерттім. Соның дұрыстығына көздері жетті ме, баспаның бастықтары кейін ешқандай уәж айтқан жоқ. Есесіне кітап қызықты эсселердің жиынтығы болды. Мен де өзімді кәнігі жазушы секілді сезіндім. «Лабасы етегінде» 1971 жылы оқырмандар қолына тиді, – деді Ырым аға.
Ол республикалық газеттің тілшісі ретінде елдің барлық түкпірлерін шарлады. Таулардың ортасында өскен малшының баласы табиғатқа етене жақын. Есігін шығысқа қаратып тігетін киіз үйде таңның тамылжып атқанын тамашалайтын. Сол кездегі құстардың сайрағаны әлі күнге дейін құлағында. Осындай өмір оны табиғат танушысы етіп шығарғандай.
Сондықтан да еліміздегі қорықтар, Жетісудың әсем табиғаты Ырым ағаны қатты қызықтырды. Айбынды Алатауды, шалқыған Алакөлді, ақ айдынды Балқашты, сүңгісі көк тіреген Хантәңірін зерттеп, қара сөзбен кестеледі. Толғанудан туған материалдар оқырмандарға ұнады. Екінші кітап «Інжу-маржандарға» сол туындылар жинақталды. Ауыл-ауылда қазақ қаламгерлерінің кітаптары жергілікті дүкендерде сатылатын. Өзінің қандай дәрежедегі жазушы екенін автор кітаптарының өтуіне қарап бағалайтын. Бұл жөнінен Ырым Суанбайұлының уақытқа да, заманға да айтатын өкпесі жоқ.
Саптама етік киіп, сулық жамылған, атқа мініп ой-қырды аралаған жазушыны еңбек адамдары жиі көруші еді. Малшылар қауымымен жата-жастана әңгімелесіп, талай қызықты жайларға қанығатын. Қаламы қолынан түспейтін. Қыр жайлаған шопандар өміріндегі романтиканы, сағыныштар мен сүйіспеншіліктерді мөлдіретіп ақ қағазға түсіретін. Шаршауды, жалығуды білмейтін шақтар қандай ғажап?!
– Қасымда шаруашылықтың бас зоотехнигі бар, салт атты екеу шопанның үйіне келдік. Ауа райы салқындау болғанымен таудағы күн өткір, төбеңнен өтеді. Қаталап келгендегі ішкен сары қымыз қандай тәтті?! Маңдайдан терді бұрқ еткізеді.
Бізді көріп құйғытып жеткен бір азаматты байқадық. Дереу отарына қайта шапқылады. Бізден кейін жеңіл машинасымен парторг келді. Манағы жігіт ентелеп киіз үйге тағы жақындады. Айналаға қарады, біреуді іздеп жүрген секілді.
– Әй, қайным, сабыр сақтасаңшы. Бүгін де жиналыс шығып, келін тағы бөгеліпті. Бұйыртса, ертең түсте осында болады, – деді үйдегі жеңешеміз жігітке күлімдей қарап. Ол құлағына дейін қызарып, атына қамшы басып шаба жөнелді.
– Үйленгендеріне көп болған жоқ. Сүйіп қосылған жастар ғой. Келін еңбекқор және пысық. Жұмысты мұнтаздай етіп бітіреді. Өзі аудандық кеңестің депутаты. Кеше сессияға кеткен. Қайныма сол екі күннің өзі екі жылдай болды. Таудағы махаббат жалынды, бұлақтай таза, – деп жеңешеміз сыңғырлап күлді. Бәріміз жадырадық. Осы сәтте басыма келген жаңа идеяны дереу дәптерге түсіріп алуға асықтым.
«Қырда өскен қызғалдақтар» атты кітабым кілең осындай хикаяттар мен әңгімелерден құралған еді, – деп жазушы бір тоқтады.
Одан кейінгі «Жас шопандар ауылы» кітабы осы серияның жалғасы. Мұндағы әңгімелердің бірінде аға шопан Мәскеу құрылтайына делегат болып сайланады. Келіншегі үлкен жаңалыққа қуанудың орнына ағыл-тегіл жылаған. Күйеуін өзге елдің бойжеткендерінен қызғанған. Келесі шығармада оқуға түсе алмаған атақты қойшының баласы Алматыда қалып қояды. Бос сенделіске ұрынады. Әкесі оны әрең тауып, жайлауға әкеліп қой бақтырады. Қаланың тіршілігін аңсаған жігіт сонда костюм-шалбарын үтіктеп, галстук тағып, театрға баратындай киініп өріске шығады екен. Осы тектес неше алуан қызықты оқиғалар әсерлі баяндалған.
– Жетпісінші жылдың соңына қарай Кубада жастар мен студенттердің дүниежүзілік фестивалі өтетін болды. Бүкілодақтық делегаттар тізіміне Қазақстаннан отыз адам кірді. Соның бірі мен болдым. Әрі «Лениншіл жасқа» материалдар дайындау міндеті жүктелді.
Мәскеуден Кубаға дейінгі 15 сағатты біз аспанда өткіздік. Астымызда буырқанып Алтант мұхиты жатыр. Кубада қыс болмайды. Кітабымды «Мәңгі жаз елі» деп атағаным сондықтан.
Бұл жаққа бізден бұрын қазақтың хас батыры Бауыржан Момышұлы барған. Дүние қазақты танымайтын заманда Бауыржан ағамыздың есімі бізге бренд болды. Бұл жайында да кітап тарауларында молынан айтылды.
Енді алдағы күндерде мен секілді оңаша қалып ой қуатын жазушыны қайнаған өндіріс, нағыз баспахананың өзі күтіп тұрғанын ол кезде білген жоқпын, – деді Ырым аға.

Кәсіпкерлік қуат
Тоқсаныншы жылдар еліміздің тарихында өтпелі кезең деп аталады. Енді ескіше өмір сүруге болмайды, әйтсе де жұрт жаңа заманға үйрене алмай жатты.
Солай дегенмен «Білім» баспасының жағдайы дұрыс болатын. Оған себеп, бірқатар еркіндікке жол ашылған. Үкіметтен түскен қаржыны жұмсау тәртібін бұзбай, ретін келтірсе қосымша ақша табуға мүмкіндік бар. «Білім» баспасы солай етті. Дейл Карнегидің кітабын миллион таралыммен шығарды. Соның арқасында айлық пен сыйлықтан тарлық көрмеді. 
Ол кезде «Білім» баспасында жүзден аса адам қызмет істейтін. Үлкен ұжымның бастығы болу – үлкен мәртебе. Атшаптырым кабинеттер, зыр жүгірген елгезек хатшылар Үкімет үйімен тікелей байланысатын сесті телефондар.
Ырым ағамыз бұл биікке бір күнде шыққан жоқ. «Қазақстан», «Мектеп», «Ана тілі» баспаларының сатыларынан өтті. Кіші редактордан бас редакторға дейін өсті. Көз майын тауысып тарау-тарау кітаптардың қолжазбасын оқыды. Олардың мазмұнын оңдап, қателерін түзетті. Әрбір автормен жеке-жеке жұмыс істеді. Міне, осылайша шаршамай-талмай ысылған қызметкер ғана төрге шығуға хақылы. Баспаның директоры деген – зор тұлға. Ұжымға жөн көрсететін және жұмысқа жауап беретін қайраткер.
Еңбегі енді ғана жанғандай еді. Бір күні сол кездегі ҚР Баспасөз және ақпарат министрі Алтынбек Сәрсенбайұлы қасына өзінің орынбасары Әлібек Асқаровты ертіп «Білім» баспасына келеді. Дереу ұжымды жинап, жаңа шешімін жариялайды. Онда «Білім» баспасының бас директоры Ырым Кененбаевтың басқа қызметке ауысуына байланысты жұмысынан босатылатыны айтылады. 
 Егер сізді өзіңіз баптаған аттан аударып тастаса, қандай күйде болар едіңіз? Ырым Суанбайұлы да тура сондай күйді басынан кешірді.
– Алтеке, бұл не істегеніңіз?! Жұмыстан кетіретіндей не жазық, не кінәм бар?! – дедім түкке түсінбей.
– Әрине, «кінәңіз» бар. Жақсы бастық болғаныңыз үшін, жұмысты ұтқыр ұйымдастырғаныңыз үшін, басқа әріптестеріңіз қаржы таппай қиналғанда, пайдаға шаш етектен кенелгеніңіз үшін сізге осындай шара қолдандық. Енді облыстық полиграфияға бастық болып тағайындалдыңыз, – деп күлді ол.
Шешімге қарсы болғанмен не деймін? Министрге дау айтатын шама қайда?! Бас изегеннен басқа амал қалмады. Ал оңаша жүздескенде «Ыреке, қамықпаңыз. Бұл – сізге артылған үлкен сенім. Өмір бүгінмен ғана өлшенбейді. Келешекке қарау керек. Өндірістің өз иесі болатын заман, міне, келді», – деді.
Кейін Алтынбектің көрегендігіне таңғалдым. Қарауындағы кадрлардың қабілет-қарымын сырттай бақылап жүреді екен. Сондықтан таңдауы маған түсіпті. Әйтпесе, үш қайнаса сорпасы қосылмайтын Кененбаевта несі бар? Біз тек әріптес қанамыз, – деді Ырым аға.
Сонымен жаңа жұмыс басталды. Баспахананың есігін алғаш ашқанда көңілі құлазып кетеді. Алдында қара кірпіштен салынған мыжырайған үй тұр. Сартылдаған дыбыстан құлақ тұнады. Жұмысшы киімімен сапырылысып жүрген қыз-жігіттер. Майлы бояудың қышқыл иісі басыңды айналдырады. Салтанатты кабинеттен келген Ырымға мұндай тіршілікке бой үйрету оңайға түскен жоқ.
Баспа дегеніңіз – кәдімгі редакция. Ал баспахана – зауыт. Газет пен журналды, кітаптарды өнім етіп шығаратын өндіріс орны. Екеуіндегі жұмыс үдерісі жер мен көктей.
Бастық Мечников көшесіндегі облыстық баспа-полиграфия басқармасының ғимаратында отыруы тиіс екен. Ырым ағамыз одан бас тартып, баспахананың қораш кеңсесіне біржолата көшіп келеді. Өйткені пешенеге бұйырған несібе осы болса, күндіз-түні өндірістің ішінде жүруі керек. Өзіне беймәлім бұл ортаның қыры мен сырына қанығуы қажет. Инженер не істейді, технолог не істейді, есепші не істейді, сырт көзге байқалмайтын құпияларды ашқан дұрыс. Бәрін біліп, жұмысты ойдағыдай меңгеруге тиісті.
Өзіне туыс болып саналатын, екі рет Социалистік Еңбек Ері атанған Нұрмолда Алдабергенов есіне түсті. Жарықтық         4 сыныптық сауатпен-ақ шаруашылықты өрге сүйреді. Есебінен жаңылған емес. Білімді жандармен терезесін тең ұстап сөйлесетін. Сонау Сібірден «Алдабергеновке» деген құжаты бар самырсын қарағайлар Көксуға келіп жататын. Ырым ағамыз да атасының аруағына сыйынып, жігерленді.
Мұнда негізінен облыстық және аудандық газеттер, кітаптар мен журналдар басылады екен. Сырттай қарасаң, жұмыстарында тоқтау жоқ. Сонымен бірге табыс та жоқ. Оның да сырын ашты. Мәселен, бір машинамен 15 тонна қағаз әкелінді деп көрсетіліпті. Машина ары кеткенде 5 тоннаны ғана көтереді. Аудандық газеттің бір нөміріне 500 келі қағаз жұмсалғаны айтылыпты. Ал оған небәрі 150 келі қағаз ғана кетеді екен. Бәрінің басы-қасында өзі тұрып, бұлтартпайтын дәлелдермен кемшіліктерді мойнына қояды. Білмейтін бастық осылайша білетін болып шығып, ұжым кінәлілерден тазарыпты. Нәтижесінде баспахана келесі жылды мол табыстармен қарсы алған.
1998 жылғы алғашқы лекте баспаханалар жекешеленіп «Алатау» баспа-полиграфия корпорациясы болып қайта құрылады. Аяқтарына нық тұрады. Соның арқасында бес қабатты жаңа ғимарат салынады. Бәсекеге жарайтын технологияларды меңгере бастайды. Тынымсыз ізденеді. Ендігі жерде қоғамның дамуына үлес қосатын кәнігі кәсіпкерлердің біріне айналады.
«Ырым Швециядан қымбат құрал-жабдық әкеліп ақшасын босқа шашпайды. Есесіне, Индияның қолжетімді машиналарын алады. Сонымен-ақ бүгінгі күннің талабын толық қамтамасыз етеді. Машиналарды өңдейтін, жөндейтін шеберлерді жергілікті балалардан дайындайды» – деп Мұхтар Құл Мұхаммедтің ризашылықпен әзілдейтіні сол жылдар екен.
Бүгінгі таңда «Алатау» баспа-полиграфия корпорациясы елімізге кеңінен танылды. Кәсіпкерлер деңгейін анықтайтын республикалық «Алтын сапа» байқауының бірінші жүлдесін иеленді. Қазір өндіріс орны соңғы үлгідегі заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілді.
– Кәсіпкер демалмайды. Ол уақыт ағынынан қалмауы керек. Себебі, бүгінге ертең ұқсамайды. Әріптестермен, әкімшілікпен бірігіп істейтін жұмыстар шаш етектен. Қолымыздан келгенше өнім сапасын арттырып, оның бағасын арзандатуға тырысамыз.
Соған қарамастан, қолбайлау болатын жайлар аз емес. Мәселен, кітап шығару үшін 48 түрлі зат керек. Олар шетелдерден әкелінеді. Өзімізде іске қосылады деген қағаз зауыттарынан әлі хабар жоқ. Ең ақыры баспаханаға арналған жіпті де шығара алмай жатырмыз. Шетелге не керек, бағаны өсіреді де отырады. Шіркін дейсің, осының бәрі өзімізде жасалса ғой! Ол күндер де алыс емес. Сол үміт бізді алға жетелейді, – дейді Ырым аға.
Биылғы 19 маусымда «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Ырым Кененбай ағамыз жетпіс жылдық мерейтойын қарсы алғалы отыр. Ат мініп, шапан     киейін демейді. Талдықорғандағы «Алматы-Болашақ» полиграфия үйінде «Туған жер» бағдарламасы аясында «Баспасөз және баспахана» атты кездесу кешін өткізбек. Онда келелі пікірлерді ортаға салсақ дейді. Әріптестерінің сауалдарына жауап бергенді қалайды. Түйінді мәселелердің шешімдерін бірлесіп іздегенді жөн көреді. Кәсіпкер болмысы деген, міне, осы.
Ол «Жетісу шұғыласы» газетінде алғашқы еңбек жолын бастаған. Сонымен қатар осындағы баспаханада жұмысшы болып істепті. Енді, міне, жетпіс жылдық мерейтойындағы кездесуді сол орында, бүгінгі облыстық «Офсет» баспаханасында қарсы алғалы отыр. Біздіңше, бұл – жақсы Ырым!

Болат МӘЖИТ