ЛАТЫН ӘЛІПБИІНЕ КӨШУ - ЕЛ БОЛАШАҒЫ ҮШІН ЖАСАЛҒАН МАҢЫЗДЫ ҚАДАМ

Уақыты: 09.04.2021
Оқылды: 1256
Бөлім: ТҮПСАНА

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек», - деген болатын.

Біраз жылдан бері ел арасында әңгіме өзегіне айналған әліпби ауыстыру мәселесі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асуда. Сол үшін де бұл бастама жұртшылық арасында қызу талқылануда. Жүргізілген жүйелі жұмысты ұстаздар қауымы да бір ауыздан мақұлдайды.

Латын графикасы күні кеше ғана қолданысқа енген, күмәнмен қарайтын шалажансар таңбалардың жиынтығы емес екені баршаға белгілі. Тарихын тарқатсақ, сексен жыл бойы сойдақтатып жазып жүрген қазіргі кирилл қарпінен әлдеқайда терең. Біздің заманымызға дейінгі дәуірлер қойнауында туған көне жазу. Латын жазуы қазақ тіліне жат емес, жаңалық та емес. Себебі, 1929-1940 жылдар аралығында біз латын әліпбиін пайдаландық. Кеңес одағы құрамындағы қазақтардың алдында солақай саясат салдарынан үш әліпбидің  бірін таңдау қажеттігі туындады. Сол кезден бастап біздің қоғам кирилл қарпімен сауат ашып келді. Енді егемендік алып, шегарамыз шегенделген, өз алдына тәуелсіз ел болғандықтан әлеммен емін-еркін қарым-қатынас жасайтын әліпбиіміздің болғаны да заңдылық. Ендігі жас ұрпақ латын әліпбиінде сауат ашып, білім алса, нұр үстіне нұр болар еді.

Бүгінде латын әліпбиіне көшу еліміз үшін жасалған маңызды қадамдардың бірі болмақ. Өйткені, Ұлы Дала елінің тарихына көз жүгіртетін болсақ: бірінші тұғыр байлығы – жер, екіншісі – тіл, үшіншісі – мемлекет және оның тарихы. Сондықтан да, осы үш қасиетті де қастерлі асыл қазынамызды көзіміздің қарашығындай сақтап, қорғауымыз керек. Оған барлығымыз асқан жауапкершілікпен қарауға міндеттіміз.

Мақаланы түйіндей келгенде латын әліпбиіне көшу – еліміздің болашағын жарқын етеді, түркі және жаһандық әлеммен ықпалдасуға, қазақ халқы ертеден қолданған әліпбиімізге қайта оралып, ұлт санасының қайта жаңғыруына жол ашатынын ұмытпағанымыз жөн.

Айдана ЖҰМАҒАЛИ,

З.Тамшыбай атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

Көксу ауданы

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан