Гүлім апайдың шайы

Уақыты: 26.06.2017
Оқылды: 2301
Бөлім: ТҮПСАНА

Содан бері он жылдан асты. Сол күні «Жетісу» газетіне қызметке кіріп, алғаш рет Алматыдағы тілшілер қосынының есігін аштым. Дөңгелек жүзді, көздері үлкен, көрікті апай жымия қарсы алды.

– Келе ғой, материал әкелдің бе, әлде құттықтау ма? – деді бетіме қарап.
– Жоқ, апай, мен «Жетісудың» Алматы бөлімшесіне тілші болып орналастым, – дедім.
– Онда құтты болсын, айналайын! Қане, табалдырықтан оң аяғыңмен атта. Менің атым Гүлім болады. Содан кейін айтарым, жұмысты шай ішуден бастайық, – деді сыңғырлай күліп.
Дастарқан онсыз да жайылып тұр екен. Дереу электр шәугімді бұрқылдатып жіберді. Сүт қатқан құлақасқа шайдің дәмі бөлек қой, шіркін! Марқұм Әлиман әжем есіме түсті. Ол кісі де немересін қасына отырғызып, шайды баптап ішуші еді. «Кемпірдің баласы» болып өскен мен сияқты адамға бұл таптырмайтын қамқорлық. Сол күннен бастап редакцияға баруға асығатынмын. Өйткені, онда Гүлім апайдың шайы бар.
Мен ғана емес, Гүлім апайдың шайын жақсы көретіндер көп екен. Ақын Қайрат Әлімбек өлеңдерін оқып, маңдайы бусанған сайын апайы ұсынған кеседен мейірлене ұрттайтын. Бақанастан жететін Сайлаубек Байдүйсенов ағамыз мақаласын үйінен мөрдей етіп жазып әкелсе де қайталап оқыған болып, Гүлімге бірнеше рет шай қайнатқызатын. Еңбекшіқазақтағы тілші Баянды Зәкіров ағамыз құры қол жүрмейді. Ауласына өсірген шоқ гүлін Гүлімге ұсынатын. Онысы – шай ішпей кетпеймін дегені. Әр дүйсенбіні «Жетісудағы» Ілияс күндері» дегізетін Ілияс Жүніс ағамыз да шайшыл. Оларға Талғардағы Ұлбосын Исабекова және Алматыдағы Шолпан Жұмаділова, Асқанбай Ерғожаев, Қуат Қайранбаев, Мақпал Мыса, Жауһар Амангелдиевалар қосылатын. Қысқасы, Гүлім жайған дастарқанда журналистердің төрт көзі түгел отырады.
Гүлім апайдың күрең шайынан атақты Тұманбай Молдағалиев та ішкен. Ол дәм белгілі қаламгер Сарбас Ақтаевқа да бұйырған. Әртістер, әкімдер, редакцияға келген басқа адамдар да құры ауыз қайтқан емес. Барлығы апайға рахмет айтып, риза болатын. 
Бәріміз «Сары ата» дейтін ардагер-журналист Хабдышаар Әміренов «Жетісуға» күн құрғатпай соғатын. Келісінің сыры белгілі, ол – шайға деген құмарлық. Гүлімнің де үлкен кісіге ілтипаты бөлек. Біз соны пайдаланып, Сары атаның даусын айнытпай салып, көрші кабинеттен телефон шаламыз. Бұл «әртістік» маған жүктеледі.
– Гүлім-ау, шай ішкіміз келді ғой, не істейміз? – деймін.
– Оған сөз бар ма, ата. Келіңіз. Сіз келгенше дастарқан дайын болады, – дейді. Белгілі уақытта Сары атаның орнына біз жайғасамыз. Гүлім апай не істейді дейсіз ғой, есікке қайта-қайта қарап қойып, жігіттерді сыйлайды.
Бұлай дегенде, ол кісіні шай дайындаушы екен деп қалмаңыздар. Күлбаран Жантемірова «Жетісу» газетінің белді корректоры. Көздері өте қырағы, қатені қалт жібермейтін. Айналасына беделді, сүйкімді. Солай болған соң көпшілік оны Гүлім дейтін. Ал ауыл-аймағы да еркелетіп, есімін тура атамайды екен. Бір күні Шығыс Қазақстаннан телефон соғылды. Тұтқаны мен алдым.
– «Жетісу» газеті ме? – дейді.
– Иә, – дедім.
– Күлпәшпен сөйлесуге бола ма?
– Кешіріңіз, Күлпәш деген кісі бізде жоқ, – деп телефон тұтқасын қоя салдым.
– Ол кім? – деді апай.
– Білмеймін, шатасқан біреу ғой. Күлпәш бар ма дейді. Қайдағы Күлпәш?! – дедім.
– Мынауың қызық болды-ау! Күлпәш неге болмасын? Ол – мен ғой. Төркіндерім солай атайды, – деп күліп жатыр.
Апай бір күні редакцияға немересін ертіп келді. Оны өте жақсы көреді. Төбесіне көтереді. Кішкетайының аты да қызық –Жақыпжан!
– Менің Жақыпжаным, Жаком, алтыным! Апасы Жақасының айтқанын орындайды, – дейді ерекше еміреніп.
Бұл әңгімені есіктен қарап, тыңдап тұрған сол кездегі бас реадактор Жақыпжан Нұрғожаев:
– Гүлеке, айтқаныңның бәрі дұрыс. Жақыпжанды жақсы көргенің рас болса, шай қой, – дейді. Кабинеттің ішін күлкі кернейді. Сол күнгі шай бұрынғысынан да дәмді болды... Қазір апай зейнеткерлік демалыста. Сағынып жүрміз. Бір шәугім шай...
Болат МӘЖИТ