Сағынғанды сағындым

Уақыты: 26.06.2017
Оқылды: 2196
Бөлім: ТҮПСАНА

Аспан әлемінде шоқтай жанып, рауандап ататын таң алдындағы сөз жетпес сұлулыққа өзінше бір әдемі көрік қосатын ерекше жұлдыз бар. Соған қарап ертеректе ата-бабаларымыз ауа райын болжап, жақсылықтың жаршысы еткен. Ол қазақ үшін құдды бағдаршам іспетті. Оның басқа жұлдыздардан өзгеше болып көрінуін де ерекше ырымдайтын қазекең үшін ертеңгі өміріне үміт сыйлайтындай көрінетін. Жұлдыздай жарық, алар асуы биік, елге пайдаң тисін деген тілекпен өмірге қаншама ШОЛПАНДАР келді. Олар әртүрлі. Бірақ, бүгін біз сөз ететін жан тым бөлек.

Алтын сандықта сақталған қатпар-қатпар аңыздарға көңіл бөлсек, Шолпан есімді емші әрі мейлінше сұлу қыз болған. Ол бар ғұмырын ауру-сырқауларды емдеп, жазуға арнаймын деп шешкен. Бірақ оның бұл ойы жүзеге аспайды. Өзі сұлу, ақылды емші қызға жігіттер бірінен соң бірі сөз салып, ақыры оның соңы үлкен дау-жанжалға айналады. Ел арасында іріткі туа бастайды. Мұның бәрі өзінің сұлулығы мен ақылдылығына байланысты болғанын сезген қыз елден алысқа кетіп, халыққа нұрын биіктен шашқысы келеді. Сөйтіп, таң қылаң бере ол аспанға ұшып, таң жұлдызына айналады. Содан бері халық оны «Шолпан» жұлдызы деп атап кеткен. Осы аңызға сүйенсек, біздің кейіпкер де тіршілікте көпке қамқор, жылағанға жұбаныш, сүрінгенге демеу болып, соңынан биік әрі берік қамал орнатып кетті. Ақтық демі қалғанша ағайын-туысқа, әріптестері мен достарына жүрегіндегі бар жылуын шашып, ақжарма ақ тілегін арнады. Ол біздің «Жетісудың» жарқыраған жарық жұлдызы болған  ШОЛПАН ЖҰМАДІЛОВА.
Кейінгі буын ол кісімен араласып үлгермедік. Тағдырдың жазуы солай. Бізді өкінтетіні де осы. Шолпан апай турасында сөз қозғала қалса, үнемі жақсылықтың жаршысы болғанын, қолындағы барды бөліп беруге дайын тұратын жомарттығын және қазақ қыздарына тән намысқойлық пен ержүректігін естиміз. Әттең, уақыт жібі тым қысқа болғанын-ай. Бірақ адам қалағанындай бола берсе біз мүмкін өмірдің парқын түсінбес пе едік. Кім білсін? Тағдырға қарсы тұра алмайтынымызды, бүгін бар, ертең жоқ болатынымызды осыдан-ақ мойындауымыз керек.
Алғаш әрі соңғы рет көрген бейне көз алдымда. Қанша күн, қанша түн өтсе де ол бейне жанарымның ішінде. 
Іссапармен Алматыны бетке алып, жолға шықтық. Жұмыс бітісімен, өз күшімен әр тал шегесіне дейін өзі алып, құрылысының басынан соңына дейін атсалысқан апайдың қара шаңырағына түстік. Ер-азамат атқара алмайтын шаруаны нәзіктігіне қарамай бір өзі дөңгелетіпті. Бізді көре сала бәрімізді балаша еркелетіп, бауырына басты. Десе де, ауру өз дегенін мінсіз орындаған. Аты тұрмақ заты да жаман дертпен күресіп, шаршаған секілді. Біраз жүдеп қалғандай. Жанын мысықша тырналап жатқан дертінен қиналып тұрса да ас-суынан дәм татқызбай бізді қайтармады. Езуіне үйірілген кіршіксіз, риясыз күлкі бәріміздің жүрегімізді елжіретіп барады. Әсіресе, бұл шаңырақтың берекесі мен мерекесіне айналған аяулы анасының маңдайына түскен әр әжім өзінше сыр шертетіндей. Қуаныштан гөрі мұңды көп айтатындай. Ол айтқан ауызға ғана оңай. Жарқылдаған қызғалдағының көз алдында солып бара жатқанын көрген АНА үшін одан асқан ауыр азап жоқ шығар. Ал сары уайымның шері, мұңы, салмағы тек кейуанаға ғана аян. Десе де, перзентінің жанына сая, көңіліне демеу болғысы-ақ келеді. Әңгімеге араласып, күлімсіреп қояды. Жарқылдаған жанарынан «Перзентімді аман сақташы», – деген тілектің тұнып тұрғаны айтпаса да айқын байқалады. Іштен тынады. Сөз арасында терең күрсініп қояды. Ана жүрегі бәрін көтеруге дайын. Қандай құдірет иесі десеңізші.
Көрісіп, аман-саулық сұрасып, сырласқаннан кейін жолға жиналдық. Өзі ауырып жүрсе де шаңырағына аттап басқан құт иелерін ырыздықсыз шығармайтын апай мені де қуантты. Маңдайымнан иіскеп: «Бағың ашылсын, айналайын. Аман болғайсың» – деп қоштасты. Ол мәңгілік қоштасу екенін сол сәтте кім білген? 
Адам өмір жолында көптеген жақсы жанды кездестіретіні ақиқат. Қызығы, бір көргеннен бауыр басып, жаныңа жақын тартып, сырласыңа айналып кететіндер де бар. Бірақ ондайлар тым аз. Мен сол тым аздардың қатарында жүрген жанмен жолыққаныма шексіз қуандым. Жетісудың жарық жұлдызы болған Шолпан апаймен санаулы күн ғана аралассам да, ол кісінің жүрегінен шыққан тап-таза, мөп-мөлдір лебізінің иесі атандым. Мүмкін, бәзбіреулер үшін бұл ойым күлкілі болар, бірақ әр адам сіздің өміріңізге титтей де болсын жақсылықтың дәнін себуші екенін ұмытпайық. Өзінің жаратылысымен, тазалығымен, қарапайымдылығымен, жомарттығымен талай жүрекке дән сепкен Шолпан апайдың бір түйір дәні менің де жүрегіме себілді. 
Қанша хәл үстінде жатса да, тіпті, арасында саусақтары жазу, сызуға келмей қалса да қойындәптеріне естелік жазуды тоқтатпаған алтын апайымыздың ерлігінен үлкен сабақ алдық. Сол естелік бүгінде «САҒЫНҒАНДЫ САҒЫНДЫМ» атты кітап болып басылып шықты. Жазылған естеліктерін көзіңізге жас алмай, күрсінбей оқу мүмкін емес. Әр жазбасында «Жетісуым» менің» деген жып-жылы сөзі жүрегіңді дір еткізбей қоймайды. Өмір мен өлім арасы небәрі бір-ақ адым қалғанша күресе білген абзал жан ЖАУАПКЕРШІЛІК деген сөздің қадірі мен қасиетін кеңінен жазған. Ол кейінгі ұрпақ үшін үлкен ой салары анық.

Еңлік КЕНЕБАЕВА