Қалам қарымы

Уақыты: 26.06.2017
Оқылды: 1774
Бөлім: ТҮПСАНА

Өмір өзінің өткенімен қызықты, нәтижелі. Десек те, ол ағын су сияқты өтеді, өзгереді. Алайда, сол өзгерістің астарында анықтап қарамасаң жете түсіне алмайтын ақиқаттар жатады. Осы тұрғыдан келгенде қазақ баспасөзі талай өзгеріс пен өңдеудің жолынан өтіп, бүгінгі әлемдік өркениетке ықпал ете алатын деңгейге шықты. Бұл айтуға жеңіл болғанымен осы жолда қаншама адам түн ұйқысын төрт бөліп, тынымсыз еңбек еткенін дәл қазір санап бере алмаймыз. Дей тұрғанмен, өткен күннің сарғайған естеліктерін парақтап отырып, көп ойды көңілге түйеміз. Түйеміз де сол жандарға еріксіз басымызды иеміз. Олардың тағдыр талайы бір-біріне ұқсас болмаса да, мақсаты, мұраты, арманы бір арнаға тоғысып жатқанын аңғарамыз. Сондай жандардың бірі, қазақ баспасөзіне жарқ етіп келіп, артына бірталай құнды мұра қалдырып келе жатқан Болатбек БИСҰЛТАНҰЛЫ ағамыз еді.

 

Ақсу ауданының Құрметті азаматы, қазақ журналистикасының ардагері  Болатбек Бисұлтанұлы  биыл 75 жасқа келді. Әрине, жетпіс беске келу бар да, оған ұлы мұрат, биік парасат, игі жетістікпен жету екінің-бірінің қолынан келе бермейді. Демек, елдің құрметіне бөленген, ағайынның алғысын арқалаған, жерлестерінің мақтанышы болған ағамыздың өмір жолы өз алдына бөлек әңгіме, тағылымды тағдыры тереңнен сыр тартар тәрбиемен өзектесіп жататыны белгілі. Ендеше, осы ретте сол жайлы ой өрбітпекпіз.
«Арынды менің Ақсуым, Арқырап әлі ағарсың», – деп туған жері жайлы құлагер ақын Ілияс Жансүгіров тегін айтпаған шығар. Мүмкін, тастан-тасқа соғылып, ағынымен айналасына өмірге құштарлық тамшысын сеуіп өтетін Ақсу өзені талай-талай асыл азаматының шөлін басып, өміріне өзек жалғады. Өзен бойын жағалап, жалаң аяғын шөгірге тілгізген сол бір қара домалақ балалар бүгінде елдің абырой ақсақалына айналғанын көреміз. Қасиет қонған даланың қастерлі тұсының бірі де сол емес пе? Сол жетпіс бес жыл бұрынғы ауыл баласының бүгінгі таңда тұтас Жетісудың тарихын жазып, елімізге танымал тілші атанарын ол кезде ешкім білген жоқ. 
Ағамыздың әкесі Бисұлтан Байысов  Ақсу ауданы  Жайылма ауылдық кеңесінің төрағасы қызметін атқара жүріп, ел өміріне өзіндік үлесін қосты. Сондықтан балаларым да қоғамдық өмірге бейім болады деп ойлаушы еді.  Ауыл жұртына беделді азамат 1942 жылы 27 мамырда майданға аттанады.  Соңында Советбек атты ұлы мен жүкті әйелі Қамила қалады. 
 Ерін майданға шығарып салып тұрып Қамила Бисейітқызы: 
 – Соңыңда қалған балаларыңды шамам жеткенше қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсіремін, –  деп сөз береді.  Әкесі  соғысқа аттанған соң айналасы үш аптаға жуық уақытта  өмірге  сәби келеді. Ағайындар соғысқа кеткен ерлерге тартсын деген ниетпен атын Болат деп қояды. Ауылдағы өмір, жанталас тірлік сол тұстағы үлкендер мен бала-шағаға да жеңіл тимеді.  Ағасы Советбек жастай қызылша дертінен шетінеп кетіп, жаңа туған нәресте шешесінің өкініш толы өміріне жұбаныш болады. Жетімдік тілге ауыр айтылғанымен өршіл, еңбекшіл баланың тез ержетуіне көп ықпал етті. Қозы қуып жүріп табандылықты, бұзау бағып жүріп  еңбексүйгіштікті, майшамның түбінде түннің бір уағына дейін кітап оқып жүріп – білімділікті үйренді. Тұрмыстағы кейбір жетіспеушілік қатарластарына қарағанда тез есейтті.
Сол тұстағы балалық балғын өмірін көз алдына елестеткен Болатбек аға:
– Анам кеңшарда белсенді еңбек етті. Қиындықтар мен жетіспеушілік, қайта құрудың қат-қабат жоспарлары болса да менің дұрыс тәлім көріп, білім алуым үшін барлық жағдайды жасауға тырысты. Әкесіз өссем де өмір бойы әкемнің жоқтығын сездірмеуге тырысты.  Ауылдық, аудандық кеңес депутаты болып, елдің жүгін арқалап жүрсе де менің барлық атқаратын шаруамды қадағалап отыратын.  Күндіз жарқылдап жүрсе де, түндерде көз жасын сығымдап алатынын көріп қалатынмын. Бір қызығы, әкемнің майданнан жазған хаттары мен  «қара қағазды» өмірден өтер алдында, яғни 1994 жылы маған табыс етті, – дейді ол. 
 Иә, біздің адам болып асқақтап жүргеніміз де осындай аналардың арқасында емес пе?! Болат ағамыз да анасын мәңгілік мекеніне дұрыстап шығарып салды. Күні-бүгінге дейін перзенттік парызын өтеп, құдайы тамақ беріп, Құран оқытып дегендей имандылықтың үлгісімен анаға деген құрметін білдіріп келді.
Әлпештеген ананың аялы алақанын сезініп өскен Болатбек Бисұлтанұлы басында Ақсу аудандық жетімдер интернатында, соңынан  1957 – 1960 жылы  Ілияс Жансүгіров кентіндегі Чапаев атындағы орта мектепте оқиды. Осыдан кейін Семей педагогикалық институтына сырттай оқуға түсіп, ұжымшар  мүшелігіне қабылданады. Кейіннен  Қаракөз ауылындағы Қызылорақ орта мектебінде мұғалім, 9 «а» сыныптың жетекшісі міндетін атқарды. Бірақ бала күнінен «қаламгер болсам» деген арманның әлдиінде өскендіктен қандай қоғамдық жұмыстар істесе де ойынан журналист болу бір шықпайды. Сонымен алпысыншы жылдардың ортасында Болат Бисұлтанұлы журналистика саласына бірден ауысады. Алғашында Ақсу, Қапал аудандық газеттерінде тәжірибе жинап, одан кейін облыстық «Жерұйық» газетінде табан аудармай 30 жыл еңбек етті.  
Әрине, журналистика – күрделі мамандық. Оның адамға жүктер жауапкершілігі мен жүгі ауыр. Өйткені журналист күн сайын білімі мен тәжірибесін жетілдіріп отырғаны дұрыс. Олай болмаса, биік белеске шығып, алып асудан аса алмайды. Сондай-ақ, бұл салада жазылмаған бір заңдылық бар. Яғни, журналистикадағы алғашқы қадамын корректорлықтан бастаған. Болат аға журналистика саласының қыры мен сырын тез меңгеріп, көп өтпей басқа әріптестеріне тәжірибесімен жол көрсете бастайды.
«Ең қызығы, Болат аға мақала жазу барысында интернатта бірге тұрған, оқыған балалардың есімдерін де ұмытпай жазып отырады», – деп естуші едім. Осы материалды дайындау барысында:
– Аға, осыдан 65 жыл бұрын Ақсу ауданындағы жетім балалар интернат жатақханасында кімдермен бірге жүріп-тұрған едіңіз, – деп сұрап қойдым.
Басында мүдіріп қалатын шығар деп ойланғаным рас. Өйткені 65 жыл емес, 35 жыл бұрынғы сыныптастарымызды ұмытып жүрміз ғой. Ағамыз саусағын санай жөнелді:
– Балтабай Есенбаев, Қанат Ғалиев, Кеңесбек Рахатов, Илья Шалғынбаев, Болат Нұрсейтов, Қағазбек Намазбеков, Қанат Сапыжанов, Түндебай Төлегенов, Жәкетай Иманғалиев, – деп мүдірмей, бір деммен айтып шықты.
Әрине, есте сақтау қабілеті мықты адамдар болады. Болат ағаны сол қатарға қосамыз. Десе де, ағамыздың алпыс бес жылдың алдындағы сыныптастарын ұмытпағаны сол күндерге, өмірге, ауылға деген терең сүйіспеншілігінің белгісі емес пе? Осы адами қасиетті әрдайым өзіміздің санамызға шегелеп, балаларымызға үлгі етсек, ұтарымыз көп болатыны анық. Тіпті, Болат ағамыз мұғалім болып жұмыс істеген кездердегі өзі оқытқан оқушылардың аты мен тегін әлі ұмытпаған. Мектеп бітірген шәкірттері 40 және 50 жылдық кездесулер өткізіп, ұстаздарын шақырғанда алды ата, апа атанып, немере-шөберелі болған оқушыларының аты-жөнін, мектептегі қызғылықты істерін майын тамызып әңгіме еткенде, балалық шақтарын қайта бір көз алдынан өткізген оқушылары ұстаздарына шынымен тәнті болғанын жұрт әлі әңгіме етіп жүр.  
Тек бұл емес, зерделі ағамыз өңірімізде өткен тарихи, мәдени, мерекелік шаралардың да қашан, қалай, қай деңгейде өткенін күні кеше өткендей баяндап береді. 
Бірде  Қаракерей Қабанбай батыр жайлы мақала дайындап отырып, бірінші рет батырдың тойының қашан өткені туралы ақпарат керек болды да ағама телефон шалдым:
– Болат аға, Қабанбай батырдың 300 жылдығы қай жылы, қай айда, қай күні өтіп еді? – деп сұрадым.  
Ағам мүдірген жоқ.
– 1991 жылы 16-17 тамыз күні Үйгентас жайлауында жұма мен сенбі күні тойланды. Оған сол тұстағы Мәдениет министрі, үлкен жүректі азамат Өзбекәлі Жәнібеков пен қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков сынды мемлекеттік биліктегі тұлғалар қатысып, шараның беделін асырып еді  – демесі бар ма?   
Таңғалысымды жасыра алмадым. 
Болат ағаның ақындық таланты да бар. Өлеңді көп жазбағанымен ара-тұра көңіліндегі ойын көркемдеп, өлеңмен жеткізетіні бар. Алғашқы өлеңін жиырма жасында жазып, сол тұстағы Ақсу аудандық газетіне жариялапты. Әріптес аға сұхбат барысында сол өлеңді де жатқа айтып берді.
Асылым, жүрегімде ұяладың, 
Көңілдің биігіне қияладың. 
Өзіңсіз бұл өмірдің сәні бар ма, 
Мен бірақ «сүйем» деуге ұяламын. 

Сен жүрсең білім іздеп алыс маңда,
Аңсаймын сағынып қол алысқанға.
Күніне неше дүркін еске аламын,
Жаным-ау, жүрегіміз ауысқан ба? – деп келеді. 
 Өлең сыры белгілі.  Ғашықтық дерті.  Ол ұнатқан сол қызды әлдекімдер алып қашып, амалсыздан сол үйдің босағасында тұрып қалған көрінеді. Осыдан кейін Болат Бисұлтанұлы өлең жазуды үзілді-кесілді тоқтатады да,  әзіл-оспақ, сын-сықақ  жазуға белсене кіріседі.    
 Өмір – мектеп. Сол мектепте тағдыр әртүрлі  адамдармен кездестіреді.  Ұлағатты жандар сенің жан-жақты болып қалыптасуыңа жол ашады.  Ағамыздың өмірінде де ақылын аямаған, жол нұсқап, жөн көрсеткен, қателігін бетіне айтып, кемшілігін жасырмай көрсеткен, сол арқылы абыройлы азамат болып қалыптасуына ықпал еткен адамдар аз болмаған.  Бастауыш сыныпта  білім берген ерлі-зайыпты Нұрмұханбет Еженов пен Рәшида Алтынбаевалар ең алғашқы өмір баспалдағын нық басуына сеп болды. Ал  журналистика саласына келгенде Тәңірберген Қалилаханов,  Ғайыс Егембердиевтің жазу-сызуға адалдығы өмірлік үлгі-өнегесіне айналды. Қос қаламгердің болмыс-бітімі, мінез-құлқы да ерекше. Екеуі де сабырды серік еткен азаматтар. Ғайыс  ағамыз  бүгінде 93 жаста.  Әлі күнге газет-журнал оқып, қоғамдағы өзгеріс-жаңалықтан қалыс қалмай отырады. Сүйегі асыл!  Қатарлас жүрген журналистердің арасынан Арасанбай Естенов, Өтепберген Ақыпбеков, Әміре Әрін, Мырзағали  Нұрсейітов, Ғалым Жазылбеков, Талғат Батырханов, Ахат Баққожаевтардың  өмірдегі орны ерекше. Бұлар көпшіл, еңбекқор, кісілігі басым жандар. Ұсақтықтан жоғары тұратын азаматтар. 
Жоғарыда аты аталған ағамыздың әріптестерін бүгінде жұрт біледі. Олар қызығы мен қиындығы қатар жүретін журналистиканы жан-тәнімен сүйетін жандар. Редакция  тапсырмасын тиянақты орындамайынша ішкен асы бойына сіңбейтін мамандар. Бұдан өзге  ағамыздың өмірінде ұмытылмас адамдармен қатар тарихи сәттер де көп болды. Қоғамдағы әр оқиға журналист үшін  маңызды. Адамзат үшін алар орны тілші тарапынан сарапқа салынады.  Осы тұста ағамыздың журналистикадағы беталысына Арал қасіретіне арналып Қызылорда облысының Арал қаласы мен Барсакелмес аралында өткен форум ерекше әсер етті. Халықаралық форумға Еуропа, Азия, Африка континенттерінен  көрнекті ғалымдар, журналистер, медицина саласының басшылары қатысты. Осы форумда Болат аға журналистика саласындағы әлемдік ғалымдардың іс-тәжірибесін көріп, одан үлгі-өнеге алды. Сол жиған-терген тәжірибесін өзінің болашақ мамандығына ұтымды пайдаланды.
Ағамыздың тұтас өмірінің жарымынан көбі журналистикаға арналды. Алғашқы еңбек жолын Ақсу аудандық «Өмір нұры» газетінен бастап,  Қапал аудандық «Қапал Еңбеккері» газетінде жалғастырды. Сол кезде ауданның жағдайы тым жұтаң. Газетте кеңсе болмағандықтан қызметкерлер қазақ үйде отырып жұмыс істейтін. Алайда, түрлі қиындықты көре жүріп, еңбек еткендіктен басшылардың назарына ілігіп, 1974 жылы аудандық газеттің редакторылығына тағайындалады. Ал 1997 – 2000 жылдар аралығында «Сарқан»  газетінің  бас редакторлығына бекітілді. Газет сол күндері біраз уақытқа жабылып, қайта қалпына келтіру көп еңбектенуді талап етті. Еңбекақы уақытылы берілмейтіндіктен қызметкерлерді ұстаудың өзі қиын болды. Ауданның сол кездегі әкімі  Азамат Сәрсенбаев шынайы азаматтықтың  үлгісін көрсетіп, газеттің шығуына барынша қолдау білдірді. Сөйтіп, жағдай шұғыл жақсарып кетпесе де оң бетбұрыс байқалды. 
Сонымен қатар, Болат Бисұлтанұлы облыстық «Алатау» газетінің қалыптасуына да барынша еңбек сіңірді. «Алатау» газеті облыс орталығы Талдықорғанға қоныс аударған 2001 жылы  жарыққа шығып, редактордың орынбасары  Болат Бисұлтанұлы басылымның №1 санын жоспарлауға қатысты. Сол жылы  Үнді елінен полиграфиялық  машиналар жеткізіліп, газет басудың  қыр-сыры меңгерілді.  Газетті бір мезгілде  бірнеше түрлі түсті етіп басып шығарудың алғашқы  куәгері болған да Болат ағамыз. Ағамыз 2005 жылы облыстық «Алатау» газетінен құрметті зейнеткерлікке шықты.
Болат Бисұлтанұлы зейнеткерлікке шыққаннан кейін де жайланып жатпай, қоғамдық қызметтердің бел ортасында жүріп, белсенді қолдау танытты.  Қаракерей Қабанбай батырға арналған  «Дарабоз»  қоғамдық-мәдениет қорының баспасөз хатшысы, ол осы  азамат туралы көптеген мақалалар жариялады. Осы қор жетекшісі Сейдахмет Шүрегеевтің «Қаракерей Қабанбай – Алаштың  айбынды қолбасшысы»  атты кітабын шығарушы редакторы болды. Айта кетерлігі, жоғарыда аталған Талдықорған қаласында 2007 жылы 7 наурызда құрылған қорға мұрындық болуында 2009 жылдың 23 қыркүйегінде Қабанбай батырдың алып ескерткіші «Қаратал» шағынауданында бой көтерді. Ескерткішке тәу еткен әрбір адам баба мүсінінің тас тұғырға орнығуына Болат ағамыздың көп еңбек сіңіргенін ұмытпағаны жөн. Осы кезде Қабанбай батыр ескерткішінің сәулетті болуы үшін сол тұстағы облыс әкімі  Серік Үмбетов, оның бірінші орынбасары Амандық Баталов, қор төрағасы Сейдахмет Шүрегеев цехқа келіп, жұмысты қадағалап отырды. Сол істердің бәрі қордың баспасөз хатшысы Болат Бисұлтанұлының қаламы арқылы БАҚ-та жарық көріп, тарихқа таңбаланып қалды.
Соңғы  екі жарым жылдан бері Б. Бисұлтанұлы облыстағы  «Дінмұхамед Ахметұлы  Қонаев» қоғамдық қорының  төрағасы Қ. Жексенов мырзаның  орынбасары әрі қордың баспасөз хатшысы болып жүр.  Осынау ұлы тұлға туралы облыстық газеттерге бірнеше көлемді мақалалар жарияланды, оны жұрт ықыласты қабылдады. Бір айта кетерлігі, осынша көлемді,  тындырымды еңбектері үшін ағамыз ешқашан еңбекақы талап етіп көрген жоқ. Ел игілігі жолындағы істерге  қол ұшын  беруді азаматтық борышым деп түсінеді. 
Расымен, адамның қоғамдық өмірдегі белсенділігімен қатар тұрмыстағы жауапкершілігі де қатар жүреді. Бірін ардақтап, екіншісін ұмытқан жан ешқашанда биік белеске шыға алмайды. Болат ағамыз жұбайы Советай Нұрғалымова апамызбен ынтымағы ұйыған отбасын құрып, үш ұл, бір қыздың ата-анасы атанды. Бүгінде 13 немере мен 2 шөберенің  ата-апасы. Осы тұста бір қаламгердің артында қашанда мықты бір сүйеніштің тұратынын ескермеуге болмайды. Болат ағамыздың да көйлегі көк, өмірі мерекелі жүруінің басы-қасында отбасының барлық жұмысын үйлестіріп, Советай апамыздың жүргенінен іздеген жөн. Апамыз медицина  саласында 39 жыл еңбек етті. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің құттықтаулары, облыс әкімі мен басқарманың  Алғыс хаттарымен марапатталған білікті маман. 1986 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медалімен марапатталған. Ән мен би өнерін сүйеді. Айтпақшы,  апамыз 2001 жылы 7 мамырда ҚР Тәуелсіздігінің  10 жылдығы құрметінде медицина қызметкерлері арасында Президенттік тест  спартакиадасында облыс чемпионы атағын жеңіп алып, Құрмет грамотасымен, бағалы сыйлықпен марапатталғанын айта кеткен жөн.
«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дегендей,  тұңғышы Ерлан спорт және дене тәрбиесінің жоғары білімді маманы, әскери борышын Ауғанстанда атқарып, еліне 1989 жылы оралды. Екінші ұлы  Нұрлан экономист, бизнесте. Екеуі де Алматыда. Үшінші ұлы  Ержан әскери қызметші, десанттық-шабуыл батальонында. Қызы  Нұршолпан сауда-экономикасы маманы, төртеуі де өз отбасында ұрпағын өсіріп, қызметтерін жалғастырып жатқан азаматтар.
 Журналистика ардагері, Ақсу ауданының бел баласы Болатбек Бисұлтанұлы өзінің  «Тағдырыма ризамын» атты кітабының соңында  өз бала-шағаларына мынандай жүрекжарды әкелік әрі аталық ақылын  айтыпты. 
Ерлан, Нұрлан, Ержаным,
Нұршолпаным – кенжем, ардағым.
Үлкен келін –  Сәния,
Бәріне басшы жанұя.
Жанна менен Шынарым,
Жақын менің жаныма.
Айналайын Мұратжан,
Жүрегі адал жарына.

Сендерге айтар  ақылым,
Сабырмен жүріп ақырын.
Біріңді-бірің аялап,
Тату жүруге шақырдым.
Немерелерім өсіп көбейсін,
Сынығындай кесек алтынның.

Сөзімді дұрыс  ұғыңдар,
Өлшеулі ғана ғұмыр бар.
Бәрің де менің баламсың,
Сағынысып тұрыңдар.
Бәріңнің анаң – Советай,
Айтқанына мойын бұрыңдар.
                              22. 05. 2017жыл.

 

Әкесі  соғысқа аттанған соң айналасы үш аптаға жуық уақытта  өмірге  сәби келеді. Ағайындар соғысқа кеткен ерлерге тартсын деген ниетпен атын Болат деп қояды. Ауылдағы өмір, жанталас тірлік сол тұстағы үлкендер мен бала-шағаға да жеңіл тимеді.  Ағасы Советбек жастай қызылша дертінен шетінеп кетіп, жаңа туған нәресте шешесінің өкініш толы өміріне жұбаныш болады. Жетімдік тілге ауыр айтылғанымен өршіл, еңбекшіл баланың тез ержетуіне көп ықпал етті.

Қоғамдағы әр оқиға журналист үшін  маңызды.  Адамзат үшін алар орны тілші тарапынан сарапқа салынады.  Осы тұста ағамыздың журналистикадағы беталысына Арал қасіретіне арналып Қызылорда облысының Арал қаласы мен Барсакелмес аралында өткен форум ерекше әсер етті. 

Қажет АНДАС