БАСТАУЫШТАН БАСТАП АБАЙ ШЫҒАРМАЛАРЫН ОҚЫТУДЫҢ МАҢЫЗЫ ЗОР

Уақыты: 30.04.2021
Оқылды: 1732
Бөлім: ТҮПСАНА

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қоғамдық сананы қайта түлетудің маңыздылығы туралы айтқан болатын. Ұлттық сананы сақтау және оны заман талабына бейімдеу мемлекеттік маңызы бар мәселеге айналды. Өйткені, сананы жаңғырту арқылы еліміздің тың серпінмен дамуына жол ашамыз. Бұл орайда Абай мұрасының тигізер пайдасы мол. Ұлы ақынның шығармалары бүгінде өзектілігін жойған жоқ. Абайдың ой-тұжырымдары қашанда рухани азық бола бермек.

Бастауыш сыныптардан бастап Абай өлеңдерін, шығармаларын балалардың санасына сіңірудің маңызы зор. Өйткені, осы кезде оқушылардың бойында тәртіп, мінез-құлық, достық және Отан туралы ұғым қалыптасады, ата-аналарын, үлкен адамдарды құрметтеуді үйренеді, еңбекке, ізгілікке тәрбиеленеді. Әртүрлі іс-әрекет барысында жолдастық өзара көмек беруге, өзара түсінісуге дағдыланады.

Оқу және тәрбие барысында бастауыш сынып оқушыларының дербес және қоғамдық мінез-құлық туралы адамгершілік тәрбиесінің мазмұны толығады. Әділеттілік, борыш, ұят, адалдық, ерлік, намыс сияқты моральдік категорияларға ерекше көңіл бөлінеді. Олар үлкендермен қарым-қатынас жасауды, өзін-өзі тәрбиелеуді қажет етеді. Жасөспірімдік шақтағы балалардың ерекшеліктерін еске алып, олардың іс-әрекеттеріндегі еріктілігіне, бастамаларына мүмкіндік беру керек.

Абай – ұлттық мәдениетіміз бен тарихымыздағы ерекше тұлға. Біртуар қайталанбас тұлғаның азаматтық, ақындық, халықтық мұрасы – айтылар ойға сыймас, қыр-сыры мол дүние. Осындай ұлтымыздың мақтанышы бола білген қазақ әдебиетінің классигі Абай шығармаларын мектепте оқытуды міндеттеу – еліміздің ертеңіне, әр үйдің тентегіне бағдаршам болары ақиқат. Ақын мұрасына, оның тақырыбы мен көркемдік өрнектеріне, әлеуметтік мәселелеріне талдау жасаумен ғана шектелмей, суреткердің дүние, өмір, қоғам туралы көзқарасын, яғни дүниетанымын көрсететін ойларына да кең сипаттама берілуі керек-ақ.

Ұрпақтарымыздың ана тілін, халық өнерін, салт-дәстүрін сүюі үшін оқу-тәрбие бастауын халықтық педагогика мен Абай шығармаларынан алып, адамгершілігі мол, білімді, иманды, еліміздің ертеңін ойлайтын азамат даярлау – кез келген мұғалімнің міндеті деп ойлаймын.

Абайдың жастарды ізгілікке, адалдыққа, білімге, шыншыл, талапты болуға үндеген өшпес мұрасын, өлмес шығармаларын шәкірттер жүрегіне жеткізу үшін  мұғалімнің өзі де Абайша сезініп, Абайша тебіренуі тиіс.

Абай білімі терең болғандықтан болашақ туралы толғаған ойлары да терең. Ақын дүниенің болмысын, анық болған және бола беретіндігін, табиғаттың өмір заңдылықтарын терең түсінген. Ол табиғат құбылыстарының сырын, дүниенің бірқалыпты тұрмайтындығын, жаратылыстың бар нәрселері бір түрден екінші түрге ауысып, өзгеріп жататынын, мұның өзі даму заңдылықтары екендігін таныған. Ол туралы өзінің жиырмасыншы қара сөзінде: «Дүние бір қалыпта тұрмайды, адамның қуаты, ғұмыры бір қалыпты тұрмайды. Әрбір мақұлыққа құдай тағала бір қалыпты тұрмақты берген жоқ», – дейді.

Қорыта айтсақ, Абай мұрасы өшпес өнеге, оның жасөспірімдерге берер тәлімі зор.

Гүлмира ҰЛДАХАНОВА,

М.Жұмабаев атындағы №19 орта мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі

Талдықорған қаласы

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан