СЕРІК ҮМБЕТОВТІҢ ЖОБАЛАУЫМЕН ТАҒЫ БІР ЖАҢА КІТАП ЖАРЫҚ КӨРДІ

Уақыты: 12.05.2021
Оқылды: 1654
Бөлім: ТҮПСАНА

Аққайнар ауылындағы ардагерлер саябағы Жеңіс күні мерекесінде әсем безендіріліп, тұрғындар шат-шадыман күйге бөленді. Бұл күні сақтық шараларын барынша сақтай отырып жиналған ауылдастар алдында салтанатты жағдайда «Алтын бесік Аққайнарым» кітабының тұсауы кесілді.

Мың данамен шыққан кітап тарихы терең Аққайнардың кешегісі мен бүгіні, тұрғындарының тағдыр-талайы туралы мол мағлұмат береді. Онда ауылдың өсуіне өлшеусіз үлес қосқан атпал азаматтардың еңбегі көрсетілген. Сондай-ақ саяси қуғын-сүргін құрбандары мен Ұлы Отан және Ауған соғыстарына қатысқан ерлердің жауынгерлік жолдары баяндалады.

Жоба авторы – мемлекет және қоғам қайраткері Серік Үмбетов. Ал кітаптың авторы – ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының екі мәрте иегері, Алматы облысының, Талдықорған қаласының және Жамбыл ауданының Құрметті азаматы Күмісжан Байжан.

Аққайнар ауылына байланысты айшықталған сахна төрінде жаңа кітаптың құндылығы жан-жақты әңгімеленді. Бұл орайда Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Асқар Алтаевтың тұщымды пікірі көптің көкейінен шығып жатты.

«Бұл ауылдан небір дүлдүл азаматтар шыққанына тәнтімін», - деген ол кітаптың маңызына тоқталды.

– Бұл тұсаукесердің жөні мүлде бөлек. Бір кішкентай ғана ауылдың тарихын үлкен кітапқа айналдырып жазу дегеніңіз зор еңбек. Кітап энциклопедиялық форматпен шығарылған және ең ғажабы – мазмұны да соған сай. Бұлай жаза білу үлкен біліктілік пен білімді қажет етеді. Кез келген журналист, жазушы мұндай дүниені жаза алмайды. Бұл – ақиқат. Кітапта энциклопедиялық мазмұн мен стиль сақталған. Бұлай жазу ғалымдарға тән. Ал Күмісжан Байжан шынында да өзінің терең білімі мен білігін, мол тәжірибесін осы еңбекте ерекше көрсетті.  Сондықтан, бұл шын мәнінде бір энциклопедия. Онда бұрынғы өткен ұлы тұлғалар қозғалып, олардың осы жерге сіңірген еңбегі жан-жақты баяндалады. Сонымен қатар осы күнге дейін Аққайнарда нақты қандай адамдар өтті, олардың кескін-келбеті, тағдыр-талайы қалай болды, соның бәрі толығымен көрініс тапқан. Бұл елден шыққан батырлар да, ақындар да, әкімдер де, сол секілді қазақтың қарапайым адамы да түгел дерлік қамтылғанымен – ғажап. Сонысымен де құнды. Себебі бәріміз де ауылдан шықтық. Қалаға оқу іздеп, арман қуып кеткенімізбен, ауыл біздің мәңгілік сағынышымыз, оған қайтадан ораламыз. Ауылда ата, әке, аналарымыз қалды. Бабаларымыздың сүйегі жатқан қасиетті мекен болғандықтан, тамырымыз ауылда. Кітаптың аты айтып тұрғанындай, ауыл – қасиетті алтын бесігіміз. Шынында да Серік Әбікенұлы осы ауылда ер болып дүниеге келіп, елдің қамын жеп отырған азамат, - деді одан әрі жазушы.

– Біздің Серік ағамыз шын мәнінде ғажап адам. Ол өзінің эстет адамға сай бекзаттығын танытты. Алдымен қазақтан шыққан белгілі тұлғалар туралы зерттеу еңбектер жазғызып, ескерткіштерін қойғызды. Ол кісінің қызмет істеген жерлерінде бүкіл қазақ халқына әйгілі тарихи тұлғаларымыздың еңселі ескерткіштері тұғырға қондырылды. Ол алдымен өзін емес, елін, жерін ойлайтын азамат. Аядай Аққайнардағы ауылдастарына көмектесіп, ата-бабасының рухы сіңген жеріне қолдан келгенше жақсылығын аямайды. Бүкіл елге еңбек еткен, елдің рухын көтерген, ел үшін қасық қаны мен қара терін аямаған, күндіз отырмаған, түнде ұйықтамаған баһадүр-батырларымызды ұлықтаудағы еңбегі көпке үлгі. Бұл кітапты шығарудағы басты мұрат та сол – елге еңбегі сіңген тұлғаларды жұртшылық біліп жүрсін деген ниеттен туған. Ауыл болып ұйысуға атсалысқандар, Ұлы Отан соғысы мен Ауған соғысына қатысқандар, елді мекенді өркендетуге үлес қосқандар кітап бетінен ойып орын алды. Ерлікті, батырлықты үлгі етуден бастап, қарапайым еңбек адамдарының да өнегелі өмір жолы жазылып, әркімнің бойындағы жақсы қасиеттері ашып көрсетілді. Осы ауылда кімдер тұрғанын кейінгі ұрпақ ұмытпасын деген мақсат үдесінен шықты. Серік Әбікенұлы ұсынған идеяны жүзеге асырып, кітапты жазып шығуды да ерлік деп есептеймін. Мәлімет жинау, екі-үш сөйлеммен ғана беріле салған жадағай деректі таратып сөйлете білу, саусақтан сорғандай ізденіспен сөлін сорғалата жазу жұмыстың ең үлкені. Соны Күмісжан Байжан апайымыз шеберлікпен атқарды, – деді Асқар Алтаев.  

Көпшілік алдында белгілі қаламгер, кітап авторы Күмісжан Байжан ең алдымен осындай тамаша рухани дүниені ұзақ жылдан бері ойластырған жоба авторы Серік Үмбетовтың бойындағы ұлттық дәстүрді ұлықтайтын ізгі қасиеттерге тәнті екенін жеткізді. Жазу барысында кездескен кейбір жайлардан хабардар етіп, кітапты баспаға дайындауға атсалысқан азаматтарға тоқталды. Осы орайда С.Бердіқұлов атындағы орта мектептің директоры Гүлфайруз Бұқатова, мәтінді компьютерде терген Айнұр Қонаева мен Эльзира Рысқұлбекова, суретшілер Жеңіс Ысқабай мен Бақтияр Айталыларға алғыс айтты. Форматы үлкен, түрлі түсті бояумен көз тартатын кітаптың шығуына Ғабит Үмбетов пен Айдос Майлыбаев демеушілік жасағанын атап өтті.

Ауыл шежіресін шертер тамаша кітап шығарғандарға тұрғындар шынайы ризашылықтарын жеткізді. Бұл орайда ардақты аналар Есенгүл Исаева, Роза Мейірманова, ауылдың құрметті азаматы Қамбархан Үмбетов пен Ақылбек Жүнісов лебіз білдіріп, Бердіқұл ата бата берді. Шара соңында аудандық «Сүйінбай сазы» ансамблінің ән-жыры тамашаланды.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы

Алматы облысы