ЖЕТІСУДАҒЫ АШАРШЫЛЫҚ: МІРЖАҚЫП ДУЛАТҰЛЫ ҚАЛДЫРҒАН ДЕРЕКТЕР

Уақыты: 17.05.2021
Оқылды: 3104
Бөлім: ТҮПСАНА

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Бұл – қайта жаңғырған қазақ мемлекеттігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес. ...Бостандық бізге оңайлықпен келген жоқ. Ата-бабаларымыз азаттық жолында арпалысты. Талай зұлмат замандар мен нәубеттерді бастан өткерді. Миллиондаған адамды қазаға ұшыратып, тірі қалғанын жан сауғалап босып кетуге мәжбүр еткен алапат ашаршылықтың алғашқы кезеңі – 1921-1922 жылдардағы нәубеттен бері 100 жыл өтті. Сол зұлматтың кесірінен қырылып қалмағанда, халқымыздың саны қазіргіден әлденеше есе көп болар еді», – деп атап көрсеткен болатын.

Тәуелсіздік алғаннан бергі 30 жылда тарихымыздың бірқатар ақтаңдақ беттері анықталып, көптеген мәселелер қайта қаралуда. Оның ішінде 1921-1922 және 1930-1933 жылдардағы ашаршылық бар. Мемлекет басшысы айтқандай, тарихымызда ата-бабамыздың азаттық жолындағы арпалысы аз болған жоқ. Солардың бірі 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің тарихы 100 жылдан аса уақыт аралығында көп зерттелген сияқты көрінеді, бірақ әлі де зерделеп, нақтылайтын тұстары жеткілікті. Олардың бірі көтеріліс тұсында орын алған ашаршылық пен босқыншылық мәселелері.

Тарихи деректерге қарағанда, 1917-1919 жылдары Түркістан өлкесіне қарасты Жетісу және Сырдария облыстарын аштық жайлаған. Оның ішінде ашаршылықтың ең қасіреттісі Жетісуда орын алған. Ашаршылық туралы деректі материалдар сол тұста жарық көрген «Қазақ», «Сарыарқа», «Бірлік туы», «Жас азамат» сияқты мерзімді баспасөз беттерінде біршама жарияланды. Одан бөлек, архив деректері де баршылық.

Зұлмат аштықтың себеп-салдары, өңірде қалыптасқан аянышты ахуал жөнінде Алаш қозғалысының қайраткері Міржақып Дулатұлы «Сарыарқа» газетінің 1918 жылғы 9 наурыздағы № 33 санында «Мадияр» деген бүркеншік есіммен жарияланған «Аш-жалаңаш қазақ-қырғызға жылу жинайтын комитет ашылды» деген мақаласында: «Алты алашқа аян, 1916 жылғы 25 июнь жарлығы әлегінен Жетісу облысындағы қырғыз-қазақтың басына қиямет қайым күндер туды. Жігіт бермейміз деп қарсылық қылғаны үшін оққа ұшып, қаншасы өз жерінде қырғын көрді. Басшы адамдары дарға асылды. Рақымсыз үкіметтің қарулы әскеріне қарсы тұра алмай көбі Қытай жеріне босты. Мал-мүлкінің көбі орыс әскерінің қолына «олжаға» түсті. Көрші мұжықтар жау болып, тал түсте талады, өлтірді, адамын байлап, малын айдап алды. Босқанда айдап көшкен мал-мүліктен жолшыбай айырылды. Жаяу-жалпы, үй-күйсіз Қытай жеріне жеткенде қар жауды, қыс түсті. Онда жанашыр жақын табылмай, қара таласты. Аштан өліп бара жатқан соң қалмақ, қытайға бала-шағаларын сата бастады. Адам базары ашылып, баланың құны бір шелек бидайға шықты. Бойжеткен қыздарын, жас келіншектерін қаны қара қалмақтар қатынданып кетті. Аш-жалаңаш аузына не түссе соны жеп, қайда болса сонда жатып, неше түрлі дертке ұшырап, тағы қырылды. Бақытсыз сорлылардың мұңын, көз жасын, зарын естір құлақ, көрер көз болмады. Туған жер, өскен ел, кешегі бастан кешкен қызық дәурен көздерінен пыр-пыр ұшты. Бай-кедей, жас-кәрі, жақсы-жаман айырмасы бітіп, бәрі бірдей сорлы болды. Бәрі бірдей мұңды болды. Атадан ұл, анадан қыз, жардан жар айрылды. Жүрек қанға, көз жасқа толды. Жетім-жесір ботадай боздады. Жұрттықтан, тіршіліктен күдер үзіп, бұл опасыз дүниеге қош айтуға таянып тұрғанда, бостандық туды», – деп жазады.

Міржақып Дулатұлының «бостандық» деп отырғаны 1917 жылғы ақпанда Ресейде төңкеріс болып, ІІ-ші Николай патшаның тақтан құлатылғаннан кейінгі кезеңі. Елде бостандық орнағанын естіп көңілінде үміт оты ұялап, елге қайта бастаған босқындар туралы: «...Бұл хабарды есіткенде жүректері жарылғандай қуанып, «ау-дүние, тым болмаса елге жетіп, алаштың ортасында өлсек арман бар ма?!» – деп, қайта шұбыра бастады. Тағы аштық, тағы жалаңаштық, тағы өлім. Әлі жоқ, дымы құрыған сорлылар жаяулап қозыкөш жерге жүруге жарамай, кез келген жерде жығылды, жығылған тұрған жоқ, өлген тірілген жоқ. Басы-қасында болмаған, көздеріңмен көрмеген Алаштың балалары бір минут көздеріңді жұмып, қиялға салып ойланып қараңдар, сонда көргендей боласыңдар, біреу тәлтіректеп, аяғын баса алмай жығылып жатқан, біреу аштықтан ісініп, «қандай кінәмыздан мұндай күйге ұшырадық, Құдай» дегендей қимылдауға шамасы келмей көкке қарап жатқаны. Жолдың бір шетінде өліп, өлгеніне рақаттанғандай, мәңгілік ұйқыға кеткен жанды көрерсің. Үсті-басы дал-дал, тәні көрініп етбетінен жығылған күйде өліп кеткен кейпімізді көрерсің. Жас баласын бауырына қысып, құшақтаған күйде өлген жас қатынды көрерсің. Бұлардың мұндай халіне қайғырар ешкім жоқ, тек қуанышпен істелген тойға жиылғандай топ-топ қарға-құзғын, ит-құс өлгендердің көзін шұқып, етін жеп, сүйектерін кеміріп жатқанын көрерсің. Бұл өліктер құдайдың кең даласын сасытқан, ық жағынан жан жүрерлік емес, мұның исін өзің исіткендей боларсың. Мұның бәрі ертегі емес, болған іс!» – деген Міржақып Дулатұлы жетісулық аш-жалаңаш босқындардың Қытайдан кері қайтар жолдағы ауыр ахуалын бейнелейді.

1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін Жетісуда қалыптасқан күрделі жағдайға байланысты: «Тағы дағдарыс, тағы ашаршылық, тағы өлім. Бостандық туды, жадырап жаз шықты, күркіреп күн шықты. ...Бірақ ол бейшаралардың басынан қара бұлт серпілмеді. Ғұзыр ел қылышын қынабына салмады. Басы аман, малы түгел ағайын жеткілікті жәрдем бере алмады, әрі-беріден соң жұрт олардың халін ұмытуға айналды. Қазақ-қырғыз қырылып жатыр екен деп жәмиғат өзгерілмеді. Тағы да қыс түсті, бейшаралардың халі бұрынғыдан мың есе жаманға айналды» – дей келе, сол кездегі аштан қырылған қазақ пен қырғыздың көлемі жөнінде: «Бір жылдың ішінде өлгені 100 мыңнан асты. Енді бұл қыс талайын өлтірген шығар. Қанша өлгенін ақ кебіндей қар жасырып жатқан шығар. Міне, қар кетіп, жаз шығуға айналды. Қарға-құзғын той қылар, ауа сасыр. Бірақ адам баласы жансебіл екен, әлі өліп біткен жоқ көрінеді, тірілеріне «тамақ та» табылып қалды дегенді естіп отырмыз, тірілері өлгендерінің етін жеп жатыр дейді. Бұған Алаш иә қуанарсың, иә жыларсың, өзің біл! Жыласаң ағайындығың, бірақ сенің көз жасың ашқа тамақ, жалаңашқа киім болмайды. Көз жасы көмекке жарайтын болса, өзгеден кенде болса да, көздің жасынан, көңілдің қайғысынан кенде емес еді. Ағайынға Алаш шын жаның ашыса, шын жыласаң, көмегіңді көрсет, жылуыңды бер. Жайшылықта қайырымға беретін тиыныңды берме, рулы елің өлімнен қалғандай жылуыңды бер. Жоғарыда айтылған оқиғаны Жетісу қазақ-қырғыздары басынан кешіп отыр», – деп тебіренген Міржақып Дулатұлы «Сарыарқа» газетінің 1918 жылғы 9 наурыздағы №33 санына Сырдария облысындағы ашаршылық жайлы: «...Енді бұл күнде Жетісуға көрші Сырдария облысының қазағы ашаршылыққа, қырғынға ұшырай бастады. Бұл елде өткен жаз егін-шөп шықпай, қысқа қарсы малдары жұтап, шеттен астық келмей, келтіруге шамасы келмей, Жетісудай болмаса да бастарына қараңғы күн туды. Шет жағасы бөлек елдерге ауып, бұлардың да адамдары сатылып, береке елдігі кетуге айналды», – деп жазған болатын. Бұл деректер Жетісудағы ашаршылықтың қаншалықты қасіретті болғанын және оның себептері мен салдарын аңғартса керек.

М.Дулатұлы Жетісу облысындағы жантүршігерлік жағдайды баяндай отырып алаштық зиялылардың одан шығудың жолдарын іздестіріп, аш-жалаңаш қазақ-қырғызды қырғыннан құтқару үшін құрылған комитеттің қызметі мен атқарып жатқан шараларына тоқталып: «Осы екі облыстағы аш-жалаңаш қазақ-қырғыз бауырларға жұрттан жеткілікті жылу жинап, рулы елімізді өлімнен аман сақтап қалу мақсатымен Семей облысының Алаш қаласында Қазақ комитеті һәм жастардың «Жанар» атты ұйымы басшылық етіп, қауым жасады. Қауым ортасынан іс басқаратын 5 кісілік комитет сайлап шығарды. Қауымның құрметті бастығы – Ә.Бөкейханов, жай бастығы – Мұқыш Боштайұлы болды. Комитет председателі – Мирякуб Дулатұлы, орынбасары – Ж.Аймауытов, хатшысы – Мұхтар Әуезов, қазынашысы Есіркепұлы Ғабдолла, тағы бір мүшесі – Ғабдолла Қоскенұлы», – деп Комитеттің құрамына кімдер кіргенін атап өтеді. Сондай-ақ, аталған Комитетті құруға байланысты өткен мәжіліс барысында жинала бастаған қаржы көлемін көрсетіп:  «...Мәжілісте 7 мың сомдай жылу жиналды. Комитет қазір іске кірісті. Жылу бүкіл Алаштан, бүкіл Россиядан, шет мемлекеттерден жиылады. Жылу жинау жолы келесі нөмірде басылады», – деп жазады да, соңында Алаш жұртын ашаршылықтан ажал құшып жатқан жетісулық қазақ-қырғызға көмек беруге шақырып: «САНАЛЫ АЛАШ! Мынау екі облыстағы бауырларымыздың жайын жоғарыда айттық. Біз жұрт боламыз, өз тізгінімізді өзіміз аламыз деп отырмыз! Жұртымыздың бір жағы мынадай жоғалғалы тұрғанда кіммен жұрт боламыз? Кеше бір облысымыз ойран болса, бүгін екінші облысымыз мынадай опатқа ұшырап тұрса, ертең үшінші, арғы күні төртінші облысымыздың басына, сөйте-сөйте бәріміздің басымызға мұндай халдің келмесіне қайдан көзіміз жетеді? Тұтанған өртті мезгілінде сөндірмесек, ол өртке ертең бәріміз де шалынбаймыз ба, шарпылмаймыз ба, сонда бізді кім жұрт қылады!? Онда біз жұрт бола алмаймыз, жоғаламыз! МЕЙІРІМДІ АЛАШ! Рулы елің қан жұтып тұрғанда, сен май жұтпа! Ата-аналар! Сендер балаларыңды еркелетіп, маңдайынан сипап, күнге-желге қақтырмай отырғанда, өздеріңдей адамдардың балалары сатылып, көздеріне көк шыбын үймелеп жетімдікте жүргенін, бір түйір тамаққа, бір жұтым суға зар болып отырғанын ойлаңдар! Сендердің қатын-қыздарың күңдікте, аш-жалаңаш, абыройын жаба алмай отырғанын ойлаңдар!
Атқа мінген азамат, сендерге ЕЛ керек, ЖҰРТ керек болса, басшылық қылып  АЛАШТЫ аман сақтау қамына кірісіңдер!
– Намыстан, АЛАШ!
– Жігерлен, АЛАШ!
– Тас бауыр болма, АЛАШ!»
 – деген үндеуі «Сарыарқа» газетінде қоса жарияланған болатын.

Мұның алдында Алаш зиялылары 1916 жылғы көтерілістің басып-жаншылуы барысында босқыншылыққа ұшырап, аштан қырылып, тағдыры тәлкекке түскен бауырларын құтқаруға бүкіл елді көмек жасауға шақырған «АЛАШ АЗАМАТТАРЫ» атты үндеуін 1917 жылғы 11 маусымдағы «Қазақ» газетінің №233 санына жариялаған еді. Ол үндеудің мазмұны мынадай:

«25 июнь жарлығының кесірінен бүліншілікке түсіп, Қытайға босқан қырғыздардың халдері қандай нашарлығын көзімен көрген тілші «Қазақтың» 231-нөмірінде жазып отыр. Әр жерден барған жәрдемнің қанша екенін өткен нөмірден жазып көрсетіп отырмыз. Беріліп жатқан жәрдемдер аш-жалаңаш қалған қырғыздардың халдеріне қарағанда жоқ есебінде. Сондықтан Түркістан комитетінің ағзасы (Торғай облысының комиссары) Әлихан Бөкейханов сол комитеттің ағзасы (Жетісу облысының комиссары) Мұхамеджан Тынышбаевқа телеграм берді: «Босқын қырғыздар үшін 200 мың сом қазынадан қарыз сұрау керек», - деп. Сондай бірден берілетін молырақ суммамен қырғыздар халін жиып алмаса, аздап жинаған көмек қырғыздардың толып жатқан мұқтаждығының біріне жетсе, екіншісіне жетпей тапшылық қыла бермекші.

– Бір жағынан қарыз ақша беріліп, бір жағынан жәрдем жиналса қазіргідей қымбатшылық заманда қырғыз сияқты ішерге тамағы жоқ, киерге киімі жоқ, паналарға үйі жоқ жұрдай болып сорлаған бүкіл мұқтаждығын  өтерлік қаржы сонда ғана құралмақшы.

– Аңсап өлейін деп жатқан адамның аузына су тамызғандай аз-көп демей әркім әліне қарай жәрдем ету әуелі адамшылық, екінші ағайыншылық жүзінен кімге де болса борыш.

– Бұл айрықша етіп алаш азаматтарының ісіне салып отырғанымыз: қырғыз ағайындарының алдындағы борыштарын ұмытпай өтеулері тиіс дегеніміз.

Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Сейітәзім Кәдірбаев, Имам Әлімбеков, Жанұзақ Жәнібеков, Ахмет Мәметов, Елдес Ғұмаров».

Ел басына күн туған осындай ауыр да жауапты кезеңде қайтсек ашыққан халықты аман алып қаламыз деген алаштық зиялылар күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей жанұшыра қызмет жасаған еді.

Қазақ-қырғыз комитетінің мүшесі Қалдыбай Ғабдуллиннің «Бірлік туы» газетінің 1918 жылғы 22 наурыздағы №26 санында жарияланған «Жетісу қырғыздары жайы» атты мақаласында ашаршылыққа ұшыраған қазақ-қырғыз жайында: «Өткен ғинуар ішінде уездік қазақ-қырғыз комитетінің жұмсауымен аш қазақтар халын біліп қайту үшін Тоқмақ қаласына бардым. Барған күні қасыма бір жігітті ертіп, қаланың базар жағына барып ішін араладым. Былтырғы Қытайға қашып кетіп қайтқан қырғыздардың осы күнде азын-аулақ қалғандары әр көшеде бытырап, мойындарына бір-бір дорбаларын алып бала-шағаларымен тіленіп жүргенге ұқсайды. Бірен-саран асханалар ашылса да барлық аштарды тамақтандырып тұрғаны көрінбейді. Аштан өлушілер, аштық себепті, ашып-кеуіп түрлі ауруларға ұшырап қалғандардың есебі жоқ. Бір күнде 9 адамның өліп қалғанын өз көзіммен көрдім. Өлгендердің өзі 2-3 күндей көмілмей қалатындары да болады екен. Ақырында, сасып-шіріп бара жатқан соң, орыс болсын, қазақ болсын ұшыраған бір адам барып жинап, шұңқырға тастайтын көрінеді», – дейді.

Ашаршылықтан, басқа түскен ауыр ахуалдан жаны қиналғандардың амалсыздан бала-шағасын сатуға дейін барғанын, адам саудасының жүріп жатқанын, сондай-ақ Бірінші дүниежүзілік соғыстан қайтқан солдаттардың босқын халыққа жасап отырған жауыздықтары жайында: «...Аштан өліп бара жатқандар қатын, қыз, бала-шағаларын 50-100 сомға сатушылар осы күні бұрынғыдан да күшейіпті. Мұны алушылар алыстан көрінбейді, сол айналадағы сарт дүнген, талан-таражға ұшырамаған қазақ-қырғыздардың өздері көрінеді. Қатын-қызды сатып алғандар, ұнаса өздеріне қатын ете алады да, ұнамаса 1-2 жетіден соң қайтадан біреуге сатады. Міне, осылай етіп адам сату, кәдімгі алып-сатар сауда есебіне кіріп бара жатқан түрі бар көрінеді. Және бұл ауыртпалықтардан басқа жығылған үстіне жұдырық болып, хохол солдаттары фронттан қайта сала, атып, асып, зорлық-зомбылықты тағы үдетіп тұрған жайы бар. Ұзынқара деген жерде 26 адамды өлтіріп, бар мал, ақша, іске асар нәрселерін алып кетіпті. Бұл талаушылар ұсталған, бірақ тергеп-тексеріп түк қылған жоқ», – деп көрсетеді.

Жетісулық қазақ пен қырғыздың ашаршылыққа ұшырауының бірнеше негізгі себебі бар. Біріншісі, Міржақып Дулатұлының мақаласында көрсетілгендей, 1916 жылғы көтерілістің салдары болатын. Ресейлік отаршыл жүйенің жүргізген озбыр саясатына қарсы көтерілген Жетісудың жергілікті халқы – қазақ пен қырғыз асқан қатыгездікпен аяусыз басып-жаншылып, мал-мүлкі тәркіленді. Жарақсыз қарапайым халықты жазалау үшін бақайшағына дейін қаруланған, даярлығы бар жүйелі әскери күш тартылған еді. Жазалаушы әскер туралы Түркістан генерал-губернаторы Куропаткиннің 1917 жылдың 22 ақпанында патшаға берген мәлімдемесінде: «...өлкенің басқа облыстарынан Жетісуға үш бағыттан: Әндіжаннан – Нарын бекінісіне, Черняевтен – Пішпек және Тоқмақ бағытына, теміржол арқылы айналма жолдармен – Семейге, одан ары – Сергиополь – Лепсі – Верный бағытына  3 дружина, запастағы полктардан 7 атқыштар ротасы, 5 казак жүздігі және 14 зеңбірекпен қаруланған әскер келген.  ...Одан басқа, қызметтегі армия қатарынан казак батареясымен қоса 2 пулемет командасы және 2 казак полкы  жіберілген», – деп жазады.

Бұл әскерге Ресей империясының жергілікті жерлердегі «әлеуметтік тірегі» саналатын келімсек орыс шаруаларынан құралған қарулы халық жасақтары қосылып, жазалау операцияларына қатысты. Куропаткиннің сөзімен айтқанда, бірлескен жазалаушы жасақтар «орыс қаруының күшін» көрсете отырып жүргізген  «қызу» шараларының барысында көтеріліс аяусыз, асқан қатыгездікпен басып-жанышталған. Губернатордың айтуынша, «жазалаушы әскер келген соң көтерілісшілер аздаған қарсылық көрсеткеннен кейін азық-түлік пен малдан тапшылық көріп, кедейшілік күй кеше отырып шегаралық аймақтарға ығысып, кешірім сұрауға мәжбүр болған» деген мәлімет ҚР Орталық Мемлекеттік архивіндегі 380-қор, 1-тізбе, 1-ісінің 176 парағында сақтаулы.

Оккупациялық режимнің көтеріліске шыққан халыққа «сабақ беретіндей» етіп жүргізген осындай репрессиялық саясатының нәтижесінде жетісулық қазақ пен қырғыз халықтары қайтып «ес жимастай» жазаланды. Соны көрген Әлихан Бөкейханов 1916 жылғы көтерілістің он жылдығына арнап жазған еңбегінде: «...қарусыз елді қойдай айдап, жердей таптап, жаудай тонайды. ...Патша әскері немістен гөрі қарусыз қазақ-қырғызбен соғысқанды сүйеді. ...Келімсек орыс өкіметтің әскеріне қосылып босқан қырғызды шабысады. ...қазақты бірге шабысады», – деп жазды.

Арнайы дайындығы бар жазалаушы әскер мен келімсек орыс шаруаларынан құрылған халық жасақтары қолдарында дұрыс қаруы жоқ көтерілісшілерге қырғын салып, ауылдарды талқандап, ошақтарды ойрандады, мал-мүлікті тартып алып, талан-таражға салды. Оған шыдамаған көтерілісшілер көршілес жатқан Қытай жеріне ауа көшуге мәжбүр болып босқыншылыққа ұшырады. Ол жаққа өткенде де оларды күтіп тұрған «жұмақ» жоқ еді, әрине... Бір жағынан жазалаушы әскер мен екінші жағынан Қытай әскерінің қарсылығына тап болған халық шегарадан өту кезінде де қырғынға ұшырап, небір қорлық пен зорлықты бастан кешірді. Қос империяның қыспағына түскен қазақ-қырғыз ішерге асы, киерге киімі болмай, ашаршылық пен  індеттен қырылып, адам айтқысыз аянышты күй кешіп, бастарынан небір қиын-қыстау кезеңді, азапты өмірді өткерді. Азып-тозып, балаларын құлдыққа, әйелдері мен қыздарын күңдікке сатып, мал-мүлкінен айырылды. Олардың осындай ауыр да жантүршігерлік жағдайға душар болуына Ресейлік отаршыл жүйенің жүргізген  сұрқия саясаты кінәлі еді.

Қашқан халықтың мал-мүлкін бұл жақта орыстың жазалаушы әскері мен келімсек орыс шаруалары, арғы жақта қытай әскері мен жергілікті ұлттары тонап, тартып алып отырған. Мысалы, Верный қаласының (қазіргі Алматы) №1 бөлімшесі приставының көмекшісі Иванов Ыстықкөл өңіріндегі қырғыздардың көтерілісін басуға қатысып, Пржевальск қаласынан (қазіргі Қырғызстандағы Қарақол қаласы) Верныйға қайтарында көтерілісшілерден тонап алынған 21 түйеге артқан жүгі бар керуен, бір бөлігіне жүк артылған 27 өгіз, 25 жылқы айдап келген. Бұл дерек бір ғана Ивановтың жуас халықты жүндей түтіп, тонауынан түсірген мал-мүлкінен хабар береді. Басқа жазалаушы жасақтардың жасаған жауыздығы қаншама?! Ол туралы дерек жеткілікті.

Зерттеуші Чеканинскийдің 1926 жылы Қызылорда қаласында шыққан «Восстание киргиз-казаков и кара-киргиз Джетысуйском (Семиреченском) крае в июле-сентябре 1916 года» атты еңбегінде бір ғана Жаркент уезінде көтеріліске дейін  67 800 жылқы, 51 261 ірі қара, 2 612 түйе, 568 488 қой-ешкі, 7 577 десятина егіндік болғаны туралы дерек келтірілген. Көтерілістен кейін әлгі жылқының 78,59%-ы, ірі қараның 63,97%-ы, қой-ешкінің 81,19%-ы тартып алынып, егіндіктің 22,28%-і жойылған.

Белгілі заңгер-ғалым Ғ.Сапарғалиевтің зерттеу еңбегіндегі деректерге қарасақ, Жетісу облысындағы қазақ және қырғыз халықтарының көтерілісін басу барысында жазалаушы әскер тартып алған заттарды сатудан 1 миллион 300 мың сом қаржы түскенін көреміз. Тек Самсы мен Боранды болыстарының өзінен ғана 1,5 миллион сомның мал-мүлкі тәркіленген.

Ашаршылықтың тағы бір себебі – 1917 жылғы қуаңшылықтың салдарынан егін мен шөптің дұрыс шықпай қалуы. «Жығылғанға жұдырық» дегендей, онсыз да азапты жағдайға душар болған халыққа табиғаттың көрсеткен тосын мінезі одан сайын ауыр тиді. Бұл жөнінде Жетісу облыстық Алаш комитетінің төрағасы Ыбрайым Жайнақов 1919 жылы 17 наурызда Үржар стансысында өткен Жетісу облыстық 3-ші съезіне жасаған баяндамасында өңірде қалыптасқан күрделі кезеңнің қарсаңындағы мәселелерді айта келіп: «2) 1917 жылы бұрын болмаған қуаңшылықтың салдарынан астық пен шөптің шықпай қалуы, жұт болуы адамдарды аштыққа ұшыратты... 3) әртүрлі індеттің таралуы онсыз да ауыр жағдайды одан да қиындатып жіберді. ...1918 жылдың көктемінен бері өңірде жетісулық большевиктердің қожалық етуі, олардың халыққа жаппай қырғын салуы, тіптен әйел, бала-шағаға қарамай атуы, ондай әрекеттердің  осы уақытқа дейін жалғасып жатқандығы, кей жерлерде халықты тонап, кейде тіпті мал-мүлікті жай ғана жоюы, басқа да сорақылықтары бұл жағдайды одан әрі шиеленістірді, әлі де шиеленістіріп отыр...» – деп баяндайды. Бұл мәлімет Ресей Федерациясының Мемлекеттік архивінде сақтаулы.

Осындай деректер Жетісу облысында 1917-1919 жылдары болған ашаршылықтың негізгі себептерін айқындайды. Біріншіден, 1916 жылғы көтерілісті басып-жаншу барысында отаршыл орыс империясының өлкеде қатыгездікпен жүргізген репрессиялық саясатының салдары екендігін көрсетсе, екіншіден оккупациялық режимнің жазалаушы әскері мен келімсек орыс шаруаларының бірлескен жазалау шараларының барысында жергілікті халықтың мал-мүлкінің талан-таражға салынуын білдіреді. Үшінші, 1917 жылы қуаңшылықтың салдарынан астық пен шөптің дұрыс шықпай қалуынан жұт болып, халықтың қолында қалған азғантай малдың қырылуы. Төртіншісі, 1918 жылдан бастап өлкеде «қожалық» етіп, ел-жұртқа жаппай қырғын салған большевиктердің кей жерлерде халықты тонап, тіпті, мал-мүлікті жойып жіберуі және басқа да сорақылықтар жасауы, онсыз да ауыр жағдайды одан әрі шиеленістіруі еді.

Қорыта келе айтарымыз, мұның бәрі қосыла келе жетісулық жергілікті халыққа ауыр апат әкелді және қазақ халқы ХХ ғасырда ұшыраған гуманитарлық апаттың алғашқысы болды десек артық айтқандық емес. Олай дейтініміз, бұдан кейін қазақ халқының 1921-1922 және 1931-1933 жылдардағы аштықты бастан кешіргені белгілі. Сондықтан бұл мәселелерді «ашаршылық» деп қана қарастырмай, гуманитарлық апаттар дегеніміз де дұрыс болар.

Бірақ қанша қырылып, апатқа ұшырап жатқанына қарамастан азаттық пен тәуелсіздікке деген ұмтылыс ұлт жадында қайта жаңғырып, әркез белгі беріп отырды және ол жолдағы күресінің салдары да ауыр болған еді. Ал адамзат тарихында азаттық алу, тәуелсіздікке қол жеткізу ешқашан оңай болмаған. Ә.Бөкейханов айтпақшы: «Алыспаған, жұлыспаған бостандық атына мінбейді, бұғаудан босамайды, ер құлдықтан, әйелі күңдіктен шықпайды, малына да, басына да ие болмайды!»

Ә.Бөкейханов бастаған Алаш зиялылары: «Ашаршылық пен босқыншылыққа ұшыраған Жетісу жұртын қайтсек аман алып қаламыз? Қайтіп жалпы алашты өзгелермен терезесін  тең етіп, Ел  қатарына қосамыз?!» – деген адал ниетпен қызмет жасады. Ол жөнінде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Біз кезінде елге қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен Алаш қайраткерлерінен тағылым аламыз. Олар өткен ғасырдың басында тәуелсіздік идеяларын халық арасында дәріптеуге зор еңбек сіңіріп, азаттық жолында құрбан болды», – деп өте дұрыс айтты. Сондықтан өткен тарихымыздағы ауыр кезеңдерден сабақ ала отырып, Алаш қайраткерлерінің Ел мен Жердің тұтастығын, ұлттың бірегейлігін сақтау жолында озық үлгі көрсеткен қызметтерінен тағылым алғанымыз, оларға бас иіп, тағзым еткеніміз, ерлікке пара-пар әрбір еңбегіне құрметпен қарағанымыз абзал! Және бұл бүгінгі ұрпақтың перзенттік парызына айналуы тиіс.

Шамек ТІЛЕУБАЕВ,

тарих ғылымдарының кандидаты, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың аға оқытушысы

Сурет ғаламтордан алынды