Бір ғасыр бұрынғы бостандық

Уақыты: 17.07.2017
Оқылды: 2052
Бөлім: ТҮПСАНА

IV. Ғұмар

Бұл есім туралы көз көрген замандастары Сәкен Сейфуллин де, Сәбит Мұқанов та өз еңбектерінде жан-жақты жазды. Сөзі де, өзі де сұлу Сәкен «Тар жол, тайғақ кешу» атты тарихи романында Ғұмар Қараштың Алашорда ісіне бар ықыласымен атсалысқанын, Әлихан Бөкейхан екеуінің пікірлес, үндес, үзеңгілес дос болғанын келтіреді. Ал Сәбит Ғұмардың «Өрнек» деген кітабына тоқталып, сол кездегі әдеби үдерісте бұл жазбаның діни тұрғыда биіктен көрінгенін тілге тиек етеді. Классик жазушының: «Алашорда партиясының молдасы», – деп беріп кеткен бағасы да бүгінде құндылығын жойған жоқ. ХХ ғасыр басындағы қазақ тәуелсіздігі, Алаш бостандығы үшін тер төккен тұлға – Орал қаласында жарық көрген «Қазақстан» газетін құрастырушылардың бірі. Ғұмар өзінің өлеңдері мен мерзімді баспасөздегі мақалаларында адамдардың білімсіздігін, жалқаулығын, салғырттығын сынап қоймай, қазақтардың саяси аһуалына да белсене араласады. Ақынның Алашорда билігімен бірге тәуелсіздікке талпынысы – өз алдына бір кітапқа арқау. Алайда бір ғасыр бұрынғы Алаш идеясын жүзеге асырған Ғұмар Қараштың есімі елге кеңінен танымал емес. Біз бүгінгі зерттеуімізде Ғұмардың ғұмырынан сыр шерте отырып, ғасыр бұрынғы бостандыққа қосқан үлесінен бір үзік әңгіме айтамыз.

 

Көпшілік әдебиет әлеміндегі Ғұмар Қараштың қысқа да нұсқа аты-жөнін білгенмен, Алашорда үкіметіндегі саяси қызметінен, журналистік шеберлігінен, ислам дінінің дұрыс насихатталауына атсалысқан ерен еңбегінен бейхабар. Бәлкім, мұндай өкінішті жайтқа мектеп бағдарламасында үстірт мәлімет беріліп келгені себеп шығар? Десе де, Ғұмардың есімі қазақ қоғамына 1988 жылдан бастап қайта оралғанын ескерсек, бұл құбылысқа түсіністікпен қарауға тиіспіз. Ғұмардың кім екендігі аз уақыттың ішінде көп зерттеліп те үлгерді. Бірақ тың деректер табыла қойған жоқ. Өмірі мен өлеңдері, санаулы мақалалары жайлы ғалымдардың топшылауы бір-бірін қайталаудан ары аспай тұр. Біздіңше, Ғұмардың бойында дәл Абай сияқты дана ойдың дәнегі бар. Ақын өлеңдері қазақтың қара өлең ұйқасынан ауытқымайды. Ал айтар ойы мен идеясында Абайдың лебі сезіледі. Ол да Абай секілді исламды дұрыс бағытта түсіндіретін өлеңдер, публицистикалық туындылар жазды.
Зерттеуші Есмағамбет Ысмайылов Ғұмарға Абайдан кейінгі дәуірдің ірі ақыны ретінде жоғары баға береді. «ХХ ғасырдың қазақ әдебиетінде іргелі орын алатын, классик ақын, жазба, көркем әдебиетін дамытуда, әдебиет тілін қалыптастыруда Ғұмардың еңбегі ерекше. Ғұмар – үлкен суретші, шебер, көркем сөздің ұстасы», – дейді ол. Мәселен, Абай: «Ғылым таппай мақтанба», – десе, Ғұмар білім туралы, кітап оқу жайлы ойын былай жырлайды:
Дәріс айт. Шәкірт жина. 
          Ғылымыңды шаш,
Қыл пида ғылым үшін мал мен бас.
Әр заман біліктінің жолдысы артық,
Оқу біл, білім-өнер, көзіңді аш.
Екеуі де бір сарында үндейді. Бірақ композициясы бөлек, құрылымы басқашалау. Немесе Шәкәрімнің «Сен ғылымға болсаң ынтық» деп басталатын өлеңінде де дәл осы сарын кездеседі. Ғұмар Қараш Қазақстанның батысында өмірге келгенмен, шығыстағы қос ғұламаның еңбектерімен етене таныс болғанына күмән келтірмейміз. Себебі, ХХ ғасырдың басындағы Алаш қозғалысы батыста емес, дәл шығыстың кіндігінде, Семей қаласында өрбіген еді. Ғұмар Қараштың мұнда сан мәрте жолы түскені анық. Осындай саяси әрі қызметтік сапарында ол Абай мен Шәкәрімнің өлеңдерімен таныспауы мүмкін емес.
Ғұмардың есею жылдары отарлаушы орыс ұлтының қазақтарға күнделікті көрсететін қысымымен тұспа-тұс келді. Ел рухын көтеретін хандық билік тоқтатылып, ауыл-ауылды болыстар билейтін күн туған. Бала Ғұмар сол кездегі жүйе бойынша ең алдымен діни сауатын ашты. Өңірге белгілі Ғ. Ғалыкейұлы деген ишанның медресесінде оқыды. Бірақ ол қасындағы сыныптастары секілді мұсылмандық таныммен шектеліп қалған жоқ. Ақын исламды заманауи біліммен байланыстыра қарап, Еуропаның, орыстың мәдениетін танып-білуге ұмтылды. Белгілі ақын, жырау Шәңгерей Бөкеевтің қасында шәкірт болып жүрді. Қазақтың маңдайалды ақынының шақыртуымен Орынбор қаласына келіп, «Шайыр», «Көксілдер» деген екі кітап құрастырады. Мұндағы мақсаты – қазақтың ауыздан-ауызға көшкен әдеби мұраларын жинастырып, қағаз бетіне түсіру. Қос кітап та қазақтың жыр-дастандарына, әдет-ғұрып жырларына, ертегілеріне, аңыз-әпсаналарға арналды.
Алаштың ардақтысы қай салаға қалам тербесе де, қай салаға ден қойса да, үстірт өте шықпайтын. Тіпті, бала кезінің өзінде медреседе алған діни білімін сөз жүзінде қалдырмай, іспен дәлелдеп көрсетіп жүрді. Дін негізі – сенім. Оның ішінде, бес уақыт намазды өтеп бос жүру емес, исламның биік шыңына ұмтылу. Ғұмар Қараш ұлт ісімен шұғылданумен бірге діни білімін толықтыруын да тоқтатқан жоқ. Өмірінің соңына дейін Аллаға деген сенімді насихаттады. Дін мен ғылымның бір-біріне еш кедергі келтірмейтінін дәлелдеп жазған, зерттеген, сонымен бірге, өз амалымен үлгі көрсеткен санаулы тұлғаның бірі – осы Ғұмар Қараш. «Жасырақ уақытымда мен де кәдімгі сопылардай-ақ бір мүрид едім. Шариғат ғылымынан жақсы хабарым бар, өзімше ойлағанда ғылым мен сопылықты бірдей жиған бір кәміл адам болмақ едім. Ас-су ішпей, қатып-семіп, тілімді таңдайға жабыстырып, сол емшек астындағы екі елі шамасындағы “қалып” деп аталынған бір орынға қарай ышқынып, көңілімнен “Алла”, “Алла” деген сөздерді айтып, жүргенде аяғымның ұшына қарап қана жүруші едім. Ол уақыттары көбірек түсімде биғаз бір халде, өңімде де көп ғажайыптарды көрдім. Көрген сайын риазатымды арттырдым. Мұқамнан мұқамға көштім. Ақырында сол шекке жеттім: барша тәнім зікір айтқандай болып, өзіме сезілетін еді. Күн санап ләззәтім, зауқым артты: бүтін дүниядан баз кештім. Ас жоқ, су жоқ. Ұйқы жоқ, күлкі жоқ. Ойлаймын: бұл бос дүниеге алданып не қылам? Ел-жұрт, ақыл-қиялымды тастайын да, халық-ғаламнан хизләт етіп, дүнияның бір шетіндегі бір ғазиздің қабіріне барып, ғибадатқа мәшһүл болайын, сөйтіп, рухани ләззаттармен қанағаттанып ғұмыр кешейін деп, бұл ой көңіліме бек-берік орналасты», – деп жазады өзінің Сәбит Мұқанов пікір білдірген «Өрнек» атты жазбасында.
Не түсіндіңіз? Әрине, ақын Аллаға деген риясыз сенімін асқан тақуалықпен дәлелдеген. Тіпті, өз-өзін нәпсі көздерінен тыйып, рухани ләззатқа – Алла алдындағы ар тазалығына қарай жол салғаны байқалады. Мұндай ақындар қатары ол дәуірде де, қазіргі кезеңде де некен-саяқ. Ғұмар діни ілімі тереңдеген сайын ұлтын шексіз сүйді. Бүгінде исламды берік ұстанатындардың кейбірі ұлтынан алыстап жатса, ол уақытта керісінше, атажұртына жақындай түсіпті.
Ақын – 1917 жылғы Алаш қозғалысына қатты қуанған жандардың бірі. Осы жылдың қысында, дәлірек айтсақ, 13 желтоқсан күні Орынборда басталған Алаш қозғалысының екінші жалпықазақ жиынына қатысып, арнайы қазіргі қазақ тағдыры хақында баяндама жасайды. Осы кезден ол саяси жұмыстарға белсене араласты. Тәуелсіздікке талпынған шағын ғана зиялы топ Ғұмар Қараштың білімін, әділеттің ақ жолынан айнымайтын мінезін ескеріп, Алашорда үкіметінің ұлт кеңесіне қази етіп сайлайды. Туған еліне қызмет етуге серт берген Алаш ардақтыларымен бірге Ғұмар Қараш та қазақ халқын ғылымға, білімге, әлемдік өркениетке шақырды. Оның ақындығынан, дінтанушы ғалымдығынан бөлек, оқытушылық қабілеті де ерекше еді. Өзінің кіндік қаны тамған өлкесінде, Бөкей ордасында жастарға, үлкендерге сабақ беріп, дін мен ғылымның байланысын паш етті. Ақынның мұндай білім мен ғылымдағы еркіндігі, көкжиегінің кеңдігі кейбір дүмше молдаларға ұнаған жоқ. Дәл осы жылдары қази Орал өңірінде «Дұрыстық жолы» атты газет шығарып, сонда журналистік қызмет атқарғанын көпшілік біле бермейді. Аты айтып тұрғандай, ақын осы газетте «Алаш» партиясының жұмыстарын көрсетіп, азаттыққа апаратын ең дұрыс жолды имани біліммен дәлелдеді. Сонымен бірге, 1919 жылы «Мұғалім» деп аталатын қазақтың тұңғыш педагогикалық журналына бас редактор болды.
«Алаш атты ел болып, адамдықты табарсың». Бұл – «Күн туды» деген ұзаққа толғаған өлеңінен алынған тармақ. Қазақ қайткенде осы «Алаш» сөзінің аясында тәуелсіздіктің туын көтеру керек. Әйтпесе, әлемдегі алпауыт елдердің идеологиясына жұтылып кету қаупі мол. Алаш зиялылары әсіресе терістіктегі Ресейдің ықпалынан босап, өз алдына мемлекеттік құрылым негіздерін жасады. Батыс Еуропадағы бостандықтың үлгісінде жаңа мемлекет құрғысы келді.
Алаш атты орда құрып шалқығанын,
Бақ-дәулеті туып-өсіп балқығанын,
Әрбір істе қазақ иісі аңқығанын,
Тірлікте көзімізбен көреміз бе? – дейді Ғұмар Қараш азаттық жолындағы арманын ақ қағазға түсіріп. Ол коммунистік идеология күшейіп, мыңғырған мал ұстаған дәулеттілер жаппай қудалауға түсетінін білді. Ал мұндай қырғын жүзеге асса, қазақ ұлтының да басына ауыр күн туады. Бірақ алашордалықтардың бостандыққа ұмтылысы мұқалмайтын ерік-жігерді, өршіл рухты талап етті. Ғұмар ақында бұл қасиет болды. Ол өлеңде айтқанындай «әрбір істе қазақтың иісін» сезінгісі келді. Әрине, қызыл жендеттер қазақ иісіне жол берген жоқ. Ғұмар осы бір шумақ өлеңінде қазақ тілінің мемлекеттік тіл дәрежесіне көтерілуін, саясат пен мәдениетте, экономика мен партия деңгейінде қолдануын астарлап жеткізеді. Шәкәрімше айтқанда, бостандық таңы атқан 1917 жылы Алашорда үкіметі мен екі дүркін өткен жалпықазақ жиыны шын мәнінде тәуелсіздікті сезіндіріп еді. Мұндай тарихи сәтті Ғұмар ақын:
Ау, Алаш, көзіңді бүгін ашар күнің,
Қарманып ілгері аяқ басар күнің!
Шығарып бір жеңнен қол, 
         бір жерден сөз,
Адымдап асқар белден асар күнің, – деп жырлайды. Дәл осындай сарында Шәкәрім де, Ахмет Байтұрсынұлы да, Міржақып Дулатұлы да жалындата жазды. Мал мен шаруашылықтың соңында көшіп жүрген қазақтың рухын осылай сілкілеп, қамдануға шақырды. Бүгін біз қамданбасақ ертеңгі күні ұлт болашағына балта шабылуы мүмкін. Алаш арыстары коммунистік саясаттан төнетін қауіптен халықты асқақ жырларымен сақтандыра білді. Сақтанудың жалғыз жолы – дербес ел болу.
Теңізім, телегейім, қайран елім,
Кемерлеп толқын атып, тасар күнің!
Ақ күміс, қызыл алтын, жиғаныңды,
Құрбан қып осы жолға шашар күнің!
Тәуелсіздік жолында Ғұмар Қараш жанын қиюға даяр. Онысын сөзбен де, іспен де көрсете алады. Ғұмар Алла алдында азаттық жолында өліп кетсе де өкінбейді. Ол дінін, ұлтын шексіз сүйеді. Халқының қиын-қыстау кезеңде жусап қалуынан қауіптенеді. «Терезең теңгеріліп қатар тұрса, Осы деп сонда жүрек басар күнің», – деп тәуелсіздік алмай қазақ халқына тыныштық жоқ екендігін меңзейді. Расында да, Алаш арыстарының коммунистерден секем алуы бекер болмай шықты. Міржақып Дулатұлы бір мақаласында: «Большевиктердің мықты бір жауы – автономия алмақ жұрттар. Большевиктер Украина даласын қанға бояды, Түркістан автономиясын жоғалтып, халқына ойран салып, Қоқан шаһарын жермен-жексен қылды. Үкімет адамдарының біразы жойылды, бірсыпырасы қашып құтылды. Башқұрт  автономиясын таратып, азаматтарын абақтыға жапты. Қырымды қанға бояды. Азаматтарын қойдай бауыздады. Қырым муфтиі Жәмежиһан хазіретті әуелі абақтыға жауып, соңынан кескілеп суға ағызып жіберілді. Автономия боламын деген жұрттардың әрқайсысының көрген күні осындай болды», – деп шошына жазады. Ғұмар Қараш «Оян, қазақ» өлеңінің идеясында мерзімді басылымдарға бірнеше жырлар бастырды. Ақындығын Алаштың азаттығына қолданды. Халықтың рухын көтеруге жұмсады.
Ау, Алаш, заман жайын білеміз бе?
Құлаққа айтқан сөзді ілеміз бе?
Заманның ыңғайынша амал қылып,
Зырлаған желмаяға мінеміз бе? – деп күңіренеді ақын. Ақын туған жұртын – «адасқан қойдай шулаған елін» отарлаушы ұлттың табанында тапталмауға насихат айтады. Алаштың сенімін ақтар күн туғанын жеткізеді. Бірақ бұл істі қалай жүзеге асыру керек? Ғұмар дәл осы сәттен саясат мінберіне көтерілуді құп санайды. Ата діні оған ұлт ісіне араласуға шектеу қоймайды. Керісінше, терең білім жинап, жапа шеккен еліне қол ұшын созуды қайырымдылықтың бір түрі деп біледі. Біздің бұл топшылауымызды ақынның мына бір өлеңі айғақтайды.
Әуелі, қолдан келсе, еліңді сүй,
Ел үшін еңбек еткен еріңді сүй.
Қағбаға тауап ету керек болса,
Кір жуып, кіндік кескен жеріңді сүй.
Соңғы екі тармақ қазіргі таңда ушығып тұрған терроризмге тосқауыл қойса керек. Ғұмар туған жерін, туған ұлтын, оның салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын құрметтемеген адамның Аллаға жақындауы, оған құлшылық етуі екіталай екенін айтып тұр. Сол себепті, әрбір адам құлшылықты туған жеріне қызмет етуден бастауы тиіс. ХХ ғасырдың басындағы алмағайып дәуірде бұл тіптен қажет болды. Сәбит Мұқанов айтпақшы, ақынның Алашорданың ең білімді молдасы болғандығына дау жоқ. Бірақ дүмшелер секілді дінмен шектеліп қалмай, «Алаш» партиясының алға басуына атсалысты. «Отанға, ұлтқа қызмет ету жоғары мансапты яки бай адамдарға ғана міндетті емес. Ниеті, ықыласы дұрыс болса, жай орташа адамдар да Отанға қызмет ете алады. Әр кісінің өзіне тиісті борышы бар. Әркім шамасы жеткенше қолынан келген істі атқарса болады. Жай адамдар өз міндеттерін адал атқарса, ол күрделі, ұлы істердің бітуіне үлкен септігін тигізген болар еді», – деп жазды Ғұмар Қараш «Отан және ұлт реформасы» деген мақаласына. Ақиқатында, адамдар жай ғана адалдықты ұстанбауының салдарынан әлемде соғыс өртін тудырады. Ақ ниетпен шешілетін дүниелерді күрделендіріп, соңы өлімге әкелетін шиеленістер жасайды. Әрине, өкінішті жайт. Ең басты өкініш – осы апаттарды адам өз пиғылынан шығаратындығында.
Ақынның қазақ тілі және әдебиеті туралы жүрекжарды туындысын тебіренбей оқу мүмкін емес. «Тіл-әдебиет – бір миллеттің жаны һәм рухы-дүр», – деп толғанады публицист мақаласында. 
– Әдебиеті болмаған миллет тілі шықпаған жас бала кебі-дүр. Себебі, өзінің басындағы қайғы һәм шаттықты басқаларға айтып түсіндіре алмас». «Тіл-әдебиет» атты мақаланың мазмұны оқып отырсақ бүгінде де өзекті. Ендеше, қазіргі тәуелсіздігіміздің баянды болуы үшін бір ғасыр бұрынғы Алаш арыстарының жазбаларын айналып өтпегеніміз абзал.
 
Қазақ көгіне күн болып шыққан Алашорда үкіметінің қазиы саяси істерде асқан стратег еді.  Ол кітаптар құрастырумен шектелмей, бірнеше мерзімдік басылымдарға басшылық жасады. Саяси жиындарға сан мәрте делегат болып сайланып, талай басқосуларда қазақ мүддесі тарапынан жалынды сөздер сөйледі. Ауыр тиетіні – көкейдегі ең асыл арманын жүзеге асыра алмай қаза табуы. Қайраткер қазақтың азаттығын, тәуелсіздігін көргісі келді. «Іс қылсаң қылатын, ел болсаң болатын» Алаш күні туар сәтті күтті. Елуге таяған жасында жандайшаптардың қолынан көз жұмды. Ақын, журналист әрі педагог Ғұмар Қараш өмірінің соңына дейін қазақтың бостандығына қызмет етіп кетті.
 
Қуаныш ТҰНҒАТАР