АРҚАРЛЫДА ТАБЫЛҒАН ЖҰМБАҚ БЕЙНЕЛЕР МЕМЛЕКЕТ ҚОРҒАУЫНА АЛЫНДЫ

Уақыты: 29.05.2021
Оқылды: 1321
Бөлім: ТҮПСАНА

Арқарлы асуында петроглифтер табылып, оны сақтау мәселесі уәкілетті мемлекеттік органдардың бақылауына алынды. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына жауап берген ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов айтты.

«Алматы облысының Кербұлақ ауданында (Арқарлы асуы) табылған петроглифтерді сақтау мәселесі уәкілетті мемлекеттік органдардың бақылауына алынды. Бүгінгі күні ежелгі петроглифтердің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында нақты іс-шаралар қабылдануда. Атап айтқанда, Арқарлы асуында қиыршық тастарды өндірумен айналысатын кәсіпорындарға берілген археологиялық ескерткіштер орналасқан жерлер мемлекеттің иелігіне қайтарылады. Арқарлы петроглифтерінің заңнамада белгіленген тәртіппен мәртебесі анықталғанға дейін олар тарихи-мәдени мұра объектілерінің алдын-ала есепке алу тізіміне енгізілді», - делінген вице-Премьердің "Қазақпаратқа" берген жауабында.

Оның атап өтуінше, «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңына сәйкес петроглифтердің мәртебесі туралы түпкілікті шешім қабылданғанға дейін олар тарих және мәдениет ескерткіштерімен бірдей қорғалады. Осыған орай ескерткіштерге қауіп төндіретін жұмыстар тоқтатылған және олардың қорғауға алынғаны туралы тақталар орнатылған. «2021 жылдың сәуір-мамыр айларында Алматы облысының әкімдігі мен Ә.Марғұлан атындағы Археология институтынының мамандары Арқарлы петроглифтеріне зерттеу жұмыстарын жүргізді. Зерттеудің негізінде анықталған ескерткіштерге алдағы уақытта құжаттандыру (паспортизациялау) жұмыстары жүргізіледі. Анықталған ескерткіштерді қорғалуын ұйымдастыру үшін тиісті бюджеттік өтінім әзірленіп, облыс мәслихатының отырысында қарастырылады. Заңнамада қарастырылған рәсімдер орындалғаннан кейін Арқарлы петроглифтері Алматы облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енгізіледі. Мәдениет және спорт министрлігі мен Алматы облысының әкімдігіне Арқарлы петроглифтерін қорғау мәселесін тұрақты бақылауда ұстау тапсырылды», - деді Ералы Тоғжанов.

Бұған дейін Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының ғалымдары Арқарлы асуын зерттеп, таңбалы тастар мен обаларды, мыңдаған жыл бұрынғы қоныстарды тіркеп, қағаз бетіне түсірген еді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"