Қыз Бәтес

Уақыты: 27.07.2017
Оқылды: 2139
Бөлім: ТҮПСАНА

Адам өмірі қашанда өнегелі ісімен ардақталып, жеткен табысымен салмақталып отыратыны анық. Осы тұрғыдан келгенде өнеріміздің өрлеп, мәдениетіміздің мәйектеуінде аналар қауымының арқалаған жүгі салмақты. Кейіпкеріміз Бәтима Кәрімқызын құрбы-құрдастары тік мінезіне, бетің-жүзің демей ақиқатын ашып айтатын бірбеткейлігіне, өзі қиналып тұрса да жағдайын айтып, қиылып келген адамның бетінен қағып, қолын қайтармайтын жомарттығына, іске бейім, қиындыққа көмпіс мінезіне қарап «Қыз Бәтес» атап кетіпті. Қазақ халқында тектілік дейтін қасиетті ұғым бар. Бәтима сондай әулеттің тұяғы еді. «Қыз Бәтестің болмысы да, бітімі де, басқа қасиеті де әкесінен аумай қалған», – дейді көзкөрген қариялар. 

 

Әкесі, Кәрім Ақшолақов – өз тұсындағы аузы дуалы, ардақты азамат. Елі мен жұрты үшін істеген ізгілікті істері арқылы есімі жатталып, аты тарихта қалған адам. Өзі өмір сүрген өлкеге аты таныс ел ағасы жұртты аузына қаратқан шешен, көпшілікті берекеге шақырған пейілі дария кісі болыпты. Сол тұста кеңшар, ұжымшарды басқара жүріп, талай адамға бауырмалдық танытыпты. Тіпті, бүгінде аты алысқа кеткен Қарлығаш ауылының етегіне ел-жұртты қоныстандырғаны өз алдына бір әңгіме. Әрине, жаз жайлау, қыс қыстауға көшіп, арқасын кеңге жайып өскен елдің тірлігіне тың серпін беру қиынның-қиыны. Десе де Кәрім Ақшолақов сол қиындықты қос иығымен көтере жүріп, ауылын алға жетеледі. Тіпті сол жұмыстары үшін «халық жауы» атанып, қудаланған. 
Бұл туралы Бәтима апамызбен ұзақ жыл сауыншы болып бірге жұмыс істеген Нұрқан Назарқызы айтып берді. Бәтима апамызға келін болып келетін Нұрқан Назарқызы енесі Бөлтікен Шыныбайқызынан естігендерін былай әңгімелейді:
– Кәрім атамыз өткен ғасырдың 30-шы жылдары атамекенінен күшпен көшіріліп, Лепсіге келеді. Жыландыдағы татар ағайындармен тонның ішкі бауындай араласады. Қыстыгүні оларға азық-түлік, астық жеткізіп, қиыншылығына көмектесіп жүреді. Кейін осы қайырымдылығы басына пәле болып жабысып, біреулер «Кәрім Ақшолақов «халық жауларын» қанатының астына алып, қорғаштап жүр», – деп арыз жазып, соның кесірінен тұтқындалады.
Кәрім атамыз «халық жауы»  атанып, жер аударылып Лепсіге келіп орналасқан татар ағайындарға көмектесемін деп жүріп жалаға ұшырағанда оны құтқарып қалуға ауылдың атқамінерлері атсалысады. Сол қатарда жазушы Әнуар Әлімжановтың нағашы әжесі, Жыланды ауылының бастығы Бибікен Темірболатова Кәрімнің ісін қаруға араласып, оның ақталып шығуына бір кісідей көмектеседі. Бибікен апамыз қайтыс боларында Кәрім атамызды шақырып алып, немересі Әнуар Әлімжановқа қарайласып тұруды тапсырып кетеді. Кейін Әнуардың Лепсідегі педагогикалық училищеге оқуға түсуіне Кәрім Ақшолақов қол ұшын беріп, көмектеседі. Бүгінде Кәрім Ақшолақовтың немересі Ербол Ақшолақов әнуартанушы атанып, ұлы жазушының мұрасын түгендеп, есімін жұртқа жария етіп, атағын аспандатып жүр. Ұрпақ сабақтастығы деген осы шығар. Осындай әкенің тәрбиесінде өскен Бәтиманы жай кісі деп кім айта алсын?!
Қазір екінің бірі кішкентай ғана Қарлығаш ауылынан үлкен азаматтардың көптеп шыққанын мақтанышпен айтып отырады. Сол маңдағы көрші ауылдың тұрғындары да қарлығаштықтар ішкен суды ішіп, даланың ерке самалымен желпініп өсті. Оның түпкі себебі тағы да Кәрім Ақшолақовпен ұштасып жатады. Бүгінде Қарлығаш ауылындағы елді имандылыққа ұйытқан мешіт үйі жарты ғасыр бұрын білім алатын мектеп ғимараты ретінде бой көтерген еді. Оның тұғырын қалап, іргесін бекіткен Кәрім атамыз еді. Басында Төңкеріс кеңшарын басқарып тұрған, мектеп ашқан тәжірибесі бойынша ауыл балалары білім мен өнерден кенде қалмасын деген атамыз Лепсіде тұратын Пугасев деген татар байдың қызыл ағаштан салынған асүйін бұзып әкеліп, Қарлығаштан мектеп салады. Мектептің жанынан қосымша клуб ашып, мәдениет пен өнерге де өзіндік жол ашады. Бәтима апамыз сол әкесі салған мектепте алғаш білім алады. Қарлығаштан қанат қаққан барлық өрен сол мектептен қанаттанып, мұзбалаққа айналды. Мектеп орналасқан көше бүгінде Кәрім Ақшолақов атымен аталады.
Кәрім Ақшолақовтың кіндігінен Төлеген, Күләш, Бәтима атты қыздар мен Бектұр, Бекберген, Бекболат деген ұлдар тарайды. Олардың кейбірі өмірден өтсе, қалғандары еліміздің әр өңіріне қоныстанып, ұрпақ өсіріп, бір әулеттің түтінін түтетіп, жолын жалғастырып жүр. Солардың ішінде Бәтима апамыз әкесіне тартып өмірдің де, өңірдің де сан тартысын көріп, тастай шымыр болып өсті. Болашағынан мол үміт күттіретін қайратты қыз асыл арманын жебелеп, Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық институттың математика факультетіне оқуға түседі. Оқуын бітірген соң әкесінің: «Адам баласы ең алдымен бар білгенін туған ауылына арнауы керек. Одан кейін еліне еңбек етудің есігі ашылады», – деген өтінішін бұзбай, дипломын арқалап ауылына қайтады. Алғашқы еңбек жолын мектепте кітапханашы болып бастайды. Кейін бүгінгі Әнуар Әлімжанов атындағы мектепке мұғалім болып, бала тәрбиесіне ден қояды. Десе де, апамыз ұстаздықты ұзаққа жалғастырмады. Әке аманатын арқалаған апамыз бір жолата Қарлығаш кеңшарының сауын сиыр фермасынан бір-ақ шығады. Расымен, өткен ғасырдың 70-ші жылдары ауылшаруашылығын көтермелеу туралы қызу науқан орын алғаны белгілі. Әсіресе, ауылдарда құрылған сауын сиыр фермалары мен аудан орталықтарында ашылған сүт өңдеу зауыттары қауырт еңбекті талап етті. Тіпті, сол кезде сауыншы болу абыройлы жұмыс еді. Бәтима апамызбен қатар Күләш Сүлейменова, Рәш Сарбаева, Бәтимаш Бекбаева, Назира Садуова, Гүлжамал Елеубаева сияқты Қарлығаш ауылының бойжеткен қыздары да сауыншы болуды таңдады. Ал фермаға көпті көрген, істің ыңғайын білетін Нұрбану Бисарина басшылық етеді. Солардың арасынан бүгінде көзі тірі Күләш Сүлейменова апамыз жастық шақтарын сағына еске алды.
– Қазір ойласаң, сол кездің де өз қызығы көп екен. Ферманы Нұрбану әпкеміз басқарғанымен оның барлық жұмысын Бәтима үйлестіріп отыратын. Оны бәріміз Қыз Бәтес деп атайтынбыз. Ер мінезді еді. Қателігің болса көңіліңе қарамайтын. Бірақ жұмысқа үлгермей жатсаң көмек көрсетуден де қашпайтын. Қолға алған жұмысын қашан бітіріп, аяқтағанша көңілі жай таппайтын. Егер тапсырмасын дер кезінде бітірмесең екі аяғыңды бір етікке тығатын. Фермада тек Бәтестің сырын қабағынан білетін Мұратхан еді. Мұратханда кісіге тырнақтай қиянаты жоқ адам. Қашан болсын бітпей жатқан жұмыс болса Бәтес Мұратханды шақырып алатын. Ол кейін найзағай түсіп қайтыс болды. Жаңбыр жауып, найзағай ойнағанда Бәтестің:
«Осы найзағай, әлгі Мұратқанымды алып кетті ғой», – деп жиі қамығатынын көргенбіз. Сол күндер бүгін көкейімізде қалды. Арман болып ойымызға оралғанда көз жасымызды сығымдап аламыз. Өмірдің бәрі өзгереді екен. Бірақ таныс жандардың сағынышы ғана сол қалпында жүректе қалады, – деді көз шанағына ілінген жасын көрсетпеуге тырысып.
Кейде еңбекке берілген жанның өз отбасын ұмыт қалдыратын тұсы көп болады. Сол тұстағы жауапкершілікке деген жанталастың әсері шығар, Бәтима екі рет тұрмысқа шығады. Бірақ өмірде жолы болғанымен, тұрмыстың қызық-қуанышы әлдилей алмады. Қарлыға, Света деген қыздары болды. Бір жағынан фирманың тынымсыз тірлігін атқара жүріп, екі қызын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай жеткізу үшін бар күшін сарқа жұмсады.
Иә, бақыт адамның басында шыр айналып тұрмайды ғой. Бүкіл елдің өмірі де қатаң сынаққа түсетін кезі болады. Бұл Бәтима апамызды, Қарлығаш ауылын да айналып өтпеді. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы қиын кезең қарлығаштықтардың бәрін қыспаққа алды. Сол тұстағы қиындық апамыздың немересі Ербол Ақшолақовтың да есінен кетпепті. Кезі келгенде біз оны сөзге тартып едік:
– Мен тәуелсіздіктің құрдасымын. Өткен ғасырдың соңғы он жылы әр қазақстандық отбасына қиын тиді. Сол қиындықты біз де көрдік. Әлі есімде, бала күнімде үйімізде жалғыз көк сиырымыз болды. Апам сиырдың биылғы төлін сатып, оның ақшасын келесі төлі сатуға келгенше үнемдеп ұстайтын. «Қорқа жесең қой, тарта жесең тай қалады» дегендей, сол ақшаны шым-шымдап жеткізетінбіз. Бір қызығы, апамның құрдастары зейнетке шығып, зейнетақысын алып жүргенде апама зейнетақы берілмеді. Алғашында себебін біліп аудан, облысқа баруға апамның жағдайы келмеді. Мен жас болдым. Көк сиырдың жалғыз төліне қарап күн өткізу барған сайын қиындай берді. Сосын 6-шы сыныпты оқып жатқан жылы аудан орталығы Қабанбайға тартып кеттім. Жол бойы бала болғасын көлігінің артына мінгізіп, аудан орталығына жеткізіп тастағандар болды. «Ауданға жаңа келген әкім Оралбек Жақияновқа жолығып, барлық жағдайымды айтсам, бір көмегін көрсетер» деген жансебіл үміт қана. Сұрастырып жүріп аудан әкімінің жұмыс орнын таптым. Бірақ әкімге жолығудың қиын екенін басында білмеппін. Күзетші ақсақал жөнін ұғындырып, жолын түсіндірді. Әкімнің кабинетіне кіре алмасам да сыртта кездесуді ойлап, есік аңдып жарты күн отырдым. Жұрт жұмыстан үйіне қайта бастағанда әкім де ғимараттың есігінен шықты. Қандай күштің итермелегенін білмеймін. Жүгіріп барып аудан әкімінің етегіне орала түстім:
– «Оралбек аға, біздің үйде нан жоқ, ақша жоқ, апамның денсаулығы нашар, емдетуге мүмкіндік жоқ. Апам зейнет жасынан өтіп кетсе де зейнетақы берілмейді. Сол зейнетақысын шығарып беріңізші?» – деп аузыма түскен сөзді айтып жатырмын.
Қолымнан жетелеп кабинетіне қайта кірген Оралбек аға дереу көмекшілерін жиып алды да:
– Қаршадай бала арызын арқалап, алыс жолды басып келіп отыр. Алдымен осының арызын тексеріп, шешіп беріңдер. Сосын ел арасында тағы да осындай обалды болып жүргендер болса анықтап, қиыншылығына көмектесіңдер, – деп қатаң тапсырма берді. Ғалия Самалбаева бастаған бір топ адам апама амандаса келіп, зейнетақы мәселесін шешіп қайтты. Алғаш рет 6800 теңге зейнетақы қолымызға тигенде апам екеуміздің төбеміз көкке жеткендей қуандық, – дейді ол.
Әрине, мұндай қуаныш тек Ақшолақовтардың отбасында ғана болған жоқ. Бір Ерболдың арызы осы аудандағы бірталай зейнетақыдан қағылып жүргендердің мәселесін шешуге мұрындық болды. Бұл да Бәтима апамыздың жұртқа тигізген тағы бір қайырымды ісінің ұшқыны еді.
Бәтима апамыздың бұдан басқа да қайырымды істері аз емес. Соның бір қатарын апамызбен ұзақ жыл бірге сауыншы болып жұмыс істеген Нұрлыхан Бекмадиеваның аузынан жазып алдық:
– Бәтес тәтемізбен көп жыл жұмыс істедік. Ол кісі жұмыс барысында қатаң болғанымен балаларға келгенде жүрегі жұмсақ, жылы пейілді еді. Мұратхан Әуелов ағамыздың Әділ, Еділ деген ұлдары мен Ажар атты қызы сол кісінің қамқорлығын көп көрді. Басқа ауыл балалары да Бәтес тәтеміздің жылы алақанының жылуын сезініп өсті. Науқандық жұмыстар кезінде біз де балаларымызды Бәтес тәтенің қарауына қалдыратынбыз. Ол кісі бір жағынан жұмыс істеп, тағы бір жағынан балаларға қарап үлгеретін. Тіпті балалардан қолында барын аямайтын. Сондықтан ауыл балалары Бәтестің үйіне баруға ынтығып тұрушы еді. Ал тентек балаларды: «Бәтима апаңа айтамын», – деп тыйып алушы едік. Жарықтық, жаны жайсаң кісі еді. Ол кезде біз жас едік. Ал қазір жасымыз үлкейгенде Бәтес апамыздың адамгершілік қасиеттерін өзімізбен салыстыра қарап, жиі еске алатын болдық, – деді көзін бір сығымдап алып.
Иә, өз кезінде көп нәрсені ескере бермейміз. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ, қолдан шығып кеткен соң өкіндім-ай» делінетін жағдай да осы шығар. Бірақ артында атын өшірмейтін, ізбасар жандар барда не өкініш болсын? Бәтес апамыз да сол үшін бақытты.
«Орнында бар оңалар» дегендей, апаның әлпештеп өсірген немересі Ербол Ақшолақов бүгінде ат жалын тартып мінген азаматқа айналды. Қиын істің қиюын қиыстырған ол жоғары-төмен шапқылап, шалғайдағы ауылдың бас ауруына айналған ауызсу мәселесін шешті. Су тіршілік көзі емес пе? Енді қара шаңырақтың іргесін көтеріп, ескі жұрттың орнын баяғыдай думанға бөлесем деп талпынып жүр.
 
Қажет Андас