Үш арыстың жары

Уақыты: 31.07.2017
Оқылды: 2236
Бөлім: ТҮПСАНА

ХХ ғасырдың терезесіне үнілсең, қатал саясат құрдымға құлатқан Алаштың алыптары елестейтіні анық. Әйтсе де, сол алыптардың үшеуінің басына бір бақыт қонақтаған еді. Бақыт бәйтерегі жапырақтарын жайқалтып, салқар көшке сая болды. Өмірде ғана емес, өнерде де асыл мұраттарға жетуге желпінді. Бұл қазақтың мандайына біткен үш бірдей арыс – Біләл Сүлеев, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезовтердің асқақ махаббатының иесі Фатима Ғабитова болатын. 

 

Біләлдің бақыты
Асылы, тағдыр гүрзісіне, уақыт уытына, заман екпініне төтеп бере алмай, бордай тозып, балшыққа құлағандар аз ба мына дәуірде?! Адам рухының репеті сол тұста байқалып, сынға ілігеді. Қолдан келер шара жоқ деп кейіс білдіреді кейбіреулер. Жалтақтық пен жасықтық, табансыздық пен тайғанақтық белең алған сол кезеңде, боркеміктігін бүркемелегісі келгендер оңай ақталды. Ақиқаттың айнасынан озбырлықтың сөдесі көрінді. Алыптарды ату ойыны көрсоқырлардың әдеткі ісіне айналды. Алайда әйел рухының әйнегін ешкім бұза алмады. Алаштықтардың алды ажалға байланып, соңғылары айдауға жегілсе, олардың жарлары алдау мен арбаудың арасында жүріп, ұрпақтарын тәрбиеледі. Таңғалатын несі бар, тектіліктің туын жықпаған түркі қыздарының қай-қайсысы болсын, қара нардан кем емес. Бәлкім, «қабырғалы қара нар, қабырғасын сөксе де, бақ етпес» деген тәмсіл осыдан қалған болар? Тағдыр талқысы, қолдан жасалынған зұлмат құрығынан құтыла алмаған үш бірдей арыстың жары әйел-ананың ішкі жан дүниесіне кім үңіліпті? Ол кезде қоғамның алдыңғы сапында жүретін пәтшағарлар «қоғамдық пікір» машинасын іске қосып, кез келгенді таптап өтуден тайынбайтын. Сол  машина құрбандарының бірі – Фатима Ғабитова.
Әйел затын бірден бір ерекшелендіріп тұратын оның сыртқы келбеті екені сөзсіз. Қай уақытта да еркек біткен сұлулықтан айналып өткен емес. Аналық мейірімі аз болғандай, нәзік болмысымен жігіт атаулыны жалт қаратып, ақыл-парасаты, үлкен жүрегі, әйтеуір бір жұмбақ жаратылысымен өзіне табындырып қоятынын қайтесің?.. Фатима анамыз да сондай жандардың бірі еді. Орыстың ұлы жазушысы Иван Сергеевич Тургенев: «Өмірдің бәрі де өлімнен күштірек әйелдің сұлулығында болар», – дегені соның дәлелі іспетті. Өз тұсындағы аруларға ғашық болып, оларды саналы түрде музасына айналдырған шығармашыл адамдар өмірге талай жауһар дүниелерді әкелді. Мәселен, Ежелгі Рим ақыны Гай Валерий Катулл өзінің шығармаларына сүйіктісі Клодия Пульхраны, италиялық атақты ақын Данте Алигьери Беатриче Портинариді, Францияның ұлы ақыны Шарль Бодлер Дюваль есімді бикешті, граф Л. Толстой Софья Бернсті, қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаев Әйгерімді, Мағжан Жұмабаев Зылиханы жоғары көтеріп, алақандарына салып аялады. Сол сияқты қазақтың үш алыбы да Фатиманы көздерінің қарашығындай қастерлеген. 
Ғылым жолына енді қадам басқан, жас педагог Біләл Сүлеев алғаш көргенде-ақ 16 жастағы өрімдей қызды құлай сүйіп қалады. Ақырында көңілдері жарасым тауып, 1918 жылы екеуі шаңырақ көтереді. Олардан  Жәнібек, Фарида, Азат есімді үш бала өмірге келеді. Ол уақытта жас ағартушы Жетісу өңірінде қазақ балалары үшін мектеп-интернат ашуға атсалып жүрген болатын. 1928 жылы Ораз Жандосов екеуі бірлесіп Қазақ университетін ашады. Бір жыл өткеннен кейін Біләл облыстық білім беру басқармасына басшы болып Ақтөбеге қоныс аударады. Фатима мектепке ұстаздық жұмысқа орналасады. Тағдырдың жазғаны шығар, 1930 жылдың қаңтарында қыздары Фарида ауырып қайтыс болады. Фатима Ғабитова өзінің күнделігінде қызына деген қимастығын былай жеткізген:
Оны әзір жер қойнына салғаным ба?
Жаннан артық кәдірлі Пәкентайым.
Көр ішінде жалғыз боп қалғаның ба?
Алты күн тосып жаттың сен ағаңды,
Түрің де зарыққандай сарғайыпты.
Кейіннен қараша айында екінші ұлы Азат дүниеге келеді. Бірақ сол жылы күйеуі Сүлеев тұтқындалып, екі жыл жазықсыз түрмеге тоғытылады.
 
Ілиястың «кітабы»
Арада біраз жыл өткеннен кейін заманының адуынды ақыны Ілияс Жансүгіровтің ұсынысын қабылдайды. Құштарлыққа толы ғашық жүректердің ой-армандары бір арнада тоғысады. Ақынды алапат сезімге бөлеген Фатима оның жан-жүрегінің кілті еді. Ақын күнделігін ақтара қалсаң, алдыннан қайта-қайта шығатын бір есім бар. Ол – Фатима есімі. Он жыл бойы ғашық болып, сезім дертіне шалдыққан кезі дерсіз мұны. Бұрқырап аққан өзендей дамылсыз жазылған өлең жолдары тек бір-ақ адамға  арналған. Алайда алғашында тұрмыста болған келіншек, ақынның албырт сезіміне тойтарыс бергенімен, кейін көңілін қалдыруға қимады. Ғажайып емес пе? Мына мұң-зарға толы жырларға зер салыңызшы:
Мен шындап сүйгем сені жүрегіммен,
Күшейіп күндегі дерт күндегімнен.
Қарадым қабағыңа көңілің үшін,
Сыйлағам, қадіріңді біле білгем.
Мен сені сүйгендіктен жүрегіммен,
Сыйлаумен сырымды айтпай жүре білгем.
Шыдауға мұнан артық дәрменім жоқ.
       Жүдедім күнде меңдеп күндегімнен, – 
деп шарасыздығын айта отырып, махаббаттың тым күшті екенін, енді өзін дәрменсіз сезінетінін қайталап жазады. 
«Көрдім, көрсем тағы көргім келеді, көріп отырып сүйгім келеді. Сүйсем лапылдап  жанған жүрегім жеңілденіп, тасыған қаным басылып, тынышталармын деуші едім. Ол бекер болды. Сүйдім, сүйсем тағы сүйгім келеді, сүйіп отырып сөйлескім келеді. Мен жеңілген, мен әлсіз адам, менен махаббат күшті. Махаббаттың күшті екеніне менің көзім жетті. Бұл, әрине, ақылым сыймаған қылық. Ақыл мұны теріс деп билік айтады. Бірақ ақылдың насихатын мен орындау үшін ақылда қайрат, менде ерік болу керек қой. Ол ерік, ол қайрат қайда? Неге маған болыспайды. Неге ақылдың қаруы болып қайрат қылмайды? Неге махаббатты жеңбейді?! Неге мені арашалып алмайды? Білмеймін, ерік жоқ, олар құйрығын артына қысып алып, әлде қашан жоғалған. Ақыл, қайраты кәрі шалдай, күшсіз күңкілдеумен жүр. Сондықтан оның айтқаны да бекер. Енді не қалды? Енді мен махаббат қолындамын». 
Мұнда да сұлуға деген сартап сағынышы кеудесін кернеп барады. Көкірегінде бүр жарған гүлдей нәзік ұшқынға шырмауықтай байланып, құдіретіне бас июде. Жүрек дірілі, рух толқуы және көз жасы мөлдіреп тұр. Бұралаң соқпақ пен қараңғылыққа қамалған құпия сырлар, кеудеден құмығып шыққан тылсым дауыс тәрізді.
Тағы бір де былай толғанады:
«...Мен кітап оқып жатырмын. Күнмен де, ұйықтаған елмен де ісім жоқ. Ұйқы және жоқ. Өз қызығым өзімде. Өйткені оқып жатқан кітабым қызық... Кітап қандай көңілді! Мазмұны қандай күшті! Тілі қандай тәтті! Бұл кітап оқысам қуат, ойласам ақыл береді. Ой көзімді ашады. Бұл кітап менің өмірдегі серігім... Кітабымның аты – «Фатима» еді. Пойыз полкісінде жатып, көзімді жұмып соны ойлап келем. Сөздерін санаймын. Көздерін елестетемін! 19.IV.1933 жыл».
Ақынның әрбір жазған хатында сөз басын «Патимам», «Патышым», «Күнім, жаным», «Жаным, Патимам», – деп бастайды. Қайғыдан қан жұтып, қыспаққа түссе де мөлдір махаббатына дақ түсірген емес. Көңілінің әр дөңесінен жарына деген ізгілік пен іңкәрлік қол бұлғап тұрғандай. Оқып отырып, тәтті күйге бөленесің. Мән беріп қарасаңыз, жыр Құлагерінің ең тамаша туындылары сүйгеніне қосылған сәттен бастап жазылған.
Негізінде Ілияс Фатиманы 1919 жылы жолдасы Біләл Сүлеевпен шығармашылық байланыста жүрген шағында көрген. Кейіннен жырдағы музасына айналдырды. Біләлдан үмітін үзген Фатима 1932 жылы Ілияспен отбасын құрады. Қос ғашықтың қосылуын махаббат заңдылығы деп ұққан абзал. Себебі, тасыған толқындай жағаға алып шыққан ақынның алапат сезімі ақыры тереңге батырды. Жансүгіров репрессияға ұшыраған досы Біләлдің ұлдарын өз балаларынан кем көрмеді. Әкелік қамқорлық жасады. 1933 жылы қыздары Үміт Жансүгірова дүниеге келеді. Ол кезде ақын  Қазақ саяси әдебиетінің мемлекеттік баспа редакторы болып қызмет атқаратын. Бұл уақытта қос ғашық Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин сынды қаламгерлермен қатар Мәскеудегі Жазушылар Одағының I съезіне қатысады. 1935 жылы бесінші баласы Ильфаны өмірге әкеледі. Өмірлерінің ең қызықты мезгілі енді басталған шағында Ілиясты саяси астармен қамауға алады. Сол тұста алтыншы балалары Болат жарық дүние есігін ашады. Артынан бәле болып жабыспасын деп Фатима Ілиястың балаларын өз атына аударады. Әкесі көрем деген қызығына жете алмай кете барады. Нәрестенің туғанына бірер ай уақыт өткенде қайта оралу-оралмауы беймәлім жұбайына қайтсе де бір көрсетіп қалу үшін қайсар әйел қабағынан қар жауған НКВД-ның есігін тоздырып, ерімен жолығуға бес минут уақыт алады. Қаскөй тағдыр қорлаған Құлагер ақын мен мұқалмас болат жігерлі Ғабитовадай әйел үшін алтыннан қымбат бес минут екі-үш ауыз сөз айтылмай-ақ бітеді. Сақшы тымырайған түспен ақынды итермелеп айдай бастайды. Сондай мезетте Ілияс сәбиіне де, жұбайына да ақтық сөзін арнап: «Бұл балаңды есейгенде етік жамаушысының кәсібіне жек», – деп желкесіндегі қыдыңдаған жендетке кекесін байқатады. Оған айы оңынан туып тұрған жасауыл да қарап қалмай: «Мүмкін, өзіңізге тартқан жазушы болар»,– деп иығынан сығымдай тартып кері бұрып әкетеді. Фатима сүйген жарын іздеп, талай қырдан асады. Ілияспен өткізген бақытты дәурені небәрі  бес жылға ғана созылған. Екінші мәрте «Халық жауының әйелі» атанған Фатима бауырындағы бес баласымен  жесір қалады. Мұхиттай терең жыр жауһарларының жұмбағын шалқар білімділікпен ғана емес, кеңдікпен, мәрттікпен ту етіп көтерген ақынның ұлы мұраттарын ары қарай  жалғауға бел буады.
 
Мұхтардың хаты 
Абдолла Тоқайдың шығармасында жыланнан, көзінше ойнақ салып жүрген жас қозыны неге шаққанын сұрағанда: «Мені таптап кеткелі жүргені үшін», – деп жауап қайырғанындай, көлеңкеден кек іздеген сталиншіл солақай саясат Фатимадай өз басына күн туып, қиын күй кешкен мұңлық ғазиз әйелден үрке түседі. Жетім қалған бес баланы қалай жеткізудің ғана қамындағы, барлық рухани дүниесімен сенделген әйел соғыс басталған тұста Алматыда тағы қудалауға түседі. Енді барар жер, басар тауы қалмаған шақта кемеңгер адамға кез болады. «Данышпанның  көзі зынданға түссе, зынданның түбіне күн түседі» дегендей, қыл мойнындағы қиындықтан Мұхтар Әуезов құтқарады. 
Қайсар ана өз естеліктерінің бірінде осы турасында былай деген: «Ілияс кеткен күннен бастап-ақ, Мұхтар біздің өмір-тағдырымыз туралы өзіне тән үлкен адамдық жанашырлықпен ойланды. Семейде айдауда жүргенімде іздеп келді. Қара жамылып қайғыда отырған маған қанат беріп: «Сен бағалы адамсың, сені тек жарың үшін ғана құрметтеп іздеп келгенім жоқ, өзіңнің қара басыңды да бағалап келіп отырмын», – деген сөздерін айтып, жұбатып аттанды. Бірақ мен жалғыздықтан жаным жапа шексе де, ол кезде Мұхтармен терең сөйлесуден, беріле сырласудан біраз сақтанатынмын. «Мен жазған  хатымның ашық әуеде, күн күліп тұрғанда сенің қолыңа тапсырылуын тілейтінмін. Сен менің күлкімді де қабағыңды жауып қарсы алатынсың», – деп айтты ол кейін маған. Осы күнге шейін Мұхтармен қатынасты ешқашан үзбеуім – Мұрат Әуезов үшін. Және ол менің берік қорғаным! Ақылды, аяулы жан ғой Мұхтар». Осылайша, Фатима үшінші рет Мұхтар Әуезовпен бас қосады. Мұхаңның өзге емес, Тәңір жар болғандай көмегімен Фатима Ғабитова бала-шағысын шұбыртып, Мерке қаласына көшіп барады.  Екеуінің де саналы сүйіспеншілдік сезімде болғанын бір-біріне жазған хаттарынан-ақ аңғарасың. Ұлы жазушының жеңгесіне деген көңілі ұлан-ғайыр еді. Тегі күнделік дәптерін оқуға соншалықты құмар болатын. Тіпті, соның әсерінен «Дворнянское гнездоны» аударған.
Сұлу мүсінді, сиқыр мінезді әйел заты кімдерді арбамаған десейші?! Борандай түтеп, желдей гулеп әңгіме-сөздің өршитін кезі де осындайдан-ақ шығар. Мұндай заманына адамы сай қитұрқы шақтарда алып-қашпа әңгімеден қай ару болсын ада болмаған. Бірақ уақыт өтіп, кейін қоғам өзгерген шақтарда, тарих сахнасы ақ пен қараны өз орнына қоятыны да ақиқат. Осындай тағдыры күрделі, бітімі бөлек қазақ әйелдерінің бірі Фатима анамыз болса керек. «Жақсының соңынан сөз ереді» дегендей, абзал ана бейнесі ұрпаққа үлгі. 
Қазақтың қарымды жазушысы Бейімбет Майлин «Қалам» деген лақап атпен Фатимаға әзіл-сықақ аралас хат жазады. Бұл өлең шумақтарында қаламгердің сұлуға көптен бері  ынтық болып жүргені байқалып тұр.
Аспан жүзі бұлттан мәнер,
Мәнер салған сенсің шебер.
Ақ жүзіңді, сәулем, сенің,
Бар ма күнім, сірә, көрер?!
Шығармашыл жандардың шыға алмас шырқау биігіне айналған Фатима Ғабитова:
Саф алтынға санағаным,
Сары жезге жетпеді.
Салқын өмір сарайында,
Сарғаюмен өт деді», –  деп жазушыға салқын қабақ танытады.
Ұлы адамның белгісі, біз елемегенге көп мән беріп, көрмегенді көріп көрікті етуде. Сондай ұлы тұлғалардың абызы, Фатиманы ғылым жолына түсуіне үлкен үлес қосқан, білім айдынында шамшырағы болған Ахмет Байтұрсынов оның сұлулығы жайында былай деуі жұмыр басты пендені толқытпай қоймайды:
Тағдыр қалап егерде,
Жүз көз берсе құдірет,
Жүзі де сізге қарар ед!
Ғажайып шумақтардың тізбегін алашшыл ақын Міржақып Дулатов: «Өз өмірімде көрген сүйкімді, сұлу – Біләлдің әйелі», – деп жалғайды.
Қай дәуірде болмасын, ақын-жазушылар ішкі ойын  бүкпесіз, ашық айтқан. Жан толқытқан сәттерін қағаз бетіне жайып салған. Бұл оның азаматтық, ақындық, жазушылық міндеті іспетті.
Бірде Ғани Мұратбаев Фатимамен әзілдесіп қалады. Фатиманың тілі өткір болғаны соншалық, оны бірнеше рет түйреп алады. Сонда Ғани шыдамастан жүріп жатқан мәжілісті тастап, шығып кетеді. Кейін Біләлға: «Тілі соншама ащы әйелге шыдап тұрмас едің, әттең, көзі жібермейді-ау», – десе керек. Біләл жауапта: «Иісті, сұлу гүл тікенге бітеді», – деген көрінеді.
Өзі тектес ақын-жазушылар Фатима апамыздың басынан құс ұшырмайды екен. Иә, бұл құрметке апамыз әбден лайық болатын. Оның азапқа толы өмірінде де жұлдызды түндері, нұрлы күндері де бар еді. Сонымен бірге қараңғы түнектер мен қытымыр қыстақтары да басынан аз өтпеген. Сонда да болса сұлулығын апамыз жоғалтпапты. Тал бойына табиғат сыйлаған тән сұлулығы, жан сұлулығымен ұласып, бойын үнемі тік ұстап жүрген деседі. Ол осынау артықшылығын өзі де сезетін сияқты. Бірде Ілияс ақталған тұста отыз жыл қол үзіп кеткен Ойтоған ауылындағы абысындарын іздеп келеді. Сонда бір кейуана:
– Келінім-ау, әлі де сымбатты екенсің, – деп сөзбен сипаған көрінеді. Мұны естіген Фатима апамыз:
– Сіздер мені айыптай көрмеңіздер, қазақтың үш арысына үш ұл туып беруім осы ажарымның арқасы ғой депті.
    Расында Фатима анамыз қиын шақта қабылдаған шешімін ешкім де көзі тірісінде бетіне басқан емес. Оның өне-бойы мәрттікпен мүсінделіп, ішкі ұстыны үнемі әдемілікке, әсемдікке ұмтылып тұрады. Олай дейтін себебім, өзі түскен қандай да болмасын бір суретін алып қарасаң, кербез кейіптегі бейнені көресің. Ертеде бір ғұлама тәкаппарлық тек үш адамға ғана лайық деген екен. Біріншісі – данышпанға, екіншісі – нәрестеге, үшінші – сұлу әйелге. Осы тәкаппарлық Фатима Ғабитқызының бет-болмысына келетініне, жарасарына ешкім  күмән келтірмес.
Ел анасының асыл қасиеттерін айта берсең толып жатыр. Өзін үнемі жинақы ұстайтын. Тәкаппар мінезі тұрпатына тән болатын. Қазақтың арқалы ақыны Олжас Сүлейменов, ортаншы ұлы Азат екеуі мәртебелі қонақтарын шығарып салып, апамыздың саяжайына келген екен. Тәулік бойы қонақ күткен жас жігіттер әбден-ақ қалжыраса керек. Мұны байқап қалған апамыз: «Сұңқар жігіт жерде жатпас болар. Тұрыңдар», – деп бұйырды. Сол сөзді ести сала Олжас төргі бөлмеге қарай ұмтылған екен. Саналы ғұмырын сауапты іске сарп еткен Фатима Ғабитова Ілиястың да, Мұхтардың да, тіпті басқа қаламгерлердің де қылқаламынан туған мұраларды қастерлеп өткен. Әсіресе, өз қолына түскен дүниелерді көзінің қарашығындай сақтаған. 
  Фатима қандай азапты көрсе де, намысы күшті, өр, қайсар мінезімен ешкімнің алдында бас иіп көрген жоқ. Оған қызы Ильфаның мына сөздері дәлел: «Анам тік мінезді, ойындағысын тура айта салатын адам еді. Тіпті, ұнатпағанын қуып шыққан кездері де болған. Ұсақ, парасаты таяз жандарды, сатқындық пен екіжүзділікті кешіре алмайтын. Сондықтан кез келген адаммен араласып кете алған жоқ. Көпшілік сыртынан таныса да, өр мінезін біліп, ығып жүреді», – дейді. Оның турашылдығы, қайраткерлігі, тіпті, өзгеге ырық бермей, өз дегенімен жүргендегі еріктілігі бәрі-бәрі оның зор тұлға екендігін көрсетеді».
 
Мұрагер ана
Ол жесір қалғаннан кейінгі жылдары да өзіне лайық, шын мәніндегі зиялы қауымның ортасынан ажыраған жоқ. Серке Қожамқұловпен, Қажым Жұмалиевпен, Бауыржан Момышұлымен, Жамал Қуанышбаевамен, Сапарғали Бегалинмен, Ғали Ормановпен араласты. Осыған дейін бір де бір «халық жауының» әйелі ерінің қолжазбасын жанкештілікпенен зұлматты жылдардан аман алып қала алмаған. Бұл тұрғыдан Фатима анамыз қаһармандық жасады десем артық айтқаным болмас. Өзінің нағашы туысы болып келетін, ұлты татар, Осман Жылқыбаев деген інісі НКВД-да жұмыс істеген. Ең ауыр кезеңдерде өзінің мұрағаттарын, ерлерінің қолжазбаларын сол інісінің үйіне апарып, жасырып қоятын болған. Осының өзі ерлік емей немене?! 
Фатима Ғабитованың өмірі қиян-кескі, үстемелеген қиын тағдырлардың түйісуімен өтеді. Бірақ соның ешбіреуіне бас иіп, тізе бүкпеген құрыш жігер ана ешқашанда мойымас, күрескер қалпын бірде-бір өзгертпей сақтап қала білді.
Заң орындары оны жекелеп шақырып отырып, «Жансүгіровтердің үкіметке қарсы құпия ұйымы бар. Мүшелері Ілиястың үйінде бас қосып тұрады. Фатима соларға жасырын түрде хатшылық қызмет атқарған. Осының растығына қол қойылсын», – деп күш көрсетеді. Әрі-сәрі болып жүрген Фатимаға НКВД-ның жауып отырған көрінеу жаласы өз сыр-сиқын ашады. Қиянатпен күйіп бара жатқан жазықсыз еріне деген жанашырлық сезімі енді анық оянып, осы сәтте шындап ашынады. Қанша қорқытса да қол қоймайды. Оған енді бұрынғыдан гөрі ерегісе түскен тәсілқой НКВД басқа қырға өтеді. Қолға айламен түсірудің қам-қарекетін өзге жағынан шұғыл қарастырады. Сол шара бойынша: «Сіздің тұрмысыңыз ауырлады. Біз кешірек түсіндік. Балаларыңызды үкімет бағымына беріңіз, өзіңізге жеңіл болады», – деген түлкіқұйрық аярлықтарын байқата бастайды. Бұлардың ақсиған тістерінің ар жағынан қызыл өңештерін  көрген сақ Фатима ересек балаларын Қапалдағы туыстарына жасырын  жібереді. Қолындағы төрт айлық нәрестені қалайда әкетуге келген кісілерге бермей қарсыласады. Оларға өтсе қызылшақа баланың өлетінін ойлап төсектің астындағы кішкене балтаны жұлып алады да: 
– Жақындаушы болсаңдар, баланы балтамен шауып өлтіріп, сендерді де жайратамын, – деп ызаға булығады. Әйелдің қайтсе де біреуді жазым етерлік, ессіз ашуға бекіп қалшылдап тұрғанына көздері жеткен жаны тәтті итаршылар, шынымен-ақ бата алмай, дестері қайтып қалады. Осындай қайрат-айдынымен Фатима оларға Ілиястың «Исатай туралы» пьесасы бар қолжазбаларын да тінткізбей аман сақтап қалған.
Фатима Ғабитова әр кезеңдегі сыртқы әлеуметтік-саяси жағдайларға, қоғам қызметкерлеріне, замандас, таныс жолдастарына барлық кезде салқын сын көзбен қарағандығы күнделік жазбаларынан білінеді. Сонымен бірге, өзінің ұл-қыздарына қатал талап қойғандығы байқалады. Олар үшін өз күнделігіндегі әрқайсысына ғұмырнамалық мінездеме жазып, бет-жүзің бар демей кесіп-пішіп тастайтыны бар. Көңілі толыңқырамайтын тұсын жасырмайды. Жалған жадырап, жібімейтін ананың қанағаттанарлық баласы Болат Ілиясұлы болды. 1943 жылы соғысқа кеткен Жәнібектен келген қаралы хабар қабырғасын қайыстырды. Отанын қорғауға атанған баласы опат болды. Қайғыдан қан жұтқан ана «ұлымның арманын жүзеге асыратын ұрпақ тәрбиелеуім керек»  деп алдына мақсат қояды. Кіші ұлы Мұрат Әуезов Мәскеуде оқып жүрсе де, оны үнемі бақылауда ұстайды. Хат жазып, хал-жағдайын білісіп, бар тапқан-таянғанын салып жіберіп отырған. Әке тәрбиесін көрмесе де, балалары ана мейіріміне зәру болмайды. «Әкең бөлек деп» шеттетпейді. Үш атаның балалары жалғыз ананың құшағында бауырмал болып жетіледі.  
Фатима толғағы қысып перзентханада жатқан шағында жанында жатқан бір әйел туыт үстінде қайтыс болып кетеді. Одан қалған жетім шақалақты асырап алуға барынша тырысады. Алайда туыстары бермей қойған екен. Міне, оның парасаттылығын, қамқорлығын, ер мінезділігін, өз заманында көзі ашық, көкірегі ояу білімдар жан болғандығын мақтанышпен айтсақ артық етпес.
Қазақ әдебиетіне сіңірген еңбегі де көл-көсір. Ілияс Жансүгіровтің жоқтаушысы болды. Шәкәрімнің, Мағжанның жазба дүниелерін жасырын сақтады. Есмағамбет Ысмаиловтың 1942 жылы Фатимға жазған хатында: «Фатима! Сіздің қолыңызда Шәкәрім жазбалары көп еді. Қазіргі уақытта Шәкәрімнің әдебиеттегі бетін анықтау науқаны жүріп жатқандықтан, менің Сізге өз қолыммен қайтаратындығыма сеніп, уақытша бере тұрмас па екенсіз?!» – деген негіздегі айғақты сөзі  Алаш мұрасын көзінің қарашығындай сақтағанының дәлелі.
Сұрқия саясат оның ар-намысына нұқсан келтіре алмады. Биік рухын, мінсіз сұлулығы мен аналық ерік-күшін идіре алған жоқ. Сондықтан да, халық оны «Өртеңде өнген гүл» атап кетті. Иә, ол өнді, өркендеді шибөрідей алқымынан алған жауларына бөрідей қарсы ұмтылды. Белі қайысса да жауыздықпен күресе жүріп үш арыстың ұрпағын бүгінге аман-есен жеткізді. Тірлігінің жартысы түндей түнергенімен, жарымы күндей нұрын төгіп, шуаққа бөледі. Ғұмырының соңында естеліктері жаңғырып, есімі аңызға айналды.
 
Мұхтар КҮМІСБЕК