Ақиқатқа іңкәр жүрек

Уақыты: 07.08.2017
Оқылды: 1622
Бөлім: ТҮПСАНА

Ақиқаттың адырнасын аңырата керіп атқанда, шындыққа суарылған сын садағының жебесі көздеген нысанаға дәл тиіп жататын. Ол жағымпаздықты сүймейтін, жалтақтыққа жаны қас, «туғанына жақпаса да турасын айтып» жүре беретін өткір, жанын шыжғырғалы тұрса да шындықтан жалтармайтын қайсар еді. Рухы Тәңіртауындай биік, мінезі Байынқолындай асау болатын. Асау дегенде «ә» десе, «мә» дейтін бетпақтығы бетіне шығып тұратын пенделігінен емес, мінезіндегі «МЕНІНЕН» байқалатын. Ішкі дүниесі қайнап жатқан жанартау еді, жарылды да өз отына өзі күйіп кетті жарықтық. Ұлт перзентінің қасында бірге жүргендей айтылып жатқан бұл ойлар менің сөзім емес, көзкөргендердің берген бағасы. Мен тек сол әсерді арда көңіл оқырманға жеткізуші ғанамын.

САҒАТЫН САҒЫНҒАН ЖҰРТ
ӨЗІ ТАҒАТСЫЗ КҮТКЕН ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ САҒАТСЫЗ таңы атқалы да ширек ғасырдан асыпты. Зымыраған уақытта тоқтам бар ма? Осыдан жетпіс жыл бұрын еді ғой, Хантәңірі сілемдерінің бірі, күн сәл ысыса сап-сары болып күйіп кететін, содан болар, ауыл жұрты «сарықаптал» атап кеткен таудың бөктерінде, сол өңірдің тумасы, журналист-ақын Бақыт Бұқарбековтың өлеңінде: «Пай, пай мына Байынқол тасуын-ай, Бұта шайнар бураның ашуындай», деп келетін өзеннің жағасында мамыражай мамырдың бірі күні дүние есігін ашқаны. Соғыс аяқталып, зұлмат жылдар есеңгіреткен елдің еңсесі енді ғана көтеріле бастаған уақытта жарық дүниеге келген перзенттің үні бір отбасының ғана емес, сол ауылдың әр шаңырағына шашылған шашу іспетті еді. Соғысқа кеткен ер-азаматтың біразынан «қара қағаз» келіп, енді біреуі жарымжан болып оралып, бірқаншасы хабарсыз кеткен сол бір алмағайып тұста ұл баланың өмірге келуі ауыл елі үшін «өшкені жанғандай, өлгені тірілгендей» әсерге бөлегені анық еді. Ақсақалдар азан айтып ат қойған Сағатхан ертегідегі батырлардай сағат санап өспесе де, ерте есейді, елдің қамына ерте араласты. Балалығын оқумен өткізіп, жастық дәуренін ел рухының көтерілуіне арнағанда қайда асықты екен дейміз ғой пендеуей көңілмен. Сөйтсек, маңдайына жазылған ғұмыр мен таңдайына бұйырған талқаны өлшеулі ғана екен-ау. Тамылжыған тамыз айының жиырма бесі күні ақиқатқа іңкәр жүрек соғу ырғағын мәңгі тоқтатты. Шындыққа сүйіспеншілік танытқан жан кеудеден ұшып шықты. Парасатқа құштар көңілді бұлт орады. 
Аз ғана ғұмыр кешсе де ұлт алдындағы Парыз бен Қарызын өтеп кетті аймаңдай ұл. Содан бері де жиырма алты жыл өте шығыпты. Әдебиеттанушы, сыншы, мемлекет және қоғам қайраткері Сағат Әшімбаевтың жарқын жүзін көрмегелі, қоңыр дауысын естімегелі де бұлттай аунап айлар ғана емес, сынаптай жылжып жылдар көші өтіпті басымыздан. Перзентім деп бағалай білсе, сағынатындай-ақ уақыт болыпты шынымен де. 
Содан болар, жұртым деп жұлқынған, ұлтым деп ұмтылған, солақай саясат қазағының басына қасақана қиянат жасап тұрғанда жанарына мұң тұнған, елінің еңсесі сәл көтерілсе қуаныштан құлпырған, көңіліне тұнық сыр тұнған Сағаттай ұлын сағынған халық Райымбек ауданына қарасты Нарынқол ауылына ат басын бұрды. Бүгін ауыл атанғанымен бір кездегі аудан орталығындағы Мәдениет үйін лық толтырды. Сап түзеп әкеліп, тізіммен кіргізетін қайсыбір жиындардағыдай емес, ақиқат десе алдаспандай өткір, ары тау бұлағындай мөлдір, намысы найзағайдай жасын ойнатқан азаматына деген құрметін білдірген халық шынайы ықыласпен мәдениет ошағына екпіндете келіп, ентелей кіріп жатты. Кіреберістегі дәлізде Сағат Әшімбаевтың өмірінен сыр шертетін және ауданнан шыққан қарымды қаламгерлердің, айтулы ақындардың шығармашылығы топтастырылған кітап көрмесі қойылыпты. Кітапхана мамандары лек-легімен келіп жатқан қонақты құрметпен қарсы алып, шағын көрмені қайта-қайта таныстырып, сол күнгі жиынға ерекше көңіл-күй беріп тұрды. Ішкен-жегенімізді айтқаным болмасын, Алла қазақты осы пейілінен айырмасын. Фойенің бір шетінде кім келсе де әуелі дәмін ұсынатын ниетпен дастарқан жайылып, таулы өңірдің тап-таза ірімшік-құрты қойылып, Нарынқолдың нар қымызы, Сарыбастаудың сары қымызы құйылып, қонақ біткен сонда жиылып, аз-кем уақыт мәре-сәре болып қалды. Дәл мына қоғамда «отқа салса жанбайтын, суға салса  батпайтын» бір қауым бар. Кез келген жиынның, той-томалақтың, саяси науқанның басында жүретін де осы кісілер. Бұл жайылған дастарқан да сол абзал жандардың еңбегінің жемісі. Ол, әрине, ұстаздар қауымы. Жайылған дастарқанның иесі Нарынқолдағы қарымды қаламгер Бердібек Соқпақбаев пен жалынды журналист Тельман Жанұзақов атындағы қос мектептің ұжымы. Жиын десе көп жағдайда көңілдері күпті жүретін ұстаздар бұл басқосуға ерекше ықыласпен қызмет көрсетіп жатты. Зиялы қауымға ибалы пейілдерімен дәм ұсынып, олардың емен-жарқын әңгімесін тыңдап, естелік суретке түсіп, әдемі әсер алғандығы жанарынан шашылып жатқан нұрдан байқалды. Содан кейін барып арнайы шақырылған қонақтар мен ауыл тұрғындары, Сағат Әшімбаевтың әулеті, туыс-бауырлары залға кіріп, сахнаға назарын аударды.

ПАРЫЗ БЕН ҚАРЫЗ
Естелік айта отырып, еске алу үрдісінде өткен жиынды Сағат Әшімбаев атындағы мектепте (ұлт перзенті бұл мектепте кезінде өзі де оқыған) білім алған журналист, Әшімбаев мұрасына аса құрметпен қарап келе жатқан сол өңірдің тумасы Дүйсен Мағлұмов ашып, ең әуелі Мұхтар Әуезов атындағы ұлттық-академиялық драма театрының директоры Ерлан Біләлдің бастамасымен дайындалған деректі фильмді тамашалауға шақырды. Шағын ғана фильмнен асыл азаматтың ұлт алдындағы Қарыз бен Парызын өтеп кеткендігін көрдік. Кеңестік кезеңнің салқыны басыла қоймаған кездің өзінде тілімізді шұбарланудан, рухымызды тұманданудан сақтауға жан аямай бел шеше кіріскені қайсар ұлдың қайраткерлігін тағы бір мәрте ойымызға оралтты. Құлдырап бара жатқан ұлттық құндылықтарымызды, салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды түгендеуі қазағы үшін қара нардай қайыспай өткен тұлға екенін байқатты. Тіпті, бүгінгі Мәңгілік Ел болу жолындағы рухани жаңғыру Әшімбаев әлемінен әлдеқашан орын алғанын көріп, Есенқұл ақынның жырымен айтсам: «ерте туып, еш заманның маңдайына сыймаған» перзенттің ұлты үшін аз ғұмырда көп дүние тындырып кеткенін бағамдадық. Сөзіме бейнебаяннан Сағат ағаның өз аузынан естіген мына жолдар дәлел болса керек. «Тіліміз мәртебесін алды. Ақиықтарымыз ақталып жатыр. Ендігі кезекте бәріміздің алдымыздағы ең үлкен міндет – рухани бірлікті күшейту. Елді сақтау, елдікті сақтау үшін, азаматтарды сақтау үшін осы жағына аса мән беруіміз керек». «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген елдің ұрпағы екенімізді ескерсек, бұл тақырып әлі де және мәңгі ұлт үшін  маңызын жоғалтпайтын мәселе. 1986–1991 жылдар аралығында Қазақстан радио және теле хабары жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары, кейіннен төрағасы болып жүрген кезінде ұлт мәселесін ұлықтайтын авторлық хабар жүргізіп, телеарна мүмкіндігін ұлт мүддесіне пайдалана білген тұлға. Сағат Әшімбаев бұл қызметке келмей тұрып, өткен ғасырдың сексенінші жылдарында-ақ телеарнада еңбек етіп, «Жүректен қозғайық» атты танымдық хабар жүргізіп, онда да зиялы қауым мен небір тұлғаларды қатыстыра отырып, ұлттық мәселелерді кеңінен қозғап, санаға сілкініс жасап отырған. Комитет төрағасы болған жылдары, сол жоғарыда аталған бағдарламаның заңды жалғасы іспетті, «Парыз бен Қарыз» бағдарламасын эфирге алып шықты. «Күлтебенің басында күнде жиын» сияқты болғанымен, бұл хабарда сан ғасырлар бойы бабалар аңсаған тәуелсіздіктің арайлы таңы атуға жақын қалғанын меңзеп тұрды. Кеңестік идеологияның кедергісінен қаймықпай, сүйекті сөздер мен сүбелі ойлар ортаға салып, ұлт болашағына алаңдаған ащы ақиқаттар да айтылып жатты. Дәл осы жерде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін» деген қанатты сөзі еске оралды. Алаш арыстарының заңды мұрагеріндей болған Сағат Әшімбаевтың да мақсаты «ертең үшін» еді. Бейнебаянда естелік айтқан қазақтың заңғар ұлдарының бірі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері марқұм Әбіш Кекілбаев та Әшімбаев әлемі жайлы әсерлі естелік қалдырыпты. Ұлт перзентіне айналған Сағат Әшімбаевтың тоталитарлық жүйенің құрсауын бұзып шыққандай ерлікпен пара-пар бағдарламасының бірі «Қауышу» деп аталады. Бұл бір кездегі алмағайып заманның дауылымен тарыдай шашылып, шетел асып кеткен қандастарымызға, олардың тарихы мен тағдырына арналған еді. Солақай саясаттың салқыны әлі де басылмаған тұста жат жұртта жүрген бауырларымызды түгендеу, ұлт үшін басыңды құрбандыққа тігумен бірдей болатын. Ұлт болашағы мен ұрпақ қамын ойлаған Әшімбаев осы тәуекелге барды. Бір байқағанымыз, Сағат Әшімбаев, қай бағдарламаны жүргізбесін, ең әуелі елдік мәселені, тілдің қадір-қасиетін, дәстүр тағылымын назардан бір сәт те шығармаған. Әлі де маңызды саналатын ұлттың осындай ұлы құндылықтарын сөз ете келе былай дейді: «Ұлттың қадір-қасиеті де, салт-санасы да оның тілінен, ділінен білінеді. Тілін білмейтін, қадірлемейтін адам – ата-анасын да сыйлай алмайды деп ойлаймын». Бұл кешегі күннің ғана басты тақырыбы емес, бүгінде өзекті мәселенің бірі екені даусыз. Алдыңғы буын ағалардың бірі Мырзатай Жолдасбеков: «Сағат өзі көп оқитын жігіт еді. Бірақ оның азаматтық болмысы оқумен ғана шектелмейді. Оның бойында табиғатынан ерекше дарын бар еді. Текпен келген, ата-баба жолымен жеткен қасиет бар еді», – деп оқығанын зердесіне тоқыған және оны өмірде іске асыра білген алғырттығына таңқалады. Ел аузындағы аңыз емес, көзкөргендердің естелігіне сүйенсек, Сағат Әшімбаев мектеп қабырғасында жүргенде-ақ көз майын тауыса оқып, қазақ жазушыларын айтпағанның өзінде, әлем әдебиетінің біразын төңкеріп тастаған зерек ұл. Шекара шебіндегі, елдің шетіндегі, желдің өтіндегі шалғай ауылда жатып-ақ әлемнің есігін айқара ашып, ішіне еркін еніп кеткен. Оған шетел әдебиетінің ең таңдаулы қырыққа жуық жазушысының кітабын оқығаны мен тоқығаны дәлел. 
Сағаттың негізгі тақырыбы – сын жанры. Ол қай кезең, қандай уақыт болмасын сүйікті жанрынан бір сәт те алыстаған емес. Ар алдында өзін дар алдында тұрғандай сезінетін қайраткер ешқашан ақиқаттан аттамаған. Алғашқы кітабы «Сын мұратынан» бастап барлық шығармалары сын шыңынан бір түспеген. Алдаспандай жарқылдап өткен қаламгер сын шын болғанда ғана құнды болатынын өмірінің басты бағдаршамына айналдырды. Бұл жазып отырғанымыз жиында көрсетілген шағын ғана бейнебаяндағы құнды жәдігерден көңілге түйгеніміздің бір парасы ғана. Сөз қадірін өз қадірінен биік қойған Сағат Әшімбаевтың ұстанымы «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ». Ол қара басының қамы үшін емес, қазағының арайлы таңы үшін туған ұл екенін аз ғана ғұмырында дәлелдеп кетті. Өмірден ерте өтуіне де осы қайтпас қайсарлығынан жүрегіне түсірген жүк себепкер болса керек. Ақиқатты арымен бағалаған оған сол кездегі билік жүйесінен де сан мәрте қысым жасалғанын көкірегі ояу жандар білсе керек. 
Фильм аяқталған тұста марқұм Есенқұл ақынның «Біздің елдің жігіттері» деген өлеңін іштей оқып шықтым. Бір шумағы былайша өріледі:
Олар жайлы білгің келсе, 
ордасына кіріп көр,
Дәтің барса солар салған соқпақ 
жолмен жүріп көр.
Ерте туып, еш заманның 
маңдайына сыймаған,
Қайран біздің қасиетті, қара 
ардай жігіттер.

ҰЛЫМ ДЕЙТІН 
ЕЛІ БАРДА...
Облыс әкімдігінің қолдауымен аудан әкімшілігі ұйымдастырған белгілі сыншы, әдебиеттанушы, қоғам және мемлекет қайраткері Сағат Әшімбаевтың туғанына 70 жыл толуына орай ұйымдастырылған шараның ресми бөлігін ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Нұрлан Оразалин жүргізіп отырды. Сөз тізгінін қолға алған модератор сахна төріне қайраткердің досы, жазушы Смағұл Елубайды, Сағаттың жары, жазушы Шәрбану Бисенованы, замандас-қаламдастарының бірі, жазушы Мағира Қожахметованы, жазушы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Жұмабай Шаштайұлын, Сағаттың ұлы, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Мәулен Әшімбаевты, облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омарды, аудан әкімі Жанат Тәжиевті және Райымбек аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Сабыр Досымбековті шақырып, келелі жиынды бастады. 
Сағатпен бір жылғы төл ғана емес, әдебиет деп аталатын алып айдынға бірге шыққан құрдасы, сырласы һәм мұңдасы жайлы тебірене сөз бастады: 
– Соғыстың қасіреті ойдан да, бойдан да кете қоймаған 1947 жылы дәл осы Тәңіртаудың бөктерінде, берісі осы аймаққа, арысы Алашқа мәлім қасиетті өлкеде Сағат досым Сағатқан Әшімбаев дүниеге келген болатын. Сағат еркіндікті жақсы көретін, ойдың, сөздің еркіндігін өзіне қағида қылған және тәуелсіздікті арман еткен, сол жолда бар болмысы мен жиғанын арнаған аяулы азамат. Бір кем дүние ғой. Ол тәуелсіздікке санаулы ғана ай жетпей қалды. Жасынан зерек туған зерделі азамат елінің еркін болатынын, тәуелсіздік деген киелі ұғымның қазақ басына орнайтынын жүрегімен сезді. Сол жолда жанын құрбан етуге дайын болды, – дей келе қоғам қайраткеріне айналған тұлғаның қызығынан қиындығы көп тағдыр талайы жайлы толғана айтты. Шынымен де қырық төрт жыл дегеніңіз ұлтым деген ұл үшін бергенінен берері мол жас емес пе еді?! Ауру меңдеп, соның салдарынан өмірден өтсе, «Айналдырған ауру алмай қоймайды» деп сізді жұбатқан болар едік. Қынаптан жаңа суырылған қылыштай жасында күтпеген жерден өмірден өтуі маңдайына жазылған ғұмыры дегенімізбен де, солақай қоғам атпалдай азаматтың басына ажалдың ертерек келуіне себепші болды-ау. Басы ноқтаға сыймағанымен тоталитарлық жүйенің жанын қинағандығы салдарынан жүрекке түскен салмақтан жарық дүниеден тым ерте кетті. Нұрлан Оразалиннің сөзінен адал досқа деген сағынышын, қаламы қуатты қаламгерге деген ықыласын, шыншыл сыншыға деген құрметін, қазақтың асқақ рухты ұлына деген махаббатын сезіндік. Сөз арасында естен кетпейтін мына бір жайтты айта кетті Нұрлан аға: «Мұхтар Әуезовтің 100 жылдығына орай кезекті іссапарымыз Омбы жерінде болды. Сол басқосуда бір ақсақал келіп: «Қарағым, Сағатты жақсы таниды екенсің ғой, бірге оқыған досы екенсің ғой. Сағат біз үшін осы Омбы топырағында туған ұлымыздай болып кетті. Ең алғаш осы жерге қазақ телевизиясын көшіріп келгендей әсер қалдырып, біздермен сыр-сұхбат жүргізіп, елге, жерге деген сағынышымызды басып кетіп еді», – деп тебірене еске алды. Сол кісі Алаш арыстарының бірі Қошке Кемеңгерұлының ұрпағы болып шықты, – деп Сағаттың қайраткерлік қасиеті туған топырағы мен Алматы маңында, қазақ даласында ғана емес, сонымен бірге шекараның арғы жағындағы жұртқа да жеткендігін айтып, тыңдарман қауымды бір сілкінтіп тастады. Өйткені Әшімбаевтың қазақтың жоғын жоқтап, мұңын мұңдаудағы мұндай ерлікке пара-пар еңбектерін екінің бірі біле бермейтіні рас. Тыңдаған сайын айта берсе екен дейтін осындай ескі күннен жеткен есті естеліктер сол жерде отырғандардың жанын ерекше тебіреніске бөлегені де шындық. Досын сағынған жүрек бұдан да көп әңгімелер айтты. Көңіл көжиегімізді кеңітіп, Сағат ағаның тұлғасын Хантәңіріндей биікке бір көтеріп тастады. «Тон жағасыз, ел ағасыз болмайды», – деген аталы сөздің қадірін жақсы білетін Нұрлан ақын келесі сөзді облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омарға берді. Аймақтағы идеологияның тізгінін ұстап отырған Жақсылық Мұқашұлы облыс басшысы Амандық Ғаббасұлының аманат-сәлемін жеткізе отырып, орамды ойын ортаға салды. «Қазақтың қай топырағына барсақ та, елім деген қадау-қадау азаматтары бар екенін білеміз. Сондай қабырғалы азаматтың бірі Сағат Әшімбаев екені ақиқат. Сағат ағаның ерекшелігі, жаңа ғана көрген деректі фильмде айтып отырған асыл сөздері мен ашық әңгімелері әлі күнге дейін өз құнын жоя қойған жоқ. Өмірден өткеніне жиырма алты жыл болса да, айтқан сөздері бүгінгі күнмен өзектесіп жатыр. Мен қаламгер ағалардың алдында көп сөйлемей, мына бір әңгімені ғана айтып өтсем. Қазақстан теле-радио корпорациясында Рубикжан Яхин деген режиссер өткен. Сол кісінің мына әңгімесі есіме түсіп отыр. Сол кісі жаңадан оқу бітіріп, телевизияға оқу-тәжірибеден өтуге келгем дейді. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы болды. Сол кезде жоғарғы жақтың бұйрығымен бүкіл операторларды сыртқа шығуға тыйым салады. Ал мен тәжірибеде жүргендіктен операторлардың тізімінде жоқ едім. Мені Сағат аға кабинетіне шақырып алды да: «Мына болып жатқан оқиғаның бәрі бейнетаспаға түсіп қалмаса, ертең ұрпақтың алдында не деп жауап береміз. Мына практиканттарға арналған шағын камераны аласың да бәрін түсіріп келесің» деп тапсырма берді, – дейді Рубикжан Яхия. Бұл енді ұзақтау әңгіме. Сонда әлгі режиссер «талдың үстіне шығып, арықтың ішінде жатып түсірдім» – дейді. Бүгінгі эфирден Желтоқсан жайлы көрсетіліп жүрген көп сюжеттер сол кісінің және соған тапсырма берген Сағат ағамыздың орасан еңбегі», – деп көпшілік біле бермейтін әсерлі әңгіме айтты. Бір байқағанымыз, Сағат аға жайлы айтар әңгіме таусылмайды екен. Және бәрі де құрғақ сөз, құры мақтау емес, ұлағатқа толы дүниелер болып жатты. Жазушы Смағұл Елубай жан досы һәм құрдасы жайлы толғамды ой айтты. Тіпті, Сағат Әшімбаев тағдырын бір кездері «халық жауы» деп репрессия құрбанына айналдырған үш арыстың өмірімен де байланыстырды. Ілияс, Сәкен, Бейімбет, үшеуі де қырық төрт жасында ұлты үшін құрбан болып, қорғасын оқ құшақтап кеткенін айта келіп, Сағат Әшімбаев та тура сол жаста өмірден өтті. Осындай салыстырмалы ойын айта келе Смағұл Елубай: «Сағаттың да жүрегін ауыртқан, тоқтатқан сол империялық режимнің қысымы болды. Сағат сол империялық жүйенің соңғы құрбаны болды, ағайын», – деп алдаспан ұлға бағасын берді. Келесі кезекте сөз алған жазушы-журналист Жақыпжан Нұрғожаев ой-толғамын айта келіп, Тәңіртауда түлеген ұлға осы таудың бір шыңын беріп, Сағат шыңы деп атауымыз керек», – деген ойға қонымды ұсынысмен сөзін аяқтады. Танымал журналист, қарымды қаламгер Жанболат Аупбаев, жазушы Жұмабай Шаштайұлы, Сағат ағаның соқпағымен келе жатқан сыншы Әлия Бөпежанова, жазушы Сағат ағаның отбасылық достарының бірі Мағира Қожахметова да Алаштың айтулы азаматы жайлы мағыналы да мазмұнды әңгімелерін ортаға салды. 
Он сегіздің көктемінде танысып, өмірінің соңына дейін арадан ала жіп өткізбей, адал достыққа дақ түсірмей, отбасымен біте қайнасып келе жатқан филология ғылымының докторы, академик Фаузия Оразбаева Сағаттың отбасындағы әкелік келбеті жайлы әсерлі әңгіме айтты. Аудан әкімі Жанат Тәжиев өз сөзінде осы шараны өткізу барысында сыншының жары Шәрбану апамызбен ақылдасып, кеңесе отырып жасағанын, осындай айтулы тұлғаның шаңырағын шайқалтпай, босағасын босатпай, ошағын сөндірмей отырғанын айта келіп, бүгінгі марапатқа лайық деп тауып, Сағат ағаның жары Шәрбану Бисеноваға «Райымбек ауданының Құрметті азаматы» атағын берді. Сөз арасында сахнаға көтерілген Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрының директоры Ерлан Біләл осындай ұлт перзентінің жоқтаушысы болып, сол кісінің рухани өмірінің насихатталуына үлес қосуды азаматтық міндеті екенін айта келе, Нарынқол жұртын қазан айының алтыншы жұлдызында әкемтеатрдың сахнасында болатын Сағат Әшімбаевтың 70 жылдық еске алу кешіне шақырып қайтты. Әсерлі кездесу Текес ауылындағы өнер мектебінің «Ақтолқын» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің (суретте) концертіне ұласты. Белгілі термеші-жыршы Әбіш Әділбеков те сол сахнадан табылып, Қабылиса жыраудың термесін орындады. Нарынқолдан басталған рухани кеш Сағат Әшімбаевтың туған жері Жамбыл ауылындағы мектепте жалғасын тапты. Қайраткер атындағы мектептің оқушылары білім шаңырағының ауласынан өлең оқып қарсы алды. Мектептің кіреберісінде жас жеткіншектер Сағат аталарына, Мәулен ағаларына арнаған өлеңдерін оқып, домбырашылар Нұрғиса Тілендиевтің «Көш керуенін» орындады. Келесі кезекте мектеп ішіндегі Сағат Әшімбаевқа арналған музейге кіріп, ақынның өмірі, отбасы, ұстаған заты мен киген киімін тамашалап шықты. Түс ауа тойға келген қонақтар «Ақкөл» демалыс үйінде жайылған ақ дастарқанға барып, ұлт перзентінің рухына Құран оқып, дұға жасап, үлкен тойда жолыққанша деп тарқасты.

 

Түйін орнына. «Әке, сенің жасыңнан асып барам». Жиынды
қорытындылаған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Сағаттың ұлы Мәулен Әшімбаев: «Әкем өмірден өткенде мен жиырма жаста едім. Қазір қырық алтыдамын. Тіпті, әкемнің жасынан асып барамын», – деп әкеге деген сағынышы мен елге деген шексіз алғысын жеткізді. Мәуленнің сөзін естігенде Мұқағали ақынның өлеңі ойыма оралды. Бір қайырым болсын:
Өкінбе, әке, отың бар сөнбейтұғын,
Ол мәңгілік жанады көрмей тыным.
Ұрпағың бар ел менен ер намысын,
Тірі тұрса қолынан бермейтұғын.
Орнында бар оңалар, бұл ақиқат!

Жұматай ӘМІРЕЕВ