Нағыз нар тұлға еді

Уақыты: 11.08.2017
Оқылды: 2090
Бөлім: ТҮПСАНА
Қазақ халқының даңқты перзенті, ұйымдастырушылық әрі басқарушылық қабілетімен ел алғысына бөленген бірегей тұлға, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, бұрынғы Қазақстан Министрлер кеңесінің төрағасы, Социалистік Еңбек ері Бәйкен Әшімовтің туғанына 100 жыл. Аумалы-төкпелі дәуірде өмірге келіп, ауыртпалық пен аштықты бастан өткерген ұлтының сүйікті ұлы Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысты. Өмірінің соңына дейін туған еліне қызмет етті. Айтулы тұлға туралы естелік жазу бір кітаптың не бір әңгіменің аясына сыймас еді. Десе де, бүгінгі мақаламызда ел перзентінің өмірі мен өнегелі істерін бір парақтап шығуды жөн көрдік.
– Менің өмірім ауыр қайғымен басталды, – дейді Бәйкен Әшімов өзінің «Ел сенімі – ең қымбатың» атты кітабында балалық шағын еске түсіріп. – Өмірге келгеніме алты ай болмай жатып әкем Әшім аяқасты ауырып көз жұмды. Кейіннен туыстарымыз анамды әкемнің інісімен қосты. Қабдолла ағаны мен ағатай деп атап кеттім. Ол кісі маған сүйеніш, тәлімгер бола білді. Мені әрқашан қолдап жүргені үшін ағатайыма қарыздармын. Туған әкемнің менің есейгенімді, өмірде биік асуларды бағындырған бақытты шақтарымды көре алмай кеткені жаныма батады. Анам әкемнің соңғы сәттерін жиі әңгімелейтін. Хәл үстінде жатқан әкем анамның жылағанын көріп: «Жылама, анау ұлды ойла!» – деп бесікте жатқан мені көрсетеді екен. Сөйтіп, бүкіл туғандарын сабырға шақырып отырып қайтыс болыпты. Анамның бұл әңгімесі менің әке алдындағы перзенттік парызымды сезіндіре түсті. Кейін ең қиын сәттерде әкемнің соңғы сөзін еске алып, бойыма күш жинайтын болдым.
Қазақ тарихы үшін 1917 жыл – ең бір күрделі, ауыр, қасіретке толы жыл. Сұлу Көкшенің көрікті жайлауы, құнарлы жері ақ патша заманында-ақ Ресейден қоныс аударған келімсектерге тиесілі еді. Төрт түлігін өргізген, жаз жайлауға, қыс қыстауға көшкен қазақ халқы үшін мұндай отаршылдық қысым ауыр тиді. Мал басы саны қысқарды. Ең соңында, дәлірек айтсақ, 1930 жылдары қызылдар билігі күштеп ұжымдастыру науқанын бастады да, қазақтың алдына салған азды-көпті соңғы малын тартып алды. «Ауыр жағдай біздің отбасын да айналып өтпеді. Біз тұратын Айыртау ауданына қарасты Шабақбай ауылы шалғайдағы Рузаев ауданына қарап кетті. Ауылдың басқа ауданға қарағаны былай тұрсын, Ақмолда елді мекеніне көшіріліп тағы қиындыққа тап болды. Ең қорқыныштысы, ортақ деп жиналған мал қараусыз қалып, айдың-күннің аманында қырыла бастады. Ел ішін аштық жайлады. 1932 жылы, небәрі 15 жасымда ата-анамның ақылымен қалаға аттандым. Ашығын айтсам, аштықтан қаштым. Менің ауылымнан Көкшетауға дейін 150 шақырым болатын. Осыншама аралықты бірнеше күн қонып, жаяу-жалпылап жүріп өттім. Кім біледі, бәлкім, аштықтан бұратылып өліп кетер ме едім, егер ата-анам қалаға кет деп кеңес бермесе?!» – дейтін Бәйкен бір естелігінде.
Қазақта туыстық қарым-қатынас әрқашан жоғары қойылады. Бәйкенді дәл осы байланыс құтқарып қалды. Көкшетаудан алыс ағайындар табылып, жаяулатып жеткен бозбаланы Петропавл қаласындағы теміржол зауыт-фабрика училищесіне оқуға орналастырады. Мұнда оқығаны үшін ауылдың қара баласына 800 грамм нан мен күніне бір мәрте ыстық тамақ берілетін. Училище балаға жұмақтың төріндей сезілді. Оқу кезінде бір ғана қиындық – орыс тілін білмеу қиындық туғызды. Бірақ Бәйкен бос отырмады. Орыс балалармен араласып, жарты жылда сөйлейтін дәрежеге жетеді. Біртіндеп жазуды және оқуды меңгереді. Оқуын бітірген соң паровоз жөндеуші мамандығын алып шығады. Оқуға деген ынтасы Бәйкенді сол кездегі Покровка ауылындағы ауылшаруашылық техникумына жетеледі. Дарынды бала бұл жерде екі жыл оқыды. Үшінші курстың басында жанарында оты бар жігітті аудандық комсомол комитеті саяси оқыту бөлімінің меңгерушілігіне жұмысқа шақырады. Техникумның үшінші жылын жас жігіт сырттай бітіріп, дала өсімдіктерінің агрономы атанады.
1938 жылдың қоңыр күзінде Бәйкен Әшімов әскер қатарына алынады.  Киевтің ерекше әскери аймағында Отан алдындағы борышын өтейді. Бір жылдан кейін Гитлер басқаратын Германия Екінші дүниежүзілік соғысты Польша жеріне басып кіруден бастайды. Жауынгер Әшімов Батыс Украина мен Батыс Белоруссияны азат ету ұрыстарына қатысады. Львов, Дрогобич, Пшемысль, Солтүстік Буковина, Чернов қалалары үшін болған кескілескен шайқастардың бел ортасында жүреді. 1940 жылдың қазан айында қазақ сарбазы коммунистік партияның мүшелігіне өтеді.
Бәйкен Әшімов 1941 жылдың 10 маусымында Отанына оралады. Фашистік Германияның Кеңес одағына шабуыл жасауына төрт-ақ күн қалған. Осы төрт күн Бәйкенге өз Бақытын жолықтыруға мүмкіндік берді. Айыртау ауданындағы Казгород орта мектебінде әскери дайындық пәнінің мұғалімі бола жүріп ақылына көркі сай қызға жолығады. Мектепті өте жақсы бағаға бітірген бойжеткен әскерден келген жігіттің жүрегінде махаббат отын маздатады. Ғашықтар енді танысып, бір-біріне сезімдерін білдіріп жатқанда 1942 жылы Бәйкенді тағы да әскер қатарына шақырады. Харьковтан Ташкентке ауыстырылған әскери-саяси училищеде жаттығудан өтіп, солтүстік-батыс майдандағы 87-нші жеке атқыштар бригадасында рота командирінің орынбасары болып соғысқа аттанады. 1943 жылдың қаңтарында 76-ншы атқыштар дивизиясының саяси бөліміне нұсқаушы болып ауысады.
Бәйкен республикалық басылымдардың біріне берген сұхбатында: «Мен соғыс кезінде қазақ сарбазы деген атқа кір келтірмеуге тырыстым. Отан-ды қорғау жолына өмірімді арнап, қанымды төктім. Осындай жанкештіліктің өтеуі болар, Сталиннен екі мәрте Алғыс хат алдым. «Қызыл жұлдыз», Польшаны азат еткендерге берілетін «Вертути Миллитари», Отан соғысының бірінші және екінші дәрежелі ордендерімен, сондай-ақ, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталдым», – дейді. Айта кетейік, Бәйкен Әшімов Варшава маңындағы Прага бекінісі үшін болған ұрыста ауыр жараланады. Жарақатының ауыр болғаны соншалық, госпитальда он айдан астам уақыт жатады. Ақыры өмірінің соңына дейін аяғында неміс снарядының жарықшағы жүрді. Өйткені, аяғы ота жасауға келмейтін еді. Госпитальдан шығардан екі ай бұрын Жеңіс туы желбірейді де, 1945 жылдың 4 шілдесінде Бәйкен әскери міндетінен босатылады.
Соғыстан қайтқан сарбаз алғашқы еңбек жолын Көкшетау облысы, Айыртау ауданы, Саумалкөл ауылынан бастайды. Ол мұнда аудандық атқару комитетінің жауапты хатшысы қызметін атқарады. 1946 жылдың 2 тамызында Бәйкен ата-анасы, інілері Қожнаби мен Амангелді, Раушат қарындасы тұратын үйге соғыс қарсаңында танысқан Бақыт есімді бойжеткенді алып келеді. Бақыт шын мәнінде Бәйкеннің бақыты болды. Кішкентай үйде балалар орыс пешінің үстінде ұйықтады. Осы жылы Бәйкен аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалады. Екі жыл өткеннен кейін Айыртау аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып жұмысын жалғастырады.
Соғыстан кейінгі ауыртпалық халыққа оңай тиген жоқ. Қайта еңсе көтерген ел шаруашылықты жандандырды. Осы жолда Бәйкен Әшімов табаны күректей 16 жыл еңбек етті. Ауданның, облыстың атқару саласында, сондай-ақ, ауылшаруашылығында жауапты қызметтер атқарған ол жаңа кеңшарлар құруға атсалысты. Көкшетау өңірінің топырағы өте құнарлы болды. Бәйкен тың жерді игеруге үлкен еңбек сіңірді. Кеңшарлар үш миллион гектардан астам аумақта тың жерлерді игерді. «Қазақстанда бидай өнімін арттыру жұмыстары жанданған кезде мен қатты қуандым. Бидай өсіру жолында аянбай тер төккенім үшін өзімді бақытты санаймын», – дейтін қайраткер қуанышты сезімін жасыра алмай. Қазақ даласындағы егін шаруашылығын қолға алған диқандардың, әр сала мамандарының жарқын істеріне шын жүректен қуанатын бірден-бір адам осы Бәйкен еді.
Осы аралықта Бәйкен Әшімов Ленинградтағы қолданбалы зоология және фитопатология институтынан агроном мамандығы бойынша жоғары білім алады. Өсімдіктердің жоғары квалификациясы тақырыбында дипломын сәтті қорғайды. Сонымен бірге, сырттай Жоғарғы партия мектебін үздік дипломмен аяқтайды. 1961 жылдың ақпан айында Дінмұхамед Қонаевтың бастамасымен Қарағанды облысына жұмыс бабымен ауысады. Мұнда ол бес жыл бойы облыстық атқару комитетінің төрағасы болып абыроймен қызмет атқарады. Қосымша тағы екі жыл облыс деңгейіндегі ауылдық атқару комитетінде бірінші хатшы болады. Ол уақытта Н. Хрущевтің басқаруымен әр облыста ауылдық және өнеркәсіптік комитеттер құрылған еді. Бәйкен Әшімов қызмет атқарған жылдары Қарағанды облысында металлургия комбинаты, «Ертіс – Қарағанды» су арнасы, жүздеген зауыт пен өнеркәсіп салынды. Атап айтсақ, санитарлық-технологиялық құрал-жабдықтар және асбест-цемент зауыты есік ашты. «Облыс жетекшісі Бәйкен Әшімов әсіресе Қазақстан магниткасына баса назар аударды», – деп жазады «Казправда» газетінің бұрынғы тілшісі Виталий Могильницкий өзінің «Ұмытылмас кездесулер» атты кітабында. Бәйкеннің кезінде «1150» тақталары, кен балқытатын, құятын, соғып сығымдайтын цехтар, 600 тонналық мартен, екінші домна пештері, көмір фабрикасы іске қосылды.
Қарағандыдағы партия шаруашылығы активтерінің бірінде Бәйкен Әшімов жас металлург Нұрсұлтан Назарбаевпен танысады. Дәл осы жерде, Теміртаудағы от шашқан пештердің қасында Нұрсұлтанның еңбек тәжірибесі шыңдала түседі. Дәл осы жерде оның көшбасшылық қабілеті қалыптасады. 1979 жылы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Компартиясы Орталық атқару комитетінің хатшылығына сайланады. Ал Бәйкен 9 жыл өкімет басшылығында жүрді. Бес жыл болашақ Елбасы мен Бәйкен бір салада жетекшілік қызметте жүріп, ел алғысын арқалады.
1968-1970 жылдар аралығында Бәйкен Әшімов Талдықорған облыстық комитетінің бірінші хатшысы лауазымын абыроймен өткерді. Алматы облысынан бөлініп шыққан жаңа өңірде шаруа шаш-етектен еді. Бәйкеннің алдында тезарада Талдықорғанды облыс орталығы ретінде өркендету міндеті тұрды. Аз ғана уақытта Талдықорғанда қорғасын өндірісі, аккумулятор зауыты ашылды. Текелідегі тау-кен комбинатының өнімі еселеп артты. Су шаруашылығы жүйеге келді. Қызылша, көкөніс және жүзім егетін суармалы алқаптар көлемі ұлғайды. Қаратал өңірінде күріш өсіру жұмыстары басталды.
Бәйкен Әшімовтің еңбек жолында ерекше орын алатын жағдай – республика Үкіметінің басшылығына тағайындалуы. Қазақстан Жоғарғы кеңесінің сессиясында Бәйкенді көпшілікке Д. Қонаев өзі таныстырады. ҚазССР Министрлер кеңесінің төрағалығында ол 14 жыл отырады. Осы аралықта Қазақстанда өндіріс, механизация, электрмен жабдықтау, құрылыс, ауыл мен қалалар, ғылым, білім мен мәдениет, білікті мамандар даярлау істері алға басады. Қазақстан одақта мыс өндіруден алғашқы үштікке кірді. Сондай-ақ, мырыштың 70, қорғасынның 60, титан мен магнийдің 90 пайызын Қазақстан кен орындары шығарды. Оңтүстік Қазақстандағы, әсіресе, Қаратаудағы фосфор өндірісі, Ақтөбедегі хром зауыты экспортта да, елімізде де ерекше көзге түсті. Қарағанды мен Екібастұздың көмірі, Ақтау, Атырау және Ақтөбе облыстарының мұнайы өз алдына бір бөлек әңгіме. Қысқасы, Қазақстан мемлекет қазынасын барлық салада толтырып отырды. Мәселен, 1980 жылы Қазақстан әлемде өнім сапасы жағынан көш бастады. Атап айтқанда, бидай, ет, сүт, жұмыртқа, тері өнімдерінен Қазақстан әлемде де, одақ көлемінде де алдыңғы қатарға шықты. Экономикалық және ғылыми-техникалық әлеуеті жағынан Қазақстан одақта Ресей мен Украинадан кейінгі үшінші орында тұрды.
1977 жылы Қазақстанның қарыштап дамуына үлкен үлес қосқан Бәйкен Әшімовке «Ленин» ордені, «Орақ пен балға» алтын медалі, сонымен бірге, Социалистік Еңбек ері атағы берілді. Бәйкен осы жылы 60 жылдық мерейтойын атап өтті. Менің маңдайыма Бәйкен Әшімұлымен бірге ұзақ жыл қызметтес болу бақыты бұйырыпты. Мен кеңесшісі бола жүріп, оның мемлекет үшін қалай тер төккенін жақсы білемін. Оны Мәскеудегі әріптестері де ерекше сыйлады. Кремльдегі қызметкерлер құрмет көрсете білді. Одақтағы пре-мьер Алексей Косыгин әрқашан қолдау танытты. Көпшіліктің айтуынша, Бәйкен Әшімұлының жұмысы Косыгинге қатты ұқсаған көрінеді. Әрбір алдында келген қағаздың артында туған елі – қазағы тұрды. Әрбір көрсеткіштің соңында халықтың еңбегі мен маңдай тері барын Бәйкен жақсы түсінді. Сол себепті де артылған міндетті абыроймен атқарды.
Бәйкен Әшімов тек қана білімімен, ақыл-ойының тереңдігімен танылып қойған жоқ. Ол қарапайым мінезімен, тек жақсылық тілейтін кең пейілімен ел есінде қалды. Қатал болғанымен, қатыгез болған жоқ. Дөрекілік танытпады. «Ол біздің мемлекетке мінсіз және сабырлы қалыпта қызмет етті. Осындай азаматтармен сырласа отырып, мен нағыз мемлекет қайраткері қандай болатынын ажырата бастадым. Ол маған артылған міндетті қалай орындаудың көрсеткіші болды. Сөз берді ме, сөзінен тайқымайтын. Уәде берді ме, уәдесін орындайтын», – деп жазды Олжас Сүлейменов.
1984 жылдың 31 наурызында Бәйкен Әшімов ҚазССР Жоғарғы кеңесі президиумының төрағасы болып сайланды. Республика Үкіметін ол жылдары Нұрсұлтан Назарбаев басқарды. Кейін Нұрсұлтан Әбішұлының: «Сол жылдарда, сол уақытта сізбен қоян-қолтық жұмыс істеу мен үшін маңызды әрі мазмұнды сәттердің бірі болды. Бұл кез ешқашан естен кетпейді. Сіз өз орныңызды босатып берген күндердегі ыстық ілтипатыңыз менің жүрегімді жылытады әрі мемлекет жұмыстарында сәттілікке жетелейді», – деп тебірене айтқаны бар.
1985 жылы Бәйкен Әшімұлы зейнеткерлікке шыққанымен, өз бетімен томаға-тұйық қалған жоқ. Архивтерді ретке келтірді. Еліміздегі маңызды іс-шараларға атсалысты. Қолына қалам алып, жазу үстеліне де отырды. Қазақстан тәуелсіздігін алып, Нұрсұлтан Назарбаевты Мемлекет басшысы етіп сайлағанда Бәйкен Әшімов қатты қуанды. Президенттің ел экономикасын нығайтудағы бастамаларына  әрқашан қолдау білдіріп отырды. Әсіресе, Қазақстан астанасын Алматыдан Сарыарқа төсіне көшіру туралы бастама көтерілгенде де Бәйкен қуана қабылдады. Алматыдан Астанаға жол тартқан киелі көшке ақ батасын берді.
2007 жылдың күзінде Бәйкен Әшімовтің 90 жылдығы ел көлемінде аталып өтті. Салтанатты шара Астананың       К. Байсейітова атындағы опера және балет театрында ұйымдастырылды. Сол уақытта мерейтой иесіне Президент «Отан» орденін тағып тұрып: «Сіз – тәрбие мен тәртіптің жарқын үлгісін көрсеткен ұстазсыз. Халқымыз: «Қариясы бар ел – бай ел», – деп айтып кеткен. Біздің құрметті ақсақалдарымыз жоғары зияткерліктің, тәрбие мен тәлімнің, ізгі істердің межесі саналған. Бұл көрсеткіштердің бәрі сізге тиесілі. Сіз – бүгінгі элитаның көшбасшысысыз. Сіз кезінде жақсы қасиеттерді бойыңызға сіңірдіңіз. Енді сол құндылықтарды туған еліңізге беріп отырсыз. Сізге қарап жастар бой түзейді», – деді. Бәйкен Әшімов Қазақстанның жарқын болашағына сенді және өмірінің соңына дейін елімізге үлес қосудан тайынбады.
Ол Құдай қосқан жары Бақыт Әсетқызының артынан келмеске кетті. Өмірлік қосағы қайтыс болғаннан кейін 19 күн өткенде өзі де тынысын тоқтатты. Бұл 2010 жылдың 5 ақпаны, күн жұма еді. Жүрегі 92 жыл, 5 ай, 19 күн соқты. Отанының сүйікті перзенті, халықтың біртуар тұлғасы, ұлт мақтанышы, Алаштың ақса- қалы енді ортамызда жоқ. Халықтың шексіз құрметімен Бәйкен Әшімов жерленген Кеңсай мазарында арнайы мемориал ашылды. Өзі тұрған М. Төлебаев көшесіндегі 119 үйге ескерткіш тақта ілінді. Солтүстік Қазақстан облысы, Покровка ауылындағы өзі оқыған қазіргі колледж ғимаратына  да тақта орнатылды. Сондай-ақ, Елбасының тікелей бастамасымен Алматыдағы О. Жандосов – А. Розыбакиев көшелерінің қиылысында «Бәйкен» мешіті ашылды. Бұдан бөлек, Алматыдағы Наурызбай ауданындағы бір көшеге және Петропавлдағы техникалық колледжге Бәйкеннің есімі берілді. Петропавлда қоладан құйылған бюсті бой көтерді. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Бәйкен Әшімов: мемлекет қайраткері және саясаткер» атты ғылыми конференция өткізді. Қайрат- кердің атынан арнайы қор құрылды. Осындай шексіз құрмет пен тағзым жасайтын іс-шаралардың жалғасы Талдықорған қаласында да жалғасын тауып, облыс орталығынан бір көше Бәйкен Әшімовтің есімімен аталатын шығар деген сенімдеміз.

Жеті жыл өтіпті. Қадірменді қарияның жарқын бейнесі ғана қалыпты көз алдымызда. Ал атқарған шаруасы ұшан-теңіз. Халық үшін туған перзент қандай болу керек десе, мен сөзсіз Бәйкен Әшімовті көрсетер едім. Елін сүйген ер туралы жылы естеліктер ешқашан өшпек емес. Оның ел басқарудағы өнегесі кейінгі буынға мәңгілік мектеп болып қала бермек.

  Николай КОЛИНКО,
Қазақстанның Құрметті журналисі.