Сырбаз жырдың сардары

Уақыты: 11.08.2017
Оқылды: 1911
Бөлім: ТҮПСАНА

1985 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға бардым. Жұртпен таласып-тармасып жүріп, құжаттарымды тапсырдым. Содан кейін «енді толыққанды талапкер атандым, дайындыққа мықтап кірісуім керек», – деп топшыладым. Ол кезде талап солай ма, әлде жауапкершілік күшті ме, марқұм декан Темірбек Қожакеевтің өзі абитуренттердің арасында жүретін еді. Бір жап-жас жігітті бізге басшы етіп, жетекші тұрғысында таныстырды.

 

– Біздің биылғы бітірген түлегіміз, үздік студентіміз – Еркін Зікібаев. Осы ордадан қызметін бастамақшы. Сендерге бас-көз болады, – деді Темірбек ағай. Іс-шараның бәрі сол кездегі Киров көшесінің бойындағы ескі корпуста өтетін. Анда-санда Тимирязовтағы бас корпусқа әлдебір шаруамен келеміз. Сондай бір істің шеті шықты ма Еркінге еріп «КазГУградқа» келдік. Троллейбустан түсіп тротуармен ілгерілегеніміз сол еді, алдымыздан төртбақ сары жігіт қарсы жолықты. Еркін екеуі жылы амандасты. Мен де қол беріп сәлемдестім.
– Шаруа қалай? – деді Еркін әлгі танысынан.
– Қажетті қағаздарымды толтырып біттім. Бұйырса дипломымды аламын, – деп жымиды. Жүріс-тұрысының бәрі орнықты, сырбаз көрінді. «Дипломымды аламын» деген сөз ерекше әсер етті. «Не деген бақытты жігіт, оқуды бітіріп, диплом алып жатыр», – деп армандадым. Ол арада көп бөгелмей өз жайымызбен кете бердік. 
– Бұл жігіт кім? – деп сұрадым Еркіннен.
– Бізбен бірге оқу бітіріп жатыр. Қазақ бөлімінің түлегі, есімі – Қайрат, – деп қысқа қайырды. 
Оқуға түскенде білдім, ол – Қайрат Әлімбеков деген ақын жігіт екен. «Аудитория», «Қарлығаш» жинақтарына өлеңдері енген таланттардың бірі болып шықты. Іштей сүйсіндім. Өйткені студент шығармасының кітапқа енуі, оның қарым-қабілетінің зор екендігін білдіреді. Ара-тұра баспасөз беттерінен өлеңдерін көзім шалып қалып жүрді. Бірді-екілі қаламгерлермен кездесуде ұшырасып, тілдесудің де реті түсті. 
Кейін жас маман болып жұмысқа араласқанда Қақаңмен жақын таныстым. Жетісу жақтың жігіті екенін білген соң, тіпті, жақынырақ тарттым. Қайрат ол кезде «Алматы ақшамы» газетінде бөлім меңгерушісі еді. Мен «Лениншіл жасқа» жұмысқа тұрдым.
– Әділбек, өлеңдерің бар ма? – дейді жымия.
– Бар.
– Әкел бізге. Көп ұзамай топтама жырлар жарияланып кетеді, – деп жүретін. Арада аз уақыт өткенде тағы да:
– Әділбек, жақсы мақалаларың бар ма? – дейді.
– Жақсы, жаманын білмеймін, бірақ бар... – деп мүдіремін.
– Алып кел «Алматы ақшамына».
Бізді бауырына тартып, үнемі қамқорлық танытып жүрді. Қақаңмен жақсы сыйлас болып кеттік. Бірақ сол кездегі 90-шы жылдардағы ауыр тұрмыс табанды түрде бір орында еңбек етуге мүмкіндік бермеді. 
Қазақтың мықты талантты ақыны Қайрат Әлімбек әртүрлі басылымдарда жұмыс істеді. Бірақ жаны сүйіп, көңілі қалаған қаламынан ажыраған жоқ. «Жоқ іздеген жігітпін» деген кітабы шықты. Өлеңдері де өзінің болмысы сияқты сырбаз, сыршыл. Осы татымдылығымен әдеби ортада лайықты бағаланды. Қақаң жас та болса өз тұрғыластарының арасында сырбаз жырдың сардарындай көрінетін. Тұлғасы ғана емес, талантының да шоқтығы биік болатын. Бәлки, сондықтан болар, жыр қағаны Жұматай жанынан тастамайтын. 
Қайрат «Жауынды-ай» деген өлеңінде:
Жылайды аспан, қу жаным да жылайды,
Өйткені біз ұмыттық қой Құдайды.
Менің жаным көкке шығып жұлдыз боп,
Көктен және жұлдыз құсап құлайды.

Жылайды аспан, біз де қоса жылаймыз, 
Өйткені біз ертең олай-бұлаймыз.
Қадіріңді ұқпайтұғын қаймана,
Қазақты бұл қай бетпенен сынаймыз? – дейді ақын ұлт мінезінің сипатын дөп басып. Рас, ол кезде жұрт Құдайды біржола естен шығарған еді. Әйткенмен, көкірек көзі ежелгі жадыдан ажырамаған шайыр, жанының көкке ұшатынын, шолақ тірліктің олай-бұлай болатынын бұлталақтатпай кесіп айта алған. Сол тұста мен мүлде шығармашылыққа қатысы жоқ шаруашылыққа кетіп қалдым. Бірақ Қақаңды көрсек шұрқырап табысатынбыз. Баладай пәк көңілі, дарқан мінезі кім-кімді де өзіне баурап алатын. Ақырын жымиып қойып, әдемі әңгімелерді шырайын кіргізе айтушы еді.  Бір жағы үлкендігі, бір жағы менің де өкшесін басып келе жатқандығымнан болар, өлеңдеріме баға беріп, «Хауыздағы тамшының хан нұры» деген мақала жазды. Ол «Жас Алаш» газетінің 1996 жылғы 31 қазандағы санында жарияланды.
Арада алдамшы уақыт қамшы салдырмай өте беріпті. Марқұммен соңғы мәрте кездескеніміз, 2006 жылдың көктемі болатын. Мен ол кезде Астанадамын. Іссапармен Алматыға келіп, Жазушылар одағына бардым. Көңілге аужал болатын ешкім ұшыраспады. «Қазақ әдебиетінің» редакциясын шарлап кеттім. Шерхан ағамыздың кезінде «Очерк және публицистика бөлімі» дүркіреп тұратын еді. Ол бөлімді тағы бір талантты жетісулық көкеміз Өтепберген Ақыпбекұлы басқарған. Сол кісінің көзге үйреншікті кабинетінде Қақаң отыр. Әдеттегідей ағалы-інілі біз сағына табыстық. Екеуден-екеу әңгімелесіп, бірқыдыру шер тарқаттық. Сосын, сау-саламат айтысып жөнімізге кеттік.
Арада жарты жыл өтер-өтпесте тау тұлғалы Қайрат Әлімбек ақыннан айырылып қала бердік. Ешкім ойламаған мезетте марқұм дәуірін теріс салып, бақилыққа бет бұрды. Әттең, талай тұғырлы туындылар беретіні даусыз еді. Шылбырын сүйреткен тарпаңдай, бұла қалпы желдіртіп өте шықты. Енді алаулап жанатын тұсында жабырқатып кететінін кім білген? Алайда, оның алғаусыз көңілі мен баладай пәк мінезі жадымызда қалып қойыпты. 
Өткен күннен алыс ештеме жоқ екен. Сол жоқ іздеген қалпыңмен бұ дүниеден өте барыпсың, Қақа. Өзіңнен көз жазып қалғалы да, міне, аттай он жыл. Бірақ ел-жұртың жырыңнан көз жазған жоқ, сол – көңілге медеу. Кіршіксіз жаның көкте жұлдыз бейнесінде бізге қарап тұрған болар...


Әділбек ЫБЫРАЙЫМҰЛЫ,
ақын, жазушы, Қазақстан Жастар одағы және Халықаралық  Алаш  әдеби сыйлықтарының иегері.