АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ 30 ЖЫЛДЫҒЫН ТОЙЛАУҒА ДАЙЫН БА?

Уақыты: 29.07.2021
Оқылды: 3107
Бөлім: ТҮПСАНА

«Jetіsý Медиа» ақпараттық алаңында ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерейтойына Алматы облысының дайындығы және өткізу жұмыстары барысын пысықтаған баспасөз мәслихаты өтті. Онда Алматы облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Рахмет Есдәулетов баяндама жасады. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі хабарлады.

– Облыс әкімінің берген тапсырмасына сәйкес іс-шаралар жоспары қайта пысықталып, жаңа жобалар қосылды. Ол 1803 зәкірлік шараларды қамтып отыр. Бүгінгі күнге дейін 803 іс-шара ұйымдастырылды, екінші жартыжылдықта 900 шара жүзеге асырылмақ. Негізгі үлкен шара Тәуелсіздік күні қарсаңында өтіп, жыл бойы атқарылған істердің қорытындысы шығарылады. Бұл шаралардың бәрінде ел тарихын тұғыр ете отырып, Тәуелсіздік алған отыз жылдағы белесті жолымызды көрсету – басты мақсат. Бұл күнге оңайшылықпен жеткен жоқпыз. Зауыттардың бәрі тоқтап, ауыл абдырап, қала қаңырап қалған кездер болды. Сол қиындықтардан өтіп, еліміз қайта еңсе түзеді. Жоспарлы шараларда осының бәрі қамтылған, – деді Рахмет Разбекұлы.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында Тұңғыш Президент күніне орай «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» атты жылжымалы тақырыптық көрменің тұсаукесері, «Тәуелсіздік – ел бағы» тақырыбында белгілі қоғам қайраткерлерімен кездесу кеші, «Ұрпақтар есінде» жастар акциясы, республикалық ақындар айтысы, «Саят» ұлттық спорт түрлерінен «Сонар-2021» халықаралық  турнирі, «Жұлдызды 30 күн» Тәуелсіздік айлығы, Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығына орай да іс-шаралар өтпек. Мұнымен қатар түрлі  заманауи нысандар мен тұрғын үйлер пайдалануға берілмек. Бүгінге дейін 26 ірі нысан іске қосылды.

Баспасөз мәслихатында облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Елдар Сапаров сөз алып, мерейлі жыл аясында «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасы жүзеге асып жатқанын атап өтті. Осы орайда облыста 1216 акция өткізіліп, 75 мұқтаж отбасына баспана берілген, 9 мың шаңыраққа азық-түлік себеттері таратылған. Бұл іске еріктілер белсенді түрде атсалысқан.

Брифингке қатысқан меценат, кәсіпкер Шыңғыс Кенжеғұлов та пандемияның қатты ушыққан кезінде еріктілермен бірігіп облыстық аурухана, перинаталды орталықтың қызметкерлеріне ыстық тамақ тасып, өкпені жасанды тыныстандыру аппаратымен де қамтыған сәттерін еске алды. Бүгінгі таңда тұрмысы төмен отбасыларын азық-түлікпен қамту ісін жүзеге асырып жатқанын айтып өтті.

Баспасөз мәслихатында журналистер өздерін толғандырған сауалдарын қойып, тұшымды жауаптар алды.

Алма ЕСЕНБАЕВА

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан