Қоқыс полигондарының санын азайтады

Уақыты: 15.08.2017
Оқылды: 1628
Бөлім: ТҮПСАНА

Астана қаласындағы «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесінде  Қазақстан Респуб­ликасы Энергетика министрлігі, Астана қаласы мен Алматы облысының әкімдіктері, «Оператор РОП» ЖШС және Қазақстанның экологиялық ұйымдары өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. «Samsung» павильонында өткен басқосуда алдымен Елорда əкімі Əсет Исекешев сөз сөйлеп, бүгінде тұрғындарының саны 1 мил­лионнан асқан бас шаһар үшін бұл құжаттың маңызы зор екенін айтты. Энергетика вице-министрі Бақытжан Жақсалиев те əріптестік байланыстардың өзектілігін тілге тиек етіп, келісім аясында іргелі істердің атқарылатынына сенім білдірді.

Жиында облыс əкімі Аман­дық Баталов өңірдегі қоқысты жинау мен өң­деу жағдайына, алдағы жоспарлар жайына тоқталды. «Жетісу өңірі халқының саны 2 миллионға жетіп үлгерді. Оған қоса, аймақ үлкен мегаполис саналатын Алматы қаласымен іргелес орналасқан. Сондықтан қалдықтарды жинау, сұрыптау, тасымалдау, өңдеу ісін жолға қою – біз үшін аса қажет шара. Біз «Алматы облысында қалдықтарды басқарудың аймақтық жүйесінің» ТЭН-ін əзірледік. Онда мемлекеттік-жекеменшік серіктестік тетігін қолдану арқылы 14 аймақтық кешеннің бірыңғай операторын құру қарастырылған. Соның аясында 16 қоқыс сұрыптау кешені, 13 қоқыс тиеу стансысы, 16 полигон, 3 қоқыс өңдеу зауыты құрылыс­тары жүзеге асырылуы тиіс. Нәтижесінде 500 жұмыс орны құрылып, 2025 жылға қарай тұрғындар тұрмыстық қатты қалдықтар шығаруды ұйымдас­тырумен 100 пайыз қамтылады деп жоспарланып отыр. Бұл қалдық жоюды арттырып, полигондар санын азайтуға ықпал ететін болады. Осы жобаны өңірдегі қалдықтарды жою жөніндегі бірлескен пилоттық жоба ретінде қарастыруды ұсынамын жəне қол жеткізген нәтижеге сәйкес жобаны еліміз бойынша таратуға болады деп есептеймін», – деген өңір басшысы кездесуді ұйымдастырған Энергетика министрлігіне ризашылығын білдірді.
«Оператор РОП» ЖШС қоқыс өңдеу саласындағы əріптестік байланысқа Астанамен қатар Алматы агломерациясы аумағындағы іргелі облысты тартуына Парламент Сенатының ұсынысы, сонымен қатар, жыл сайын жинақталатын қоқыс көлемінің артуы ықпал еткен. Мекеменің бас директоры Светлана Коротенконың айтуынша, ынтымақтастық негізінде қалдықтарды басқарудың өңірлік жүйесін құру мен оны одан әрі дамыту, жеке және заңды тұлғалардан тұрмыстық қатты қалдықтарды жеке жинақтауды енгізу, тұрмыстық қатты қалдықтарды шығаруға шақыруды жүзеге асыратын көлік құралдарының қозғалысын спутниктік навигациялық жүйелердің мәліметі бойынша бақылап отырудың ақпараттық жүйесін ұйымдастыру және жүргізу қолға алынбақ. Оған қоса, тараптар алдағы уақытта мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті дамыту шеңберіндегі келісімдерді қа­растыратын болады.
Айта кетерлігі, облыста жыл сайын 1,2 миллион тонна қалдық жиналады. Соның 640 мың тоннасы облыс аумағына Алматы қаласынан шығарылады екен. Өңірдегі елді мекендердің тұрмыстық қалдықтарды шығарумен қамтылу көрсеткіші 67 пайыз болса, бұл көрсеткіш қалалар мен ірі елді мекендерде 100 пайызды құрайды.

Асхат РАЙҚҰЛ.