АБАЙ АҚЫН ҒАНА ЕМЕС, ОЛ - АУЗЫ ДУАЛЫ БИ ӘРІ ЗАҢГЕР: ДЕРЕКТЕР НЕ ДЕЙДІ?

Уақыты: 10.08.2021
Оқылды: 1889
Бөлім: ТҮПСАНА

Абай ақын ғана емес, ағартушы, аудармашы, сазгер, аузы дуалы би және өз заманының заңғар заңгері бола білген, сан қырлы талантымен танылған тұлға. Жалпы алғанда, Абайды Тәңіріміз сыйлаған адамзаттың алыбы десек қателеспейміз.

Семей өлкесінің Шар өзенінің бойында үш дуанның үлкен құрылтайы өтетін болып, оған өңірдегі би-болыстармен бірге өлкенің генерал-губернаторы Цеклинский де қатысады. Абай ұлықпен жеке кездесу барысында ислам дінімен, ұлттық дәстүр-салтымен және шаруашылық жүргізу үрдісімен өзіндік дала заңдарының барлығын, ал бұқара халықтың тұрмыс-тіршілігімен мүлде үндеспейтін орыс заңдарымен елді күштеп басқаруға болмайтынын, өз заманына сай өркениетті қоғам заңнамасын қалыптастыру керектігін асқан дипломатиялық шеберлікпен түсіндіреді.

Ел ішіндегі жер, жесір дауы, кісі өлімі, барымта мен құн төлеу мәселелері бойынша туындаған азаматтық-құқықтық қатынастардан, қазақ арасында сирек кездесетін қылмыстық оқиғалардан туындаған мәселелерді әділетті шешуде аузы дуалы би-болыстардың тәжірибесін де өмірде қолдануға болатынын нақты дәлелдеп шығады.

Абайдың халық арасындағы зор беделі мен әділ билік құру шеберлігіне іштарлық көрсетіп, артына шам алып түскен қазақтың шынжыр балақ, шұбар төс атқамінерлері  осы құрылтайда Абайды құртуға бел буады. Бірақ Абайдың патшаның өлкедегі ең жоғары шенді ұлығымен жолығып, өздерінің өресі жетпейтін құқықтық мәселелерді жаңаша шешуге уағдаласқанынан хабардар болған әрі ұлықтың қаһарынан ыққан қаныпезерлер оның беделін мойындауға мәжбүр болып оны осы сайлауда бірауыздан құрметтеп төбе би етіп сайлайды.

Патшаның жоғары шенді ұлықтары мен өлкедегі барша болыс-билерден қолдау көріп қанаттанған Абай Шар өзенінің бойында  бірнеше көзі мен көкірегі ашық азаматтарды қасына алып үш күннің ішінде 160-қа жуық баптан тұратын «Шар ережесі» атты заңдар жинағын халыққа жариялайды. Осының өзі-ақ хакім Абайдың Әз Тәукенің «Жеті жарғы», Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы атты заңдармен қатар орыс мемлекетінің заңдарын да жетік білгенін, адам мен мемлекет өміріндегі құқықтық қатынастарды реттейтін заңдарды халқымыздың ұлттық ерекшеліктерін ескере отырып сауатты жасағанын, заң шығарушылық қабілетінің жоғары болғандығын дәлелдейді. Бұл заң Семей, Өскемен, Жетісу өлкесі мен Қытай жеріндегі  кейбір аймақтарда қолданыста болып, халыққа қызмет етеді.

Заңнама жинағы ретінде заң актісі Қазан қаласының баспасында басылып, дала төсіне  тарайды. Кейбір тарихи деректерде Абайдың заң шығарушылық пен әділ билік ету даңқының Жетісу өлкесіне де тарауының нәтижесінде ол өлке атқамінерлерінің құрылтайына шақырылып заң жазған деген мәлімет кездеседі. Бірақ жазбаша нұсқасы сақталмаған.

Заманымыздың классик жазушысы М.Әуезовтің шығармаларында аталған заңның бірнеше баптарының ел аузынан жазылып алынғаны ғана айтылады. Кейбір мұрағаттық деректерде Кеңес Одағы кезінде жазушы Ғ.Мүсіреповтің заңның көшірмесіне алғысөз жазып, жазушы С.Байжановқа беруімен кітапша болып шығып, елге тарағаны да айтылады. Осы заңның нұсқасы Семейдегі Абайдың мұражайында ең құнды жазба экспонат ретінде алтын қорда сақтауда тұр.

Абайдың заңгерлігі мен қара қылды қақ жарған әділ билігі туралы ел аузында жүрген аңыз-әңгімелер ел ішінде әлі де кездеседі. Қазақтың заңғар ғалым-заңгері, марқұм С.Зиманов Заң және философия институтының директоры лауазымын атқарған тұста Шыңғыстауда болып, Абайдың әділ билігі туралы тың деректерді жинақтап, жарыққа шығарғанын үлкен зиялылықтың, ұлттық патриотизмнің және өз ұлтын сүюдің  шынайы белгісі деп бағалауға болады.

Абайдың жас шағында өлеңдерін ұзақ уақыт бойы басқа адамдардың атынан шығарып келгені жайлы оның арғы атасы Өскенбайдан, өз әкесі Құнанбайдан жалғасып келе жатқан билікке баулынуынан туындаған жағдай деп есептеуге болады. М. Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясында да жасөспірім Абайды әкесі Құнанбайдың қасына ертіп жүріп даулы мәселелерді шешу жолдарын үйреткені, билікке баулығаны айтылады. Ұлы ақын Әз-Тәукенің «Жеті жарғы», «Қасымханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» атауларымен белгілі болған дала демократиясына құрылған әділ заңдарын, Әнет бабаның араласуымен жазылған қазақы заңнамалық нормаларды және қара қылды қақ жарған  би-болыстардың билік айту әдістерін жетік білді.

Қазақ арасындағы түрлі дауларды сұңғылалықпен ақылдылықпен шеше білгендігі оның заңгерлік қабілетінің аса жоғары екендігін айқын дәлелдейді. Шыңғыстау өңірінде көнекөз қариялар Абайдың қазақ арасында жиі кездесетін жер, жесір дауы, барымта, кісі өлімі мен құн дауларына байланысты шығарған әділетті шешімдері жайлы аңызға бергісіз әңгімелерді күні бүгінге дейін тамсана айтады.

Абайдың зорлық-зомбылыққа жақын тұратын қарадүрсін Оразбайлардың және елдегі орыс шенділерімен ауыз жаласқан үстем тап өкілдерінің заң бұрмалаушылықтары, байлығы мен билігіне мастанған байшікеш алкеуделердің өзін жабылып сабаған әрекеттері, пара үшін заң бұрмалаушылыққа жол берген прокуратура, сот органдарындағы келеңсіздіктер жайлы шағымданғаны әділетсіздіктің салдарынан болған мәжбүрлі жағдай деп ұғынуымыз керек.

Тумысынан текті, ержүрек, пейілі Ұлы Даласындай дарқан қазақ халқы өмір сүрген қасиетті жерде абақты, балалар, қарттар үйінің ұлықтар мен билерді парамен сатып алу сияқты келеңсіз жағдайлардың болмағаны тарихымыздан белгілі. Ұлы Дала төсінде өзіндік шынайы демократиялық басқару жүйесі қалыптасқан. Қаны мен жаны таза, тумысынан кеңпейілді, ержүрек, даналығы дараланып тұратын қазаққа ішімдік ішу, шылым шегу, алаяқтық, парақорлық, жалақорлық сияқты аса зиянды құбылыстардың отарлаушылармен бірге келгенін Абай өз шығармаларында баяндайды, қазақ қоғамын жиіркенішті әрекеттерден аулақ болуға шақырады. Осы тарихи мәліметтердің өзінен-ақ Абайдың қазақ пен орыс халықтарының өзіндік ұлттық тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін ғана емес, екі халықтың өзіне тән заң жүйесін де жетік білгенін аңғарамыз.

«Өзі жазған заңды өзі ескермеген елдің дамуы кері кетеді» деген ғұламаның даналығында заңның әділетті қоғам құрудағы ерекше маңызы барлығы айтылады. Тәуелсіз мемлекетіміздің заңдарының басым бөлігінің бұрынғы Кеңес одағының, Ресейдің және Батыстың ықпалымен және сарынымен жазылғандықтан ұлттық ерекшеліктеріміз ескерілмеген деуге болады. Барлық заңымыз алдымен өз ұлттық ерекшеліктерімізді ескере отырып, алдымен мемлекеттік тілде дайындалуына қол жеткізуіміз керек. Ондай олқылықтарды түзету, ежелден келе жатқан салт-дәстүрімізге, тұрмыс-тіршілігімізге етене жақын ұлттық заңнамамызды қалыптастыру заң шығарушы органның, білікті ғалым-заңгерлеріміздің кезек күттірмес міндеті болуы керек.

Заңғар ғалым-заңгеріміз, марқұм С.Зимановтың басшылығымен «Қазақтың ежелгі заңдары» атты он томдық жинағына қазақтың ежелгі әдет-ғұрып заңдарының бір жүйеге келтіріліп жинақталып жарыққа шығуының өзі өткенімізге деген құрмет, ұлттық тектілік деп бағалауымызға әбден болатын қайраткерлік деуге болады. Мұның бәрі өз кезегінде қазақ қоғамында орыс отаршылдығына дейін де дәстүрлі ислам дінімен, әлемдегі ең озық үлгідегі салт-дәстүрімізбен және өзіндік ұлттық тұрмыс-тіршілігімізбен біте қайнасқан әділетті ұлттық озық заңнамамыздың болғанын дәлелдейді.

Халқымыздың заң мәселесіндегі бұқаралық сипатта сауатын көтеру алдымен өзіңді сыйлату, одан кейін Қазақстан атты әлемдегі жалғыз Отаныңды, ата-бабадан алтын мұра болып қалған қасиетті жеріңді сүю екенін әрбір қазақстандық азамат санасымен түсіне білсе, қысқасы «Өзіңді өзің жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» дегендей ел ішінде береке, бірлігіміз және бақуатты тірлігіміз болса қаһарман Тоныкөк пен Күлтегін бабаларымыз армандаған «Мәңгілік елге» айналарымыз және әлемнің ең дамыған алпауыт мемлекеттерімен тең дәрежеде бәсекелесе алатын, халықаралық деңгейдегі беделі жоғары елге айналарымыз сөзсіз.

«Адамзаттың Абайы» атанған даңқты бабамыздың қайсы заманда да маңызын жоймаған баға жетпес құнды еңбектерінен сусындай білсек, рухани, адами, мәдени, имани деңгейі жоғары, ынтымағы мен ырысы тасыған өркениетті елге айналатынымызға, сөйтіп, болашағымыздың барлық жағынан да жарқын боларына сенімім мол деп айта аламын. 

Бекмұхамет СЕРІКБАЕВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Панфилов ауданы

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан