Экспедиция жасалды

Уақыты: 18.08.2017
Оқылды: 2024
Бөлім: ТҮПСАНА

Елбасы Н. Назарбаев­тың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көтерілген мә­се­лелердің бірі  – «Қазақ­станның қасиетті рухани құндылықтары» немесе ерекше географиялық жағдайына байланысты «Жетісудың киелі жерлері» жобасын жүзеге асыру. Бұл тарихи-өлкетану музейлерінің танымдық, әдеби-мәдени, ғылыми-көпшілік ағарту жұмыстарының өзегіне айналып отыр.

Ғылыми деректерде ұлан-байтақ еліміздің аумағында 220 мыңға жуық өзен-көл, тау-тас атаулары бар десек, осыншама жер-су атауларының қойнауында тұнып жатқан өзіндік тарихы, шежірелі сыры бар. Осындай өлкеміздегі жер-су атауларының шығу тарихын білу әркімді-ақ қызықтырары сөзсіз. Оны зерттеп, зерделеу мақса­тында «Киелі жерлер географиясы» арнайы жобасы бойынша қоғамдық сананы жаңғыр­ту бағдарламасын іске асыру жөніндегі өңірлік комиссия құрылды. Музейдің ғылыми кеңес мүшелері жергілікті өлке тарихын танушылармен бірлесе отырып, аудандағы қасиетті, киелі жерлер мен әулие орындар жайлы мәліметтерді жиыстыр­ды. Аталған орындардың фотосуреттері, олар жайлы ел аузындағы аңыз-әңгімелер топтамасы жинақталды. География, этнология ғылымдарымен тығыз байланыста дамып отыратын, жер-су атауларының шығу тарихы мен пайда болуын, мағынасын, дамуын, таралу аймағын, қазіргі жағда- йын, жазылуын зерттеді. Сондай-ақ, ел аузындағы аңыз­дар желісі мен көнекөз қариялардың айтуына сүйеніп, еліміздің киелі жерлері мен қасиетті орындары, ашық аспан астындағы мұражайлары жайлы жаңа тарихи ақпараттар толықтырылды. Осы орайда «Бастау-2017» танымдық экспедиция маршрутының жобасы дайындалып, экспедиция өз жұмысын бастады.
Экспедиция алғашқы сапарын ағымдағы жылдың шілде айының 19-20 күндері Алматы-Бақанас тас­жолы бойындағы Алматы бағытынан жолдың сол қанатында Малай-Сары асуы сілемінің Іле өзені жағалауы қапталында жерленген Ұлы жүз, Жалайыр­дың Мырза руынан шыққан, Жетісу ақындарының «Алтын діңгегі» атанған Сүйінбай және Бақтыбай, Қалқа сынды ақындардың ұстазы Ескелді, Балпық билердің замандасы, тұстасы болған Ұлы жүздің бас ақыны ұлы жырау – Қабылиса (Қабан) Асанұлының кесенесінен бастады. Қазақтың ауыз әдебиетін жинап зерттеу­ші Әбубәкір Диваевтың: «Қалмақтан әуелі жерді босатқан Қара Керей Қабанбай, Тарақтыда Тәттібай, Қораластан шыққан ер Жауғаш, Ыстыдан шыққан Шой батыр – Абылайды хан көтеріп, Қалмақты қуған дүр батыр», – деп жырына арқау еткен, баһадүр батырлардың бірі, Шой батыр­дың әкесі, Құланбасы елдімекеніндегі топ қорымда жатқан Есімұлы Едіге батыр зиратына да шолу жасады. Және жау қолынан жараланған ер бабамыз Едіге батырдың ел шетіне жетіп, түйесі шөккен жері, арнайы ескерткіш қойылған «Едіге шоқысына» арнайы барып, зерделеді. Сонымен қатар, сол маңдағы Жалайыр, Балғалы руынан шыққан Барақ батыр ескерткішіне және Алматы-Қарой тас жолының бойындағы, Бура ауылының тұсында, жолдың оң қанатында үш шақырым қашықтықта жатқан, Ұлы жүздің Бәйшегір, Бекпенбет (Шегелек) руынан тараған Шаған батыр ұрпағы Барақ бидің бел баласы Нысанбай әулиеге құран бағыштады. Сондай-ақ осы жол бо- йында, Ақкөл ауылынан он шақырым қашықтықта жатқан, жоғарыда аталған Шегелек руынан шыққан әйгілі Маралбай әулие бабаларымыздың зираттарына зиярат етті.
Алдағы уақытта да «Бастау – 2017 экспедициясы» арнайы бағыт бойынша жұмысын жалғастыруды жоспарлауда.

Зәуреш ДЕМЕУҚҰЛОВА,
Балқаш аудандық тарихи-өлкетану 
музейінің қызметкері.