АТА БАСЫЛЫМНЫҢ АЙТАРЫ

Уақыты: 28.06.2016
Оқылды: 4043
Бөлім: ТҮПСАНА

Бірінші дүниежүзілік соғысқа сайдың тасындай азаматтарын амалсыз аттандырып, дәулеттілер мен жалшылардың қанқұйлы соғысынан әбден ойсырап қалған қазақ отбасыларына әлеуметтік көмек, саяси сауат және ақпараттық қолдау жетіспей жатты. Осы орайда, еңбекшіл қауым жаңа мерзімді басылымның іргетасын қалауға шешім шығарды. Алматы қаласында 1918 жылы әскери төңкерісшіл комитет құрылып, қызылдардың жаңа идеологиясын насихаттауды қолға алды. Міне, жаппай жұрт арасында жаңа билік туралы үгіт-насихат жүргізу мақсатында қазіргі Алматы облыстық қоғамдық-саяси және экономикалық «Жетісу» газетінің алғашқы саны жарық көрді.

Көпшілдер партиясына қарасты Жетісу кеңесінің төңкерісшіл органы – «Жетісу ісші халық мұхбыры» газеті 1918 жылы 21 маусымда тұңғыш ел арасына таралды. Газеттің алғашқы саны партияның жарғыларын, әскери биліктің үкімдерін басты. Ой салатын, қоғамдық тәртіпті қаузайтын мазмұнды мақалалар мұнда мүлде кездеспеді. Себебі, аласапыран заманда билік халыққа нақты саяси қадам мен соғыс жағдайындағы кейбір әскери операцияларды ғана таныстырып отыруға шамасы жетті. Дегенмен, газеттің өзі бір күндік болғанымен, сөзі – мың күндік. Қазақ, өзбек және қырғыз ұлтының оқығандары бас қосқан Жетісу облыстық әскери комитеті басылымды өзбек, қырғыз және қазақ тілімен аралас басып шығарды. Оқыған үш ұлттың өкілдері де газеттегі мақала мен жарғыларды оп-оңай түсінді.

Қазақша тәржімалағанда «Жетісу жұмысшыларының хабаршысы» деген мағына беретін Алматы облысының тұңғыш газеті шын мәнінде еңбекшілердің құқығын қорғады. Мұсылман халықтарының жаңадан құрылған бюросы мен әскери комитеттің халық игілігі үшін жасаған жұмыстары газет бетінде жарық көріп отырды. Біз қазіргі «Жетісу» газетінің алғашқы санынан сол кездегі қоғамның келбетін анық байқай аламыз. Мазмұны тек жарғылардан құралса да, газет сөздерінен азамат соғысы мен тап тартысының иісі аңқып тұрады. Сонымен бірге, халықты еңбек етуге, теңдікке шақыратын ұран сөздер аракідік кездесіп қалады. Көне араб графикасында басылған газет түркі халықтарына ортақ әрі түсінікті тілде жазылды. Ұран сөз түгел езілген жұртты оянуға, байлар мен қанаушы топты қудалауға, азамат соғысына бір кісідей ат салысуға бағытталды.

Газеттің алғашқы санында «Жер-су комитетін құру туралы міндеттер» деген мақала басылды. Онда облыстық атқару комитетінің жаңадан шығарған қаулылары басылып, соңында «жер – халықтыкы» деген ортақ түйін жасайды. Ізінше, «Жетісу ісші халық мұхбыры» келесі санына Түркістан кеңестік республикасының ережелерін жариялайды. Күннен-күнге мерзімді басылымның аясы кеңейіп, жаңа билікті жұрт арасында насихаттауда үлкен еңбек сіңіреді. Жетісу жұмысшыларының хабаршысы «ақтар» мен «қызылдардың» қырқысқа түскен әскери операцияларын үзбей басып отырды. Басылым қызылдардың жеңісін ұрандата жариялап, ел ішінде кеңестік биліктің жылдам орнауына ат салысты. Халық көкпарға түскен ұлттық мүддесін газет бетінен тапты. Елге жаны ашыған басылым еңбекшілердің ерен жеңісін насихаттап, бейбітшілікке даңғыл жол салып берді.

Облыстық баспасөз комитеті азамат соғысы жылдарында жаңа газеттің мазмұнды әрі айна-қатесіз таза шығуына жауапты етіп Сабыржан Шәкіржанды тағайындады. Сабыржаннан бөлек газет басшылығында С. Ғаббасов есімді белгілі қаламгер жүрді. Екеуі де ел ішінде кеңінен танылған, қолынан қаламы түспеген, сөз тізгінін берік ұстаған асыл азаматтар болатын. Журналист мамандар тапшы болса да, газет тоқтап қалмады. Аласапыран дәуірде тарыдай шашыраған қазақтың бірігуіне, жаңа билікке бой үйретуіне, қынадай қырылып кетпей, ұрпағын аман сақтап қалуына жетісулық газет көп көмектесті.

Кеңес билігі енді орнаған кезде туындаған алғашқы қиындықтарға темірдей төзіп, ақпараттық қолдау таныту үшін тау мен тасты кезіп, мақала дайындаған Сабыржан Шәкіржанның ерен еңбегін ұмыту мүмкін емес. Ол ескілікті аңсаған капиталистік билік пен жалшылардың комитеті арасында жүрген толассыз қақтығысты қаламына арқау етті. Оның қаламынан туған жалынды материалдарды мыңдаған оқырман қолдан-қолға өткізіп оқыды. Азамат соғысын табан астында басылым бетінде жариялап, сол кездің өзінде-ақ журналистік жеделдігімен танылған «Жетісу ісші халық мұхбыры» 41 рет жарыққа шықты. Кейінгі жылдары қоғамдық даму мен үлкен өзгерістерге байланысты газеттің атауы ауысып отырды.

1918 жылдың 12 желтоқсанынан бастап қазіргі «Жетісу» газеті «Көмек» деп аталды. Газеттің алғашқы санында «Жасасын, кедейлер өкіметі! Жасасын, бейнетшіл халық!» деген ұрандар басылды және бұл ұран газеттің әр санында кездеседі. «Көмек» сөзінің астында «саяси және қоғамдық мұсылман-түрік бұқараларының газеті» деген сөйлем бар. Бұл – газеттің бағыты мен бағдарын айқындайтын көрсеткіш. Газеттің алғашқы санында «Құрметті алашшылар назарына» және «Социализм ұғымы хақында» атта екі мақала қатар басылған. Алашорда үкіметінің мүшелеріне қаратыла айтылған сөзде ұлтшылдықтың түбінде ескі байлардың астамшылдығын көксеу идеясы жатқаны сөз болады. Әрі алашшыларды хандық дәуірді аңсаушыларға теңеп, еңбекшілдердің ісіне кедергі келтіретіндер деп сөгеді. Екінші мақалада ортақшыл биліктің артықшылықтары айтылады. Сауатсыз, саяси көзқарасы қалыптаспаған халыққа социализм терминін теориялық негізде түсіндіріп бағады.

«Көмек» газетінің де бас редакторы – Сабыржан Шәкіржан. Алғашқы басылымға қарағанда мұнда елді елең еткізетін өзекті тақырыпта мақалалар шыққан. Әр санының соңына көз жүгіртсек, бас редактордың аты-жөні мен «Алматыдағы «Жолдас» пошта телеграф киоскісінде хатталды» деген сөйлем кездеседі. Газет редакциясының мекен-жайы мен баспаханасы қатар көрсетіледі. Әрі аптасына екі рет басылып отырды.

«Көмек» газетінде «Телеграф хабарлары» деген арнайы айдар бар. Онда Жетісу өңіріндегі ірілі-ұсақты шаралардан бастап, әлемдегі жаңалықтар мол жазылған. Газетте стильдің қалыпқа түскені бірден байқалады. Атауы да ұзын-шұбақ емес, қысқа да нұсқа – «Көмек». Алайда басылымда татар тілі басым. Төрт беттен құралған. Сурет немесе фото атымен жоқ. Біртұтас төте жазу. Бір ерекшелігі – телеграф хабарлары «Жетісудың» қазіргі «Республикада», «Облыста», «Ауданда» және «Ауылда» деген тұрақты айдарларымен өте ұқсас. Берілу формасы да бірдей. Әрбір жаңалықтың тұсына ромб тәріздес қара белгі қойылып, газет көркемдік жағынан әдемі безендірілген.

Газет телеграф хабарларынан басқа үлкен екі тақырыпқа бөлінеді. Біріншісі – ресми бөлім, екіншісі – бейресми бөлім. Тұтас басылым осы екі атау бойынша жазылады. Мәселен, 1919 жылы ақпанда шыққан санында газеттің ресми бөлімін түгел «Барша түрік мұсылман басқарма комитетінің тоғызыншы нөмірлі протоколы» қамтыған. Сөз ішінде жиынның маңыздылығын: «Қарауға қойылған мәселелер әбден аса керек еді», – деген сөйлеммен келтіреді. Ал протоколдың қорытындысын «Ресми сөзде тоқтам қылынды» атты кішкентай тақырыпшада аз сөзбен түйіндейді.

1919 жылдың ақпандағы санында газет балабақшаны басты назарға алады. Мұндай өзекті тақырыпты көтерген мақала газет тарихында тұңғыш рет кездеседі. Сонымен бірге, газетте облыстық комитет төрағаларын былай қойғанда, «Министрлер назарына» деген арнайы айдармен мақалалар басылып отырады. Тағы бір артықшылығы – басылым тек әскери жарғыларды жариялай бермей, ақындардың өлеңдерін жарыққа шығарады. Тағы да сол ақпандағы санының бірінде «Көмек» газеті Хасамаладдин Қадабергенов есімді ақынның «Жер сағиы» атты өлеңін басады. Автордың астында Бішкек деген сөз бар. Демек, «Көмек» газеті тек Жетісу жеріне емес, көршілес қырғыз және өзбек жеріне де тараған.

Газетке деген халықтың сұранысы күн өткен сайын арта түседі. 1919 жылдың 23 маусымда шыққан санына қарасақ, алғашқы бетінде ерекше әріптермен мынадай сөйлем бірден көзге түседі: «Көмек» қызметінің бағасы артады. Бір жылға тоқсан сом. Жарым жылы – сексен сом». Газет бұрынғыдай мұсылмандыққа қатысты сөздерді айналып өтеді. Мәселен, 1919 жылдың тамызынан басылым «мұсылман-түрік» сөзі алып тастайды. Бұдан былай «қоғамдық-саяси бұқаралық газет» деген анықтамамен шығады. Кеңес билігінің діни идеологияға түбегейлі қарсы екені осы мерзімді басылымнан анық байқалады. Осыған дейін мұсылмандыққа қатысты айт пен ораза мейрамдарымен жұртшылықты құттықтап, жалынды сөздер жазу кілт тоқтатылады.

1919 жылдың тамыз айынан бастап «Көмек» сөзінің астындағы ұран сөз де айтарлықтай қысқарады. Тек қана «Жасасын, ортақшылық!» деген бір сөйлем қалған. Бұдан біз публицистикалық стиль ескеріліп, сөйлемдердің мағынасы мен мазмұнына терең мән берілгенін білеміз. Сондай-ақ, діни терминдерге шектеу қойылып, атеизмнің белең алғанын көреміз. Газетте әдеттегідей жаңа қоғам жиі өткізілетін съезд бірінші бетке жарияланып отырады. Жетісу уәлаятындағы ортақшылар құрылтайының қалай өткені, ұйымдастырылғаны, қорытындысы туралы жан-жақты талдап жазылған мақала өте құнды.

Басылым тек биліктің съезін жаппай жаза бермейді. Байқасаңыз, әдебиетке, мәдениетке, рухани азық алатын мазмұнды жырларға орын береді. Қызық жері – «социализм» сөзін ортақшылдық деп қазақша аударып басып отырған. Уақыт өткен сайын, қоғамда түйіні шешілмеген өзекті тақырыптар газет бетінде жиі жарық көреді. 1919 жылдың тамызында шыққан сандарында «Жетісудағы оқу және оқыту істері» деген тақырыппен бірнеше мақала жарияланған. Онда мектеп-медресе саны мен ондағы оқу ақысы кәдімгі кестемен көрсетіледі. Келесі бетінде әскерлер арасын жайлаған аштық, азық-түліктің жоқтығы ашық жазылады. Әрі басылым бұрынғыдай тұтас мәтіндерді баса салмай, әр мақаланың арасына халықтың даналық сөздерін келтіріп қояды. Елді еңбек етуге шақырған белгісіз автордың бір мақаласына «Харекет қылмай, берекет жоқ» деген қазақ мәтелін енгізген.

1919 жылы 15 қыркүйекте шыққан «Көмек» газеті «Бүтін дүниенің жұмысшылары, бірігіңдер!» деген жаңа ұранмен мақала бастайды. Бұрынғыдай «жасасын» сөзі кейінгі сандарында мүлде кездеспейді. Ресей, Мәскеу, Санкт-Петербург жеріндегі мәдени-экономикалық өзгерістер газет бетінен түспейді. Тіпті тұрмыстық бұйымдардың бағалары, халықтың шаруашылығына қажетті бұйымдар хабарлама ретінде жиі жазылған. Осы жылдың 5 қазанында басылған «Көмектің» бірінші бетінде «Жалпы тарихтан бір парша» атты тақырыппен елді елең еткізетін мақала бар. Мақалада қазақ тілінің тағдыры талқыланады. Осыған орай ауқымды жиналыс та өткізілген.

Газет бетінде күздегі санынан кейін «Түркістан агенттігі» деген сілтеме пайда болған. Ол Жетісу жеріндегі ақпараттарды толассыз басылым бетіне жариялап отырған тәрізді. Бесінші қазандағы санында Қалдыбай Абдуллин есімді жаңа ақын жарыққа шығады. «Бір қазақ қызының атасына айтқан зары» деп аталатын өлеңінде Қалдыбай әйел теңдігін жырлайды. «Көмек» газетінің бұдан былайғы санында үнемі жаңа ақындардың есімі жиі жарыққа шығып тұрады. 1919 жылдың 22 қазанындағы газетте Махмұт Қожықовтың өлеңі басылады. Айте кетерлігі, газеттің басты тақырыбынан әлі азамат соғысының операциялары арыла қоймаған. «Көмектің» осы санында «Семей шаһары қызыл әскерлер тарапынан алынды» деген үлкен тақырыппен бірінші бетке мақала басылған. Қуаныштың лебі ескен мақала авторлары – Садық Қарашев пен Қалдыбай Абдуллин.

Қарап отырсақ, «Көмек» газеті аз ғана уақытта қазақтың қоғамдық-саяси өмірінен бастап бүкіл мәдениетінен күнделікті ақпарат таратты. 1919 жылдың 4 ақпанда шыққан басылымда Ахмет Ғайналладинов «Қазақ жастары» деген мақала жазған. Мақала мазмұны – тұнған мәдениет. Қазақша қойылған спектакль туралы сөз болады. Автордың жазуынша, Алматының жастары бірігіп, жаңа мазмұнда қойылым ұсынған. Спектакль көрермендер тарапынан жоғары бағаланады. Сонымен бірге, газеттің осы нөмірінде «Ұшақ Ташкенттен ұшып келді» деген сүйінші хабарлама бар. «1919 жылы 1 сәуірде түскі 13:30-да ұшақ келді. Осыған дейін жұрт әне ұшады, міне ұшады деп жалған хабармен дүрліккен еді», – деп жазылған хабарламада.

Газет кейінгі сандарында ғылым мен білімге терең көңіл бөле бастайды. Бірінші ақпандағы санына Жұмәділ Төлеқабылдың өлеңі, Хамит Тақиевтің «Ғылым хақы» деген мақаласы басылады. Басылымның соңғы бетінде Ғабділхамит Ақынбайдың «Қалай заман?» атты жыр-толғауы орын алған. Онда сол кездегі қоғамның келеңсіз тұстары – ескі мен жаңаның арасындағы тартыс, алашапқын азамат соғысы, биліктің ауысуы, бостандық туралы жырланады.

«Көмек» 1920 жылдың 4 қаңтарынан бастап «Ұшқын» деп аталды. Алматыға төңкерісшіл азамат Д. Фурманов 1920 жылдың сәуір айында аяқастынан келеді. Ол бұған дейін Ташкентке Түркістан революциялық-әскери кеңесін және Түркістан өлкелік партия комитетінің өкілі ретінде қызмет атқарды. Ал Алматыда Д. Фурманов 3-дивизиялық әскери кеңесінін төрағасы болып тағайындалады. Жергілікті жағдаймен танысып, қызметіне кіріскеннен кейін, үш күн өткенде Д. Фурманов облыстық пен революциялық комитеттің 1920 жылғы 17 сәуірдегі біріккен мәжілісінде «Ұшқын» газетін түркістандық 3-атқыштар дивизиясының саяси бөліміне қарасты етіп қояды. Жаңа саяси басшы өзінің мақсатын «Ұшқын» арқылы жүзеге асыра бастайды.

Бұл газет те Сабыржан Шәкіржан мен Қалдыбай Абдуллиннің басқаруымен жарыққы шығып тұрды. Алайда Д. Фурмановтың тікелей араласуымен басылған газет бетінде Жетісу өлкесінің ауыл шаруашылығы мен өндірісі басты тақырыпқа айналды. Ондағы жұмыстың тоқырауына қарсы сөзбен рух беретін мақалалар басылды. Азамат соғысынан кейінгі күйзеліспен күрес газет бетінде қызу жүрді. Қызыл кеңес және әскери аппараттың жұмысын қайта құру, қазақ кедейлерінің көкейкесті мүдделерін қанағаттандыру, әсіресе, патша өкіметінің қудалауынан (1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне байланысты) Қытай жаққа өтіп кеткен, бірақ туып-өскен жерін қимай, Отанына қайтып оралған босқын қазақтарға жәрдем беру, еңбекшілер арасында саяси-ағарту жұмысын жүргізу – «Ұшқын» газетінің негізгі бағыты болып табылды.

Қазіргі «Жетісу» газетінің үшінші есімі «Ұшқын» жыл толмай тағы атауын ауыстырады. Бұл жолы ғасырлар бойы тұрмыс тауқыметін тартып, езілген елдің сөзін сөйлеу мақсатында газет «Бұқара» деп аталды. Газеттің редакторы көпшілікке белгілі есім – Исмаил Тайыров. Басылым 1921 жылдың наурыз айына дейін жалпы 17 саны ғана оқырманға таратылады. Мұндағы мақалалардың стиліне, жазылуына көз жүгіртсек, қазақ, татар және ұйғыр тілі аралас екені бірден байқалады. Алайда еңбекшілердің жаңа билігін құру жолында тағы да үлкен өзгерістер орын алады. «Бұқара» сөзі биліктің идеологиясын толық ашып бере алмайды. Сондықтан да, мерзімді баспасөз 1921 жылдың көктемінен бастап «Кедей еркі» деп ауыстырылады.

«Кедей еркі» газетінде үлкен жаңалықтар бар. Көзі қарақты оқырман атауынан-ақ кімдердің мүддесін қорғайтыны бірден білінеді. Мұнда жаңалықтар бұрынғыдай ресми, бейресми деп жіктелмейді. Оның орнына «Ішкі хабарлар» және «Сыртқы хабарлар» деген айдар басым. Ішкі хабарларда Жетісу жеріндегі жаңалықтарды түгел қамтиды. Ал сыртқы хабарда республика мен одақтас басқа мемлекеттердің елең еткізетін ақпараттары топтастырылды. Мәселен, 1921 жылы, тауық жылы жарық көрген санында ішкі хабарға үңілсек, Қапалдағы, Сарқандағы қазақ жастарының белсенді ұйымдары өткізген іс-шараларды желеулетіп жазып шыққан.

«Кедей еркінің» осы санында «Ескі тұрмысты қиратыңдар, жаңа тұрмысты орнатыңдар!» деген мақала басылды. Авторы – «Бір қарт». Тап күресін қоздырған мақала қоғамды еңбек пен жалған ұранға үндейді. Сөз мағынасына қарасақ, эмоцианалды тілдік бірліктер басым түседі. Сондай-ақ, газетте бірінші мамыр – татулық пен бірлік мерекесі алғаш рет басылады әрі кең көлемде тойланып өткені туралы жазылады. Осы санында «Құлдықтан құтылған күн» деген үлкен тақырыпта мақала кездеседі.

Газеттің 1921 жылдың 2 мамырында шыққан санында «Шығарушы – Қалдыбай Абдуллин» деген сөйлем бар. Демек, газеттің редакторы ақын Қалдыбай болған. Ал одан кейінгі сандарында газет редакторы – Ш. Шынасылов және Арабайұлы деген белгісіз есім көрсетілген. Жалпы бұған дейінгі газеттердің таралымы 1000 данадан аспайды. «Кедей еркі» газетінің таралымы 1600 дана деп көрсетіледі.

«Кедей еркі» газеті – апталық басылым. Тағы бір ерекшелігі – аралас тілде емес, таза қазақ тілінде жарыққа шықты. Газет – дәуірдің айнасы. «Кедей еркінің» 1921 жылғы № 13 санында бірінші бетке «Ашаршылықтан күйзелген әйелдерге көз салыңдар» және «Жылдамырақ аштарға жәрдем беру керек» деген көлемді екі мақала басылды. Бұл мақаладан сол жылдары ел ішін аштық жайлап жатқанын, қазақтар малдан жөн-жосықсыз айырылып, талқажау етерлік талшық таппай, қоңыз теріп кеткенін байқаймыз.

Газеттің 1921 жылы, 8 қыркүйекте таратылған санында Ілияс Жансүгіровтің сиясы кеппеген «Некешілдер» деген өлеңі басылыпты. Байқасақ, басылым бетінде қазақтың ата дәстүрі мен асыл дініне шабуыл жасалып, сықаққа алынады. Ескілікті сынау басым. Тіпті, осы санында молда-ишандардың арсыз қылықтарын газетке әшкере ететін «Жаназаға пара алған» атты мақала бар. «Кедей еркі» – қазақ даласын жайлаған 1920-1923 жылдардағы аштықты ашық жазған ерлігімен бүгінгі ұрпаққа өте құнды.

«Кедей еркінің» оқырман тарапынан ыстық ықыласпен қабылданғаны сонша, Семейде шығатын «Қазақ тілі» газеті өзінің 1921 жылғы 26-шы шілде күнгі нөмірінде: «Алматы қаласында шығатын Жетісу губревкомның һәм губерниялық ортақшыл партиясының «Кедей еркі» деген газетінің 8-9 сандары басқармамызға келді. Газет жұмасына бір рет шығады, сөзі қазақша, ұнамды, орташа көлемді. «Кедей еркі» жолдасымыздың өркенді, жемісті болуын тілейміз», – деп құттықтау жолдады.

1922 жылдың 18 тамызында қазіргі «Жетісу» газеті енді «Тілші» деген атпен таралады. Басылымның алғашқы санынан-ақ Жетісу өлкесін жаппай оба дерті жайлағанын білуге болады. Газет халықты аты жаман аурудан сақтандыру үшін әр санында кең көлемді мақалалар жариялап отырады. Қаптағай есімді бір журналист: «Жетісуға обе келді. Кеселханаға барып айтыңыздар», – деген тақырыпта сақтандыру мақаласын жазып шығыпты. «Тілші» газетінде айдарлар мен мақала тақырыптары мазмұнды. Қазақ тіліндегі сөйлемдер бір ізге түскен. Аралас сөздер, шұбарланған тіл мұнда атымен жоқ. «Тілші» атауының астында «Жетісудың облыстық төңкеріс комитеті һәм облыстық орталық партия комитетінің газеті» деген анықтауыш сөйлем бар. Таралымы қайтадан төмендеген. 1000 данамен шыққан. Апталық газеттің соңғы бетінде «Сәдуақас Оспанов – бас жазушы» деп беріліпті. Яғни, газеттің редакторы осы кісі.

«Тілші» газетінің қыркүйектегі санында «Бостандық торы» деген ертегі өлең басылды. Авторы – Мағатжан. Біздің топшылауымызша, Мағжан Жұмабаев болуы әбден мүмкін. Сондай-ақ, газетте «Тана баласы» деген автор өте көп кездеседі. Тана – Ілияс Жансүгіровтің арғы аталарының бірі. Яғни, құлагер ақын жасырын есіммен «Жетісу» газетіне жиі жазды деген сөз. Бұл басылымда да «Сыртқы хабарлар» және «Ішкі хабарлар» деген тұрақты айдар бар. Күзде шыққан саны түгел шегірткеге қарсы күреске арналыпты. Газеттен кеңестік биліктің саяси-идеологиялық насихаттары жиі беріліп отырады. Тағы бір айта кетерлігі – «Тілшіде» бүкіл қазақ қауымына танымал зиялы топтың шығармалары мен жаңа туындылары жиі жарияланады. Қоғам қайраткері Ораз Жандосовтың төңкеріс комитеті туралы мақалалары араға көп уақыт салмай, шығып тұрды.

Сәкен Сейфуллиннің «Азия» атты өлеңі де тұңғыш «Тілші» газетіне басылған. Сонымен бірге, бұл апталықта «Қайрақ», Қ. Қыдырбаев, Ғ. Насруллин және «С» деген авторлар ойға қонымды, өткір мақалалар жазады. Мақала тақырыптары кестеленіп, әдемі бояумен беріле бастайды. Әрі тұтас сөйлемдердің арасында ерекше ою-өрнекпен қазақтың байырғы аталы сөздері жарияланады. Мәселен, «Тілшінің» тамыздағы бір санында беттің қақ ортасында «Қанына тартпағанның қары сынсын» деп жазған да, астына «аталы сөз» деп бірауыз анықтама келтіріп қойыпты. Бір байқағанымыз – «Тілші» газетінен Алаш арыстарының иісі аңқып тұрады. Еңбекшілердің жалаң ұраны мен жиынның қаулылары сиреп, басылым ұлттық бағытқа қарай ойысқан.

Апталық 1922 жылдың 10 қыркүйегінде «Тана баласы» деген автордың «Тіршілікті сақтаудың жолы» атты мақаласын басады. Мақала бірден оқырманды баурап алады. Бірінші беттен бастап газеттің үштен екі бөлігін алады. «Біздің заман – алысқан, арпалысқан заман. Дүние жүзінде түрлі ұлт, түрлі патшалықтардың бір-біріне құрал көтерісіп, күштерін, әдістерін байқасқан заман. Өздеріңіз көріп отырсыздар. Үшқан құс, жортқан аңдарға дейін әлді-әлсізге бөлініп, үнемі бой таласуда. Өне бойы шайнасуда. Сондай-ақ, адам баласы да алысып, арпалысып келе жатыр», – деп басталады мақала.

Одан ары қарай тана баласы қазақтың бойындағы жалқаулықты сынайды. «Қояннан қорыққанымыз – қойдан жуастығымыздан. Болмаса, бұрын тимеген сыбағаны пайдалана алмағанымыз, әрине, өзіміздің жамандығымыз. Ал енді жалқаулықты, қорыққандықты қалдырып, тіршілікті сақтаудың, ауылшылықты қолдаудың уақыты жетті», – дейді автор сөз арасында. Байқағанымыздай, сөз иесі қазақтың көшпелі мәдениеттен тез арада отырықшылыққа ауысып, ауыл өркениетін дамытуды әңгімелейді.

«Тілші» газетінің күздегі санынан бастап Сара Есова есімді жаңа журналистің қолтаңбасы шығады. Оның алғашқы мақаласы «Жетісуда азық-түлік айы» деп аталыпты. Биліктің азыққа байналысты өткізген жиналысын жан-жақты талдап жазады. Күздегі санында апталық соңына «Нұсқаушы – Игоров» деген сөз қосылды. Демек, редактор Сәдуақас Оспанов осы санынан басқа қызметке ауысқан сыңайлы. Газетте билік тарапынан «Кеңес өкіметінің Жетісуда істейтін жұмыстары қандай болуы керек?», «Төңкерісшіл жастар және әйелдер» және «Әуелеген жастар жиылысы» деген тақырыптарда дүркін-дүркін мақалалар шығып тұрды. Белгісіз есімді журналист кейбір мақалаларының соңына «Сары Ілжін» деп автор белгілейді. Бұл – Сәдуақас Оспановтың туған жері. Кіндік қаны тамған Сары Ілжін өлкесін автор бүркеншік есім ретінде қолданған.

Апталық ауыл өміріне арналды. Кейінгі сандары Сара Есованың редакторлығымен жарыққа шығады. Газетте бұдан бөлек, белгілі ақын-жазушылар мен қоғам қайраткерлерінен А. Розыбақиев, Қалыбек Сармолдаев, Жұбаныш Бәрібаев, Ыдырыс Көшкінов, Исмаил Тайыров және Мағазы Масанчи бастаған журналистердің жазбалары басылды. Ал Ілияс Жансүгіров осы басылымда жиі өлеңдер мен мақалалар жазып, газеттің мазмұнды шығуына атсалысты. Көп ұзамай, апталықтың әдебиет және мәдениет жағын өз қолына алып, газеттің белді қызметкеріне айналды. Ол 1922 жылдың қараша айынан «Матай», «Ағын» және «Шолжық» деген лақап атпен жиі өлең, мақала жазып отырды.

«Тілшіде» тұңғыш театрдағы қойылым туралы жүрекжарды мақала жарыққа шығады. «Еңлік – Кебек» Алматыда» деп аталатын мақала авторы – Бөкейше. Мәдениет пен өнерге қалам тербеген автор Мұхтар Әуезовтің алғашқы драмалық туындысын жоғары бағалайды әрі рөлде ойнаған актерлерді де тізіп көрсетеді. Сара Есова кейіннен ресми түрде газет басшылығына тағайындалып, басылымның мазмұны мен идеясын еселеп арттырады. 1929 жылы Қазақстанның астанасы Алматыға ауысқан кезде, апталықтың маңызы бұрынғыдан да күшейеді.

– Жиырмасыншы жылдар... Ел өмірінде ұлан-асыр істер, Кеңес өкіметі үшін табанды күрестер болғаны мәлім. Қоғамдық дамудың мұндай сипаты Жетісу өлкесіне де тән еді. Ол кезде Жетісу облысына осы күнгі Алматы, Талдықорған, Бішкек, Қарақол және Нарын өңірлері түгел кірген. Осы айтылған облысты большевиктік сөзді насихаттайтын бірден-бір газет «Тілші» болды, – дейді Сара Есова 1968 жылғы «Жетісу» газетіне берген «Бел-белесте» атты сұхбатында.

Астаналық облыстың «Тілші» газеті – араб әрпімен шыққан ең соңғы апталық. 1935 жылдан бастап Жетісу өлкесінің жаршысы «Сталин жолы» деген атпен шықты. Латын әліпбиімен басылған газет қазақтың ең сындарлы кезеңінде басылды. Жаппай қуғын-сүргін, Екінші дүниежүзілік соғыс осы газеттің тұсында орын алды. «Сталин жолының» алғашқы санына Хасен Өзденбаев есімді қаламгер редакторлық етті. Одан кейін өзіндік қолтаңбасын қалдырып, газеттің жоғары деңгейде таралуына жазушы Жақан Сыздықов жауапты болды. Сонау 1919 жылдары жарық көрген көне «Көмек» газетіне мақала жазып, жақсы шығуына атсалысып жүрген Ораз Жандосов «Сталин жолына» да өз қолтаңбасын қалдырды.

«Сталин жолы» газетінің редакторы Жақан Сыздықов – әдебиетші, аудармашы әрі шабытты жазушының бірі. Ашаршылық жылдарын әшкерелейтін «Әлі қарттың әңгімесі» деген дастаны үшін қатаң қудалауға түседі. Сонымен бірге, ол Лев Толстойдың «Арылу» романын қазақша тәржімалаған. Газетте саяси қуғын-сүргіннен гөрі, елде жүріп жатқан құрылыс жұмыстары, мемлекет идеологиясы басым. Ауыл мен ауыл, аудан мен қала арасын жалғаған қара жолдардың құрылысы осы кезде жүрді. Сондықтан, басылым бірінші бетке биліктің құрылыс жұмыстарын мақтанышпен салып отырады. Ал 1937 жылдан кейін газеттегі бір топ қаламгерлер қауымының қатары сиреп, газет мазмұны тоқырауға ұшырайды. Іле-шала соғыс басталып, апталықтың аяқ алысы нашарлайды. Тек бесжылдық жоспардың асыра орындалғаны туралы мәліметтер үздіксіз басылып жатты.

Сұрапыл соғыс аяқталып, ел экономикасы көтеріліп, тың игеру қауырт іске аса бастағанда, Жетісу өлкесінің бұрынғы «Сталин жолы» газеті «Коммунизм таңы» деген атпен шығады. Бұл – 1953 жылдың соңы. Ал 1954 жылдың ақпанынан газет облыс халқына кеңінен тарайды. Газет негізінен партия мен үкіметтің қаулы, қарарларын, кеңестік съездердің шешімін, жеті жылдық жоспарды мерзімінен бұрын орындау жолында облыс еңбекшілерін ұйымдастыру шараларын жан-жақты насихаттады. «Коммунизм таңы» кирилл әліпбиінде жарық көре бастады. Араб, латын әріптері біржола тоқтатылады. Бұрынғыдай апталық газет мұнда енді жоқ. Аптасына алты рет басылып отырады.

«Коммунизм таңына» көз жүгіртсек, газет мазмұны АҚШ пен Кеңес өкіметі арасындағы техникалық бәсекелестікке толы. Газеттен капиталистік және социалистік қоғамның өзара жарысқа түскені бірден білінеді. Мәселен, басылымның 1959 жылдың 6 қаңтарында шыққан санына үңілсек, ғарышты игеру технологиясы туралы сөз қозғалады. Әрі ТАСС-тың хабарларын жиі береді. Әрбір сағат сайынғы жасанды жерсеріктің ұшу жолын баяндап, жариялап отырады. Ал басылымның жаңа жылдық санында «Салыстырып көрейік» деген айдармен «Бізде», «Оларда» деп ат қойып, сол кездегі редактор С. Жұмағазиев сара жолмен жаңа мақала жазады. Капиталистік елдердің артта қалғанын алға тартып, кеңес одағының қарыштап дамығанын мақтанышпен айтады. «Кеңес одағы өткен жылмен салыстырғанда, өнеркәсіп өнімдері он пайызға өсті. Жылдағы жоспарды мерзімінен бұрын орындады, – дейді редактор мақаласында. – АҚШ-тың өнеркәсібін экономикалық дағдарыс жайлады. Әрбір алтыншы адам жұмыссыз жүр ол елде. Бір жылдың ішінде жұмыссыздар саны он миллионнан асып кетті».

«Коммунизм таңы» 1959 жылдың 9 қаңтардағы санында қалың оқырманын жаңа айдармен таныстырады. «Еңбекшіқазақ ауданы, міне, осындай болады!» деген атпен әр ауданға айқара бет арнайды. Биліктің жеті жылдық жоспарына байланысты аудан тынысымен таныстыратын мақала өте қызықты. Журналистер мақалада аудан орталығы – Есік қаласын Алматының інісіне теңейді. Әрі ауданның Асы жайлауын мақтайды. Сонымен бірге, «Әр село, ар ауылда» деген мақалада аудандағы жүкті әйелдердің қиындықтары сөз болады. Алдағы жеті жылдықта сол шешілсе, әрбір ауылда болса деген мағынада оқырманның ойын ашық жеткізеді.

«Колхоз бен аудан орталығының арасы көш жер. Сонша аралықтан ай-күніне жетіп отырған әйелді машинамен әурелеген қандай қиын. Жол шіркін сайрап жатса бір жөн ғой», – деп қынжылады М. Досұлы есімді ауыл тұрғыны. Қорытындыласақ, атауы еңбекшілердің ұраны болғанмен, басылым ел ішіндегі кемшілікті жіпке тізіп, талдап көрсетіп, жөнге салып отырады.

1959 жылдың 18 қаңтарында «Редакцияға хат» деген айдармен «Сырт сәніне сенбеңіз» атты атышулы мақала басылады. Жазған автор – Досан Жанботаев. Кеген ауданынан келген. «Ауылдағы мәдениет ошағының бірі – кітапхана. Мұнда оқырмандар сирек кездеседі. Өйткені, кітапхананың ашық тұрғанынан жабық тұрғаны көп, – дейді мақала авторы. – Оқушылар ат басындай қара құлыпты көреді де, кітапхана маңына жақындай алмай жүреді. Кейде көзіңе сенбей, бара қалсаң, құлыпқа жапсырылған қағазды көресің. Онда: «Кілт бұрынғы орында, қажетті кітабыңды алған соң, орнына қайтадан тығып кет», – деп жазылған қағаз тұрады. Сәулетті селомыздың ішкі сыры осындай».

Газетте «Шет елдерде», «Физкультура және спорт», «Сүйікті астанада» (Мәскеу қаласындағы жаңалықтар туралы) тұрақты айдарлар әр күн сайын шығады. Бір жылдан кейін газет редакторы Ә. Қарағұлов болып ауысады. Аптасына алты, кейде бес рет шығу үрдісі жалғасын таба береді. Газет тек саяси-экономикалық тақырыптарды талқылай бермей, әдебиет пен өнерге кеңінен орын бөледі. Мәселен, «Мұныңыз ұят, Ипмағамбетов жолдас» атты мақалада М. Игісінов пен Л. Шуашбаев жиендік жасаған қаламгерді қатты сынайды. Авторлардың айтуынша, Н. Гогольдің «Өлі жандар» шығармасын Ипмағамбетов есімді жазушы Қадыр Тайшықовтан көшіре салған. Әдебиет алдындағы адалдықты қорғаған мақалаға газет бір бетін толық арнапты.

Жылдамдықты талап еткен газетте қаламы ұшқыр, ойы өткір журналистер қызмет етті. Бір қызығы, бас редактордың аты-жөні газет соңғы сандарына жарияланбай кеткен. Тек Қ. Қазыбаев деп аталатын бас редактордың орынбасары ғана қол қойып отырады. Бұл көрініс бірнеше жылға дейін созылып, ақыры басылым атауы «Жетісу» деп түпкілікті ауысады.

1963 жылдың сәуірінен бастап «Коммунизм таңы» атауы келмеске кетеді де, газет «Жетісу» деген атауға көшеді. Басылымның айдарлары мен мақалалары бұрынғыдан бірнеше есеге жақсарады. Әсіресе, шетелдегі жаңалықтарға көбірек көңіл бөліп, капиталистік елдердің дағдарыстарын жарыса жазады. «Жетісу» газетінің бесінші мамырдағы № 3 саны (1963) түгел капиталистік елдерді сынауға арналады.

1963 жылғы 10 шілдеде шыққан «Жетісу» газетінің бірінші бетінде: «Ескіліктің сарқыншағы етектен тартпасын» атты мақала басылады. Бірінші беттің төменгі тұсына: «Қаратұрықта ысырап көп», – деп үлкен тақырып қойылады да, мал шаруашылығындағы ысырап ашық жазылады әрі кінәлі адамдардың есімі де еш бүркенішсіз беріледі. Бұл жылдары «Жетісу» газеті көбіне «Астаналық облыстың тынысы» деген жаңа айдармен қызықты да тартымды мақалалар жиі жариялап тұрады.

ТҮЙІН:

Газет, біздіңше, өзінің бет-бейнесін жоғалтқан жоқ. Себебі, мерзімді басылым – ұлт рухын оятатын, халықты парасат пен мәдениетке, білім мен ғылымға, өркениет пен өнерге тәрбиелей алатын жалғыз құрал. Тарихы терең «Жетісу» газеті үшін де мемлекеттік саясат пен шығармашылық еркіндігі бәрінен басым. Ұлттың рухани тәуелсіздігін сездіру, халықты бірлік пен татулыққа шақыру, Қазақстанның «Мәңгілік Ел» идеясын кеңінен насихаттау – ата басылымның айтары болып қала бермек.

Қуаныш ТҰНҒАТАР