Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ЖАЗУШЫ ДУЛАТ ИСАБЕКОВ ТӘНЕКЕ БАТЫР ТУРАЛЫ МАҚАЛА ЖАРИЯЛАДЫ

Уақыты: 14.09.2021
Оқылды: 725

Қазақ тарихында аттары аталмай, аталса да тиіп-қашып аталып, бүгінгі таңда барша қазаққа әйгілі болып қалыптасқан тарихи тұлғалардың көлеңкесінде қалып келе жатқан батырлар мен ел билеген көсемдер, топ бастаған шешендер, елінің бостандығы мен тәуелсіздігін сақтау жолында жан аямай күрескен есіл ерлер қаншама! Еуразиядағы ең қуатты, ең айбарлы Алтын Орда империясы билеушілердің өзара таққа таласып, алтыбақан алауыздыққа ұшырауының нәтижесінде ыдырап тынып, одан қазақ хандығы бөлініп шыққан соң қазақ даласына әмірін жүргізбек болған сыртқы күштердің жан-жақты әрекеттері жыл өткен сайын күшейе түсті. Оның соңы Қытай мен Ресейдің Дешті-Қыпшақ даласын қазақтардан тазартып алу мақсатында қолдан бірігіп құрған Жоңғар мемлекеті деп аталған жасанды мемлекет пайда болуына әкелді. Қазақ халқының 250 жылға жуық өмірі осы Жоңғар шапқыншылығына қарсы күресумен өтті. Бір жағы жоңғарлар, екінші жағынан Қоқан хандығының қысымы, олар саябырси бастаған шақта Ресей империясының орыс-казак отрядтарынан құралған қарулы әскерлері бір бүйірден килігіп, қазақ халқының тоз-тозын шығарды. Оның ақыры "Ақтабан шұбырындыға" ұласып, қазақ халқының жер бетінен біржола құрып кету қаупі төнді. Біртұтас мемлекеттік құрылымы жоқ, тұрақты әскері мен қару-жарағы жоқ, ру-руға, тайпа-тайпаға бөлініп жатқан шашыраңқы қазақ қауымына біртұтас ұлт болып бірігу қажеттілігі туды. Қазақтың атақты үш биінің Ордабасыдағы әйгілі тарихи кездесуінен соң үш жүздің басы бірігіп, ортақ жауға қарсы жанқиярлық шайқасқа кірісті. Үш жүздің ханы болып Абылай сайланды. Ол исі қазақтың бәрін бір тудың астына біріктіріп, ашу мен ызаға, кек пен намысқа суарылған қазақ қолын жаумен бітіспес шайқасқа бастады.

Аңырақай түбіндегі шешуші шайқаста Абылай бастаған қазақ қолы тарихи жеңіске жетіп, одан кейін де болған қанды шайқастар барысында жоңғар әскерлері біржолата талқандалды. Үш ғасырға жуық қазақ даласына ойран салып келген Жоңғар мемлекеті тарих сахнасынан біржолата жойылып тынды.

Өзінің ата жауы – Жоңғар мемлекеті жойылған соң да қазақ даласына қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заман туа қойған жоқ. Ғасырларға созылған ұзақ соғыстан әбден әлсіреп шыққан қазақ қауымының қалған-құтқанын азын-аулақ күшпен-ақ оңай ойсыратып, өзіне біржолата бағындыру мақсатымен Ресей империясы енді бұл далаға бағышталған мүлде басқа саясат –  отарлау саясатын қолға алды. Қазақ даласының әр атырабынан бекіністер салынып, кейде қорқытып, кейде алдап-арбап Қазақстанның Ресейге «өз еркімен қосылу» саясатын жүргізе бастады. Ресейдің бұл саясатынан секем алған Шын империясы да қарап қалғысы келмей, өз территориясын Ұлы Қытай қамалынан өтіп, батысқа қарай кеңейте түсу үшін қазақ жерінің біраз бөлігін өзіне қаратып алуға тырысып, оқтын-оқтын шабуылға шығып отырды.

Қазақ халқының азаттық жолындағы ұлы шайқастары жеңіспен біткенімен сол жерді аман сақтап қалу жолындағы ірілі-уақтылы соғыс әрекеттері тынымсыз жалғаса берді. Ұлы шайқастарда қажет болған қол бастаған батырлар мен көреген көсемдер бұл шайқастарда да қажет болды. Соғыстың аты – соғыс. Бірақ, бұл соғыс Аңырақай шайқасындағыдай найза мен қылыштың соғысы емес, зеңбірек пен мылтыққа қарсы соғыс болды. Бір орталыққа бағынған біртұтас мемлекетінің жоқтығынан, тұрақты әскері мен милициясының болмағандығынан, үш жүздің ханы өзінше үш түрлі билік жүргізіп, бір ханға бағынғысы келмей ыдыраңқы билік үстемдік алып отырғандықтан қарулы әскерлерге қарсы тұра алмайтынын білген қазақ даласы бірте-бірте Ресей бодандығын мойындай бастады. Солай бола тұрса да бодандыққа қарсы бас көтерулер, кей жерлерде қанды қырғындар болып жатты. «Іш қазандай қайнайды, күресерге дәрмен жоқ» деген мақал, әсте, осындай кезеңдерде туса керек. Бодандықты амалсыз мойындай отырып, Ресей империясының саясатына мойынсұнғысы келмеген ел билеушілері ашу-ызалары керсеннің кенересінен асып төгілген шақтарында зеңбірекке қарсы найзамен қарсы шығып тұрған кездері де аз болмады. Және бұл соғыс екі жақтың бірінің жеңісімен немесе жеңілісімен біте салатын соғыс емес, айла-тәсілге құрылған, ұзаққа созылатын соғыс еді. Бодан болғалы тұрған халықты бірде зеңбірек дүмпуімен қорқытып мысын басып, бірде айла-тәсілмен, яғни, бүгінгі тілмен айтқанда, құйтырқы саяси-дипломатиялық келісім арқылы өз дегендеріне көндіру. Ендігі кезеңдегі шайқастарда жалаңтөс батырлықпен қатар ақыл-айла мен қулық, білім мен дипломатиялық тәсіл қажет болды. Қазіргі ауызға ілініп кеткен көптеген батырларымыз жайлы роман-поэмалар жазылып, оларға ескерткіштер қойылып жатқанмен олардың қай шайқаста, қай жерде, қай жылдары қандай ерліктер жасағандары жайлы нақты, бұлтартпас деректер жоқ немесе жоқтың қасы. Бар білетініміз – қалмақтарға қарсы жүздеген шайқастардың бірінде жойқын ерлік көрсеткен. Ал, бүкіл өмірі шытырман оқиғаға толы, аты-жөні мен атқарған істері белгілі ғалымдар мен шетел саяхатшыларының күнделіктерінде сайрап жатқан ТӘНЕКЕ батыр жайлы, оның көзсіз ерліктері мен көпсериялы көркем фильмге негіз болар оқиғалары жайлы баспасөз беттерінде де, тарихшылардың зерттеу еңбектерінде де, неге екені белгісіз, тым аз айтылады. Айтыла қалса да оның ел үшін жасаған ерекше еңбектерін еске де алмайды.

* * *

Қапал мен Арасан елді мекендерінің аралығындағы қара жолдың оң жағынан құлпытас көрінеді. Оның сәл аржағында кесектен соғылған ескі кесене тұр. Оның дуалдары құлап, мүжіліп біткен. Тек сұлбасы ғана бар. Бұл – біз сөз еткелі отырған Тәнеке батырдың моласы.

Тәнеке Досетұлы 1810 жылы туып, 1887 жылы 77 жасында қайтыс болады. Белгілі тарихшы Мұхаметжан Тынышбаевтың жазуы бойынша, Тәнеке Арғанаты тауының шығысына қарай орналасқан Тасқора жайлауында дүниеге келген. Тынышбаев өз шежіресінде былай деп жазады: «Қыдырәлі би 1807 жылы Лепсі уезінің Саратовка маңында дүниеден қайтты. Дәл сол жылы Тасқора шатқалында оның немересі Тәнеке батыр туылды». Ал жазушы Қалмұхан Исабаевтың «Өлке» баспасынан 2007 жылы шыққан «Патшадан шен-шекпен алған қазақтар» атты кітабында  «Досетов Тәнеке 1852 жылы «Анна ленталы алтын медальмен» марапатталғанын және 1854 жылы «Хорунжий» атағын алғаны туралы жазады. Осы кітаптағы дерек бойынша, ол 1810 жылы туылып, 1887 жылы қайтыс болады. Өзінің өлер алдындағы өсиетінде ол былай деген екен: «Сүйегімді Жыланды аралында қалдырмай, Баян-Жүректің етегіне жерлеңдер. Өлгенде Баян-Жүрек пен Сайын-Бөлекке қарап жатайын». Оның бұл аманаты орындалып, оның сүйегі өзі өсиет еткен Арасанға барар қара жолдың оң жағында жерленген.

Тәнекенің азан шақырып қойған аты – Нұралы. Бірақ, атасы Қыдырәлі бидің айтуы бойынша әрі Досет те ұлын жақсы көргендіктен оны «Дәнекерім» деп атап кетеді. Бұл есім айтыла-айтыла қысқарып, Тәнеке боп қалыптасады.

Тәнеке Досетұлы өз заманының аса дәулетті, беделді адамы болған. Атақты Омарбек пен Күміс қыздың айтысында Омарбек ақын: «Мың түйе, он екі мың жылқы біткен» деп тегін айтпаса керек.

Тәнекенің әкесі Қыдырәлі би он бес жасында ел билеу ісіне араласып, атақты Қазыбек бидің батасын алған деседі.

* * *

Қыс қыстау, жаз жайлау үшін қазақ арасындағы дау-дамай ешқашан бәсеңсіген емес. Әр рудың өз жайлауы, өз қыстауы болған. Ол жерге басқа рудың малын да, жанын да жолатпаған. Осыдан келіп, ру арасында қақтығыстар жиі болып тұрған. Оны тарихтан жақсы білеміз. Мал-жанының басы көбейіп, бұрыннан келе жатқан атақоныстары тарлық ете бастаған соң бір рудың, тіпті, бір атаның ұрпақтары басқа өңірге көшіп, ол жердегі басқа рудың иелерімен қақтығысып, оның ақыры дау-жанжалға, тіпті, барымта мен сойыл соғысына ұласқан. Арқадағы Нияздың қырық мың жылқы ішсе де лайланбас шалқар көлі үшін, Арғын руының Қаржас пен Күлік арасындағы Торайғыр көлі үшін қарулы қақтығысы, «Абай» романындағы атақты «Мұсақұл соғысының» түп негізі де жайлау мен күздеуге байланысты болды. Бірақ, олар бір-бірімен ат құйрығын кесісіп, біржола бет көрместей кетіскен жоқ. Даланың кемеңгер билері жер дауын әділ шешіп отырған.

Ру-рудың арасындағы жер дауы орыс отаршыларының қазақтың шұрайлы жерлерін зеңбіректің күшімен басып алып, өздерін қуаң далаға ығыстыра бастаған соң күшейе түсті. Бір жағы қытай, бір жағы орыс келімсектерінің қазақ даласын бірте-бірте бөлшектеуге кіріскен саясаты кезінде Тәнекенің елі мен жерін қорғау жөніндегі батылдығы мен батырлығы, алғырлығы мен саясаткерлігі ерекше көзге түсе бастады.

Рүстем төре біресе орысқа, біресе Қоқанға қатар қызмет етіп, Жетісудағы ең ірі рулар – Наймандар мен Жалайырларды бір-біріне шағыстырып, араларына от салып, қарулы қақтығыстарға соқтырды. Мұндай қорлыққа төзе алмаған ел азаматтары әр жерден қайта бас көтеріп, «не өлім, не өмір» деп жаппай атқа қонды. Осы хабарды естіген Рүстем төре олардың алдынан шығып, басын иіп кешірім сұрап, қателігін енді түсінген боп олардың басшыларын ақ шатыр тігіп қонақ еткісі келгенін айтады. «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» деген мақалды малданған аңқау қазақтар оның шақыруын қабыл алып, елдің бетке шығар алты азаматы ақ шатырға кіреді. Сол жерде матайлардың бес батырының бастары алынады. Ал, Тәнеке батыр амалын тауып қашып шығады.

* * *

Тәнеке батыр еліне келеді. Елінің бас көтерер еркек кіндігін түгел атқа қондырып, Рүстем төреге қарсы аттанады.

Барық батыр, бір дерек көздерінде Барақ батыр деп аталады. Олардың Рүстем төреге қарсы атқа отыруларына Рүстемнің бұдан бұрынғы сатқындық әрекеті себеп болған еді.

1847 жылы Рүстем төре Кенесарыны сатып кеткен-ді. Кенесарыға ант-су ішіп уәде берген ол жеме-жемге келгенде сарбаздарын ұрысқа кірісер алдында алып кетеді.

Осындай опасыздығы мен сатқындығы үшін әрі бейбіт жатқан Матай елін жазықсыз қанға бөктіргені үшін Тәнеке мен Барақ батыр бастаған сарбаздар тұтқиылдан шабуыл жасап, Рүстем төренің басын алады. Екі жаққа бірдей қызмет еткен Рүстемнің басы Қоқан хандығына жіберіледі.

* * *

1846 жылы орыс империясы Матай елін өзіне түгел қаратып алады. Осы жылы Тәнеке Досетұлы Матай мен Қапал өңірін басқаратын старшын боп тағайындалады. Оның бұл лауазымын көре алмағандар Омбы губернаторының атына оның үстінен арыз жазып, Тәнекені орнынан тайдырмақ болады. Омбыдан келген тергеушілерді Тәнеке нөкерлерімен шегарадан қарсы алып, қарамағындағы бүкіл елді аралатып шығады. Жалақорлардың арызы дәлелденбей, Тәнеке өз қызметінде қалады.

1846 жылы Кенесары ханның көзін жою жайлы Вишневский деген орыс шенеунігі Шұбарағаш-Ойжайлауда үлкен жиын өткізеді. Мұны олар өздерінше бүкілхалықтық съезд деп атайды. Солай атау арқылы Кенесарыны өлтіру – бүкілхалықтық шешім деп атамақ болады. Қазақтарды қорқыту үшін отряд бастығы зеңбіректен оқтын-оқтын оқ атып, елдің сұсын баспақ болады. Тәнеке батыр табан астында қалың қол жинап, оларға шабуыл жасамақ ниетін білдіріп, барлық сарбаз зор дауыспен «қаптағайлап» ұран көтеріп өтеді. Бұл жөнінде қазақ даласында айдауда жүрген поляк революционері, журналист Адольф Янушкевич өз күнделігінде былай деп жазады: «Тәнеке батыр жасақтарымен «Ер Қаптағай!» деп ұрандатып өткенде, зор айғай мен ат тұяқтарының дүмпуінен тау сілкінгендей әсер қалды».

Тәнеке батыр жасақтарының дүмпуінен жасқанған Вишневскийдің Кенесарыны жою жөніндегі съезі аяқсыз қалады.

* * *

Шоқан Уәлихановтың өмірін сақтап қалуда да Тәнекенің әрекеті ерекше. Шоқан Уәлихановты қазақтардың біраз бөлігі «шоқынған», «орыс өкіметінің жансызы» деп жазғырып, оны Қашқария сапарына бармақ боп жатқанда өлтірмек болады. Олардың бұл ниеттерін біліп қойған Тәнеке Шоқанды басқа жолмен – Сорқара арқылы Қапалға алып өтіп, оны ажалдан құтқарып қалады. Бұл оқиға жөнінде қарт журналист Сеймұхамет Мұхаметшин үлкен очерк жазған.

Қапал бекінісінің қай жерге салынуы керектігін Абакумовтың өтініші бойынша Тәнеке батыр көрсетіп берген екен. Бұдан түйетініміз – Тәнеке Жетісу өңірінің жер жағдайын да жақсы білген зерек адам болған.

Тәнеке батырдың ерлігі жайлы мына бір оқиға хатқа түсіп қалған. Ол жайлы Абакумовтың жоғарыға жазған рапортында егжей-тегжейлі баяндалады. Қапал уезінің Изренко деген бір басшы шенеунігі Тәнеке жоқта оның ауылына шабуыл жасап, елін тонап кетеді. Мұндай сұмдықты артынан қуып келіп хабарлаған шабарманнан есітіп, Тәнеке шұғыл түрде еліне қайтып келеді. Елін тонаған қырық шақты казак-орысты түгелдей жігіттеріне ұстатып, арқанмен матап байлатып, тыр жалаңаш шешіндіріп қойып «Жыланды сайдың» «Жыланды» деген өзегінде бәрін тірі жыланмен сабаттырады.

Бұл оқиға жөнінде «Тәнеке батыр. «Мамания» атты кітапта анық жазылған.

Атақты тарихшы-ғалым Ермұхан Бекмахановтың «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» деген кітабында Тәнеке батыр жайлы мәлімет бар. Кенесары хан інісі Наурызбайға Жетісудағы ел билеушілерімен және батырларымен жолығуға тапсырма береді. Сол жолы Наурызбай Тәнеке батырмен кездесіп, екеуі төс қағыстырып дос болады.

Кенесары әскерін қырғыздарға баратын төте жолға салған да Тәнеке батыр. Кейінірек, Кенесары қырғыздардың қолынан қаза тапқанда, Тәнеке мен Тауасарлар екі мың қол жиып, қырғыз еліне  барады. Қырғыздың Төрегелді деген манабын тұтқындап, оны аямай жазалап, Кенесарының кегін қайтарады (Төрегелді манапқа бара жатқан жолында басқа бірде-бір қырғыз еліне тиіспеген, сонымен қатар Тәнеке батыр қырғыздың Жантай манабымен дос болған, сондықтан қырғыз жеріне соғыссыз кіріп, тек кінәлі Төрегелді манаптың ауылын шапқан).

Тәнеке батырдың шыққан тегі жайлы мәлімет Санкт-Петербургтегі орталық архивте сақталған. Онда былай делінген: «Тәнеке – Қыдырәлі бидің немересі. Ал, өз әкесі – Досет би. Оның он екі мың жылқысы, мың түйесі бар, аса бай, дәулетті адам».

Бұл факт – Тәнекенің бүкіл Жетісу аймағындағы ең бай, ең дәулетті, ең беделді адам болғанын дәлелдей түседі.

Атақты «Біржан – Сара» айтысындағы Сара ақынның «Таласпас Тәнекенің жан бағына» деген өлең жолдары да оның ел ішіндегі ең беделді, ең дәулетті адам болғанын растай түседі.

Тәнеке Досетұлы – Жетісу өлкесінде ұлт-азаттық қозғалыстың туын көтерген қолбасшы ғана емес, елінің ертеңін ойлаған, халқына қамқор бола білген ірі қайраткер. Оған Тәнекенің Верный, Омбы генерал-губернаторларына, көшірмесі Санкт-Петербургтегі императорға жіберілген хаты куә. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік мұражайында аса құнды тарихи құжат сақталып қапты. Ол құжаттың аты – «Хорунжий Тәнеке Дүйсетовтің (Досетовтің орысша бұрмаланған түрі) жер дауы жайлы хаты». Хат арап қаріпімен жазылып, соңында Тәнекенің мөрі басылған. Ал, ол кезде император түгілі генерал-губернаторға тікелей хат жазуға ешқандай қазақ болыс-билерінің құқы да, батылдығы да жетпейтінін ескерсек, Тәнекенің бұл әрекеті көзсіз ерлікпен пара-пар еді.

Назарларыңызға сол хаттан үзінді ұсынайық.

«Аса жоғары мәртебелім! Менің қол астыма қараған Қаптағай елінің ежелден жаз жайлап, қыс қыстап жүрген Үшбүйен, Күреңбел, Салқынбел, Қызылағаш, Шыңбұлақ, Көшкентал, Алтай, Ақешкі, Қопалы, Үшқопалы, Ащыбұлақ, Ақадыр, Қарамола сияқты шүйгін, шұрайлы жер-суым Қапал жерінің атаманы Абакумовтың көмегімен жергілікті халықты орыс әскерлері зорлап, тонап, Балқаш көлінің маңындағы құмға айдап жіберген, дей келіп, Тәнеке хатты былай тұжырымдайды: Сонымен, бұл мәселені өзіңіздің ұлық-мансапты құзіретіңізден жоғарыда аталған жерлерді өз қоластыма қайтарып беруге бұйрық беруіңізді сұраймын. Матай, Қаптағай елінің волостной хорунжиі Тәнеке Досетұлы, мөрімді бастым. 1857 жыл».

Тәнеке батырдың бұл өтініші ескеріліп, жоғарыда аталған жер-су түгелімен өз иелеріне қайтарылып беріледі. Тәнеке батырдың туыстары Қалқабай, балалары Маман, Тұрысбектер Қопалы, Үшқопалы, Сүттіген, Баян-Жүрек, Күреңбел, Салқынбел, Балықты сияқты құнарлы жерлерге орналасып, Маман ұрпағының дәулеті тасып, баюы осыдан басталады.

Ресей билеушілерінің осы аталған аймақтарды Ресей құрамына өз еріктерімен кіргізуге арналған съезд-жиындары ылғи да Тәнекенің қарсылығына ұшырап отырды.

Тәнеке батыр орысқа бодан, кіріптар болғысы келмеді. Алайда, күштінің аты – күшті. Найза мен қылыш, сойыл мен шоқпар зеңбірек пен пулеметке қарсы тұра алмады. Сөйте тұра патша өкіметі Тәнекенің тілегін ылғи да орындап отырды. Осы жерде заңды сұрақ туады.

Орыс бодандығын Жетісуда ең соңғы болып, амалсыздан қабылдағанына қарамастан орыс билеушілері оның көзге ұрып тұрған осы қарсылығына неге кешіріммен қарады? Орыс отрядын түгелдей тыржалаңаш шешіндіріп, оларды белағашқа байлап қойып тірі жыланмен сабаттырғанына неге көз жұма қарады? Бір мұжықты сабаттырғаны үшін итжеккенге айдалып кеткен болыс-билер қазақта аз болып па еді? Жазалаудың орнына орыс билеушілері Тәнекені неге қолпаштап, қолдап отырды? Не үшін оны Жетісудағы ең үлкен екі аймақтың басқарушысы етіп тағайындап, оған не үшін «Хорунжий» атағын беріп, «Алтын ленталы Анна» медалімен марапаттады?

Түптеп қарасақ, мұнда да орыс билеушілерінің үлкен саясаты жатқанын көреміз. Біріншіден, Тәнеке Матай, Лепсі, Қапал аймағында өте беделді адам еді. Екіншіден, ол көптеген болыс, старшындар секілді мансап қуған шолақ ойлы билеуші емес, оқыған, көзі ашық, саясаттан хабары мол әрі ата-бабасынан бері ел билеп келе жатқан текті әулеттің тұқымы болды. Оның үстіне, Тәнекенің халық арасындағы беделін де ескермеуге болмайтын еді. Үшіншіден, Қытайға шығатын жалғыз жол Қапал арқылы өтетін. Ал, Жоңғар қақпасына апарар жол Баян-Жүрек арқылы өтетін. Баян-Жүрек Тәнекенің атақонысы, тұрған жері болатын. Тәнекенің рұқсатынсыз Ресей Қытайға өте алмайтын. Төртіншіден, өзіне бәсекелік танытып, орыс әскерлерімен ылғи да қақтығысып жүретін Қоқан хандығының Жетісу жеріндегі ықпалына Тәнеке батыр қарсы шығып, Рүстем сатқынның басын алуы болды. Бесіншіден, Ресей өкіметінің тапсырмасымен Қашқарияға бара жатқан Шоқан Уәлихановты Тәнеке батыр ажалдан аман алып қалды. Алтыншыдан, өзінің қол астына қарайтын аймақтан Тәнеке батыр Қытай келімсектерін түгел қуып шығып, шегарадан бірде-бір қытай адамын өткізбеді. Оның үстіне  Балқаш көлі маңында пайда болған кісі жегіш жолбарысты өлтіріп, оның екі күшігінің біреуін Тәнеке батыр топограф Нифантьев арқылы генерал-губернаторға сыйға тартады, ал ол болса бұл күшікті ақ патшаға сыйлайды.

Міне, осындай себептермен орыс империясының билеушілері Тәнекенің өздеріне тиімсіз көптеген «қателіктеріне» көз жұма қарап, оның тілек- арыздарын қанағаттандырып отырды.

2003 жылдың 12 ақпанында сол кездегі Парламент Мәжілісінің депутаты Жекен Қалиұлының «Тәнеке батыр» атты кітабының тұсаукесері өтті. Тұсаукесер рәсімі Талдықорған қаласындағы Жетісу мемлекеттік университетінің акт залында өткізілді. Тұсаукесер салтанатына облыстың зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, тарихшылар жиналып, бұл еңбектің құндылығын атап өтті.

Тұсаукесерге Тәнекенің бүгінгі ұрпақтары да қатысты (Тәнеке атаның он алты ұлы болды, солардың ішінде ХХ  ғасырда тарихта есімдері қалғаны: Есімбек, Разбек, Қожабек. Қожабек Тәнекеұлы, Ишмухамбет Есімбекұлы, Сұлтанбек Разбекұлы 15.02.1931 жылы «Бөрібай көтерілісіне» қатысқан әрі ұйымдастырушылары ретінде тұтқынға алынып, 1931 жылғы 31-ші наурызда ОГПУ-дің үштігінің үкімімен, РСФСР Қылмыстық кодексінің 52-бабының 2-тармағымен ату жазасына бұйырылған).

Тәнекенің немересі – Жармұхамбет Разбекұлы. Ал, Талдықорған мен оның төңірегінде Жармұхамбетовтер көптеп кездеседі. Олардың арасында белгілі ғалымдар, саясаткерлер, жоғары оқу орындарында ұстаздық етіп жүрген мұғалімдер, Кеңестер одағына аты әйгілі спорт шеберлері де бар.

Тәнеке батыр жайлы айтылар жайттар бір мұнымен бітпейді. Оның өмірі шытырман оқиғаға, қайшылыққа да толы. Қытай мен Ресей, қала берді Қоқан хандығының үш бірдей қыспағында ел билеген Тәнеке батырдың ерлікке толы ғұмыры романдар мен поэмаларға, тіпті, көп сериялы көркем фильмге де арқау боларға тұрарлық.

Бұл деректі әңгіме сол болашақ туындылардың бір парасы ғана.

Дулат ИСАБЕКОВ,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Сурет ғаламтордан алынды