Алаш айдынындағы аққу

Уақыты: 25.08.2017
Оқылды: 2116
Бөлім: ТҮПСАНА

Жазықтағы шыбық тәріздес жусанның иісі мұрын жарады. Танауды қытықтаған қышқыл иіс біразға дейін көшке ілесіп барып, артта қалды. Фатима қорқынышты болса да әкесін көргендіктен азанғы түсін әлсін-әлсін есіне түсіре берді. Бәйгетөбемен үлкен зираттың қасына жақындағанда жүрегі алып-ұшып, сыздай бастады. Әкесі Зейнолланың тас­тан қаланған төрт құлақты мазары көрінгенде ыстық жас бетін қайта жуды. Әпкелері өздері түсіп, қоярда қоймай оны арбаға отыр­ғызды. Бәрі үнсіз. Тек, Құприжамал ақырын «Фатиха» сүресін оқи бастағанда жасын тыйып, іштей аятты қайталауға кірісті. Құран оқылып болған соң жусан иісімен бірге артында қалып, ұзап бара жатқан әкесінің мазарына, туған Қапалына жау­таңдап қарай берді, қарай берді. Баянжүрек тауы алыстағанда тағы да көзіне ыстық жас келді. Фатима Ғабитова Қапалдағы әкесінің қара шаңырағымен ғана емес, еркін өмірімен, балалық шағымен де қоштасты. Ауылының таза ауасын, әкесінің қара шаңырағын ұзақ көрмей сағынарын ол әлі білген жоқ.

Жаяу-жалпы Ақсу қаласына жеткен Ғабитовтар әулеті көпшілікпен бірге аса ауыр күндерді басынан кешірді. Олар ессіз қалған бір қораны тауып, сонда күнелтті. Әйтеуір білімді Фатимаға жұмыс табу қиынға соқпады. Бірден Қапалдағы татар мектебінен таныс Біләл Сүлеевтің көмегімен енді ашылған қазақ-орыс мектебіне мұғалімдікке орналасты. Ал қыс түскенде тамағы-киімі жоқ, арбаның астында күн көрген босқындардың көбі өлді. Әсіресе жас балалар шыбынша шетінеді. Сол күндерді 15 жасар Фатима Ғабитова:
Адам тұрмас соқыр тамда тұрамыз,
Туысқанның баршасынан адамыз.
Тәннен егер ажыраса жанымыз,
Көмусіз де қаламыз деп ұғамыз, – деп суреттеген.
1919 жылы Қапал, Арасан, Төсбекет қалалары толығымен қызылдардың қолына өтіп, босқындар көбейе түсті. Ақсу қаласындағы ақтарға, Сібірден сырғып шегінген атаман Дутовтың қалың әскері келіп қосылды. Жергілікті халық екі оттың ортасында қалды. Қаптаған қалың әскер күнкөріс, сойыс малын қырдың қазақтарынан берсе қолынан, бермесе жолынан алды. Ел тоналып, тегеурінге шыдай алмай бастары ауған жаққа тарыдай шашылды. 
Аласапыран заманның өзінде мағыналы, қайнаған өмір болды. Көзі ашық, ұлтшыл азаматтарға сын сәті туды. Қазақ даласы жойқын материалдық және рухани тоналуларды басынан кешіре бастады. Дүниенің дүрбелеңі Жетісу жерін де сергелдеңге салды. Ұлттық ерекшеліктердің жойылуымен бірге, қазақтың жан дүниесіне кембағалдық мінез орныға бастады. 
Ұйқыдағы халқын оятқысы, олқылықты түзеткісі келген Алаш зиялылары өкіметтің түр-түсіне қарамай алдарына оқу-ағартушылықты басты мақсат етіп қойды. Мектептер ашты, бала оқытып, келешекке жол салды. Жетісу жерінде де ұлтының болашағын ойлаған, жоқтан бар жасап, алға ұмтылған білімді азаматтар аз болған жоқ. Олардың көш басында қапалдық Біләл Сүлеев тұрды. Біләл Сүлеев Түркия, Мысырда оқып келген Ғазиз Мусин, Файзырақман Жавгандаров сияқты ұстаздардың алдынан «Мамания» медресесінде білім алуды бастап, Уфадағы «Ғалия» медресесінде оқуын жалғастыр­ды. Орынбордағы мұғалімдер семинариясында оқып жүргенде «Қазақ» және татарлардың «Шура», «Уақыт» газеттеріне «Матай», «Қапшағай» деген лақап атпен мақала жариялап тұрған. Осы жылдары Алаш зиялыларымен өте жақын араласып, ел қамын ойлады. 
Біләл Сүлеев 1916 жылы оқуын тамамдап, Әлихан Бөкейхановтың ақылымен қара жұмысқа алынған қазақтарға мыңбасы болып Бірінші дүние­жүзілік соғысқа қатысады. Татар, башқұрт, орыс тілдерін жақсы білетін ол қара жұмысқа барған орыс тілін білмейтін қазақ жігіттеріне жанашыр, қорған болды. Нәзір Төреқұловпен бірге Әлихан Бөкейхановтың тапсырмасымен қара жұмыстағы қазақтардың арасында жасырын «Кең дала» ұйымын құрды. Жастарды рухтандырып, азаттық үшін күреске баулыды. Ресей империясы құлап, Уақытша өкімет құрылғанда Алаш идеясын насихаттап, халыққа қамқорлық жасау үшін Жетісуға оралды. Ал Нәзір Төреқұлов Хиуаға, Мұстафа Шоқай Қоқанға, Санжар Аспандияров Ташкентке кетті. Қапал қаласындағы татар мектебінде ұстаздық қызмет жасап, оқу ісін басқарды. Сол жылы мектепті бітіріп, мұғалімдікке қалдырылған өрімдей, отты көзді Фатима Ғабитовамен танысады. Қапалдан Ақсуға большевиктерден қашқан көпшілік ішінде Біләл Сүлеев те болды. Ол Ақсу қаласына келісімен «Кедей комитетін» құрып, азып-тозып ашыққан қазақтарға көмектесті. Беделінің арқасында қырдағы найман руларының басын біріктіріп, қала халқын азық-түлікпен қамтамасыз етуге үлес қосты. Өзі жұмыс істейтін қазақ-орыс мектебіне қазақтың оқыған жастарын шоғырландырып, ел мүддесін қорғай бастайды.
Біләл Сүлеевтің көпшілік арасындағы беделі, ұлт­шылдығы атаман Анненковтың Жетісудағы оң қолы, генерал Щербаковқа ұнамады. Ақтың генералдары билеп-төстеп қалған отаршылдық пиғылдарына салып, қазақтармен санаспады, «Кедей комитеті» жұмысына кедергі жасады. Бұндай отаршыл саясатпен «Кедей комитеті» төрағасы алашордашыл Біләл Сүлеев те келіспеді. Жай қырғи-қабақтық шиеленіске жетті. Ақсу қаласын азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырған Матай руының байлары да патша генералдарымен қарым-қатынасын үзді. Ең арты қатардағы әскерлер мен казактар беделі күшті Біләл Сүлеевті қолдады. 
1919 жыл Фатима үшін ерекше жыл болды. Ол Біләл Сүлеевтей халықшыл, білімді азаматқа тұрмысқа шықты. Күйеуіне ер-азамат, қамқоршым деп үлкен сый-құрметпен қарады. Дүниеге Фарида атты кішкентайлары келді. Бірақ олардың қуаныш-қызыққа толы, бақытты күндері ұзаққа созылмады. Ақсу қаласындағы ақтың генералдарымен «Кедей комитеті» арасындағы саяси теке-тірес айлап емес, күндеп күшейе түсті. Кешегі одақтастар бітіспес жауға айналды. Ақтың генералдарымен тіл табыса алмаған Біләл Сүлеев ақтың бір полк әскерімен Кеңес өкіметін мойындап, қызылдардың жағына шықты. Ал жас босанған Фатима Біләлдің туыстары тұратын Сөретөбе ауылына барып жасырынуына тура келді. Бұл он жеті жасар Фатиманың екінші рет жан сауғалап босуы еді. Бірінші ретінде қызылдардан бай-көпестің қызы болғаны үшін қашса, екіншіде Біләл Сүлеевтің әйелі болғандықтан ақтардың қолына түспеуге тырысып, құндақтағы қызымен бой тасалады. Екі-үш ай тыныс алды. 1920 жылдың көктемінде Сөретөбеге Қытайға қашып бара жатқан ақтардың әскері жақындап қалды. Фатима Ғабитоваға тағы да алдына бесікпен өңгерген баласы бар, түйе жетектеген қайнысы Мүбаракпен үшінші рет босқындықты басынан өткізуге тура келді. 
...Ел тынышталды. Кеңес өкіметі орнады. Біләл Сүлеевтей жары бар Фатима Ғабитова қызу қайнаған жаңа өмірге араласып кетті. Әкесі Зейнолла Ғабитов бардағы бақытты күндерін қайта сезінді. Бала өсірді, ұстаздық етті, өзі қатарлас құрбыларының алды болды. Әсіресе, 1922 жылы жары Біләл Сүлеевке тірек болып, Жаркент қаласында «Түркі қыздар» мектебін ашқан күндерінде өзін аса бақытты сезінді. Халқының кәдесіне жарап, елге сіңірген еңбегінің нәтижесін көргенінен күш-қуат, нәр алды. Оқу-ағарту жұмысы ерлі-зайыпты жандарды жақындата түсті.
Біләл Сүлеев  асқан ақылды, келешекті терең болжайтын, ұлты үшін жанын бере алатын азамат еді. Абайды пір, ұлттық рухтың символы санаған Алаш зиялыларының қатарында болды. Абайша ойлау, Абайша ұлтын сүю, оның талантына тәнті болған Біләл Сүлеев Қапал қаласындағы татар мектебінде оқып жүрген кезінде-ақ ақын шығармаларын көпшілік жұртқа таныстырған. Ол Жетісуда оқу-ағартушылық қызметпен айналысты. Ауылдарда екі жылдық бастауыш, аудандарда жетіжылдық,  облыста тоғызжылдық орта мектеп ашты. Бұл мектептердің барлығында жатақхана болды. Мектептерде орыс тілін оқу жақсы жолға қойылды. Біләл Сүлеевтің бұл әдіс-тәсілдері қазақ жастарының ешбір бөгетсіз Кеңес одағының барлық қаласындағы жоғары оқу орындарына түсіп білім алуына мүмкіндік берді. Бұл жылдар Біләлдің бар таланты жан-жақты ашылып, ұлтына жасаған еңбек еткен жылдар болды. Осы жетістіктерге жетуіне Фатиманың алатын орны ерекше. 
Фатима Ғабитова оқу-ағартушылық қызметімен бірге заманының талабына сай әйел теңдігін насихаттады. Анна Ахматова, Марина Цветаеваларға еліктеп өлең жазумен бірге әдеби салон ұйымдастырды. Біләлдің үлкен үйінен қонақ арылған емес. 1920-1928 жылдар аралығында Алматы мен Қызылорда да тұрған кездерінде қазақ зия­лы қауымының жиналып бас қосатын жері Фатима Ғабитованың ұйымдастырған дастарқаны болатын. Ахмет Байтұрсынов, Смағұл Сәдуақасов, Сәкен Сейфуллин бәрі де кеш болса Фатиманың жасаған бәліш, тұш, самсаларын татып, шер тарқатып сыр шертіседі, газет-журнал беттерінде жарияланған дүниелер жөнінде әңгіме қозғайды. Ол кездегі тәртіп бойынша газет-журнал бетіне шыққан мақалалар бүркеншік атпен жазылатын. Бірақ жұрттың бәрі де оның кім екенін жақсы білетін. Фатиманың сол кездегі жүріс-тұрысы, көз тартар көркемдігіне Алаш зиялыларының бәрі де тәнті болған. 
«Тағдыр қалап егер де,
 Жүз көз берсе құдірет,
Жүзі де сізге қарар еді», – деп Ахмет Байтұрсынов өлең жолдарын арнаса, Міржақып Дулатов бір сөзінде: «Өз өмірімде көрген сүйкімді, сұлу – Біләлдің әйелі», – деген.
Сүлеевтер отбасы 1928 жылы жұмыс бабымен Ақтөбе қаласына көшті. Бұл Фатима үшін соқпағы көп, сындарлы жылдар болды. Ақтөбеде Алматы мен Қызылордадағыдай зиялы қауым ортасының болмауы, ұстаздық мамандығына сай жұмыс істемеуі оған қатты әсер етті. Әсіресе күйеуінің газет-журнал беттеріне өлеңдерін жариялатпауы көңілін құлазытып, еңсесін түсірді. Еркін сезініп, зиялы қауым ортасының көркіне айналған адамды күнделікті тіршіліктің күйбеңі кібіртіктетіп, тынысын тарылта берді. Өкімет жұмысына толығымен берілген Біләл да отбасына, жаны жүдей бастаған сүйікті жарына уақыт тауып, көп көңіл бөле алмады. 
Оқу-ағарту министрі Смағұл Сәдуақасов 1929 жылы Біләл Сүлеевке Орынбор мен Ташкент қалаларындағы Қазақ мұғалімдер институттарын Орал мен Семей шаһарына көшіруді жүктейді. Қиыншылығы көп, мүмкіншілігі жоқ кезеңде институттарды көшіру, мұғалімдерге пәтер тауып беру Біләлдің бар уақытын алды. Айлап үйінде болмады. Отбасы жайына қалып, олар өз күндерін өздері көрді. Шаңырақ шайқатылып, іргесінің жігі ашылайын деді. Ең қиыны таудан домалаған тастай Біләл Сүлеев пен Фатима Ғабитованың араларындағы ыстық сезім өше бастады. Жығылғанға жұдырық, тұңғыш қыздары Фарида 1930 жылдың 15 қаңтарында кенеттен қайтыс болды. Сол шақта Біләл Сүлеевтің шаңырағын қайғының қара бұлты басты. 
Тұңғыш перзенттері, отбасының көзайымы Фариданың қайтыс болуы Біләл Сүлеев пен Фатима Ғабитованың араларын біржолата ашты. Фатима Фариданың қайтыс болуымен бірге Біләлға деген сезімі сөнсе де отбасын тастамады. Қанша түсініспестік болғанымен ерінің шаңырағын шайқалтқысы келмеді. Ұлы Жәнібегін бауырына қысып, суық үйде жатып, тығырықтан шығар жол, жан дүниесінің жарасын жазар амал іздеді. Сүйеніші де, тірегі де кішкентай Жәнібегі жай ауыра қалса да, өзі де денесі қалтырап бірге ауыратын болды. 
1930 жылы Біләл Сүлеевтің отбасына жұмыс қажеттілігімен Ақтөбеден Орынборға, Орынбордан Оралға, Оралдан Ташкентке, Ташкенттен Семейге көшіп жүрулеріне тура келді. Фатима Ғабитова аяғының ауырлығына қарамастан жұбайымен бірге жүрді. Ерсілі-қарсылы көшудің ауыртпалығынан, мезгілді күнінен бұрын дүниеге Азат деген сәби келді. Бірақ жас нәресте де қазаның қайғысын, жанның жарасын жаза алмады. Сол жылдың тамыз айында Семейдегі мүғалімдер инс­ти­тутына ректор болып тағайындалып, енді жұмысқа кіріскен Біләл Сүлеев «халық жауы» ретінде ұсталды. Бірден Алматы қаласындағы түрмеге қамалды.
Бұл ХХ ғасырдағы қазақ зиялы қауымына қарсы ұйымдастырылған «Қызыл қырғын» науқанының басы еді. Осының алдында «Торғай ісі» ұйымдастырылып Жүсіпбек Аймауытов ұсталды. 1930 жылдың 21 сәуірінде Мәскеудегі Бутырка түрмесінде Ж. Аймауытов, Д. Әділов, Ғ. Бірімжанов, А. Жүсіпов төртеуі ұлтын сүйіп, соған қамқор болғаны үшін атылды. Елді үрей биледі... 
Ажал мен апат қашан айтып келіп еді?! Біләл Сүлеевтің «халық жауы» деп ұсталуы Фатима үшін аспан айналып жерге түскенмен бірдей болды. Елім-жұртым, халқым деп күн-түн демей маңдай терін төгіп жүрген азаматтың «халық жауы» атануы үш ұйықтаса да түсіне кірмейтін жайт еді. Бесікте құндақтаулы баласы бар,  Семей қаласында жалғыз, қорғансыз қалған Фатима Ғабитова НКВД-ның қоқайын көре бастады. Үйлері тінтіліп, Біләлдің қолжазбалары түгелдей тәркіленді. «Халық жауының» әйелі ретінде жауап алынды, арандатушылықтар жасалды. Семей қаласынан кетпей, жұма сайын НКВД-ға барып, белгіленіп тұруға міндетті болды. НКВД-ның жаналғыштары Кеңес өкіметін жақтап, күйеуін қаралауға итермеледі. «Балаларыңды ойла, халық жауынан не пайда бар? Алматыңа, туыстарыңа кеткің келсе Біләл Сүлеевтен бас тарт та, оның өкіметке қарсы әрекеттер жасағаны туралы жаз», – деп қысым жасады. Бірақ, өр мінез, таза жанды Фатима күйеуімен аралары қанша суыса да, күні үшін опасыздыққа бармады. Қиындығына көніп, істің артын тосты. Біләлдің ақтығына сенді. Сол күндерді күнделігінде былай жазды: «1930-шы жылдың октябрі. Семейдемін. Жат жер, шет ел. Жанашыр жақын жоқ. Жалғыз өзім. Есігімнен ит бақпайды, тереземді жел қақпайды. Жаныма жан жууға қорқады, өйткені, мен саяси айыпкердің әйелімін».
Біләл Сүлеевтің абақтыдағы тергеу жұмысы екі жылға созылды. Фатима Ғабитова екі жыл Семей қаласында НКВД-ның бақылауында болды. Біләлге тағылған айыптар дәлелсіз болып, ол 1932 жылы ақталды. Тек Қазақстанда қалып, қызмет істеу мүмкіншілігі шектелді. Бүгін жабылған қылмыстық істің қайта ашылмасына кім кепіл?! Біләл Мәскеуге жер аударылған досы Смағұл Сәдуақасовтың қасына баруды ұйғарды. Онда Әлихан Бөкейханов, Нәзір Төреқұлов­тар бар еді. Фатима Ғабитова Алматыда қалды. Олар ырду-дырдусыз, өзара келісімдерімен айырылысты. Үлкен ұлдары Жәнібек әкесімен Мәскеуге кетіп, кіші ұлы Азат Алматыда анасымен қалатын болды. Өтпелі өліара, қатыгез заманның дауылы зиялы отбасының керегесін сындырып, шаңырағын ортасына түсірді. Бұл Фатима Ғабитованың өміріндегі ең бір ауыр,  жылдар еді...
Өмір – өзен. Оның ағысы бірде қатты, бірде ащы, енді бірде тұщы. Фатиманы өмірден өзінің өзгеше жолын іздеуі отбасының күйреуіне әкелгені көп ойландырды. Сыртқа шығармағанымен іштей жан азабын тартты, қиналды. Өмір жолының тағы бір қилы көпірге кезіккеніне көзі жетті.
Сөнген сезім, қайтадан жан бітіп қызуланса да әкесімен кеткен Жәнібегін ойлаумен болды. Ағайын, тамыр-таныстардың «мысықтары» орынды-орынсыз «мияулай» берді. Дос-жарандардың көздері тайқыды. Қасында махаббат отына жанып Ілияс Жансүгіровтей өзін сүйген азамат жүрсе де артына қарайлай берді. Ұлын сағынып, жаңа өмірге толығымен бой ұсына алмай қиналған кездерінде оңашаланып, қаламына ерік берді.
1932 жылы Фатима Ілияс Жансүгіровке тұрмысқа шықты. Олар бір-бірлерін 1919 жылдан білетін. Ілияс Фатиманы Ақсу қаласында алғаш  көргенде-ақ ғашық болып:
Айнымай, қоспай, дәл айтсам,
Жалғанда, Бәтіш, сұлусың.
Бет-бітімді сұлу бар,
Туылса сендей туылсын.
Көкке біткен сұлу көп,
Сұлуда күннің нұрысың.
Жүрегі аяз, жаны мұз,
Жақындасын, жалынсын.
Жерден өнген сұлу көп,
Сұлуда соның гүлісің.
Дауа таппай жүргендер,
Иіскесін, дерті үзілсін, – деп жырына арқау еткен. Жылдар жылымы, құрылған отбасы, бала-шағаның барлығы да Ілияс Жансүгіровтің Фатимаға деген сезімін суыта алмады. Өлең арнады, көрмесе тұра алмайтын ауруға шалдықты. Мәскеу, Қызылорда, тағы басқа қалаларда жүрсе де ақын жүрегі тек «Бәтіш» деп соқты.
Әу баста Фатима Ілиястың сөздерін жастығына балап мән бермей, хаттарына дұрыс жауап та жазбаған көрінеді. Тіпті сезімге толы өзіне арналған өлеңдерін күйеуі Біләл Сүлеевке көрсетіп, хаттарын бірге оқыған. Бұл Фатима Ғабитованың іргесі іркілмейтіндей бекіп, ана болып: «Көзімнің қарасы ғой екі балам», – деп отбасы ләззәтынан тоят алып жүрген кездері болатын-ау. Бірде Мәскеуден келген Ілияс Фатимаға: 
Сағындырып күн өтті,
Зарықтырып жыл жатты.
Бәтіш, менің жанымсың,
Жанымнан сен қымбатты, – деп басталатын жырды арнайды. Оған Фатима Ғабитова мысқылдай күліп, ашулы сөздер де айтады. Бірақ махаббат толқынының бұзбайтын қамалы бар ма, шынайы сезім оты сөнер ме?! Фатима Ілиястың сезімге толы хаттарына он жылдан кейін жауап бере бастаған. Ол хаттарының бірінде: «Сен  асқан талантты, көркемсөздің бүкіл ел таңданарлық көрікті, асыл күмбезін орната алатын алғыр ақынсың. Мен сенің бұл қасиетіңді көптен танығанмын. Енді мен сенің зарлы хаттарыңның орнына еліңнің тұтас тұлғасын көрсететін жалынды жырларыңды оқуға тілеймін. Сен әдебиет майданында күрделі, ел таңданарлық табыспен көрінгенше мен саған хат жазбаймын. Сен де маған хат жазба! Майданға аттан. Көңіліңмен күрес. Жеңіп шықсаң, сөйлесерміз...» – дейді.
Мінеки, осы тарихи хаттан кейін Ілияс «Құлагер» поэмасын жазуға кірісті... Ақынның шынайы махаббат оты Фатимаға жаңа өмір сыйлады. Бұрын көрмеген сезім құшағына бөледі. Көктемнің қызғалдағы, жайраңдаған жаздың сарғалдағына айналды. Махаббат сезімі олардың табиғат берген таланттарын аша түсті. Рухтанған Ілияс әдебиетімізге кесек-кесек туынды алып келді. Ақан сері бейнесі арқылы қазақтың бар адами қасиеттерін, жанының тазалығын, арманының асқағын көрсетті. Сұлулықтың сырын түсіндіріп қана қоймай, содан өзі де нәр алып, кәусар көзін ашты. Халықтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрінің ерекшелігін көрсетумен бірге отарлық жүйенің озбырлығын:
«Оязы Қараөткелдің Измаилов,
Бір үйде ләйліп отыр ішіп арақ», – деп әшкереледі. Ресей империясының жерін алып, сергелдеңге түсіріп, жойқын жұттың зардабын тартқызған озбыр­лығын айтты. Бүгіннің кемшілігі өткен күндердің қасіретінен екенін келер ұрпаққа жазып кетті. Фатима Ғабитоваға деген сезімі оны лирик ақын қылды. Ал Фатима қайтадан зиялы қауым айдынының аққуына айналды. Жақсылардың басын қосып, жандарын жадыратты. Алысты жақындатып, қасындағыларға қамқор бола алды. Қазақтың салт-дәстүрін жақсы білетін, беделді жеңге кейбір қайындарының шалыс басқан адымдарын да жуып, шайды. Ол Біләл Сүлеевпен отасқан жылдары көбіне қоғам қайреткерлері, биліктің адамдарымен араласса, енді ақын-жазушылармен тығыз байланыс­та болып, шығармашылық қоғамдық жұмыстармен айналысты. 1932 жылдан бастап Халық ағарту комиссариатында Ғабит Мүсіреповпен бірге қызмет істеп, бөлім басқарды. Бұл – Ғ. Мүсірепов, М. Ғатауллин,    М. Даулетқалиев, Е. Алтынбеков, Қ. Қуанышовтардың Қазақстандағы ашаршылық жөнінде Сталинге «Бесеудің хатын» жазып, жолдаған кездері.
1930-шы жылдары уақыттың аласапыран қиындығына қарамастан, Алаш зиялылары бас болған қазақ мәдениеті жаңа бағытта жан-жақты тоқтаусыз дамыды. Әсіресе, талантты жастар театр төңірегіне жиналды. Қалибек Қуанышбевтың әзіл-шыны аралас әңгімелері, Әбікен Хасеновтың тартқан күйі, Шара Жиенқұлованың мың бұралған биі, Құрманбек Жандарбековтың екпінді жырлары, Иса Байзақов, Әміре Қашаубаев, Күләш Байсейітова, Жүсіпбек Елебеков, Манарбек Ержанов шырқаған әндері – жүдеген көпшілік көңіліне демеу болды.
Халық-ағарту министрі С. Меңдешев пен Жазушылар одағының төрағасы Ілияс Жансүгіров бірігіп, Ораз Жандосовтың қолдауымен ел аузындағы әдеби туындыларды жинап, бастыру туралы шешім қабылдайды. Бұл қаулыны орындау тікелей Фатима Ғабитоваға жүктеледі. Ол кезде Ахмет Байтұрсынов пен Смағұл Сәдуақасов салған тәртіппен білімді қазақ зиялыларының көбі оқу-ағарту саласы төңірегіне жинақталды.
Бейімбет Майлин, Ғабит Мүсірепов, Жұмат Шанин, Қажым Жұмалиев, тағы басқалары оқу-ағарту саласымен бірге өнер, театр жұмыстарына басшылық жасады. Газет-журнал редакцияларымен, баспалармен тікелей байланыста болды. Қазақ жастарына арнап оқулықтар жазды, шығармашылықпен айналысты. Ахмет Байтұрсынов «Оқу құралын» жазып, қазақ грамматикасының негізін салса, Мағжан Жұмабаев педагогикадан, Жүсіпбек Аймауытов психологиядан, Халел Досмұхамедов зоология мен физиологиядан, Жұмахан Күдерин ботаникадан, Әлімхан Ермеков математикадан қазақ тілінде оқулықтар жазды. 
Фатима Ғабитова белгілі ақын-жазушыларға беделін салып, қолдарында бар материалдардан ауыз әдебиеті қорының негізін жасады. Әр жазушыға өтініш жасай отырып, тікелей тапсырмалар береді.
Елдің түпкір-түпкіріндегі ақын-жыраулардың еңбектерін қағазға түсіріп жинау, оны жаңа қаріпке көшіру, қолжазбаға ақы төлеу тәрізді қыруар жұмыс­ты Фатима Ғабитованың бөлімі атқарды. Диваевтің толық жинағы, жыр-эпостардың жобалары, халық аузындағы мақал-мәтелдер, ертегі әңгімелер қалыпты түрде сол жылдары жинақталды. Қазақ ән-күйін зерттеп, жинақтаушы ғалым-этнограф, музыкант Затаевичке Фатима Ғабитованың көмегі көп тиді. 1001 әннің жинақталып, нотаға түсіп шығуына әдебиет пен өнер бөлімінде жинақталған көптеген ән кірді. Затаевич пен Фатиманың шығармашылық достықтары ұзаққа созылды.
Бірақ заманың қалай болса, бөркің солай киіледі. Әл-ауқаты төмендеген, ашаршылық меңдеген елдің ауыр жағдайы көзсіз шалқып-төгілуге мұрша бермеді. Аштық көрген адам психологиясы өзгеріске ұшырады және ол бастапқы қалпына келе алмады. Қорқыныш, үрей қалыпты іске айналды. Кісілік қасиеттер мен рухани келбетті өзгертті. Қазақстанда 1915 жылы қазақтар 90 пайызды құраған ұлт болды. Әлихан Бөкейханов 1924 жылғы «Еңбекші қазақ» газетінде жарияланған мақаласында қазақтардың санын 6 миллион 470 мың деп көрсетті. Бұған Сырдария облысы, Хиуа мен Бұқарада тұратын қазақтар кірмеген. Қазақтың өсу коэффициенті 2,5 пайызға тең болғанын ескерсек ашаршылық алдындағы олардың саны 7 миллионнан аса болды.
Бірде көшеде қайыр сұрап жүрген әйелді Фатима Ғабитова үйіне әкеліп тамақ береді. Әлгі әйел Алматыға жеткенше жол бойғы көргендерін айтады. Естігені есін шығарғаны соншалық, Фатима жүйкесіне жүк түсіп ауырып қалады. Ашаршылық жөніндегі әңгіме Ілияс Жансүгіровтің «Жұт» поэмасының жазылуына септігін тигізді.
...Күніне қазақ мыңдап өліп жатыр,
Тұқымы сағат сайын кеміп жатыр.
Өз баласын өзі үйітіп, сирағын жеп,
Көр азабын тірідей көріп жатыр...
Бұл қазақтар «Қужақ» атап кеткен И. Голощекиннің саясаты кесірінен болған ашаршылықты көрсеткен алғашқы поэма болды. «Жұт» поэмасының жарық көруіне Фатима Ғабитова әсер етті. Ашаршылық жылдары Фатима Ғабитова көп адамға жақсылық жасады. Ашыққандарға демеу болып, қол ұшын берді. 1932 жылдың мамыр айында ауылымен жоқшылықтан қырғыз еліне ауып кеткен Жамбыл Жабаевты іздеткізді. Қаскелең қазақ мектебінің директоры Имашев деген азаматқа Оқу-ағарту министрлігінің арнайы бұйрығымен Жамбыл Жабаевты елге алдырды. Өлеңдеріне ақша беріп, жағдайын жақсартты. Әсіресе тарыққан ақын-жазушылардың отбасымен қолындағы барын, балаларының аузына жырып бөлісті. Фатима Ғабитованың архивінде Жұмат Шаниннің нан сұрап қиналып жазған хаты да сақталыпты.
Ашаршылық адамның бет-пердесін айқара ашып, адамгершілік қасиеттерді жалаңаштады. Фатима Ғабитова осы қиын-қыстау уақытта Ілиясты басқа қырынан, азаматтық биік тұғырдан көрді. Ақынның жан дүниесін, өзіне деген махаббатын ғана емес, оның адами-рухани тазалығын тани білді. Талантымен бірге елге деген қамқорлығын санадан тыс, тарихи болмыс деңгейіндегі дәрежесін аңғарып, түсінуге айналды. Күйзелген жаны жадырауға, ортайған көңілі толуға айналды. Жүрегінің түкпіріндегі әкесі Зейнолланың бейнесі арқылы жасалған азаматқа қажет қасиеттерді Ілиястың бойынан тапты. Ол – күшті көркемсөздің шебері ғана емес, тұрақты пікір, ойнақшымас ойдың иесі екенін көріп білді.
Фатима Ғабитованың өмірінде 1934 жыл ерекше орын алды. Кеңестер одағы жазушылары съезіне делегат болып сайланып, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин және Ілияс Жансүгіровпен бірге Ленинград, Мәскеу қалаларының зиялы қауымымен танысып, мәдениет ошақтарын аралады. Максим Горькиймен танысып, оның саяжайында қонақта болды.

PS:

Бірнеше тілде еркін сөйлейтін Фатима Ғабитова съезд делегаттарын білімімен, мәдениеттілігімен қайран қалдырды. Ақын-жазушы делегат әйелдермен кездесіп, қоғамдағы ананың орны, балалардың тәрбиесі жөнінде ой-пікірлер алысты. Съезд жұмысы барысында түркі елдері әдебиетшілерінің қоян-қолтық араласып кетуінде де Фатиманың рөлі күшті болды. Әсіресе татар мен Қазақстан Жазушылар одағының аралары жақындай түсуіне, төрағалар Қауи Нажим мен Ілияс Жансүгіровтің достасуына тигізген әсері зор. Ал 1936 жылы Пушкиннің жүз жылдығына арнап Евгений Онегинді Ілияс қазақ, Фатхи Борнаш татар тіліне аударды. Екі ақын аудармаларында қолданылған әдістерін біріне-бірі хаттар арқылы алмасқанда орталарындағы хатшылары Фатима Ғабитова еді. Бұл хаттар Фатхи Борнаштың және Ілияс Жансүгіровтердің мұрағаттарында сақталған.
 Ілияс Жансүгіровпен бірге өткізген 5 жыл Фатима Ғабитованың өзін махаббаттың бұлағына шомылған әйел, абзал ана сезінген, бақыт шыңының биігінде қалықтаған ұмытылмас күндері болды.
 
Әміржан ӘЛПЕЙІСОВ,
Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, тарихшы, жазушы.
(Жалғасы бар).