Табиғаттай тұнық тұлға

Уақыты: 25.08.2017
Оқылды: 1803
Бөлім: ТҮПСАНА

Елбасының сенімді серіктерінің қатарында жүріп, бүгінгі Қазақстанның төрт құбыласын­дағы шека­рамызды шегендеуге өлшеусіз еңбек сіңір­ген, он алты жыл мұғдарында ҚР Жерге орна­ластыру және жер қатынастары жөніндегі мемле­кеттік комитеттің, кейінгі жылдары жер ресурс­тарын басқару агентті­гінің төрағасы болған, Қазақстанның Қырғыз Рес­пуб­ликасын­дағы Төтен­ше және Өкілетті Елшісі, ҚР СІМ Ерекше тап­сырмалар жөніндегі Елшісі – Алма­ты қала­сындағы өкілдігінің басшысы қызмет­терін абы­роймен атқарған, дәл бүгінде Дипло­ма­тия­лық кор­пус­қа қызмет көрсету жөніндегі басқарманың кеңесшісі, Қазақстан Респуб­ликасы дипломатия­лық қызметінің еңбек сіңір­ген қызметкері, диплома­тиялық рангі 1-класс, әскери атағы запастағы пол­ко­вник, ғылыми дәрежесіне назар салсақ, эконо­мика ғылымда­ры­ның докторы, профессор, ҚР Ұлт­тық инже­нер­лік академиясы­ның академигі, ҚР Ауыл­шаруашылық академия­сы­ның корреспондент-мүшесі, 105 ғылыми еңбектің авторы, көптеген мем­лекет­тік марапат­тың иегері Бақыт Оспанов­тың қайраткерлік тұлға­сын ашып, өрнекті өмірін кесте­лей көрсе­тетін мақа­ла жазу оңай тиген жоқ. Оның үстіне ме­рейлі жетпіске келгенде біздің газетке берген бір мақа­ламыз ол кісінің бар болмысын қамти ал­ма­уы да мүмкін. Деген­мен, осы жолдарды бас­тауға нар тәуекел еттік.

Ақ басты Алатаудың бау­райындағы Үлкенсаз жай­ла­уын мекендеген ар­да аға­йын­ның арасында ақыл-пара­саты­на сай би­лік құрған ке­шегі Оспан атасы осы өлке­дегі сұң­ғыла шешендердің соңғы легі­нен еді. «Таудан ақ­қан тас бұлақ, тасыса құяр теңізге. Жаманнан жақсы туса да, жақ­сы­дан жаман туса да, тартпай қоймас негіз­ге», – деп Бұқар жырау босқа айт­қан ба? Жақ­сыдан жақсы болып жалғасқан сол Ос­пан­ның немересі ата-ба­ба­мыз сан ғасыр бойы арман­даған дер­бес мем­лекеттің төрт тара­пын­дағы шекарасын бе­кем­­деуге ат салысты. Бұл деге­ніңіз бір-екі ауыз сөз­бен жа­да­ғай айта сала­тын­дай оңай шар­уа емес еді, әрине. Ол үшін қан­шалықты қайрат-жігер мен терең білім, қажет жерінде амал-айла мен батыл мінез керек болға­нын, мәмі­ле­гер­лікте қан­шалықты са­быр мен тө­зім сыналғанын жылдар бойы өз басынан өт­кер­ген адам ғана айта алады. Біздің Бақыт ағамыз міне, соның бәрін өз басы­нан өт­керді.

1995 жылы қыр­кү­йе­к­­те Қа­зақ­стан – Қытай шекарасы туралы келі­сім­ді ратифика­циялау жөніндегі грамоталар ал­масу хаттамасына қол қо­йыл­ды. Кейін 2002 жы­лы ма­мыр­дың 10-да Пекинде Қазақ­стан – Қы­тай мем­ле­кет­тік ше­ка­­раларын демар­кациялау ту­ра­лы хаттама бекітілді. Бүгінде демар­ка­ция­­лан­ған Қазақстан – Қы­тай мемлекеттік шек­ара­сы­ның жалпы ұзындығы – 1 782,75 шаршы метр, оның құр­­лық­тағы шек­арасы – 1 215,86 шар­шы метр, су­да­ғысы – 566,89 шаршы ме­тр­ді құ­райды. Ал 2004 жылы Ресей мен Қазақстан ара­сын­дағы 7591 шақырым­дық әлем­дегі ең ұзын ше­к­­ара де­ли­ми­тация­сының аттай жеті жылға со­зы­­лып, ақыры табысты аяқ­тал­ғаны да тарих парақ­тары­на жазылып қал­ды. Соның бәрін­де Қыр­ғыз­станмен, Өз­бек­стан­мен, Тү­рік­менстанмен ара­да­ғы шек­ара бағаны белгі­ленгенде ағамыздың қан­шама даулы нүктелер үшін тар­тысты күн­дер мен түндерді бастан өт­кер­гені, сонау ХІХ ғасыр­да Қытай мен Ресей импе­рия­сы арасында жүргі­зілген келіс­сөздер негі­зінде сегіз келі­сімшарт пен хатта­маларға жүгіну­ге тура келге­ні, әсі­ресе, посткеңестік елдер­дің ау­ма­ғында террито­рия­лық-этникалық дауға ұла­суы мүм­­кін 180 нүкте үшін қыру­ар тарихи құжат­тардың қай­та парақ­тал­ғаны қазір ай­ту­ға ғана жеңіл. Әлбетте, осы­ның бәрінің басы-қасында Мем­­­лекеттік шекараны де­лими­тациялау және демарка­ция­лау жөніндегі ҚР Үкіметі комис­сиясы төрағасының орын­­баса­ры қызметін атқа­рып, қастерлі шекарамыздың заң талап­та­рына сай рәсім­делуіне өлшеу­сіз үлес қосуда Оспан бидің ұрпағы Бақыт Сағын­дықұлы жүрді.

***

Жұртты аузына қарат­қан Оспан би Басанұлы өз зама­нында ауқатты адам болған деседі білетіндер. Кешеуілдеп көрген ұлы Сағындықты Орын­борға дейін жіберіп оқы­­тыпты. Кеңес өкіметі ор­нық­қанша ел ішінде еркін жүре­тін татардың бір сау­дагерімен достасқан ол баласының орыс­ша біліммен сусын­дағанын қа­лап­ты. Сол оқу­дың нәтижесі Бақыт аға­мыз архивтен іздес­тіріп тапқан, әкесінің өз қолы­мен жазылған өмірде­регін­де сипатталады. 1920 жы­лы қыр­күйек айында Ал­ма­ты қала­сындағы мұға­лімдер даярлай­тын курсты аяқ­таған соң 1932 жылға дейін Сағындық Оспан­ұлы Жетісу губерниясының Ал­­ма­ты уезіне қарасты №2 Ұзын Қарғалы болыс­ты­ғында, Ұзын­ағаш ауы­лын­да, Қазақ АССР Алматы округіне қарасты Іле ауда­ны­ның Ақсай ауылында, Қастек ауданының №3 ауы­­лында, Ең­бекші­қазақ ауданы­ның Қызыл­қазақ ауылында, осы ауданның №6 ауылында бастауыш мек­тептің мұғалімі бо­лып­ты. Ал 1932-1933 жыл­дары Алматы қаласында Ауыл­шаруашы­лығы инс­титутының студенті, 1933-1934 жылдары Қастек ауда­­нының Ынтымақ ауы­лын­да бастауыш мектептің мұға­лімі, 1934-1935 жыл­дары Қа­ра­­қыс­тақ ауылын­дағы балалар үйінің дирек­торы, 1935-1937 жыл­дары осы ауылда бас­тау­ыш мек­тептің мұғалімі қыз­метін атқарған. 1937 жылы

Ын­тымақ ауылына қайта ора­лып, 1939 жылға дейін мек­тепте мұғалім, 1939-1941 жыл­дары Ұзынағаш ауылындағы қазақ орта мек­тебінің ұстазы болған ол 1941 жылы қыр­күйек айында шұға комбина­ты­ның директоры мін­детін уақыт­ша атқарғаны тура­лы тарихи құжатта жазыл­ған.

Бүгінгі Жамбыл ауда­нын­дағы көптеген мек­теп­тің алғаш­қы іргетасын қа­ла­ған, сауат­сыздықты жою ісіне белсене араласқан, жұмыстан қол үзбей жүріп ҚазПИ-дің тарих фа­куль­­тетін аяқтаған көрнекті ұстаз Сағындық Оспанұлы бала оқытумен ғана шек­тел­мей, қо­ғам­дық өмірді өрістетуге де барынша ат­са­лысты. Мектептің қара­пайым мұғалімі бола жү­ріп ол ауылдан шыққан ал­ғаш­қы депутаттардың бірі саналды, Қазақстан КП Алматы облыс­тық коми­тетінің мүшелігіне канди­дат болып сайланды.

Сағындықтай саңлақ­тың 1938 жылы «Еңбек Қызыл Ту» орденімен мара­пат­талуы, Қа­зақ­стан Ком­му­нистік партия­сының ІІІ  съезіне делегат бо­лып қа­ты­суы өзі өмір сүрген уа­қыт­тың биігіне көтеріл­генін көрсетеді. Туған же­рін түлет­кен осындай нағыз ұстаздың ізгі­лікті шарапатымен көр­кейген шәкірттері де кейін әр ауыл­дың гүлденуіне өзін­дік үлесін қос­қаны кәміл.

 Алайда тектінің асыл тұяғы Сағындықтың өмірі тым қысқа болды. 1948 жылы жасы елуге қараған шағында бақи сапа­рына аттанып жүре берді. Ар­тында қалған Қанат пен Бақыт атты қос перзентінің ел сана­тына қосылғанын көру тағдыр тақтасына жа­зыл­маған екен. Екінші ұлы Бақыт болса, 1947 жылы қыркүйектің бірінде ту­ған еді.

***

Тағдырдың тауқыметі анасы Айнақыздың иығы­на түскен жылдар да жыл­жып өте шы­ғыпты. Жүр­дек өмірдің көші­мен тек алға ұмтылған Бақыт­ты арманы адастырмады. Біз жоға­рыда сөзінен дәйек алған Бұқар жыраудың: «Ұяда алтау тумас па, ұяда алтау туғанмен, оның ішін­де біреуі-ақ алғыр болмас па?» – дейтіні және бар. Сол айтпақшы, өз өмірінде ке­йін­нен бес ұлдың анасы атанған Айна­қыз балала­рының бойына ең алдымен кісілікті сіңіріп өсірді, ең­бек­қорлыққа тәрбие­леді. Бес ұлдың арасынан Бақы­ты шы­нардай шыңға өр­мелеп, тек қана биіктерден көрінді.

1954 жылы мектеп та­бал­дырығын аттаған бар­лығы 34 баланың арасында Сағындық­тың Бақыты кей­ін топ жара­тынын ол кезде кім болжаған дерсіз?! Ал­ғашқы ұстазы Ұл­тай Әлде­кенова әкесімен қыз­меттес болыпты, аруағын сый­ла­ғаны шығар, Бақытқа тым жақсы ілтипат білдіргені ұмы­тыл­майды. Кейіннен Оңласын, Жа­мал апайдан оқығаны күні кеше ғана сияқты көрінеді. Көршілес Майбұлақ ауылынан атпен қатынайтын Қалибек деген ағайы да, төртінші сы­нып­­та қысты күні өз әкесі аш­қан Ынтымақтағы мектеп­тің бала саны жетпе­гендік­тен жа­бы­лып қалып, жеті шақырым жердегі Қар­ға­лыға бір жыл бойы ертелі-кеш тынымсыз жаяу сал­пақтап, барып-келіп оқыға­ны да есінен еш кетпейді.

Иә, әкесіз өскен жетім бала­ның жадына мәңгі жа­зы­лып қалған сүреңсіз су­рет­терді тіз­белеп қайте­міз?! «Таң атпайын десе де күн қоймайды» деген­дей, Бақыттың әу баста азан шақырып қойылған есімі тегін емес екен, оның ба­қыт­ты күн­дері басталатын шақ та жуық­тай беріпті. Көп ұзамай анасы Қарғалы шұға комбинатына жұ­мыс­қа тұрды. Отбасы осы жұ­мыс­шылар мекеніне қоныс аударып, Бақыт енді ауыл­дың  шығыс жағына ор­на­ласқан «Вос­точная» деп аталатын кө­ше­нің бір тұр­ғынына айналып шыға кел­ді.

Іргетасы сонау Қазан төң­керісінен бұрын қалан­ған, шұға комбинаты орна­ласқан посел­кедегі мек­тепте болашақта ми­нистр, мемлекет қайраткері бо­ла­­тын Бақыт Оспанов Нау­рызбай Ысқақов, Қан­ша­йым Ыдырысова, Сағат Естаев, Нә­фи­са Шүкір­ғалиева, Қойшығұл Боран­құлов, Ыдырыс Әбуса­ғи­тов, Қырмызы Қазыбаева, Қа­жі­кен апай сынды білік­ті мұға­лімдердің алдын көрді. Талабы таудай да­рынды шәкірт осынау бі­лім бесігіндегі үздік оқу­шылар санатынан лайық­ты орнын еншіледі.

Орта мектепті 1965 жылы ойдағыдай бітірген ол бір жыл Қарғалы шұға комбинатында жұмыс іс­теді. 1966 жылы жаз­да «Еңбек Қызыл Ту» орденді Қазақ ауылшаруашылығы инс­титутына оқуға түсіп, 1971 жылы ғалым-агро­ном атанды. Енді еңбекке білек сыбана ара­ласатын сәті келген жас маман ең әуелгі қызметін Қазақтың Егін шаруашылығы ғылы­ми-зерттеу институты жа­нын­дағы Қаскелең тәжі­рибе шаруа­шы­лы­ғында бригадирдің көмек­шісі бо­лып бастады. Көп ұза­май-ақ ыждаһаттылығымен көз­ге түскен ол аға аг­роном болды, бір жылдан соң жұмыс­шылар коми­тетінің төрағасы, ал 1975 жылы Қазақ ҒЗИ қа­рас­ты «Бірінші май» картоп-көк­өніс шаруашылығы партия ұйымының хатшысы бо­лып сайланды.

Жасынан еңбекпен шың­далып өсіп, тәлімді тәр­биемен ер жеткен мақ­саткер азамат қай жерде жүрсе де өзінің іскер ұйым­дастырушы екенін таныт­ты, ел алғысына бө­ленді. Оның қабілеті мен білімінің, адам­гершілік қасиетінің жоғары екенін айналасы да дер кезінде көре білді. Содан 1976–1981 жылдары бұрынғы Қаскелең, қазіргі Қарасай ауданындағы «Бірінші май» тәжірибе шаруа­шы­лы­ғының директоры, 1981–1984 жылдары «Же­тісу» кең­шарының дирек­торы қыз­метін­де әбден ыс­ыл­­ған басшы 1984–1986 жылдары халық депу­тат­тары Талғар аудандық кең­есі атқару комитетінің төр­ағасы қызметіне жоға­ры­лады.

Биіктен көрінген сайын шұ­ғы­ласы молынан ша­шылатын жарық жұлдыз тәріздес еңбек жолында Бақыт Сағын­дық­ұлының Нарынқол ауданына бірін­ші хатшы болып барған 1986-1990 жылдардағы қыз­меті бүгінде ауызға жиі алы­нады. Олай бола­тын себебі де бар. Қазақы қаймағы бұзыл­маған тұма­дай тұнық ағайын ара­сын­да айтарлықтай қол­таңба қалдырған ердің елеулі еңбегі әрдайым есте. Осы­нау шекаралық ауданның тізгінін Оспанов ұстаған кезеңді Хан­тәңірінің бау­райындағы ағайын зор іл­ти­патпен атайды. Өйткені, сол жылдары ауданның әлеу­меттік өмірі мен эко­но­ми­касы­ның тың серпін ал­уы­на Бақыт Сағын­дық­ұлы­ның қосқан үлесі зор.

Оның ересен ұйым­дас­тыру­шылық қабілеті арқа­сында тау­лы өңірде мал шаруашылығы мен егін шаруашылығы жары­са да­мып, аудан үш жыл қата­рынан Одақтың ауыспалы Туын иеленді. Картоп өсі­ру­де жаңа технологиялар іске қосылды. Нарынқол ауылында аудандық Мәде­ниет үйі мен «Көккемер» атты кинотеатр, балабақша, автовокзал, мейрамхана, бір­неше тұрғын үй салын­ды. Кө­ше­лер асфальтталып, су жүр­гізілді, Байынқол өзеніне көпір төселіп, Кеген асуының жолы жасалды, Ойқарағай көмір ке­ні­ші ашылды. Қарасазда ақиық ақын Мұқағали Мақа­таев­тың музейі салына бастады. Мал бордақылау алаңдары мен сүт фермаларының рет­ке келтіріл­гені де осы жыл­дардың енші­сіндегі жұмыс болатын. Ауыл-ауылдағы әлеуметтік нысан­дарды на­зар­дан тыс қалдыр­маған Бақыт басшының іскер­лігі өз жемісін берді. Ол туралы нарынқолдық ағайын сон­ша­лықты сүйіспеншілікпен есте­лік айтатыны да сон­дықтан болса керек. Мәсе­лен, ақын Мінуар Әкім­ханов:

«Жатсынбай жақын тарт­тың  шалғай жақты,

Шарладың ойлы-қырлы тау­лы аймақты.

 Ақылмен жүзеге асқан игі ісіңді,

 Көпшілік көріп-біліп таңдай қақты»,

десе, Қазақстан Жазу­шылар одағы бас­қар­ма­сының төр­аға­сы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лау­реаты, ақын-драматург Нұрлан Оразалин былай деп толғайды: «Біріміз әдебиет пен өнер дейтін өрісі бөлек әлемде, біріміз шар­уа­шылық басқару дейтін тігісі бөлек дүниеде жүргендіктен болар, бір облыста туып, бір аймақта өскенімізбен, танысу­дың реті келмеді. Мен Бақыт ту­ралы алғаш Сейдахмет Бер­діқұлов дейтін жомарт мінезді, жайсаң бітімді ағамыздың ау­зы­нан естідім. «Шаруашылық айналасында жүргендердің көбі тілге шорқақ келетін еді. Мына Талғар ауданында атқару ко­митетінің төрағасы болып іс­тейтін Бақыт дейтін ініме риза болдым. Ағып тұрған шешен. Баяғының билері секілді», – деп еді ағамыз бір жолы. Екінші рет... «Бақыт Оспанов дейтін ғажап жігіт екен. Нарынқол өңіріне жайлы, жақсы басшы келіпті. Танысып қайттым. Та­бы­сып қайттым. Көп оқып, көп білетін азамат. Сөзге шешен. Шашасына шаң жұқтырмайды. Шіркін-ай, басшы атаулының бәрі қазақ тілін солай білсе, еліміздің көсегесі көгерер еді», – деп еді біреудің жақсылығын көрсе, соны жалпақ жұртқа жария етуге асығатын жалын жанды, елгезек ойлы, кесек турап, кесек пішетін марқұм Сағат Әшімбаев досымыз».

 Ал біздің қатарласымыз, Нарынқол топырағынан түлеп ұшқан дарынды ақындардың бірі Серікжан Қажи інісі Бақыт ағасы туралы мынадай жыр жолдарын төгілдіріпті:

Азаматсыз тұлғалы, талантының қыры көп,

Табиғаттай тұнықсыз, көңілінің кірі жоқ.

Хантәңірге бардыңыз, ат үстінде мансаппен,

Аттандыңыз алысқа ең сүйікті ұлы боп.

 «Азамат ердің қадірін, ағай­ын емес, жат білер», – деген сөз бар халықта. Әрине, Хан­тәңі­рінің баурайындағы жұрты жат емес, өзінің ет жақын ағайыны, олар көңілінде еш кір жоқ, табиғаттай тұнық ағасына шын сүйіспеншілігін жасырмай жаз­са, Бәкеңнің туған ауылында жүрген біздер марқаймай, кім марқаяды?

1990 жылы Қазақстан ком­партиясы Алматы облыстық комитетінің хатшысы қыз­меті­не тағайындалып, одан 1992 жылы Қазақстан Респуб­лика­сының Жерге орналастыру және жер қатынастары жөнін­дегі мемлекеттік комитеті төр­ағасының орынбасары қыз­метіне ауысқан Бақыт Сағын­дықұлы 1991-1992 жылдары Жоғарғы кеңестің депутаты болды. Осынау қоғамдық қыз­метіне 2004-2007 жылдар ара­лы­ғында ТМД аясына қатысу­шылардың геодезия, карто­графия, жер кадастры және жерді қашықтықтан зондтау жөніндегі Халықаралық Мем­лекеттік Кеңестің төрағасы болған қызметін және Санкт-Петербург қаласында ұлы Жам­­былдың ескерткішін ор­на­туға үлес қосқан қан­дас­та­рымыздың игі ісіне қолдау көрсетіп, қаржы бөлуге көр­сеткен айтулы көмегін де қос­қан ләзім.

 Әңгімеміздің әу басында атап өткенбіз, бірталай жыл биік мансаптың тізгінін ұстаған ағамыз қазақтың қасиетті жері­нің тағдыры үшін он алты жыл бойы министр дәрежесіне пара-пар лауазымда халқына өлшеу­сіз еңбек сіңірді. Оның диплома­тиялық қызметте өткен кейінгі он жылының айшықты бедері де өз алдына бір әңгімеге арқау боларлықтай. Әрине, соншама еңбегі ескерусіз қал­ған жоқ. Ол «Еңбектегі ерендігі үшін», «Моңғол Халық Хура­лымен жауынгерлік ынты­мақ­тас­тығы үшін», «Мемлекеттік шекараны қорғағаны үшін», «Ұлттық қауіп­­сіздікті қамтамасыз ету­дегі үлесі үшін» медальдарымен қатар, «Шекара әскерлерінің үздігі», «Құрметті жерге орна­ластырушы» төсбелгісімен, «Қа­зақ­стан Республикасының Кон­с­титуциясына – 10 жыл», «Қа­зақ­стан Республикасының Пар­ламентіне – 10 жыл», «Астана», «Тыңға – 50 жыл», «Астанаға – 10 жыл» мерекелік медаль­дарымен, «Құрмет» орденімен, Қазақстан Республикасы Пре­зидентінің Алғыс Хатымен екі мәр­те марапатталған.

Сондай-ақ, Талғар, Қарасай, Райымбек және Жамбыл ауда­нының Құрметті азаматы.

***

 Биылғы сәуір айында Елба­сы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты ерен міндеттерді алға тартқан бағ­дар­ламалық мақаласында «Ту­ған жерге туыңды тік» деген ұран тастады. Бақыт ағамыз болса, өзінің бүкіл саналы ғұ­мы­рын Жетісу өлкесінің Қара­сай, Талғар, Райымбек ауда­нында өткеріп, одан соң Аста­нада, Алматыда мемлекеттік дәрежеде биік лауазымды қыз­мет атқарды. Өзара әңгіме ба­ры­сында, Президенттің тағы­лымды мақаласын есіне салып: «Туған жерді түрлендіруге сіз қаншалықты үлес қостыңыз?» – деп сұраған едік, бұл тұста да мүдірмеді.

 Ынтымақ ауылынан мешіт салуға жер қарастырып, сауап­ты шараны қолға алмаққа ниет­тенген іскер інілеріне сонау жылдары әкесі Сағындықтың үйі тұрған өз жерін нұсқапты. Нұрғазы деген ауылдас қария бір кездескенде ел ішінде тор­қалы той, топырақты қаза бола қалса, көпшілік жиналатын лайықты орынның жоқтығын айтып алаң білдірсе керек, содан Бәкең туған ауылынан «Ынтымақ сарайы» атты үлкен ғимарат салдыруға жолбасшы болыпты. Ауылдың әр көшесіне таудан өзі ағынымен жететін ауызсу желісін, газ желісін тартуға ықпал еткенін, газ желісін бас иесінен айырылған, тұрмысы төмен 17 отбасына тегін орнатуға жәрдемдескенін үлкен азаматтық санатына жат­қызған орынды. Кезінде өз әке­сі ашқан мектептің іргесін ке­ңей­тіп, жаңа мектеп ғимаратын салуға ықыластана атсалыс­қаны да ағайын-жұртының есін­де деп ойлаймыз. Туған елі мен жеріне ат үстінде жүрген құзыретті әрбір азамат осылай жақсылық жасаса, мына мем­лекет қалай түрлене түсерін пайымдай беріңіздер.

 Жетпіс атты белестің өрінен көрінген Бақыт Сағындық­ұлы­ның өмірде араласқан, тәлімін көріп, тәрбиесін үйренген, өзі құрмет тұтқан, өзін құрмет­теген ағайыны, ауылдастары, сыныптастары, курстастары, достары, қызметтестері, өзге де жақын пікірлестері аз емес. Олардың бәрін айтып жет­кізуді біз бұл мақаланың шар­тына қоспаймыз және тіпті, мүмкін де емес. Десек те, ар­да­ғы­мыздың айналасын әр кезде нұрландырған жандар­дың біразын өзі атап айтты. Ын­тымақтағы әпкесі Бүбігүл Жадырақызы, бір жыл, бір күнде туған құрдасы Әділбай Қапасов, сыныптасы Еділ Әб­ді­ке­рімов, Шахарман әп­кесі, курстастары Ақшабай Ке­рімбеков, Қабылаш Бұта­баев, Бекалы Асанов, Ғазиз Әміров сынды азаматтарды Бәкең қалай естен шығар­сын?! Сол сияқты жақын ара­лас­қан за­ман­дастары Кен­жебек Омар­баевтың, Еркебек Арғын­баев­тың, Серік Бай­молдаев пен Түймебай Тер­геубаевтың, Нұр­­гүл Нұрсейіт­қызы мен Роза Сарыбаева­ның, Райхан Тойлыбаеваның, Нарынқол өңірінде жүрге­нінде жадына жақсы әсер қалдырған мар­құм қариялар Нүсіпбек Әшім­баевтың, Әл­нұр Мейірбеков­тің, Мұқаға­лидың қанаттас інісі, ақын Еркін Ібітановтың, әріптесі Бағжан Сабан­шиев­тің, Бай­мұхановтың құрметі де өзі үшін ерекше екенін білдірді.

Жер комитетінде, дипло­матиялық қызметте жүрге­нінде жанына жалау болған жандардан шымкенттік Ка­нал­бек Райымбековті, «Юж­геодезия» мекемесінің бас­шысы болған Сәкен Оспанов­ты, басқарма басшысы болған Нұрман Хатиевті, «Каз­гео­карта» мекемесінің басшысы Батыр Амановты, аэро­гео­дезия институтының басшысы Павел Беданы, Солтүстік Қа­зақ­стан облысындағы ҒЗИ-ның басшысы Қазбек Чико­наевты, өзі төраға кезінде орынбасары болған Амангелді Жанпейісовті, 7-8 жыл бойы көмекшісі қызметінде жүрген оққағары, полковник Қайдар Мамлинді, геодезия және кар­тография бөлімінің бастығы Марал Сағындықты, ғылыми зерттеу орталығының бас­шысы, баянауылдық Зайрол­ла Дүйсенбековті, орталық аппаратта орынбасары болған Александр Сизовты, Астана қаласындағы жер бөлімінің бастығы Төлеуғазы Нұр­ке­новті, Алматы қаласындағы жер бөлімінің бастығы Қуа­нышбек Қашқынбаевты, жер ресурстарын басқару агент­тігінде жүргенінде сенімді серік ретінде танылған Ақтө­бедегі Мәлік Жәкеевті, Аты­раудағы Сәрсен Қуанышевты, Шығыс Қазақстандағы Ғалым Жадринді, Жамбыл облы­сындағы Нұржан Артаевты, Қарағандыдағы Дәурен Қара­сартовты, Оңтүстік Қазақ­стандағы Бақытбек Нақып­бековты, Қазақстан топырақ зерттеу орталығының бас­шысы Қадыр Әлімбаевты, Алматы облысындағы Нау­рызбай Таубаевты, Нұрлан Құлболдиновты зор ілтипат­пен есіне алып, көптеген ті­лек­тес, ниеттес азаматтардың бәрін түгендеп атай алма­ғанына өкініп, олардан кеші­рім өтінетінін айтты. Кіші­пейілділік деген осы шығар.

Сонша жыл жауапты қыз­метте жүрген ағамыз жеке өмірінде де отбасының бақы­тын сезінген адам. Зайыбы Тұрсынғайша Мұқанқызы ұстаз, биология пәнінің мұға­лімі. Екеуі төрт перзентін аялап өсірген. Тұңғышы – Шынар Астанада, теміржол саласында қызметте. Одан өрбіген Жәмила, Әмір, Хан­темір атты жиендері бар. Ұлы – Қайрат Алматыда, кәсіпкер. Үлкен немересі Камила Бақы­това Дубайда, америкалық халықаралық университетте оқиды. Одан кейінгі неме­релері Алдияр мен Айдана да отбасының болашақ үміті. Үшінші қыз – Жазирадан Дара, Дінмұхамед атты жиен­дері, кенже ұлы – Дамирден бір қыз немересі бар.

Бақыт ағамыз Сағындық атты жақсыдан қалған жарқын із. Өзінің де жарқын ізі Қазақстан мемлекетінің шекарасы туралы сөз бола қалғанда тарих бетінен жарқырап шыға келеді. Мінезге бай, сөзге шешен. Сабырлы, салиқалы. Терең білімі тұнып тұратын байыпты көзқарасымен адамды бірден баурап алады. Жемісі мол күзде туған азаматтың жемісті жетпісі, әне, есік қағып тұр. Атына заты сай ағамызға өзі Нева жағалауына ескерткішін орнатқан жыр алыбы Жамбыл бабасының жасына жетсін дейміз. Абыройлы азамат кейінгі буынға әрдайым мақтаныш, әрдайым үлгі.

Рәтбек САҒИД-УАҺАС.

Жамбыл ауданы.