МҰҚАҒАЛИДЫҢ 45 ЖЫЛ ҚҰПИЯ САҚТАЛЫП КЕЛГЕН БҰЙЫМЫ ТАБЫЛДЫ

Уақыты: 04.10.2021
Оқылды: 2068
Бөлім: ТҮПСАНА

Қарасаз ауылындағы Мұқағали мұражайына құнды жәдігер тапсырылды. Ол - Мұқағали ағамның қомызы! Дұрыс оқып отырсыз. Қазақтың қобызы емес, айырқалпақты қырғыз ағайынның қомызы. Иә, орынды күдік! Санаңызға сынадай қағыла қалған “Қайдағы Мұқағалидың қомызы? Қобызы болса бір сәрі”, - деген күмәнді сауалыңызға жауап берейін.

Ақын тойына түрік, қырғыз ағайындар және Мұқағали ағам жырлаған “Атырау-Алтай” арасынан, қазақтың байтақ даласынан қаламгерлер келді. Солардың ішінде қарт Каспийдің жағасынан, Ақтау қаласынан келген Светқали Нұржан ағамыз үлкен аманат тапсырды. Көңіліңіздегі күмәнді сейілту үшін суреттер мен видеоларды (үстінен басыңыз) салып отырмын.

Мұқағали ақынның қомызын Светқали Нұржанға аманаттаған абайтанушы ғалым, абыз ақсақалымыз Мекемтас Мырзахмет екен. Қарасазға бара жатқан Светқали ақынға: “Мына қомызды Мұқағали өмірден өткеннен кейін бір кісі әкеліп беріп еді. (қомызды көруге ынтыққан жұрттың дабыр-дұбырынан кім екенін анық ести алмай қалдым). Мұражайына әне тапсырам, міне тапсырам деп жүріп тоқсан бірге келдім. Тоқсан жылдық тойына тарту сый болсын. Осы аманатымды ақынның еліне жеткіз деп маған тапсырды”, - деген Светқали ақын Мұқағалидың қомызын мұражайға тапсырды. Сөйтіп, ақиық ақынның тоқсан жылдық мерейтойына өте құнды жәдігер тапсырылды.

Мекемтас ақсақалдың жалған сөйлемейтіні белгілі. Тоқсаннан асқанда жоқ жерден жаңалық ашып, ат мініп, шапан киюді де көксемейтіні ақиқат. Ендеше, бұл ақын тойына арналған тосын сый. Еш күмәнсіз қабылдаймыз һәм абыз ақсақал Мекемтас қарияға ғасыр тойдың төріне шығуын тілейміз!

PS: Менің жазбама толықтыру мен түзету енгізетін адам болса, мархабат. Мекемтас ақсақалға барып, сұхбаттасып, қалай Мұқағалидың қомызы болды, ақсақал неге 45 жыл сақтады, кім әкеліп тапсырды деген сауалдарға жауап естігіміз келіп тұр. Қазірше бұл жағы зерттелмеген тақырып күйінде қалып отыр.

Жұматай ӘМІРЕ,

"Жетісу" газеті бас редакторының орынбасары

Алматы облысы