ЖЕТІСУДЫҢ ЖЕР-СУ АТАУЛАРЫ ТҮГЕНДЕЛІП, КІТАП БОЛЫП БАСЫЛЫП ШЫҒАДЫ

Уақыты: 14.10.2021
Оқылды: 2277
Бөлім: ТҮПСАНА

Жетісу өңіріндегі топонимдік атауларды күллі қазақ халқының өткенінен мағлұмат беретін үлкен тарихтың бір парағы деуге болады. Өңірде әлі де болса көп ізденіс пен ғылыми зерттеулерді қажет ететін жер-су атаулары аз емес.

Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен жүзеге асатын «Жетісу» ономастикалық жобасы аясында облыстағы 17 аудан, 3 қаладағы әрбір ауылдың тарихи атаулары зерттеліп, толық базалық деректері дайындалып, жеке-жеке кітап болып шықпақ. 

Жетісудағы жер-су атауларының шығу төркінін зерттеу, насихаттау – жобаның басты мақсаты. 

Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Б.Керімбек жобаның мақсат-міндетімен таныстыру үшін аудандармен «Zoom» платформасы арқылы онлайн байланысқа шығып, барлық ауыл әкімдерін жоба аясында бірігіп жұмыс жасауға шақыруда.

Жоба жұмысының алғашқы қадамы Көксу, Қаратал, Ескелді, Ақсу аудандарынан басталды.

Басқарма басшысы Б.Керімбек: «Ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең» демекші, жыл өткен сайын арамыздағы көнекөз қариялар азайып, байырғы жер-су атауларына қатысты дереккөздерді табу қиынға соғып жатыр. Сол себепті біз тағы да кешігіп қалмай тұрғанда, бұл жобаны тездетіп жүзеге асыруымыз керек. Әрбір дерек біз үшін құнды. Біз ата-бабамыздың аманатына адал болуымыз қажет», – деді.

Қаратал ауданының әкімі Е.Исабеков: «Бұл жақсы бастама екен. Қаратал өңірі он сегіз әулие жатқан тарихы терең киелі аудан. Біз өңірде ұмыт болып бара жатқан жер-су атауларын қайта жаңдандыруымыз қажет», – деп жобаны бірауыздан қолдайтынын жеткізді. Өзге аудан әкімдері де бұл бастамаға оң көзқарастарын білдіріп: «Бес-он жыл бұрын басталған кезде тіпті жақсы болар еді», – деп, ауылда қазір қариялардың азайып қалғандығын айтып қынжылды.

Десе де, өңір басшылары ескінің көзін көрген ақсақалдардан жер-су атауларына байланысты деректерді жинастырып беруге барынша көмек қолымызды созамыз деп отыр.

Жоба барысында Ескелді ауданында бірнеше ауылдың жойылып кеткенін де білдік. Атап айтсақ, М.Байысов ауылының аумағындағы Кесік ауылы, Шымыр ауылының аумағындағы Нұра ауылы тарап, қазіргі таңда тек орындарғы ғана қалған. Ол ауылдар жойылып кеткенімен тарихта аты қалуы тиіс.

Тарихы тереңде, табиғаты да таңғажайып Жетісу өңіріндегі ел мен жер, су, тау, тас атауларына қатысты құнды деректер, аңыз-әңгімелер, әпсаналар да аз емес. Әрбір атаудың өз тарихы, дүниеге келу себебі бар.

Мәселен, Лабасы, Шаған тауларының етегінен орын тепкен көрікті Көксу жеріндегі Шаған тауының бір жартасының қабағындағы қыз бейнесіне байланысты ел тарихындағы аңызды бірі білсе, бірі білмес. Ауыл ақсақалдарының, көнекөз қариялардың айтуынша, Қабылиса бабамыздың Қоянкөз деген қызы болыпты. Ол қыз батысқа қарай Іле бойын жағалаған ел-жұртқа тұрмысқа шығыпты. Қоянкөз апамыз ақылды, дана, барған жерінде өте сыйлы болыпты деседі. Жартас қабағындағы қыз бейнесі «Қыз Қоянкөз отырған жер», «Қоянкөз жотасы» деп те аталады екен.

Шығу этимологиясына байланысты түрлі деректер мен бірнеше нұсқасы табылатын жер-су атаулары да аз емес. Мәселен, Қазақстан тарихында үлкен орны бар елді мекен – Қапал. Бұл жерге қатысты да көп мәлімет айтылады. Соның ішінде ең құндысы Қапал батырдың есімімен тікелей байланыстылығы. Қапал өңірі туралы тарихи деректер Шоқан Уәлиханов жазбаларында кездеседі.

Қазіргі таңда бұл жердің жан-жағы сазды, көк шалғынды, қопалы болып келетіндіктен «Қопалы» деп аталып кеткен, оның «Қапал» болып өзгеруіне орыс тілінің әсері болған деген де әңгімелер айтылып қалып жүр. Қысқасы, тіл басқармасы қолға алған жоба осындай екіұшты әңгімелерге жүйелі зерттеу жүргізіп, нақты дәлел-деректерді топтайды.

Ақсу ауданының орталығы І.Жансүгіров ауылы да бұған дейін бірнеше атаумен аталып келген. Алғашқы атауы - Тасбекет. Бұлай аталуының себебі, жері тастақты болуынан дейді. Кейін бұл ауыл заман ағымына байланысты «Абакумовка» деп аталды. 1930 жылдардың басында ұжымшар ұйымдастырылып, кейін бірнеше ұсақ шаруашылықпен біріктірілді де, «Өндіріс» деп аталды. Бұл атау да ұзақ тұрмай «Чапаев» деп өзгертілді. 1963 жылы «Қаракемер» кеңшары деп аталып қайта құрылды. Ауылға 1966 жылы ақын Ілияс Жансүгіровтің есімі берілді.

«Жетісу» ономастикалық жобасының басты міндеттерінің бірі - тарихты еш бұрмаламастан барлық нұсқасын көрсете отырып, болашаққа барынша түгел  жеткізу.

Әйгерім ИЕБЕКОВА

Алматы облысы