КЕГЕНДЕ ҰМЫТЫЛЫП БАРА ЖАТҚАН ОЙЫНДАРДЫ ҮЙРЕТЕТІН ОРТАЛЫҚ АШЫЛДЫ

Уақыты: 28.11.2021
Оқылды: 1271
Бөлім: ТҮПСАНА

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Кеген ауданында Ұлттық мұра орталығы ашылды. «Nur Otan» партиясы Кеген аудандық филиалы ғимаратында партияның жобасы аясында ашылған орталықта балалар мен жасөспірімдер тоғызқұмалақ, шахмат ойындарын үйренеді.

Сан ғасырдан алтын арқау, жібек жолын үзбей жалғап келе жатқан ұлттық құндылықтарымызды ұлағаттауға негізделген орталықтың ашылуына Кеген ауданының әкімі Талғат Байеділов, аудандық мәслихаттың хатшысы Тұрсынбай Әлімбай, бір топ халық қалаулылары қатысты.

Орталық жұмысымен «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Алмасбек Нұғыман егжей-тегжейлі таныстырды. Мұнда балалар ұмытылып бара жатқан «бестас», «ханталапай» секілді мәні мен маңызы бөлек ойындарымен айналысады. Сөйтіп, бір уақыт миын шынықтырады, ойын сергітеді, жанын жадырата түседі.

Мұндай ойындардың балалардың өсуіне, қалыптасуына тигізер пайдасы орасан. Тоғызқұмалақ ойыны туралы тоғызқұмалақтан ересектер арасында республиканың 4 дүркін  чемпионы, спорт шебері кегендік Гүлсім Мұсаева жан-жақты әңгімелеп берді.

Құттықтау сөз алған аудан әкімі Талғат Байеділов:

– Ұлттық мұра орталығы жас ұрпақты туған елі-жерін сүюге, салт-дәстүрімізді құрметтеуге, ұлттық ойындарымызды үйреніп қана қоймай өзгелерге дәріптеуге негіз қалайтын тамаша орын болады. Осылайша балаларымыз ұлтымыздың жақсылықтарын бойларына жинап, Тәуелсіз Отанымыздың келешегі болар нағыз патриот ұл мен қыз болып өсері даусыз. Орталықтың жұмысына сәттілік тілеймін! – деп ел ертеңі үшін жасалып жатқан осындай жұмыстардың жалғаса беретінін айтты.

Салтанатты жиын барысында алдағы уақытта ұлттық ойын түрлерінен мемлекеттік қызметкерлер арасында, одан кейін ауылдық округтерде жарыстар өткізілетіні белгілі болды.

Қанат САТЫПАЛДЫ

Кеген ауданы

Алматы облысы