СЕМЕЙ - ҚАРАСАЗ АРАСЫ: МҰҚАҒАЛИ МУЗЕЙІНЕ ТАҒЫ БІР ҚҰНДЫ ЖӘДІГЕР ҚОЙЫЛДЫ

Уақыты: 29.11.2021
Оқылды: 1402
Бөлім: ТҮПСАНА

Мұқағали дүниеге келген қасиетті Қарасаз ауылындағы ақынның мемориалдық музейінде есте қаларлықтай тарихи оқиға орын алды. Атап айтқанда, Семей мен Қарасаздың, Тарбағатай мен Хантәңірінің арасын жалғастырған тамаша дүние болды. Ұлы ақынымыз Мұқағалидың өлмес жырларын әнге арқау еткен белгілі композитор әрі әнші Тұрсынғазы Рахимовтың қастерлі домбырасы қойылған арнайы бұрыш ашылды. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі хабарлады.

Осынау игілікті іске негіз қалаған - таулы өлкенің бірегей перзенті, театр және кино актері, өнер тарланы Асқар Наймантаев. Музейдегі  композиторға арналған бұрыштың ашылу салтанатына Тұрсынғазы ағамыздың өз тұсындағы шәкірттері, дәстүрлі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Шүкіман мен белгілі айтыс ақыны, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының оқытушысы Серік Қалиев арнайы келіп қатысты. Музейдің екінші қабатынан орын алған композитордың бұрышына аялай ұстаған домбырасы, портфелі, киген киімдері, отбасылық суреттері, «Сәби болғым келеді» атты әндер жинағының компакт дискісі және «Сәби болғым келеді», «Сағынбасқа не шара?», «Қазағым-ай?!» атты әндер жинағы қойылған.

Семей өңірінде дүниеге келген, биыл қазақ руханияты жетпіс жылдығын атап өткен композитор Тұрсынғазы Рахимов Мұқағалидың «Сәби болғым келеді», «Отыздан асып барамын», «Мен сені сағынғанда», «Нені аңсаймын?!», «Қазағым-ай?!», «Аягөз ару»  секілді отызға тарта өлеңіне ән шығарды. Мұқағалидың жырларын жаттап өскен, жүрегімен беріле әнін жазған композитордың шығармалары әлі күнге дейін орындалып келеді. Әнсүйер қалың қауымның ыстық ықыласына бөленген. Демек, Мұқағалидың жырларын өлмес әнге айналдырған, сол арқылы ескерткіш орнатып кеткен Тұрсынғазыдай композиторға арналып музейден бұрыш ашылғаны сүйінішті жағдай екені айтпаса да түсінікті.

Музейдеге игі шараға қатысушылар ақынның бюстіне гүл шоқтарын қойды. Жақсы әсермен музейді аралады. Шағын мәжіліс залында ауыл тұрғындарымен жылы жүздесіп, композитор туралы тамаша естеліктерін ортаға салды. Асқар Наймантаев жүргізіп отырған басқосуда дәстүрлі әнші Еркін Шүкіман композитор туралы әсерлі естеліктерімен бөлісіп, Мұқағалидың сөзіне жазылған композитордың «Сәби болғым келеді», «Нені аңсаймын» атты әндерін тамылжыта орындады. Айтыскер ақын Серік Қалиев жыр тілінде тілектерін ортаға салып, Мұқағалидың «Аңғал досым-ай» атты жырына шығарған әдемі әнін әуелетіп, жұртшылықты желпінтіп тастады.

Райымбек ауданы әкімінің орынбасары Нұрбол Сағатбекұлы, М.Тынышпаев атындағы облыстық музейдің бас қор сақтаушысы Қарлығаш Тұтқабаева, Мұқағали музейінің директоры Ерлік Ахметов сөз алып, осынау игілікті дүниеге негіз қалаған Асқар Наймантаевқа, қуанышқа ортақтасқан мәртебелі қонақтарға алғыс айтты. Жергілікті ақын, термеші Серік Әбдірайымов жырдан шашу шашты. Осылайша Мұқағалидың музейі қымбат жәдігермен толықты.

Қанат БІРЖАНСАЛ

Райымбек ауданы

Алматы облысы