ЕҢ АЛДЫМЕН БИЛІК ҚАЗАҚША СӨЙЛЕУІ КЕРЕК! ТҮРКІСТАНДАҒЫ ТІЛ ҚҰРЫЛТАЙЫ

Уақыты: 04.12.2021
Оқылды: 2374
Бөлім: ТҮПСАНА

«Тіл үшін күрес неге жүріп жатыр? Қазақ тілі деген не? Қазақ тілінің ар жағындағы жатқан мәселе – жер. Біз мына жерді қазақ болып, қазақша сөйлеп қана қорғай аламыз», – депті ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан! Содан бері де жүз жылға жуық уақыт өтті. Яғни тілдің ар жағында жердің, жердің үстінде елдің тамыры терең тарихы жатыр. Ошақтың үш тағанындай болған ел, жер, тарихты біріктіріп ұстап тұрған дүние ол, әрине – баба тілі, ана тілі, қазақ тілі! Алдаспан Әлихан атамыздың айтып отырған һәм ұрпаққа табыс­тап кеткен аманаты осы!

1989 жылдың 22 қыркүйегінде «Тіл туралы» Заң қабылданды. Арада бір ай өткенде 22 қазан күні Алматы қаласында «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі құрылды. Ал дәл осы ұлт рухы асқақтап, тіліміз өз мәртебесін алып, мәре-сәре болған күннен екі жарым айдан кейін 1990 жылдың 14 қаңтарында  Нарынқол аудандық оқушылар айтысы өтті.

Ол кезде тоғызыншы сынып оқушысымын. 70 жылдық бодандықты жете түсінбесем де менің он бір жасымда болған Желтоқсан көтерілісінің ызғарын толықтай сезінбесем де, балаң жүрегімде қазақтың төл өнері айтысқа қатысу арқылы азаттықты аңсаған ұлт екенімізді түйсіне бастаған шағым еді. Сол айтыста Қарасаздың қызы Айжан Талдыбаевамен сөз сайысқа түсіп, кезегім келгенде айтқан мына бір шумақ әлі күнге санамда сақталып, жүрегімде жатталып қалыпты. Сол кезде ғой ұстаздарымыздың: «Қазақ тілі статусын алды, қазақ тілі қоғамы құрылып жатыр» деген саяси ақпаратты санама түйіп алып, статус дегенді аса түсіне қоймасам да:

Статусын алды ғой 
        қазақ тілім, 
Қайта оралды мінеки 
        ғажап күнім.
Арыстарым ақталып кезегімен,
Еңбектері шығып жүр азат бүгін,
– деген шумақты айтқанда зал тола көрерменнің шатырлата шапалақ соғып, азаттықтың сондай қастерлі ұғым екенін байқатып еді.

Әңгімеме арқау етіп отырған «Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» алғаш құрылғанда айдарынан жел ескен бірлестіктің ықпалымен ұлттық құндылықтардың құны арта бастағанын ұмыта қойғамыз жоқ. Қазақ мектептерінің көптеп ашылып, көше атауларының ұлт тұлғаларына беріліп, елді мекендердің тарихи  атын алуына ықпал еткенін де білеміз. Әбдуали Хайдар, Өмірзақ Айтбай сынды ағаларымыз бастап, бағытын айқындап берген бірлестіктің жұмысы бар өңірде баба тіліміздің тамырында қан ойнатып жатты. Талдықорғанда Тұрсын Әбдуәли, Қанат Асқаров, Кемел Құсайынов сынды алдаспан ағаларым атқа қонып, билігін асыра пайдаланғысы келген облыстың бірінші хатшысын тақтан аударып тастағаны да сол рухтың асқақтап тұрған кезі еді.

Арада жылжып жылдар өтті. Бір кездері ұлт рухын  асқақтатқан қоғамдық бірлестік болғанын ел есінен шығара бастады. Атқарған жұмыстары тарих қойнауына еніп, мұрағат мұрасында қатталып қала берді. Әр бес жыл сайын өтіп тұратын қоғамның құрылтайы белгісіз себептермен өтпегелі де жылдардың жүзі болыпты. Сөйтіп, «Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» деген дардай атағы бар ұйымның бар-жоғы белгісіздеу күн кешіп жүргенде бұлт арасынан төгілген күн сәулесіндей бір жып-жылы хабар жетті. Еліміздің барлық облыс орталығында «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігін құру туралы шешім шығарылып, бірден қолға алынды.

Бұл хабарды естіген біраз жұрт болашағына үміт артса, енді біразы күдігін білдірді. Тіпті, Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толған мемлекетке мұндай ұйым құрудың ұят екенін де айтып жатты. «Қолында ешқандай құзыреті жоқ пәрменсіз бірлестік дәрменсіз күй кешеді», – деп те сөкті. Көптің пікірін жоққа шығара алмаймыз. Өз елінде өгейдің күйін кешіп келе жатқан тіліміз жайлы жырлап та, жылап та келе жатқалы отыз жылға табан тіреді. Ата Заңы­­мы­зда мемлекеттік тіл – қазақ тілі болғанымен 7-бабтың 2-тармағы еңсемізді тік көтеруге мұрша бермей келе жатқаны да рас. Ендеше, жоғарыдағы күмәнді ой білдірген жандардың да сөзінің жаны бар. Дегенмен, қайта жанданған бірлестіктің көп көңіліне үміт сыйлағанын да жасыра алмаймыз. 

Әлқисса, арада ай өткенде түркі жұртының рухани астанасы Түркістан қаласында бірлестіктің VІ құрылтайы өтті. Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев, вице-Премьер Ералы Тоғжанов бастаған қоғам қайраткерлері, тіл жанашырлары, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары мен облыс әкімдерінің орынбасарлары және әр аймақта құрылған бірлестіктің төрағалары қатысқан құрылтайда сең қозғалғандай болды. «Пайдасы да, зияны да жоқ көп ұйымның бірі болады», – деген көп көңілін күпті етіп, күдік пен күмән торлаған санада үміт сәулесі жылт еткендей болды.

Мемлекеттік хатшы Қырымбек Елеуұлы баяндама жасады. Қолындағы қағазына қарап ежіктеп оқымай екпіндете сөйлей жөнелгенде: «Шіркін, билік өкілдері түгелдей осылай сөйлесе, бүгін қазақтың қасиетті төрінде ұлтқа қатысты басқа да ұлық жиында отырар ма едік?! Биік тақтағы мырзалар мен ханымдар осылай елітіп отырса, шүлдірлеген шалақазағым түгілі өзге ұлт өкілдерінің өзі еріп-ақ кетер еді-ау», – деген арманға толы ойдың келгені рас.

Баяндама сұлу сөздермен ғана кестеленген жоқ. Елеуұлы елдің еленсе деген елеулі ойларын айтты. Көңілге қонымды тіркестер сенімге сәуле түсірді. Тілді сүю тек сөйлеу ғана еместігін ортаға салды. Тіл алып бәйтеректің діңі десек, оның сан-салалы бұтақтары мен оған көрік берген жапырақтары ұлттық құндылықтар екенін атап өтіп, тілдің тағдыры әр қазақтың отбасындағы тәрбиесінен басталатынын жеткізді. Ата мен немере, әже мен келін, әке мен бала орысша сөйлеген отбасының да тіліміздің өрістеуіне кедергі келтіріп жатқанын сөз етті. Үкіметтің отырысы мен Парламент жиындарының мемлекеттік тілде өткізіліп келе жатқанын, сондай сәтте сөзінен жаңылып, тілінен сүрініп жатқан лауазымды адамдардың барын да жасырмады. Жалпы, ана тілімізді алға жылжыту жолында сеңнің қозғалғаны жайлы жиырма минутқа созылған баяндаманы талдап шығу мүмкін болмағандықтан ақпаратпен құлақтандыра тұруды жөн көрдім.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ана тіліміздің тағдыры үшін аттан түспей келе жатқан қоғам қайраткері Қазыбек Иса қазақ тілін дамытуға ешқандай қаражаттың қажеті жоқтығын айтып, Мемлекеттік хатшыға қажеттілік тудыратын жолдың керектігін, ол үшін жобасы дайын тұрған, мемлекеттік «Тіл туралы» Заңды қабылдауға қолдау көрсетуін сұрады. Ал тіл мен ұлттық тәрбиенің жолында барын салып, жанын аямай жүрген қазақтың қайраткер қызы Оразкүл Асанғазы қажеттілік тууы үшін ең алдымен биліктің қазақша сөйлеуі керектігін жеткізді. Билік сөйлесе, бұқара халықтың ішіндегі шалақазақтардың да, өзге этнос өкілдерінің де бұрылуы оңай болатынын қадап-ақ айтты. Ұлты басқа болғанымен рухы бір Асылы Әлиқызы қазақтың өзі тілін білмеуі мен сөйлемеуі қасірет екенін, өзге ұлттың мемлекеттік тілді меңгермеуі кесір екенін ашына айтты.

Бір қарағанда, бұл үш тұлғаның әңгімесі көтерілмей жүрген мәселе емес. Бірақ осы сөзге біздің биліктің көз жұма қарап, таскерең кейіп танытуы шынымен-ақ ашындырады. Ана тілінде сөйлемеу өз анасын сыйламау екенін қанша айтса да, міз бақпайтын намыстан жұрдай, ұяттан ада шенді-шекпенділердің кесірінен тіл туралы жыр отыз жылға созылды. Өз қазағың сөйлемей тұрып, өзгеден талап етудің өзі ұят! «Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды», деп қоя салатын нәрсе емес тіл тағдыры. Өзінің тұғырына қонғанға дейін кеудесінде «Мен қазақпын» дейтін жаны, жүрегінде тілім дегенде тулаған қаны бар әр қазақ күресуі керек.

Сонымен, қазақтың қасиетті төрі, түркі әлемінің рухани астанасы Түркістанда үш сағатқа созылған жиынның соңында «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің президенті қайта сайланып, көптің қолдауымен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлы тізгінді қолға алды. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің штаттан тыс кеңесшісі Максим Рожин мен А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанова вице-президент болып тағайындалды.

Жиын соңында қоғамдық бірлестікті қаржыландыру жолы да қарас­тырылатыны сөз болды. Және мемлекеттік комиссия құрылатыны туралы да жағымды жаңалық айтылды. Сонымен бірге, «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Қызыл­орда облыстық филиалының төрағасы Аңсат Әбдіқадырұлы «Парасат» орденімен, ал Анар Фазылжанова «Құрмет» орденімен марапатталды. Бұл мерейлі сәтті тілге көрсетілген құрмет деп бағаладық!

Бәріне уақыт – төреші! Алдағыны Алла біледі. Ал қоғамдық бірлестік қарекетін бастап, қозғалған сеңді ары қарай бұзып-жарып алып кетуі керек. Оған санаулы жұрт ғана емес, ұлт болып жұмыла кіріскенде қол жеткізетініміз ақиқат. Ұлттық тұтастық болғанда отыз жыл толғанған, қайта қолға алған ана тіліміздің айбыны асқақтайтынын естен шығармайық!

Жұматай ОСПАНҰЛЫ,

«Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» ҚБ Алматы облыстық филиалының төрағасы