БІЗДІ БІРІКТІРГЕН БІР ҒАНА ИДЕЯ. МЫРЗАТАЙ ЖОЛДАСБЕКОВ ЕСТЕЛІГІМЕН БӨЛІСТІ

Уақыты: 16.12.2021
Оқылды: 1230
Бөлім: ТҮПСАНА

Тәуелсіздік дегеніміз – сан мың жыл, сан ғасыр толғатып, алдымызда дүниеден өткен бабаларымыз жете алмай кеткен ұлы құндылық! Олар осы азаттықты аңсады, сол тәуелсіздіктің жолында басын бәйгеге тікті. Біздің буынның бақыты сол, тәуелсіздікке жеттік, куә болдық. Бұл тәуелсіздікке сол кезде жүрегі дауалап, ел-жұрттың тізгінін алған, елдің тағдырына жауап беремін деген Елбасы, кешегі Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге жеттік. Ең шешуші сәтте бәріміз де сол кісінің қасында болдық. Бізді біріктірген тәуелсіздік идеясы еді. Құдайға шүкір, сол тәуелсіздік кеше ғана орнаған сияқты еді. Қазір қарап отырсаң, зымырап бара жатқан заманға еріксіз таңданасың. 30 жыл өте шығыпты. Сол жылы алғаш дүниеге келген бала қазір орда бұзатын жасқа келді.

Қазақта: «Қуанған да бір, қорыққан да бір» деген сөз бар. Әлі күнге дейін есімде, алғаш тәуелсіздік алған жылдары адам танымайтын «билер», бұрын білмеген, танымаған «шешендер», «көсемдер» шықты. Бірақ біз оларды халыққа қарсы болды, халықтың мүддесін қорғамады деп айыптаудан аулақпыз. Әртүрлі пікірлердің айтылуы заңды еді.

Жүйелі реформалар басталған кезде Президенттің жанында халыққа керек сөзді айтуға талпынып жүрген кезім. Бір күні Елбасына: «Нұреке, мына қазақты білесіз. Момын, шыдамды, төзімді халық. Бірақ қазақтың төзімі таусылса, оны тоқтату қиын. Осының соңын ойламасақ болмайтын сияқты», – дедім. Нұрекең: «Айтып отырғаның дұрыс қой. Онсыз да қазақ талай жыл, сан ғасыр рухани қысымда болған, тілі байлаулы, аяғы кісендеулі халық еді. Сондықтан еркін сөйлеп үйренсін дедік. Біз бұл тәуелсіздікті армандап келдік. Енді түсіндіретін уақыт жетті», – деді Елбасы. Мен осы уақытқа дейін дүниеден өткен талай бабаларымызға ас бермегенімізді айтып, сол қарызымызды өтеу турасында ойымды білдірдім. Елбасы бұл ойымды бірден қолдады. Сөйтіп, жаңа игі істі қолға алдық. Жанымызда Әбіш Кекілбаев, Сауытбек Абдрахманов, Әлібек Асқаров секілді азаматтар қолдау білдірді. Халық бұл бастамамызды бірден қолдап әкетті.

Ең әуелі Торғайдан бастадық. Қазақтың көсемі болған Ахмет Байтұрсынұлының туып-өскен жерінен ас беруді қолға алдық. Торғай жұртшылығы да күтіп отыр екен, ары қарай өздері иіріп алып кетті. Біз ештеңеден қиналғанымыз жоқ. Ақшаны қайдан аламыз, жиындарды қалай өткіземіз деген мәселе өзінен-өзі шешімін тапты. Мемлекеттің қалтасынан соқыр тиын шыққан жоқ. Халық өзі көтеріп алды. Сөйтіп, қазақ тәубесіне келді. Ұйымшылдыққа бейімделді. Дүбірлі жиыннан әр қазақ шын мәнінде тәуелсіздік алыппыз ғой деген оймен тарқады.

Сол заманда халыққа қызмет ету әрбір азаматтың басына түскен бақ деп ойлаймын. Сондай бақ менің басыма да қонды. Нұрекеңнің Жоғарғы Кеңесте Президент болып сайланғанын білеміз. Бір күні шай ішіп отырғанда Елбасы: «Біз сайлау өткізу керекпіз», – деді. «Нұреке, оны қалай өткізесіз? Өзіміз тұттай жалаңашпыз. Қазынаның қалтасы тесік. Оған үлкен қаражат керек. Күш керек», – деп едім, бәрібір де өткізетінін айтты.

Сайлау 1 желтоқсанға қойылды. Штабын басқардым. Елдің ықыласы жақсы болды. Бір ауыздан Нұрсұлтан Назарбаев Президент болып сайланды. Маған алғыс айтты. «Енді таққа отыру рәсімін өткізбейміз бе? Тездетейік», – деді. Біздің әлі аптығымыз басылған жоқ. Оны да өткізіп жібердік. «Абылайдың асында шаппағанда, атаңның басына шабасың ба?» дейді ғой қазақта. Бір күні Тұңғыш Президентіміз ауқымды қабылдау өткізді. Еркін жүрдік. Жаңа сайланған Президентіміз бір қарасам жоқ. Сөйтсем, Ермек Серкебаев, Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова сияқты атақты әншілердің ортасында ән айтып отыр екен. Нұрекеңнің жақсы қасиетінің бірі – көпшілдігі. Отырған жерін жайнатып отырады. Елдің бәрін күлдіреді. Неше түрлі әзіл әңгімелері тағы бар. Нұрекең жақсы әнші.

Бір жолы анамнан естіген әнді ыңылдап айтып едім. «Мұны қайдан білесің?» – деді Елбасы. Анамнан естігенімді жеткіздім. Елбасы тосылмастан бұл ән бұлай ғой деп Айкүмістің әнін айтып берді. Жамбылмен айтысқан Айкүмістің әні. Талай жиында әншілерді шақырдық. Елбасы сол әншілердің бәрін бір тексеріп алатын. Айтқан әнін түзетіп беретін.

Қазақ – тәуелсіздіктің қадірін білетін ел. Менің қайран қалғаным, Тұңғыш Президентіміздің ұстанған саясаты еді. Ол үнемі елдің бірлігін, ынтымағын бәрінен жоғары қойды. Елбасы халықтың ауызбіршілігін тәуелсіздіктің туы етіп ұстады.

«Бұл қандай тәуелсіздік, қан жоқ, соғыс жоқ, аспаннан түсе салды ма?» дейтіндер кездеседі. Осы тәуелсіздікке жетеміз деп біздің бауырларымыз, ата-бабамыз сан ғасыр арпалысып, күресумен өмір сүргені ше? Олардың өтеуі осы емес пе? Бұл тәуелсіздік – соның нәтижесі. Тәуелсіздіктің алғаш жарияланған сәті бәрі есімде. Осы ұлы оқиғаның ішінде жүрдік. Мен депутат емеспін. Ресми қызметте жүргеннен кейін біз көрінбеуге тырысатынбыз. Кейбіреулер өздері қатыспаса да, істемесе де осының барлығын менің атқарғандарым дейтіндер бар. Оның бәрі бос сөз. Мемлекет тарапынан қолдау болмаса нәтиже аз. Ең бірінші 20 минут ішінде Қазақстан тәуелсіздігін мойындап, қолдау білдірген Түркия еді. Одан кейін АҚШ, сосын өзге мемлекеттер бірінен кейін бірі қолдап, тәуелсіздігімізді мойындап жатты. Бір күні БҰҰ-ға мүше болып шыға келдік. 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылы БҰҰ мінбесінде тұңғыш рет қазақ тілінде сөйледі. Мұндай деңгейде қазақша сөйлеу болған емес. Бұл енді Тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы қуанышымыздың бірі болды. Сол кезде қалпағымызды аспанға лақтырдық.

Тәуелсіздік бізге оңай келе қойған жоқ. Қазақтардың бес құрылтайын өткіздік. Бұдан кейін де талай құрылтай өтер. Бірақ мен үшін 1-ші құрылтайдың әсері де, шешімі де есте қалды. Осы үшін де сондай қиыншылығына қарамастан батылдық танытқан Нұрекеңе ризашылығымды білдіремін.

Тәуелсіздік алғаннан кейін тәуелсіз елдің дипломатиясы, өзіндік саясаты болуы керек. Бізде дипломаттар жоқтың қасы еді. Елбасы жан-жақтан іздеді. Оған дейін өзінің қасында жүрген, сенген, мемлекеттік жұмыста ысылған қайраткерлерді жанынан қиып, шетелге жібере бастады. Мен Иранға кеттім. Біз мемлекетіміздің сыртқы саясатын қалыптастыруға тырыстық. Бұл да бір Нұрекеңнің ерлігі деп білемін. Жасыратын несі бар, кейінгі кездесулерде Елбасы жасы кеп қалғанын, қызметін өз еркімен тапсырғысы келетінін айтатын. Мен мұндайға о бастан қарсы болдым. «Құдайға шүкір, қуатыңыз бар. Ел сеніп отыр сізге», – деуші едім. Бұл кісі ойлана келіп, 2019 жылы маңызды шешім шығарды. Ел тізгінін өз еркімен мемлекетіміздің көрнекті қайраткерінің бірі Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа тапсырды. Өте дұрыс шешім болды. Сайлау өтті. Халықтың қолдайтыны белгілі болды. Алла тағала қазіргі жағдайымызды көп көрмесін деп тілеймін.

Мұндайда бізге ең бастысы ынтымақ керек. Ынтымақ, бірлік – аталарымыздан қалған уағыз. Соны Елбасы қиыс кетпей орындап келе жатыр. Абылайдың да, билердің де аманатын орындаған адам осы Елбасы деп ойлаймын. Сондықтан, Алла Нұрсұлтан мен Қасым-Жомарттай мықты қайраткерлерге қуат берсін. Бірі аға, бірі іні болып жарасып отырса, кімге  ұнамайды? Біз осыған мән беруіміз керек. Біздің мемлекетіміз ылғи дамып, дәуірлеп келеді. Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында азаттығымызды үшке бөліп көрсетіпті. Қазір 4-ші кезеңіне аяқ бастық. Сол мақаласында: «Елдің, халықтың тұрмысы түзелмей, ананы істедік, мынаны істедік деген мақтан сөз болмауы керек», – деген жақсы сөз жазыпты. Құдай өзі соған жеткізсе деп тілеймін. Жастар да билікке келеді. Соларға Алла ынсап берсе екен. Бізге ынсап, қанағат керек. Билікке келетін азаматтардың барлығы ары таза, халқы үшін жанашыр болса екен деймін.

Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ,

мемлекет және қоғам қайраткері,

филология ғылымдарының докторы, профессор