ЖЕЛТОҚСАН КӨТЕРІЛІСІН ВИДЕОҒА ТҮСІРГЕН ТАСПАГЕРДІҢ ЕРЛІГІ ЕЛЕУСІЗ ҚАЛДЫ

Уақыты: 22.12.2021
Оқылды: 1587
Бөлім: ТҮПСАНА

Желтоқсан айы келген сайын кеуде тұстың бір шым ете қалатыны бар. Әлі күнге дейін «Желтоқсаншылар өзінің бағасын толық алды ма?» деген сауалмен күн өткізіп жатырмыз. Осы бір толқуды алаң ортасында жанкештілікпен таспаға түсіріп, тарих бетінде қалдырған тұлғаның еңбегі мен ерлігі әлі де болса бағаланбай келе жатқанына қайранбыз. Рубикжан ЯХИН! Бұл есім телевизия саласында жүрген және теледидарды тұрақты қарап отыратын көп қазаққа белгілі. Еліміздің белді, белгілі арналарында бас режиссер болып қызмет істеді.

ТОЛҚУ

Қазақ телевизиясы орналасқан ғимараттың терезесінен үлкен алаң анық көрінетін. Алаңға ағылып жатқан жастарды көрген Сағат Әшімбаев дереу Рубикжан Яхинге тапсырма береді. Бұл туралы Рубикжан аға журналист Ұлболсын Әйтөлен апайымызға берген сұхбатында:

«Сол күні таңертеңгісін Сағат аға қоңырау соғып: «Рубикжан, алаңға жастар жиналып жатыр, керек болар, түсіру керек», - деді. Жұмысқа келсем операторлар келмепті. Содан БТС-камераны қолыма алып, алаңға беттедім. Оқиғаның бел ортасында бір сағаттай болдым. Ұзақ түсіруге КГБ өкілдері кедергі келтірді. Түсіргенімді «қараймыз» деп талап еткен оларға көрсету үшін касетаны аппаратқа қосып жатқан сәтте Сағат ағаның «керек болып қалар» деген сөзі ойыма сап ете қалды. Жалма-жан айналдырып болған таспаның жартысына жуығын кесіп алып, қойныма тықтым. Алуын алғаныммен бойымды үрей биледі. Ұстап алса, оңдырмайтынын білемін. Жан тәтті ғой. Егер де кабинетке келіп іздейтіндер болса таба алмасын деген оймен сейфтің ішіне емес, астына жасырдым. Содан бір күн өткеннен кейін Сағат ағаның қолына аман алып қалған лентаны тапсырдым», - дейді.

Басын бәйгеге тігіп, осындай оқиғаны түсіріп алғанын көрген-білген азаматтар Рубикжаннан сұрағанда қарапайым ғана: «Менің орнымда болса, кез келген адам осылай істер еді», - деп қана жауап қайырған. Осы туралы Рубикжан ағаның қарындасы Зұлхаят Махановадан сұрағанымызда:

– Сол күні жастардың алаңға ақырын-ақырын жиналып жатқанын көрдім. Үйге келгенімде ағам тапсырмамен шұғыл кетіп қалыпты. Мен бейхабар болдым. Кеңес өкіметі ыдырағаннан кейін Сағат Әшімбаев туралы бағдарлама жасалған сәтте ағамның сол оқиғаны түсіргенін бір-ақ білдім. Оған дейін айтпаған. Оқиға орнында ұстап алған комитет адамдары студияға бірге келіп, пленкадағы түсірілімді көрсетуді талап етеді. Аппарат бөлмесіне кіргізіп, сыртынан бекітіп кеткен. Олар қайтып келгенше монтаждау аппаратына салып, жастардың түрлері анық көрінген жерлерді кесіп алған. Қалған таспаны беруге мәжбүр болды, - дейді.

САҚТАУ

1996 жылы Желтоқсан көтерілісінің 10 жылдығына орай журналист Ұлболсын Әйтөлен «Желтоқсан мен Тәуелсіздік» айдарымен 30 минуттан тұратын «Парыз бен қарыз» бағдарламасын әзірледі. Дайындаған он бағдарламасының бір санын ел журналистикасының қалыптасуына зор үлес қосқан Сағат Әшімбаевқа арнады. Сол сәтте ағамыздың жары Шәрбану Бейсенова жазушы архивінде Желтоқсан оқиғасының алғашқы күні түсірілген бейнелердің сақтаулы тұрғандығын айтады. Ал оны кім, қалай түсіргендігі белгісіз болғанымен, лентаны сақтаушылардың бірі спорт журналистикасының ардагері Рабат Жәнібеков екені белгілі болады. Бұл туралы Рабат Жәнібеков ағамыз:

- «Жарайды» деп сақтауға келістім. Содан Алматының маңында орналасқан Өжет деген ауылдағы таныс түріктің үйіне барып, сыртын целлофанмен қаптап, сенімді жерге көміп кеттім. Оның алдында түріктің үйінде бір түсірілім ұйымдастырған болатынбыз. Содан ойыма келді. Көмген жерімізді кейін оңай тауып алу үшін төбесіне кішкене ағаш қадап кеттік. 1991 жылы Сағат аға ҚазКСР телевизия және радио хабарларын тарату жөніндегі мемлекеттік комитеттің төрағасы болып сайланды. Сол тұста менен «эфирге шығарамын» деп ленталарды сұратты. Бес жыл жерде көмулі жатқан таспаларды қазып алып, өз қолына ұстаттым, - дейді.

Рабат аға арқылы сол бейнелерді Рубикжан Яхиннің түсіргені белгілі болды. Бүгінде Желтоқсан туралы деректі фильмдердің басым көпшілігі Рубикжан ағаның түсіргендерін пайдаланады.

ЕҢБЕК

Рубикжан Харисұлы Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясының түлегі. Еңбек жолын сол кезде Талдықорғанда құрылған жаңа драма театрдың әртісі (бүгінгі Бикен Римова театры - ред.) болып бастады. Роллан Сейсенбаевтың Талдықорғандағы аккумлятор зауытына байланысты жазған «Қазақстанның тұңғышы» қойылымында бригадир Кимнің, Мұхтар Әуезовтің «Қарагөзінде» Қоскелді шалдың, «Жаңғырықта» Асқардың рөлдерін сомдады. 1978 жылы қызметін «Қазақстан» арнасына ауыстырған Рубикжан аға 1980 жылы сол арнаның бас режиссері болып тағайындалды. Одан кейін «Қазақстан», «Хабар» арналарындағы режиссерлік қызметі сәтімен өріліп отырды.

Еліміздегі айтулы оқиғалардың бірі - «Қазақсан» ҰТА жанынан спорттық арнаның ашылуы. «ҚазСпорт» арнасының бауырын көтеріп, аяғын нық басуына да Рубикжан аға талмай еңбек істеді. «ҚазСпорт» арнасының бірінші директоры болған Есей Жеңісұлы:

- «ҚазСпорт» құрылып жатқанда "Қазмедиа" орталығындағы хабар тарату жүйесінің спорт арнасына онша ыңғайлы емес екенін бірден байқадық. Паша Цыбулин, Сұлтан, Рубикжан аға үшеуі мәскеулік техниктермен кеңесе жүріп, жаңа студияның сызбасын даярлады. Күн-түн демей еңбек етті. Жаңа студияны сынақтан өткізді. Астанадағы «Дәулет» спорт кешенінде 4 ел құрамаларының бокс кездесуі өтті. Ұлттық арна турнирдің жазбасын таратты. Рубик аға ПТС (жылжымалы телестанса) құлағында отырды. Өзі би, өзі қожа, бөтен ешкімді кіргізбейді. Директорсың ба, редакторсың ба – мазалама. «Эфирге мен жауап беремін, мазаламаңдар» деп шорт кеседі. Дәурен Бітібаев, Сұлтан Тоқпақов сияқты қалыптасып қалған жас режиссерлерді қатты қағадалайды. Ол кезде техника сәл ескілеу, жігіттерді қайталау пультіне отырғызып қойып, дүркін-дүркін команда беретінін естіп отырамыз. Одан кейін Атыраудағы Исатай-Махамбет батырлар жүлдесіне арналған бокс турнирін түсіруге бардық. Бар-жоғы 4 камералық шағын ПТС-пен сапасы жоғары картина жасап шығарып, жылы жымиғаны есімде, - деп еске алды.

Көп ұзамай арнадағы басшылық қызметтен Есей Жеңісұлы кетті. Рубикжан Яхин де 2014 жылы өзін екі жыл үздіксіз шақырған облыстық «Жетісу» телеарнасының директоры Мейрам Базарұлының ұсынысын қабыл алып, Арқадан Жетісуға оралды.

– Тек облысқа ғана емес, бүкіл қазаққа керек тұлға болды. Астанаға барғаныммен, үй де бермеді. Оның қасында кеше кіргендер марапат алды, сый көрді, бірақ ғұмырын телевидениеге арнаған Рубикжанға айтарлықтай құрмет болмады. Соны да ескеріп, сол кездегі облыс әкімі Аңсар Мұсахановпен ақылдасып жүріп Жетісу жеріне шақырдым. Бас ресжиссер болды. Оның әзірлеген дүниелерінің бәрі фильм сияқты тапжылмай көруге болатын бейнелер еді. «Жетісу» телеарнасында талай тамаша дүниелер жасады. Бірақ «жасаймын» деп жүрген ойлары өте көп еді. Жасай алмай кетті, - деп пікір білдірді елімізге белгілі спорт журналисі Мейрам Базарұлы.

Алматы облыстық «Жетісу» телеарнасы Рубикжан ағаның соңғы қызмет орны болды.

ӨЛІМ

- 1967 жылы Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы Малыбай ауылына Астраханьнан көшіп келді. Ол кезде Рубик бесінші сыныпта оқитын еді. Бала кезден араластық, дос болдық, бірге жүрдік. Тоғызыншы сыныпты Шелектен оқып, оныншыны қайтып келіп Малыбай ауылынан бітірді. Мектептен кейін бір жыл оқуға түсе алмады. Келесі жылында актерлыққа түсіп, Хадиша Бөкееваның шәкірті болды. Талдықорғанда бір жыл театр әртісі болып қызмет істеп, Алматыға келіп телевидение саласына араласты. Екі қыздың алдындағы жалғыз ұл. Әке-шешесі қатты аялады. Әкесі марқұм кейде түнделетіп бастаңғы, кеш ұйымдастырсақ сол біткенше сыртта күтіп отыратын. Жалғыз ұлын қатты жақсы көрді. Бұл өмірге таза келіп, таза кеткен азамат, - деп бір толғанды сыныптасы, талантты кинорежиссер Талғат Теменов.

Рубикжан Харисұлы 1955 жылы Ресейдің Астрахань өңірінде дүниеге келді. Анасы Зақан, әкесі Харис Малыбай ауылына көшіп келгенде 12 жаста еді.

Ғұмырын телевидениемен байланыстырған тұлға талай тамаша туындылардың дүниеге келуіне себепші болды. Өмір барда өлімнің жүретіндігі ақиқат. 2014 жылдың 24 шілдесінде 59 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Өзі ержеткен Малыбай ауылында жер қойынына тапсырылды.

- Қатты ойланамын. Інім еді. «Аға, Жетісуға келсем қалай болады?» дегенде қатты қуандым. «Өзің еңбек жолын бастаған жер, енді осы жерден зейнеткерлікке шығасың» деп қанаттандырып қойдым. Бір-екі ай менің жанымда болды. Іссапарға барып, қонақта ешкінің етінен жасалған тағамды жепті де, жолда келе жатып бұлақтың тастай суынан сіміріп алса керек. Мен содан ба деп дәрігерлерден сұрағанда мүмкін деді. Іші түйіп ауырғанда да екі-үш күн жүріп барып дәрігерлерге барған. Осыларды ойласам... Алғашқы ота сәтті аяқталғанымен, келесі күні қайта аурухана төсегіне жатқызылды. Әр барғанымызда дәрігерлер ішектің жарамсыз жерлерін кесіп алып отырды. Пешенеге жазылғаны ғой... Ең негізгісі – атақ үшін, абырой үшін, марапат, даңқ үшін емес, намысы, ары үшін қызмет істеді. «Жетісуда» кейде аудан күндерінде түсірлген бейнелерді көрсетіп қалғанда жылағым келеді, фильм ғой, фильм! Өз ісінің білгірі, шебері еді, - деп күрсініспен еске алды театр әртісі Кендебай Темірбайұлы.

Сөз соңын Рубикжан ағаның жиені Мадина Маханованың пікірімен түйіндесек: "Желтоқсан оқиғасы болған сәтте мен анамның құрсағында едім. Кейін мектеп оқулығынан оқып, ата-анамның аузынан естіп, теледидардан көрдім. Нағашымның қатерге басын тайсалмай тігіп, табандылық танытып, таспаларды алып қалғанын естігенде кеуде тұсымды мақтаныш сезімі кернеді. Мендегі тілек – елдік жолындағы ерлігі мен қызметтегі ерен еңбегі еленсе деймін".

Серік ҚАНТАЙ

Алматы облысы

"Жетісу" газеті, 2017 жыл