ЕСІК ҚАЛАСЫНДА КЕРЕЙ МЕН ЖӘНІБЕКТІҢ МОНУМЕНТІ ҚАЙТА ЖАҢҒЫРТЫЛДЫ

Уақыты: 24.12.2021
Оқылды: 2457
Бөлім: ТҮПСАНА

Есік қаласында биіктігі 36 метр болатын тутұғыр бой көтерді. Тутұғырдың ашылуына орай аудандық Мәдениет үйінің маңына қала жұртшылығы көптеп жиналды. Әсіресе, жалындаған жастардың қарасы мол болды. Бәрінің бет-жүзінен қуаныштың лебі есіп тұрғандай. Енді олар қасиетті көк байрақтың биіктен желбірегенін тамашалап, Отанына деген перзенттік сүйіспеншіліктері одан сайын асқақтайтыны анық.

№6654 әскери бөлімінің сарбаздары Мемлекеттік Туды салтанатты түрде тұғырға бекітті. Әскери оркестр Гимнді әуелетті. Көк байрақ биікке қарай көтерілді. Бұл сәт елім деп соққан әр жүректі ерекше тебірендірді.

Салтанатты шарада аудан әкімінің бірінші орынбасары Айбек Бидаев тұрғындарды азаттықтың әрбір атқан ақ таңын қастерлеуге шақырды.

- Әрбір азамат мемлекеттік нышандарын қастерлеуі қажет. Бүгін, міне, осындай ұлық көріністің куәсі болып отырмыз. Ел еңсесі әрқашан биік болсын! – деді Айбек Дүйсембекұлы.

Тутұғырдың құрылысына бюджеттен 11 миллион теңге қаражат бөлінген. Айналасы абаттандырылып, қаланың ажарын одан сайын ашып тұр. Шара соңында аудан өнерпаздары «Көк Тудың желбірегені» әнін шырқап, жиналған көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Дәл сол күні Есікте Керей мен Жәнібек ханға арналған монумент қайта жаңғырды. Ескерткіш тақтаның күрделі жөндеу жұмысына жергілікті бюджеттен 51 миллион теңге жұмсалыпты. Осыдан он жыл бұрын орнатылған монументтің бүгінгі көрінісі көңіл қуантады. Ескерткіш авторы, сәулетші-дизайнер Құрманғазы Қадыров монументтегі әрбір бейненің мәні мен мазмұнына тоқталды.

- Ескерткіште киіз үйдің екі уығымен шаңырағы көрініс тапқан. Ал шаңырақтың ортасында Керей мен Жәнібек хандар бейнеленген. Екі хан көтерген қазақтың алғашқы шаңырағы бүгінгі Тәуелсіз елімізде де өз биігінде тұр деген мағынаны білдіреді, -­ дейді Құрманғазы Қадыров.

Тәуелсіздік мерекесіне тарту мұнымен шектелген жоқ. Ары қарай игілікті шара Шелек ауылында жалғасты. Кеңес заманынан бері жөндеу көрмей, әбден тозығы жеткен Ахметжан Шымболатов атындағы орталық саябақ қайтадан ашылды. Үш гектар жерді абаттандыруға бюджеттен 395 миллион теңге бөлініпті. Саябақ іші адам танымастай өзгерген. Скамейкалар, жарық шамдары, бәрі де талапқа сай. Ал жаңадан отырғызылған 600 түп ағаш демалыс аймағын құлпыртып тұр. Сонымен қатар, саябақ ішінде боздақтарға арналған даңқ мемориалы орналасқан. Онда Екінші дүниежүзілік соғыс пен Чернобыль ардагерлерінің және Желтоқсан көтерілісіне қатысқандардың тізімі лед-экран арқылы көрінеді. Енді бұл жер тек демалу үшін ғана емес, жас ұрпақтың өткенге тағзым ететін қасиетті орнына айналатыны сөзсіз.

Болат МӘЖИТ

Еңбекшіқазақ ауданы

Алматы облысы