АХМЕТТАНУДЫҢ БАСЫНДА МҰХТАР ӘУЕЗОВ ТҰР. ОЛ АХАҢДЫ ҰСТАЗ САНАҒАН

Уақыты: 01.01.2022
Оқылды: 3404
Бөлім: ТҮПСАНА

Кеңес кезінде аты да, заты да айтылмайтын, қызыл империяның іргесі сөгілген ХХ ғасырдың соңына таман там-тұмдап есім-сойы сөз бола бастаған Алаш зиялыларының қай-қайсысын алып қарасаңыз да, қилы тағдырға, мың сан бұралаң соқпаққа жолығасыз. Аумалы-төкпелі дәуірде туып, ұлт үшін топтаса қалған кешегі зиялылар шоғырының шыңында, сөз жоқ, өзі ғалым, ақын, аудармашы, ұлы педагог, қазақ әліпбиінің алғашқы реформаторы Алаштың Ахаңы – Ахмет БАЙТҰРСЫНҰЛЫ тұрды. Ахаңның иірімі көп ғұмырдариясынан ерніңізге тамшы тисе жеткілікті, жан дүниеңізге жайыла кететін кермек дәм аз уақытта тіліңізді күрмеп, өңешіңізге ащы өксікті кептейді. Егер сіздің жүрегіңіз тастан емес, еттен жаралғаны рас болса, Ахаң өмірі еріксіз егілдіреді. Жүз жерден ермін деп еңсе тіктеп, берік мінез байқатсаңыз да, ғалым жолы сіз бен бізді бей-жай қалдырмайды. Бәлкім, бұл аяныш, бәлкім, бұл жоқтау яки Ахаңа деген риясыз ықылас-пейіл ма, кім білсін?! Әлде асылымызды ардақтай алмай, қызыл саясаттың құрбаны еткен сормаңдайлығымыз үшін әр қазақ жылауға міндетті де шығар?! Әйтеуір бастағы қауашағымыз оның ел үшін атқарған ісі қаншалықты Алатаудай биікке орнықса, тартқан азабы мен көрген машақаты да соншалықты қара тастай ауыр екенін сезе-дүр.

Жыл парағын Ахмет Байтұрсынұлымен ашып отырғанымызда үлкен гәп бар. Биыл, Мұхтар Әуезовтің тілімен айтсақ, «мағынасы үлкен уақиға», «ой ойлаған қазақ баласының жүрегіне жылы тиетін қуанышты істің бірі», «әркімнің қалғыған сезімін оятып, өткен күндерін есіне түсіретін көп істің ішіндегі ірісі» – Ахаңның мерейтойы. 150 жыл! Осыдан ғасыр бұрын Ахаң туралы алғаш қалам тербеп, 50 жылдығын тебірене жазған Мұхтар Әуезов ахметтану ғылымына тыңнан түрен салды. «Ахаңның елу жылдық юбилейі» деген тақырыппен жарық көрген мақалада Алашорда қайраткерінің дара жолы, ғылыми еңбектері, ізденісі сөз болады. Мақаладан Мұхтар Әуезовтің Ахаңа деген шексіз құрметі, қазақ халқының дара тұлғасына деген ілтипаты анық байқалып тұр. Қызыл саясаттың шекпенінде кетпей, Ахмет Байтұрсынұлының ұлтқа сіңірген өлшеусіз еңбегін тайға таңба басқандай ашып көрсетіп, жіліктеп береді.

«Қазақ жұртының өткен күндеріне көз салғанда, оқыған азаматтарының артынан ерген күндері аз да болса мағыналырақ, тәуір күндерінің бірі деп саналады. Сол оқыған азаматтың тұңғышы, алғашқы шыққан көсемі болған Ахаң», – деп бастайды Мұхтар Әуезов мерейтойлық мақаласын. Кейінгі әдебиеттанушы ғалымдар «Ахаңның елу жылдық юбилейі» мақаласын Ахмет туралы зерттеудің кіріспесі деп жоғары бағалады. Расында да, сол замандағы «Ақ жол» басылымында жарық көрген шағын мақалада Мұхтар Әуезов аз сөзбен Ахметтің бүкіл болмысын ашуға тырысқан. Оның жекелеген еңбектеріне тоқталып, қайраткерлігін, кейінгі жастарға жол салғанын айшықтап көрсетеді. Мәселен, мына сөйлемдеріне назар аударайықшы:

«Ахаңның майданға алғаш жыры шығып, әдебиет, саясат жолында жол бастаған күндері бәріміздің де есімізде. Кешегі күні оқушы болып, соның тәрбиесінде жүрген күндерімізді көз алдымызға елестеді. Ахаңның қазақ оқушысының ойы мен пікірін тәрбиелеген заманнан бір ай ұзағамыз жоқ. Кешегі күндерге шейін бәріміз де жетегінде келгенбіз. Қаламынан туған өсиет-үлгісі әлі есімізден кеткен жоқ. Патша заманындағы үкіметтік өр зорлыққа қарсы салған ұраны, ойымызға сіңірген пікірі әлі күнге дейін үйреніп қалған бесігіміздей көзімізге жылы ұшырайды, құлағымызға жайлы тиеді», – дейді Мұхтар Әуезов.

Қандай жылы сөз! Қандай жүрекке жетіп, көзге жас іркитін ілтипат! Әуезовтің стилі ап-анық аңғарылады. Есіңізде болса, «Абай жолы» эпопеясы да осы стильде жазылған ғой. Бұдан не ұқтық? Мұхтар Әуезов, кәдімгі ұлы Абайды бүкіл әлемге танытып, қазақ әдебиетіне алтыннан қымбат қазына қосқан Мұхаң Ахмет Байтұрсынұлын өзіне ұстаз тұтатынын, аға деп бас иіп тұрғанын білдік. Ресейдің патша билігіне де, кеңестік жүйеге де батыл пікір айтып, сынайтын жерінде тосылып қалмай, батырып сөз сөйлей білген, қажет жерінде қарсылықтар ұйымдастыра алған Алаш арыстары расында да ерекше бір қозғалыс өкілдері еді. Қазақтың бағына біткен алтын буын болатын. Сталиндік қуғын-сүргін, ең алдымен, осы Алаш қайраткерлерін қынадай қырудан басталуы терең зерттеуді қажет етеді әрі осы мәселеде үлкен құпия жатқаны айтпаса түсінікті. Сөз жоқ, Ахмет Байтұрсынұлы осы Алаш қозғалысының бастауында еді, негізгі қозғау күші, алтын өзегі болды.

Қостанайдың мидай жазық даласында өмірге келіп, ауыл молдасынан алған діни білімін қанағат тұтпай, ары қарай ізденген Ахаңның заманында қазіргідей мамандық таңдауда бас қатыру, оқу орындарын таңдау атымен жоқ еді. Ахмет үшін әріп танып, көршілес орыс классиктерін емін-еркін түсінудің өзі үлкен жетістік саналды. Бірақ ол білім алған орыс мектептерінің саясатын ерте аңғарып үлгерді. Отарлаудың жымысқы жоспарларын дер кезінде түсіне білді.  Өзінің жерлесі, қазақ педагогикасының атасы Ыбырай Алтынсарин ашқан Торғай мектебінде, кейін Орынборда орысша-қазақша білім алғанда да қазақ халқының жағдайы өте ауыр екенін, қараңғылық осы екпінімен жалғаса берсе, жер бетінен қазақ ұлты біржолата жойылатынын байқады. Әсіресе, Ресей жеріне ішкері кіргенде билік басында отырған шенеуніктердің Азия даласына деген теріс көзқарасы, араласқан орыс отаршыларының зымиян саясаты шошытты.

Мұхтар Әуезов Ахмет туралы мақаласында бұл мәселені де айналып өтпеген. Алаш зиялысы Торғай, Орынбор, Қарқаралы барып, ағартушылық жолында еңбек ете бастайды. Кейіннен Ақмола, Қостанай, Семей өңірінің білім беру ісіне жауапты тұлғамен жолығады. «Омбыға барып, Алекторовпен көрісуі – Ахаңның кейінгі күндегі адамшылығы мен ісіне екі түрлі әсер берген. Біреуі, Алекторовтың қазақ турасындағы отаршылдық саясатының басын біліп, көздеп жүрген мақсұтын сезген болар. Атақты Ильминскийдің жолымен қазақтың көзін ашу үшін осы оқу керек деген саясатты тұтынып жүргендігін сөздерімен білдірген Алекторовтың ниетімен жақын келіп танысқан соң, Ахмет қазақ халқының жағдайының ауырлығын ұғып, ел турасындағы түкпірлі ойы сол кезде ояна бастаған. Алекторовпен танысудың екінші әсері – Ахаңның жолы ашылып, пікірі ашылып, бұрынғы білім-өнер жүзіндегі шала білініп, көмескілеу түсініп жүрген нәрселерін таза білуіне себеп болған», – деп жазды Мұхтар Омарханұлы.

Дәлірек айтсақ, осы кездесу Ахаңның алдағы арман-мақсатын түпкілікті өзгертеді. Оқуына, білім алуына барынша көмектескен Байтұрсын әкесінің айдауға түсуі, жер үшін ояздың басын жаруы секілді қиын жағдайлар, қазақтың құнарлы топырағына қара шекпенділердің лек-легімен келіп орналасуы Ахметтің жүрегіне ауыр жара салып қоймай, терең ойлануына, ұлт үшін қызмет етуіне айтарлықтай түрткі болды. Әр жерде мұғалімдік қызмет атқара жүріп, саяси көзқарасы қалыптасты. Отыздан асқан шағында қазақ үшін қызмет етуге, керек десеңіз, ұлт үшін ұлы жолда басын бәйгеге тігуге бел шеше кіріседі.

Ахметтің жасындай жарқ етіп көрінген тұсы – Қарқаралыдағы петиция. Жалпақ тілмен айтқанда, қазақтардың мұңын тізбектеп, патша билігіне арыз-шағым жолдауы. Ахметтің аты осы кезде қазақ даласына тұтастай тарады десек қателеспейміз. Өйткені, петицияда ең өзекті жер, ұлт, ата-баба қонысы мәселесі көтерілді. Талап-арызда қазақтардың мүддесін қорғайтын ең басты дүниелер тәптіштеп түсіндіріліп, отарлау саясатын тоқтату туралы нақты талап қойылды. Әрине, екі ғасырға созылған бодандық тарихында мұндай ірі әрі сауатты қарсылық бірінші рет болған еді. Патша билігін Ахмет Байтұрсынұлы мен оның маңайындағы көзі ашық, көкірегі ояу қазақ оқығандары үрейлендірмей қойған жоқ. Жалаң қылышы мен бірді-екілі шиті мылтығынан өзге ештеңесі жоқ қазақтардан патша билігі ешқандай қауіп күтпейтін. Ал қазақ оқығандарының топтаса бастауы отаршыл өкіметті әбден ойландырып тастады.

Қазақтың бас адамдары! Әуелі сіздер адаспаңыздар: адаспас үшін ақылдасып, ойланып, ынтымақпен іс етіңдер! Алашқа аты шыққан адамдар! Көсемдіктеріңді адаспай түзу істеңдер! Сендер адассаңдар – арттарыңнан Алаш адасады. Арттарыңнан ергендердің обал-сауабына сіздер қаласыздар.

Ахмет БАЙТҰРСЫНҰЛЫ

Мұхтар Әуезовтің жазуынша, мұғалім Ахмет Қарқаралыда жатып-ақ бүкіл қазақты оятқан. «Сол жылдардан кейін бас қосқан жиында, жазысқан хатта, оңашада болған әңгімеде ел қамы, ел мұңы деген сөздер Ахаңның аузынан кетпейтін сөзі болған. Елшілдік ұранын салып, агитацияның ауданын кеңейтіп, ел ішіне арманды сөздерін жая бастаған», – дейді М.Әуезов. Жазушының айтуынша, бұдан кейін Ахаң елдің шын қамқоры екенін дәлелдеген. Бірақ жоғарыда атап өткеніміздей, патша билігі қазақ оқығандарынан қатты сескеніп, жазалауды күшейтеді. Қуғын-сүргін қайта қолға алынады. Ахметке жан-жақтан қысым жасалады. Қайраткердің алдында әлі негізсіз жалаға, ақылға қонымсыз айыптауларға толы талай абақты күтіп тұрған еді.

Ұстазының ұлт жолындағы ерен істерін майын тамыза, масаттана жазған Мұхтар «Қазақ» газетінің жарыққа шығуына да кеңінен тоқталады. Заңғар жазушы Ахаң туралы мақаласында: «Бөтен қалада қыр есіне түсіп, елін ойлап жүрген балаға «Қазақ» газеті ауылынан келген сәлемдемедей болатын. Ел басына келген бәленің атын білмей, түсін танымаса да, елі мінген еспесі жоқ қайықты теңіздің ішінде жылжытып бара жатқан жел мен құйынның бар екенін оқып жүрген бала да сезетұғын. Қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына түгелімен ой түсіріп, елін ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңның салқын желіндей ширықтырған, етек-жеңін жиғызған «Қазақ» газеті болатын», – деп тебіренеді. Ұлт баспасөзінің алғашқы қарлығаштарының бірі – «Қазақ» газетіне қатысты осыдан артық сипаттау, осыдан артық теңеу қажет пе?

Мұхтар Әуезов ХХ ғасырдың бас кезіндегі қоғам сипатын дәл өрнектеген мақаласында Ахаңдай сыйлы адам некен-саяқ болғанын алға тартады. Сауаты төмен, білімі жоқ қыр қазақтары Ахаңды пайғамбардан кем көрмеген. Оның көзілдіріктің ар жағындағы байыпты көзқарасы, салмақты сөзі кез келген адамды ұйытып тастаушы еді. Орыс-қазақ мектептерінің берген білімін ұлт мүддесіне жұмсаған Ахмет аз жылда елін бастаған сенімді серкеге, Алашын адастырмайтын кемел ойлы көсемге айналды. Әсіресе, ұлт ұстазының «Қазақ» газетіндегі үндеулері мыңдаған қазақтың жүрегіне қонақтап, сәуле болып құйылып жатты.

«Ол газеттің жаны кім еді? Ішіндегі қажымайтын қайрат, кемімейтін екпін кімнің екпіні еді? Ол екпін ұйықтаған қазақты айқайлап оятуға заман ерік бермеген соң, «маса» болып талай ызыңдап, «оятамын» деп ұзақ бейнетті мойнына міндет қылып алған Ахаңның екпіні болатын», – деп толғатты Мұхтар Әуезов «Қазақ» газеті жайлы сипаттамасында.

Қалай десек те, заңғар жазушының «Ахаңның 50 жылдық юбилейі» атты мақаласы ахметтану ғылымында ең негізгі және ең басты дереккөз болып қала береді. Әдетте бір мақаланың аясында адам өмірін өріп шығу мүмкін емес. Бірақ Әуезовтің шеберлігі сол, бас-аяғы үш беттен тұратын материалда Ахметтің бүкіл бейнесін қамтыған. Бұл болашақ романистің кезекті шеберлігі болса керек-ті.

Ахметтану саласында ғалымдардың арасында қатар жүрген екі қарама-қайшы пікір бар. Ғылымда мұндай қайшылықтардың болуы түсінікті әрі заңды, әйтпесе, монографиялар ақиқаттан алшақтап кетуі мүмкін. Ол, әрине, қазақ тұлғаларының туған жылы мен күніне қатысты даулы мәселе. Бұл Ахаңа ғана емес, өзге де ұлт қайраткерлеріне қатысты. Дегенмен, Ахметтің туған жылында қатты алшақтық жоқ. Алаш арысы 1872 жылы қазанда әлде 1873 жылы қаңтарда туды ма деген сауалға дәлелді жауап та ұсынылды. Осыған дейінгі мектеп бағдарламаларында Ахмет 1873 жылы туған деп айтылып келсе, бүгінде айқын дәлелдемелерден кейін 1872-нің 5 қазаны ресми өмірге келген күні әрі Қазақстанның Тілдер мерекесі ретінде аталып өтеді. Неге екені белгісіз, Ахаңның туған күні осы уақытқа дейін көбінде 1873 жылдың қаңтары деп көрсетіліп келді. Мұхтар Әуезов те, Міржақып Дулатұлы, Сәкен Сейфуллин және басқа да қазақ оқығандары осы дерекке сүйеніп, 1923 жылы Ахаңның елу жылдық мерейтойына арнайы мақалалар жазған. Кейіннен Ахмет Байтұрсынұлының музей-үйінің басшысы, ғалым Райхан Сақыбекқызы Алаш зиялысының туған күні 1872 жылдың 5 қазаны екеніне бірнеше дәлел табады.

«Тұлғаның туған мерзімін «5 қыркүйек, 1872 жыл» деп нақтылауымызға негіз болып отырған – 1929 жылы өз қолымен орыс тілінде жазған «Өмірдерегі» (Жизнеописание) және әр жылдары мемлекеттік мекемелердегі ресми сауалнамаларға берген нақты жауаптары», – дейді мұражай жетекшісі. Ғалымның айтуынша, Ахметтің Орынбор мұғалімдер мектебін бітіргені туралы куәлікте, туған мерзімі «5 қыркүйек, 1872» деп жазылған. Екінші дәлел ретінде Ахметтің «Анама хат» атты өлеңін алуға болады. «Оқ тиіп он үшімде, ой түсіріп, Бітпеген жүрегімде бар бір жарам» деген жолдар әулет басына түскен 1885 жылғы оқиғаны (әкесі Байтұрсын, үлкен әкесі Ақтас оспадар ояздың басын жарып, 25 жылға айдауға түседі) меңзеп отыр. 1885-тен бала Ахметтің 13 жасын шегерсек, туған жылы 1872 жыл болып шығады. Үшінші дәлел Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұрағатында сақталған қызметтік сауалнамаларға берген жауаптары. Онда ақын туған жылыңыз деген сауалдың бәріне 1872 деп жазған. Яғни, биыл Ахаң жылы, Ахаңның 150 жылдық мерейтойы деуге толық құқығымыз бар.

Жоғарыда айтқанымыздай, Ахаңның 50 жылдық мерейтойына Мұхтар Әуезовтен кейін Міржақып Дулатұлы, Сәкен Сейфуллин мен Телжан Шонанұлы кеңінен тоқталған. Қазақтың сымбатты серісі Ахаңа: «Қазақ халқын байға, кедейге бөлмей намысын бірдей жыртты, арын бірге жоқтады. Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттық арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді. Қазақтың ол уақыттағы кейбір оқығандары уез, губерния соттарына күш салып, тілмәш болып, кейбірі арларын сатып, ұлықтық іздеп жүргенде Ахмет қазақ ұлтына жанын аямай қызметтерін қылды», – деп жоғары баға берді. Ал Ахметпен бірігіп, оқулықтар шығарып, Алаш қозғалысының белсенді мүшесі болған Телжан Шонанов бірнеше тарауға бөле отырып көлемді мақала өмірге әкелген. «Қиын кезеңде Ахмет алғашқы болып дауыс көтеріп, қазақ мектептерін, бір жағынан, дүмше молдалардан, екінші жағынан, патша миссионерлері ықпалынан құтқару үшін қызмет етті. Бұл жолда Ахаң жалғыз да алғашқы ағартушы болды. Оның жаңа қазақ әліпбиін жасауы іс жүзіндегі ішкі және сыртқы жаулармен күресінің көрінісі болатын», – деді Т.Шонанов.

Біз тілге тиек еткен мерейтойлық мақалалар бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Ахаңның көзі тірісінде аталып өткен елу жылдығы алғашқы және соңғы мерейтой болып қалды. Кеңес билігі оған мүмкіндік бермеді. Қуғын-сүргін басталды. Қазақтың оқығандары түгел бақылауға алынып, түрмеге тоғытылды. Ұлт үшін атқарылған еңбектердің дені жойылды, тәркіленді. Ахмет те, Ахметтің елу жылдығын дәріптеп, Алаш жұртына сүйіншілеген Міржақып, Сәкен мен Телжан, Мұхтар бастаған оқымыстылар да қуғын-сүргінге ұшырады, көпшілігі жазықсыз ату жазасына кесілді, қудаланды, айдауға түсті.

Қуаныш ТҰНҒАТАР