ТІЛ МӘСЕЛЕСІНЕ БЕЙЖАЙ ҚАРАСАҚ, ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІГІМІЗГЕ ҚАТЕР ТӨНЕДІ

Уақыты: 24.01.2022
Оқылды: 1931
Бөлім: ТҮПСАНА

Еліміз егемендігін алғанына отыз жыл толса да тіл мәселесі толғақты күйінде қалып келеді. Әлі де өз тілін өгейсіп өзге тілде шүлдірлейтін, онымен қоймай тілдің қанат жаюына кедергісін келтіріп жүрген жандар баршылық. Тіл – оның қадірін білетін, халықтың нағыз патриоттарының ғана ортақ мәселесі болып қалғалы қашан. Осы орайда ашылып отырған жаңа айдарда тіл, білім, ғылым, ұлттық тәрбие мәселесін қамтуды мақсат тұттық. Бұл жолы «Тілдің көсегесін қайтсек көгертеміз? Тіліміздің дамуына не кедергі?» деген сауалдарға жауап іздедік.

Өз тіліңді білмеу – қасірет

Асылы ОСМАН,

ҚР еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының кандидаты, профессор:

– Тіл – ұлттың жаны, рухы, өткені мен келешегі. Ұлтты ұлт етіп көрсететін де осы тілі. Мемлекеттік тілдің өрісін кеңейту үшін үш-ақ нәрсе қажет: қажеттілік, сұраныс, талап. Бізде не сұраныс, не талап жоқ, қажеттілігін де арттырмаймыз. Қайда барсаң да орыс, ағылшын тілдерін сұрайды, «Қазақ тілін білесің бе?» деп жатқан ешкім жоқ. Міне, осыдан-ақ тәуелсіздік алған отыз жылда қазақ тілінің өз тұғырына қона алмай келе жатқанын көруге болады.

Әрине, тіл мәселесінде ілгерілеу, алға жылжу бар. Өз тілімізде еркін сөйлейтін дәрежеге жеттік. Оған шүкіршілік етеміз. Бірақ, қазақ тілі өз елінде, өз жерінде қолданылып жатқандықтан мемлекеттік тіл мәртебесіне сай болуы керек. Кезінде Ахмет Байтұрсынұлы «Байтақ ел де, бай тіл де қазақтікі» деген.

Біз осы байтақ елде бай тілді өз деңгейінде қолдана алмай келеміз. Ол үшін Қазақстанда тұратын әрбір азамат ана тілін білуі қажет. Қазақ тілі зор тіл болғанымен оны қадірлемейтіндер, тілді білмейтіндер қор етіп отыр. Ұлттық мүддені бірінші орынға қоймай діттеген мақсатқа жете алмаймыз. Тілді білмейтін адам оның қадірін де түсінбейді, тереңіне де бойлай алмайды.

Жапондардан ақылды халық жоқ. Олар балаларына 12 жасқа дейін өзге тілді үйретпейді. Алдымен өзінің туған тілін бойына сіңіреді. Өйткені ұлттық қасиет адамның жан дүниесіне тіл арқылы ұялайды. Сондықтан бесікте жатқан кезінен бастап баланың бойына ана тілін сіңіру қажет. Бастауыш сыныптан кейін ғана ағылшын, орыс тілін үйреткен жөн.

Басқа тілді үйренбе деп ешкім айтпайды. Сен қанша тіл білсең соншалықты биіксің, сонша ұлттың өкілісің. Бірақ өз тіліңді білмей өзге тілді білу – қасірет. Алдымен өз тіліңді білуің керек.

Кезінде Қадір Мырза-Әлі «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген еді. Мен «Алдымен өз тіліңді біл, өзге тілді құрметте» деген болар едім. Ол кісі Кеңес өкіметі кезінде айтты, ал мен тәуелсіз қазақ елі үшін айтып отырмын.

Әр ұлттың өз тілі бар. Олар өздерінің салтын, ғұрпын сақтап отыр. Ол үшін бізде еркіндік, теңдік берілген. Сонымен қатар, жалпыға ортақ мемлекеттік тіл бар. Ол қоғамды біріктіруші, ұйыстырушы фактор. Тіл білген адам ғана бір-бірімен ұғысады. Тіл ортақ болмай мақсат ортақ болмайды. Сондықтан мемлекеттік тілді барлығымыз білуге, құрметтеуге, соның айналасына топтасуға тиіспіз.

Білім мен ғылымның бесігі

Өрікті БАЙШАЛОВА,

ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері:

– «Ұлттың сақталуы мен жоғалуына да себеп болатын – халықтың өзі. Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» деп ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, тіл – елдігіміздің басты нышаны. Тіл арқылы біз ата-бабадан жеткен асыл қасиеттерді бойымызға дарытып, ұлттық құндылықтарымызды сақтаймыз.

Бүгінгі таңда тіл – тәрбие құралы, білім мен ғылымның бесігі. Тіл арқылы әлемге белгілі ақын-жазушылардың озық шығармаларын оқып, ғылым мен білімде үлкен жетістіктерге жетіп келеміз. Әр ұлт тілінің өз орны мен салмағы бар.

Қазақ халқы үшін ана тілі бәрінен де биік құндылық. Сол себепті ұрпағымызға ана тілін үйретуді бесіктен бастауымыз керек. Отбасында ата-анасы балаларымен ана тілінде сөйлесіп, тілдің тереңдігі мен құдіретіне бойлатып өсірсе, өз ұлтын шексіз сүйетін жас ұрпақ қалыптасады. Тіл біліміне мектепте аса мән беріліп, баланың дұрыс жазуы мен сөйлеуіне, сауаттылығына, шешендік сөз өнеріне бірінші кезекте ден қойылса, бүгінгідей әдеби сөздің мағынасын білмейтін, астарына үңіле алмайтын жастар қалыптасып шықпас еді. Өзге ұлттың балаларына қазақ тілі мектепте дұрыс оқытылса, қазіргідей жағдай орын алмас еді. Тіл жанашыры ретінде қазақ пен қазақтың орысша сөйлесіп отырғанын көрсем жүрегім сыздайды.

Шындығы керек, қоғамдық орындарда, дүкендер мен базарларда халықтың басым бөлігі әлі де орыс тілінде қарым-қатынас жасайды. Тіл арқылы адам бойына ұлттық қасиет, отаншылдық сезім ұялайды. Міне, күні кеше өз қаракөздеріміздің тұрған дүниені бүлдіріп, шағып, сындыруына да осы отансүйгіштік сезімінің төмендігі дәлел. Туған тілдің құнарына сусындап, ұлт қадірін біліп, сезініп өскен жан ешқашан жаман, былапыт сөз айтуға, арсыз әрекеттерге бармайды. Өйткені, баба тілі  бізді жақсылыққа, әдептілікке, кішіпейілділік пен ізеттілікке, шешен де көркем сөйлеуге баулиды. Қазіргі жастардың осы шұрайлы тілден ажырап бара жатуы да қоғамның үлкен бір жарасы.

Қазір көп жастар кітап оқымайды, ермек еткені – ұялы телефон. Оның ішінен халқымызға жат түрлі нәрсені бойларына сіңіріп жатыр. Бесік жыры, ана әлдиі, батырлар жыры, дастандарымыз ұмыт қалды. Есесіне өзге тілдер үстемдік құрды. Мемлекеттің, оқу-білім жүйесінің талабы да қазақ тілінен бұрын шет тілдерді үйретуге ауды. Қазақ тілі көлеңкеде қалып қойды. Бұрынғыдай нәрлі сөз, кемелді ой айтатын, қазақ тілі деп құрақ ұшатын ұстаздар қатары да азайды. Ұлттық тәрбие ұмыт қалды. Онымен бірге ұлттық құндылықтарымыз да өшіп бара жатқандай.

Қазаққа ғана тән мәселе емес

Сайлау ҚОЖАҒҰЛОВ,

І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты:

– 1995 жылы елімізде «Тіл туралы» Заң қабылданғаны белгілі. Онда Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі, оны білу парыз екендігі жазылған. Мен парызы емес, міндеті деп жазу керек еді, міндеттеу керек еді деп ойлаймын.

Осы заңның қабылданғанына ширек ғасырдан асса да тіліміз өз дәрежесінде қолданылмай отыр. Оған бөгет болған факторлар бар. Біріншіден, біз көпұлтты халықпыз, екіншіден көптеген елмен шегаралас жатырмыз. Сондықтан олардың да ішкі және сыртқы саясаттарымен санасуымызға тура келді. Осындай қиындықтардың бәрін ақырындап жеңіп келеміз.

Кеңес кезінен бастап мемлекеттік құжаттар орыс тілінде жазылды да қазақ тіліне аударылды. Ол бүгінге дейін жалғасты. Бұған да ақырындап шектеу қойылып келеді. Қазір де баяндама, ғылыми жұмыстарды екі не үш тілде жазамыз. Қазақ тілінде жазғанымызды орысшаға аударамыз. Аттестациядан, аккредитациядан өту үшін де үш тілді қолданамыз. «Біз қазақ тілі маманымыз, неге үш тілде жазуымыз керек» деп сұрасақ, «шетелден келетін сарапшылар үшін қажет» деген жауап естиміз.

Мұның бәрі адамның алтын уақытын ұрлайтын керексіз жұмыстар. Ендігі кезекте жер-су, көше, қала берді, дүкен аттарын да бір ғана тілде, қазақ тілінде жазуымыз керек деп ойлаймын. Ана тілінің мәртебесін үстем ететін уақыт жетті.

Тіл – халық игілігі, мемлекетіміздің бет-бейнесі. Өзге елдермен дипломатиялық қарым-қатынаста да тіл басты рөл атқарады. Тіл де біздің Туымыз, Елтаңбамыз, Гимніміз сынды елдігімізді танытатын, ұрпаққа үлгі болатын дүние. Әрқайсымыз оған теңізге тамшы тамызғандай үлес қоссақ, ол  өз тұғырына қонады деп білемін.

Тіл мәселесіне бейжай қарайтын болсақ, ұлттық қауіпсіздігімізге  қатер төндіруіміз мүмкін. Руханиятымызды да әлсіретіп алуымыз ықтимал. Қазақ тілі тек қазақтарға ғана тән мәселе емес, осы мемлекетте тұратын өзге ұлттарға да ортақ іс. Әсіресе, мемлекеттік құрылымдарда қызмет істейтіндердің бәрі ортақ тілді білуі тиіс. Онсыз ол мемлекеттік тіл болып есептелмейді. Бұл Ата Заңымызда қойылған талаптың бірі. Заңымызды сыйласақ, бәріміз бір адамдай мемлекеттік тілді меңгеріп, оның қадіріне жете білгеніміз абзал.

ҚОРЫТЫНДЫ: «Түрік тілінің ішіндегі гауһары  – қазақ тілі» деп Мүшһүр-Жүсіп Көпейұлы баға бергеніндей, қазақ тілі – ең бай, шұрайлы, әуезді тіл. Осынау тілдің қадіріне жету, өз дәрежесінде қолдану, ата-бабамыздан жеткен ғажап жауһардың мәртебесін арттыру – бүгінгі ұрпақ, сіз бен бізге артылып отырған зор міндет. Ендеше, өз тілімізді өз елінде өгейсітпей, жас ұрпақты туған тілінде сөйлеуді мақтаныш тұтатындай етіп тәрбиелеу – уақыт күттірмейтін мәселе. Ертеңгі күні қолымызды кеш сермемеу үшін бүгіннен бастап әрекет етейік, ағайын!

Алма ЕСЕНБАЙ

Алматы облысы