ЖАРАСЫМДЫ КӨРШІЛЕР

Уақыты: 18.09.2017
Оқылды: 1200
Бөлім: ТҮПСАНА

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын іске асыру мақсатында облыстық ардагерлер кеңесінің, Көксу аудандық ақсақалдар алқасының ұсынысымен және аудан әкімінің қолдауымен «Жарасымды көршілер – сенімді әріптестер» атты шара өтті.

Қай ел, қай ұлт, халық болсын «көрші» деген ұғымды қастерлеген. Соның ішінде қазақ ұлты көршіні құрметтеу ықыласы ерекше болған. Осыны алға тартқан көксулықтар шарада ұлтымыздың салт-дәстүрін, мәдениетін, ұлттық таным мен рухани құндылықтарын паш етті. Сөз алып, халықтың алдына шыққан аудан әкімінің орынбасары Ұлан Досымбекова Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында аудандағы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. «Жарасымды көршілер – сенімді  әріптестер» атты тақырыппен ұйымдастырылған игі шараның маңызы мен мәніне тоқталған ол «Туған жер» бағдарламасын іске асыру аясында өткен бұл шараның негізгі мақсаты халқымыздың  салтын, мәдениетін, бүгінде ұмыт қалған кейбір дәстүрлерді жандандырып,  жас буынға үйрету екендігін жеткізді.  
Көршілер жарасымы татулық пен бірліктің бастауы. Балпық ауылдық округіндегі Т. Нүсіпов мөлтекауданының тұрғындары мерекелік шара ұйымдастырып, бар өнерлерін ортаға салып, тату-тәтті өмір сүріп жатқандықтарын танытты.  Мәселен, қазақтың ұлттық киімімен ортаға шыққан көршілер көрініс арқылы «көрші» ұғымының қадір-қасиетін көрсетті. Бұдан бөлек, жүн иіріп, ою ойып, құрақ көрпе көктеп отырған сол ауданның ақжаулықты әжелері тары қуырып, талқан жасап, халыққа ұсынды. Ақ әжелердің ішінде кезінде трактор жүргізіп ер азаматтың жұмысын атқарған Күлтәй апа жастарға ақылын айтты. Ауданның Құрметті азаматы, ел анасы атанған Әсет апа да шара барысында ұлттың рухани коды дегенге тоқталып,  сан ғасырлық тарихымызды мирас болып келе жатқан атамұра өнерімізді, өзге елден ерекшелеп тұратын дәстүр-салтымызды, әдет-ғұрпымыз бен діни ұстанымымызды, білім-ғылымымыздың мәңгі өшпейтін ошағы екенін айтты. Ал, жастар жағы би билеп, ән әуелетіп, айтыс өнерін де көрсетіп, халықтың қошеметіне бөленді. Қазақтың киіз үйін тігіп, ақ дастарқан басында мерекелік шара жалғасын тапты. Басқосқан ақсақалдар, әжелер, аналар ұлттық салт-дәстүрімізді айтып, рухани құндылығымызды жандандыра түсті. 


Жадыра ЕРМҰХАНОВА.
Көксу ауданы.