Аманат

Уақыты: 18.09.2017
Оқылды: 1703
Бөлім: ТҮПСАНА

Қызылдармен 3 жыл алысып, 1931 жылы Қытай асып кеткен, сол жақта көз жұмған, Ақсулы деген мекенге жерленген атақты Омарбек  мерген хақында

Кабинетте мониторға шұқшиып отыр едім, есік қағылды, мен «Кіріңіз!»  дегенше, шалқасынан ашылып, орта бойлы, дембелше ел ағасы кіріп келе жатты. 
– Серік деген сен бе, бауырым?  
– Ассалаумағалейкүм. Иә?! 
– Аман ба? Дұрыс болды, осымен екінші мәрте іздеп  келдім. Өткенде таппай кетіп едім... 
Ағамыздың қысылар сыңайы жоқ, ұсынған орындыққа алшайып отырып алып мені бастан-аяқ бір шолып шықты.
– Отыр! Әңгімем бар... Өз кабинетімде өзгеден бұйрық естіп қарсыдағы орындыққа  отыра кеттім.  
– Жай іздеп жүрмісіз? 
Кең маңдайлы, қайратты шаштары тікірейген,  күнқақты қоңыр өңді ағамыз шүңіректеу көзін маған тастап, мырс етті. 
– Жай жүруші ме еді адам деген... Сен осы баяғы батырларды зерттеп жүрсің бе?
– Иә...
– Омарбек дегенді естідің бе? 
– Қай Омарбек, Еркінбеков пе?
– Е, жаза береді ғой, ол Еркінбектің ұлы. 
– Ол жайлы бірдеңе білесіз бе, аға? 
– Е, соны білген соң айтып берейін деп сені іздеп жүрмін ғой. 
Қуанып кеттім.  Мен іздеген  батырлардың ішінде дәл осы Омарбек жайлы мәлімет там-тұм еді. 2009 жылы «Ана тілі» газетінде жарық көрген «Қарақшылықты тудырған қасірет» деген мақалада  авторы, ҚР Президенті Мұрағатының бас сарапшысы Айнаш Сейсенбаева коммунистік саясатқа қарсы күрескен дала ерлері қатарында осы Омарбек Еркінбековты да атайды. «...Қаратал ауданында 25 қыркүйекте Қытайдан келген Еркімбеков Омарбек және Комбанов Қазыбекпен қақтығыста             5 адамдары өлтірілді. Қалғандары солтүстік-шығысқа қарай қашып кетті. 18 қазанда Шолақ тауларында 80 адамы бар Еркімбеков Омарбек тобымен 7 сағаттық атыста 10 шақтысы өлтірілді, 9 ұсталды, 24 ат, 21 түйе, 3 сиыр, 1 ағылшын карабині алынды...». Осы аз мәліметтің өзінен Омарбек бастаған жігіттердің қызыл отрядпен бірнеше мәрте сағаттап атысқаны түсінікті. Болды, бары осы. Құндақбай Төлендіұлы, Омар Мұртазаұлы, Сыматай Әрсеков секілді Жетісудың  жүйеге қарсы атылған жолбарыстары жайлы мәліметтер әр тұстан кезіксе, Омарбек батыр туралы басқа дерек жоқ. Жетісулық қаламгер, ақсақалдардан сұрастырып едім, ешкім мардымды дерек айтпады. Бәрінің білетіні Омарбек дегеннің расымен болғаны, атақты мерген екені, Сейітжапар деген милиция досының ерінің қасын жұлып түсіргені. Қаратал өңіріндегі бұл екеуі туралы әңгіме Хамит пен Құдіре жайлы фильмнің желісіне  ұқсас, тек Құдіре – Омарбек Хамит – Сейітжапарды қан қақсатып, зәресін ұшырып кетеді.    
– Әлгі досы милиция болып...
– Иә! Мен сол Сейітжапардың баласы Түгелбаймын, мына  Дөңшиде тұрамын. 
Міне, қызық, банды туралы оны қудалаған милицияның баласы айтып бермек. Менің бұл аңтарылысымды Түгелбай аға байқап қойды.
– Айналайын, бауырым, әкем Сейітжапар 1979 жылы көз  жұмды, – деді Түгелбай аға алға емініп.          – Өле-өлгенше Омарды аузынан тастаған жоқ. Омарбектің не себепті «банды» атанғанын, қандай қиянат көргенін құлағыма құя беретін, ұрпақ білсін дейді ғой... Бірі банды, бірі милиция болғанымен тілекші жандар ғой. Міне, мен де қартайдым, білетінімді саған айтып берейін, сен жазшы?!    
«Көктен іздегенім жерден табылды» деген осы болар, бір сөзге кел-         местен телефон тұтқасына жармасып, хатшыға тапсырма бердім де алдыма әзірленген ақ қағазға естігенімді сол қалпы құйып отыруға тырыстым.   
– Мақұл, аға. Айта беріңіз. 
Еппен басып кірген хатшы қыз шай қойып еді, Түгелбай аға керек  емес дегендей ысырып, әңгімесін бастады. Ауыл қазағының боямасыз, әсіресіз, түйінді шешен тілі баурап әкетті.   
– Омарбек батыр ғой, қиянатты көтере алмайтын, зорлыққа  шыдамайтын нағыз ер болған екен. Бәленің бәрі 1927 жылы Совет өкіметінің орнағанына, Ұлы Октябрьдің 10 жылдығына орай ұйымдастырылған тойдан басталыпты. Сол кездің шолақ белсенділері көзге түсу үшін барын салып, үлкен думан ұйымдастырады. Шөмішкөл мен Бәйгетөбенің арасын белгілеп, 50 шақырымға ат айдатады. Омарбектің жүйрік, ала аяқ қара аты болған, сол тұлпар аламаннан маңдайы жарқырап бірінші келеді. Бала Саябай ұрандап, қара ат көмбеден дара өткенде тұтас бәйшегір қуанып, сүйіншілеседі. Омарбектің сүйегі бәйшегір, оның ішінде бәйбіше ғой.  «Ру жағынан білігің қалай еді?»  дегендей, Түгелбай аға маған сынай қарап қойды. –  Қара қазақтың тақымында жүрген қара атқа Үштөбе милициясының бастығы Ақмолдаевтың көзі түсіп, Кілтбай деген селсебет арқылы қолқа салады. «Қара атты  бергенше  сендерге жалғыз оғым жалынсын», – депті Омарбек мерген. Бұл сөз милиция бастығына жетіп, Омарбек қыспаққа түседі, түрлі жаламен екі жылда екі-үш мәрте қамайды, бірақ айыбын дәлелдей алмай қайта шығаруға мәжбүр болады. Омекең атын сонда да бермепті. Өзінен де, ауылынан да береке кеткен соң қашуға бел буып, бір түнде үдере көшіп, бала-шағасын шекара асырып тастайды. Жаркент деген ұлы сол жақта сырқаттан қайтыс болыпты... 
Осы тұсқа келгенде Түгелбай аға бір күрсініп, «Е, жарықтықтар-ай» деп күбірлеп, ойланып отырып қалды.  
– Сол кеткеннен оралмаса болар еді ғой... 
– Қалай оралмасын? – жүрегінің түбіндегі жараны біреу тырнап  алғандай Түгелбай ағаның түсі бұзылды. – Ол сабағанның қолын сүйетін қазіргі қазақ емес қой! Кегін алуға келді! Сол кеткенінде соңына милиция түсіп, екі жақтан  он бес адам өлген. Омарбектің әйеліне де оқ тиеді. 
Президент Мұрағаты қызметкері жазған: «...Қаратал ауданында 25 қыркүйекте Қытайдан келген Еркімбеков Омарбек және Комбанов Қазыбекпен қақтығыста 5 адамдары өлтірілді. Қалғандары солтүстік-шығысқа қарай қашып кетті...» деген дерек ойға сап ете түсті.  Бұл Омарбек мергеннің ГПУ қызметкерлерімен алғашқы шайқасы болды. 
– Оның үстіне бұл жақта ағасы өмірбектің жесірі қалып қойған, 
Оларды да  алып кетуі керек, жесірін жұртқа жаутаңдататын қазақ емес қой Омарбектер. Түгелбай аға бұл сөзді ерекше жігермен айтты. Ауыл қазағының намысқойлығына сүйіндім.
Ағасының ауылын көшіріп бара жатқанда Омарбек милиция жасағымен екінші мәрте айқасады. Түгелбай ағаның айтуынша, ол айқас атақты Қараңғысайда болған. Сайды сағалап тынығып жатқан босқын қазақтың үстінен түскен милиционерлер бәрін сабап, қорлайды. Екі милиция бесікте жатқан үш айлық баланы шырқыратып жұлып алып, екі сирағынан жұлқа тартып қақ айырып тастапты. Қорғалап тұрған қазақтар осыдан кейін лап қойған. Әйелдерге дейін, көсеу, орағын алып милиционерлерге тап береді. Оларды мылтық дүмі, қамшымен сабап иіріп жатқан кезде жер шолуға кеткен Омарбек пен жігіттері де келіп қалып, атыс басталады. Шайқас ұзаққа созылып, сарбаздар милицияны шегіндіріп, ауылды жылжыта береді. Алғы шепке Омарбек бастаған мергендер орнығып алып, милиционерлерді бас көтертпей ұзақ ұстайды.  Архивтегі «10 адам қаза тапқан 7 сағаттық атыстың» сыры осы болса керек-ті.  Омарбектің інісі Қазыбек осы шайқаста шейіт болыпты. Екі жылдың ішінде сүйген жардан бір, іні мен ұлдан екі айырылған  Омарбек мерген осыдан кейін қатты кектеніп,  арғы беттен бері өтіп, милициямен айқасқан. Азып-тозған ауылдарды көшіріп әкетіп, Ақмолдаев жұртын сипап қалып жүріпті. Ол жетісулықтар қатты ширыққан кезең еді, Омарбектей ерлер жігіттердің басын біріктіріп, шекарадан қару-жарақ алдыртып, үлкен қарсылық көрсетеді. «1930 жылдары Лепсі мен Байшегірдің арасында топтасқан жігіттерге шеттен 500 қорап оқ, 200 жапон карабині келді. Қару-жарақты молаға жасырыпты» деген сыбыс тарап Үштөбе мен Лепсі, Талдықорған милициясы бірігіп Бостыбай, Қаракөл деген жердегі молалардың бәрін қопарып, қазып шығыпты. Түк таппаған.      
– Осының бәрін сізге милиция болған, Омарбекті қудалаған  әкеңіз айтып берді ме?
Түкең бұл сұрақты күтсе керек.   
– Бәрі солай ойлайды, – деді.          – Анығында менің әкем  Сейітжапар мен Омарбек дос болған. Атам Бименде бауыры Жәлмендемен бірге қажылыққа аттанып, содан оралмай, әкем алты жасында жетім қалған. Бұл мың да тоғыз жүз екінші жыл. Бес-алты жас үлкендігі бар Омекең тұл жетім  Сейітжапарды бауырына тартып,  ертіп жүріп аңшылыққа баулыған. Ашаршылық жылдары сол досынан үйренген кәсіппен ауылын асыраған ғой. Мерген болған. Омарбек одан асқан мерген. Бесатарымен алты қазды атып түсірген сұрмергеннің нақ өзі. 
– Бес оқпен алты қазды... 
– Иә, Омекеңнің нағашы жұрты арықтынымда Бақберген деген кісі болған. Сол: «Омар, мерген екенің рас болса, ана қаздың бірін жібермей   атып түсірші?!» – деп аспанда ұшып келе жатқан алты қазды көрсетіпті. Сонда Омарбек ойланбастан бір оқты езуіне қыстыра салып, оқпандағы бес оқпен бес құсты атып түсіріп, аузындағы оқты оқшантайға тез салып үлгеріп, шүріппені басып қалғанда алтыншы қаз да қалбалақтап жерге топ ете түсіпті. Аспандағы құсты бытырамен ату бір басқа, жалғыз оқпен қағып түсіру бір басқа, осыдан кейін Омарбекпен ешкім мергендік жайлы сөз таластырмаған. Оның бойында Қарабастың құмындағы айдаһарды атып өлтірген Азнабай, Көшек мергендердің қаны бар емес пе?!     
Құм ішіндегі айдаһарды атып өлтіріп, құлағын кесіп алған ағайынды  Азнабай мен Көшек мергендерді білетіндер де аз екені анық, әйтпесе осы уақытқа дейін бұл аңыз кең тарап кетер еді. Қызық оқиға, бірақ, бұлай ауғанды көңіл қаламады, Омарбек тақырыбы баурап барады. 
Түгелбай ағаның мергенге деген ықыласы ерекше екен. Әкесі жау болса, баласы бұлай сүйінбес еді... 
– Онда сіздің әкеңізді ерінің қасынан атып тоқтатыпты деп ел айтып жүрген не әңгіме?   
– Ол рас, осыны анықтап жазшы, айтайын, – деді Түгелбай аға.
– Бұл Бестаздың құмында болған. Мен тұратын Дөңшиден ары қарай құмға сіңіп жүре берсең жүз шақырымдай жерде шағыл құмның бес төбесі бар. Бәрі тақыр, ақбас. Жұрт соған бола Бестаз атап кеткен. Омарбектің тағы оралғанын естіген Ақмолдаев қалың әскер жинайды ғой, «Сен Омарбекпен бірге аң аулағансың, жүретін жерлерін жақсы білесің!» – деп Сейітжапарды күштеп  ертіп алады. Бармайын десе көзіне қан құйылған милиция тұқымын тұздай құртады, амал жоқ, ілеседі. Жасақ ізіне түскенде мерген Бестазға қарай салады. Жүз шақырымда бес қана құдық бар екен, жеткен сайын жылқысын суарып, шөл басып  алып, улап, көмдіріп отырады.  Ең соңғы құдыққа барып бекініпті. Көз ұшындағы  бандыны ұстаймын деп елірген милиция жасағы құмға қалай бойлап кеткенін байқамай, ол тұсқа шөлдеп, шалдығып әзер жетеді. Осы құдықтан су алмаса аман қалулары неғайбыл. Мергенге тұзақ құрамын деп жүріп ГПУ қызметкерлерінің өздері Бетпақтың кәріне ұшырайды. Жан бермек оңай емес, екі жақ атыса бастайды. Омарбек мерген бастаған Нарманбет, Бәри, Нұрбек секілді сайдың тасындай сексен жігіт милицияға бас көтертпейді, қараң еткенін қағып тастап отырады. Қуғыншылар жақтан біраз адам шығын болып, амал түгесілген соң  милиция өздерімен жүрген Омарбектің туысына  бұйырып, келіссөзге жұмсайды. Төбе басына ақ шүберек ұстап шыққан жиенін Омарбек таныпты. Ол берілу туралы айта бастағанда сарыауыз мылтық шаңқ етеді. Етігінің тұмсығын от қарып өткендей болған соң аяғына қараған парламентер жігіт шошып, артқа қарай тұра қашыпты. Шоқайма етіктің бір елідей ұшын оқ жұлып кеткенін көрген милиционерлердің есі шығыпты. Омарбек қан шығармай-ақ жігіттің жанын мұрнының ұшына келтірген екен. Осыдан кейін «Досыңа бар, берілсін, бізге су берсін!» деп менің әкемді жұмсаған... 
Түгелбай аға бір терең тыныстап, шайдан ұрттады. Желісінен жаңылмасын деп тықақтамай, жазбамның әр тұсын түрте түзеп мен отырмын.  Түкең маңызды тұсқа енді келдім дегендей маңдайын жиырып қойды. 
– Әкемнің: «бұл бекер, Омарбектің оғына айдып тұрсың», –  дегеніне Ақмолдаев қарамапты. Мылтығының ұңғысына ақ шүберек байлап тасадан шыққанда Омарбек өзі бірінші тіл қатып: «Сейітжапар, қайт! Қайтыңдар!» – деп дауыстапты. Құдық басына сексеуіл, шеңгел тастап, құммен бастырып тасбекініп алған сарбаздардың өліспей беріспесін білсе де Сейіт шылбырын шынтағына ілген бойы алға бірнеше қадам жасап, ашық жерге шығады. 
– Қайт! 
Омарбек дәл қазір жаралы шерідей, алдын кескенге атылып,  алқымын орып тастауға дайын, ешкімді аямайды. Әкем қаршадайымнан қасында жүрген мені  өкпеге қиса да өлімге қимасын ішім сезеді, сондықтан тағы бірнеше аттап, алаңның ортасына шықтым дейді. Осы кезде тасалаған жерінен Омарбек те көтеріліп, сарыауыз мылтығын көлденең ұстаған күйі төбешік үстіне алшайып тұрыпты. 
– Сейіт, бауырым, ағайынның қанына былғанып, қалған ғұмырымда қолым қалтырап өтсін демесең, қайт кері! Мені мына жапан түзге де сыйғызбады, қазақтың Бетпақты ен жайлаған киік құрлы қадыры қалмады! Ноқтаға басымды сұққанша осы құмда сүйегім шашылып қалсын, көрейін әуселелерін! Ал, сен, қайт!  Орманбектің тамырына балта ұрса да қурамапты, құламапты, деп айтып бар ауылға, құламаймын. Құлата алмайды мына иттер!      
Осы кезде мылтық гүрс ете түскен. Бас сауғалап жатқан милиционерлердің бірі орайлы сәтті пайдаланып, Омарбекті қағып түсірмек болса керек. Мылтық атылған жаққа жалт қараған әкем қайта бұрылғанда мерген орнында жоқ екен. «Апыра-ай, жазым болды ма?»  дегенше,  сарыауыз шаңқ етіп, кер аттың үстіндегі ағаш ердің қасын оқ жұлып түседі. Үш жүз-төрт жүз қадамнан қастың ұшын қылышпен шапқандай қағып түсіру Омарбектің ғана қолынан келеді. Іштей сүйініп кеткен әкем сыр берместен, сол тіл қатпаған күйі кері қайтады. Милиционерлерде енді амал да қалмайды, шабуылдаса алдан оқ борайды, қоршайын десе қашқындар өртеңге жақсы бекініп алған, ұзаққа созғанға шөл шіркін шыдатпай барады. Ақыры  кері қайтпақ болады.  Сол кезде әкем құм ішінде жүрген жалғыз түйені алыстан байқап, атып тастапты. Жанындағылар «Мұның не?» дегенде, «Құмға тығылған бір байдың малы шығар, арам қатсын», –  депті. Сондағысы  тәулік бойы бекіністен бас көтермей жатқан жігіттерге жаңағы түйе азық болсын, жануарды ұзатпай жайратып тастайын деген қулығы екен. Міне, осындай адамдарды жау деуге бола ма? Оларды заман желі екі бөліп әкеткен ғой, бір-біріне иттігі жоқ. 
Түгелбай аға сұқ саусағын бір шошайтып, әңгімем тамамдалып қалды дегендей ишара жасады. 
– Түгел дерлік аман кетіпті ғой... 
Мерген оқты қарша боратып, жауды жапырып жіберді дегендей дерек тосып отырғанымды жасырмадым.  
– Жоқ, екі жүз милицияның төрт-бесеуі ғана тірі жеткен. Омарбек қазақ даласының жауыздықты тұншықтыра алатын қату мінезі барын дөп басқан. Қуғыншылар қайтар жолда көмілген құдықтардың орнын тырмалап, судың көзін таппай  қиналыпты, тапса да уланған... бәрі шөлге шыдамай қырылыпты. Бір-бірінің құтыдағы суына таласып, қырқысқан. Милиция бастығы мен аты мықты бірнеше қазақ қана құм ішінен аман шығыпты.     
–Ер екен, көп әскерді оқ шығындамай жайратыпты...
– Иә, Омарбек оларды дала заңымен соттады. Үкімді дала орындады. Ата жауы болса да қан шыққан жерді қорқауша жұлмалай беру жоқ қой батырдың мінезінде. Ызасы өткен милиция бастығын құм ішінде қуып жүріп өлтірсе де ешкім қолынан қақпас еді, еркіне жіберді, өлсе сүйегі көмусіз қалар еді, аман шықса – Алланың рақымы. Осы қырғыннан кейін Омарбек мерген қайта оралмапты. Ағасының жесіріне қосылып, Қытайда үрім-бұтақ өрбіткен. Ал әкем батыр досының бейнесін өле-өлгенше жүрегінің түкпірінде сақтап өтті, бізге сыбырлап айта беретін, ұмытпасын, білсін, ер есімі өшпесін дегені ғой... Ол кісі көз жұмғалы қырық жылға жуықтап қалды, мен де пайғамбар жасына жеттім, осы әңгіме әке аманатындай болып иінімді басып жүр еді, айтайын десең қызығатын, тыңдап, түртіп алатын ешкім жоқ.               – Түгелбай аға тұнжыраңқы отыр.        –  Баяғыдағы банды кімге керек?!     
– Олар банды емес, аға, дала батырлары ғой.
– Міне, жөн сөз! Сенің осы мәселені қозғағаныңды жұрттан естіп, іздедім ғой. Қайдағы банды, әкем-ау?!  Олар арқасына ер салдырмайтын, тақымда жүргенше құздан қарғып кетуге бейіл дала тарпаңындай  нағыз қазақтар ғой.  Қара атын милицияға мінгізіп жалбақтаса  Қаратал өңірінде Омарбектен құрметті азамат болмас еді. Ол абақтыға қамалса да қыңбады. Астындағы атын берген еркек қойнындағы қатынына да иелік ете алмайды!   Мына заманда солардың батырлығын, өрлігін айтуымыз керек қой. Қазақ солардай еркін, батыл, намысқой болуға талпынсын! Біз ауылдарға, көшелерге әлі күнге баяғы коммунистердің, қазақты зар илеткендердің есімін беріп келеміз. 
Қызына сөйлеген Түкең осыны айтқан соң сөзін кілт үзіп, сұқ саусағымен үстелді түртпектеп үндемей қалды. Мен де тіс жармадым. Расымен, Омарбек мерген атындағы ауыл болса, онда «Большевиктік саясатқа қарсы күрескен Омарбек Еркінбекұлы атындағы ауыл» деген тақтайша тұрса,  ұлтқа, намыскер ұлға  үлгі болмас па еді. Ауыл қазағының осы ойын төрдегілердің төбесіне қалай құярсың? Екі тараптың түсінігі  дүниенің екі полюсі секілді.
–Жарайды, Секен, – шері тарқағандай болып жүзі жадыраған  Түгелбай аға мені іштарта сөйледі. – Біраз уақытыңды алдым, айып етпе. Мана айттым ғой, Омарбектің есімі мен ерлігі ұмыт болмауын әкем аманаттаған еді, соны саған айтып беріп, жеңілдеп қалдым. Аманатымнан құтылдым, саған тапсырдым, бұдан ары не істеріңді өзің біл! 
Хатшы қыз жаңадан әкеп қойған ыстық шайға қол созып,  бір-екі ұрттаған Түкең маңдайынан шыққан шып-шып терді қолымен сыпырып тастады. Жаны жай тапқан, үлкен қарызынан құтылған адамның балбыраған, жүзі бал-бұл жанған кейпі. Сол күйі орындықтан тұрып, қолын созды. 
– Аман бол.
Қалай тосын келсе, солай тосын қоштасты. 
– Сау болыңыз! 
Орнымнан көтеріліп, есікке дейін шығарып салдым. Қырық жылдық сырдан арылып, алшаң басып, еңсесін тік ұстап барады. Аманат жүгі ауыр ғой... 
 
Серік ӘБІКЕН, 
«Парасат» журналының бас редакторы.