Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ДЕМОКРАТИЯ ДЕГЕНІМІЗ ЖҮГЕНСІЗДІК ЕМЕС. ҚАҢТАРДАН ТҮЙГЕН ҚОРЫТЫНДЫ

Уақыты: 29.01.2022
Оқылды: 1290

Әуелгі сөздің әлқиссасын Ата Заңға жүгінуден бастайықшы. Конституциямызға кірісер-кіріспес бұрын, яғни, бірінші бөлімнің бірінші бабында: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары», – деп тайға таңба басқандай анық жазылған. Мектеп жасындағы бала да анықтамасын кідіріссіз айтатын демократия ұғымы Қазақстанда ғана емес, әлемнің дамыған елдерінің бәрінде үлкен маңызға ие. Қазақ тарихына «Қаңтар қасіреті» деген атпен енген кешегі дүрбелең демократияның негізгі бағыт-бағдарын қайта қарауды міндеттеп, еркіндік дегеніміз еркінсу емес екенін тағы бір ұғындырғандай әсер етті.

Біз демократия ұғымын тектен-текке алға тартып отырған жоқпыз. Тіке аудармасы «халық билігі» деген мағынаға саятын бірауыз сөздің астында тұтас ғылым бар. Ой еркіндігі, сөз бостандығы, шеруге шығып, өз талап-тілегіңді жеткізу – демократияның кішкентай бір тармағы, бөлшегі ғана. Ал демократиялау жүйесі, оның институттық қағидалары, адам құқығы мен бостандығын сақтау, өзгелердің өміріне қол сұқпау, еркіндігіне кепілдік беру, қауіпсіз қоғам құру, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал жасау секілді қаншама бағыт-бағдары барын, оны игеріп, іске асыру үшін арнайы басқару механизмі қажет екенін былайғы уақытта елеп-ескермейтініміз ащы шындық. Осындай салғырттық пен құқықтық сауаттылықтың, білім-біліктің аздығынан қаңтардағы бүлік кезінде бейбіт тұрғындар арандатушылардың айтағына еріп кетті, жымысқы топтың ұранына қосылды.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қаңтар дүрбелеңі кезінде демократия ұғымына бірнеше рет тоқталды. Ең алдымен Президент: «Еліміздегі қайғылы жағдай демократия мен адам құқығы мәселелерінің жаңа қырын ашып көрсетті», – деді. Одан кейінгі сөзінде: «Демократия дегеніміз – жүгенсіздік емес, әсіресе, блогосферада заңға қайшы әрекет ететін арандатушылық емес», – дей келе, дәлелді анықтама ұсынды.

Демократия – дұрыс ұстанған мемлекет үшін ең қастерлі және дұрыс бағыттың бірі. Ал демократияны желеу етіп, қоғамдық тәртіпке нұқсан келсе, өзгелердің өмірі мен жеке мүлкіне қол сұғу оқиғалары өршісе, бұл – бассыздық. Мұндай кезде заң аясында дереу тәртіп орнату – кез келген мемлекетте бірінші қойылар басты талап.

Осы аргументіміз анығырақ болу үшін тағы да Қасым-Жомарт Кемелұлының сөзіне ден қойып көрелік. «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай сөйлеген сөзімде заң мен тәртіп еліміздің игілігі мен берекесінің негізгі кепілі екенін айттым. Бұл тек Қазақстанға ғана емес, барлық өркениетті мемлекетке тән. Бұл азаматтардың бостандығы мен адам құқығын шектеу деген сөз емес. Керісінше, Алматыдағы және Қазақстанның өзге де қалаларындағы қайғылы жағдай заңның сақталмауы, шектен шыққандық және анархия адам құқығының бұзылуына әкеп соқтыратынын көрсетті», – деді Президент.

Иә, Қаңтар қасіреті кезінде заң аяқасты болды. Еліміздің бірнеше қаласында бір мезгілде басталған шабуыл бейбіт шеруді тиімді пайдаланушылар бар екенін, ұйымдасқан террорлық әрекетке ұласқанын байқатты. Облыс орталықтары мен ірі қалалардың барлығында дерлік бірнеше сағаттық хаос орнады. Ашықтан-ашық анархия пайда болды. Өртенген әкімдіктер, қираған полиция ғимараттары, медицина қызметкерлері мен өрт сөндірушілерге жасалған кедергілер, қоқан-лоққы мен қысымдар бейбіт тұрғындардың үрейін ұшырды. Халық басбұзарлармен, жымысқы топ өкілдерімен ешқандай полиция мен әскерисіз бетпе-бет қалғандай күй кешті.

Демократия ұғымын теріс пайдаланушылар кесірінен толқуға қатысы жоқ бейсауат адамдар зардап шекті. Өлім-жітім тіркелді. Ғаламтор өшірілді. Кәсіпорындар мен түрлі мекемелер жұмысын тоқтатып, шығынға батты. Жолаушылар діттеген жеріне жете алмады. Білім, медицина, сауда, құрылыс саласына нұқсан келді. Әбден абдыраған халық мұндай кезде не істер еді? Әрине, Президентіне, Мемлекет тізгінін ұстаған басшысына қарайтыны анық. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз орнынан табылып, дер кезінде Үндеу жасай алды. Әсіресе, жаппай тәртіпсіздік кезіндегі алғашқы Үндеуі көптің қорқынышын басып, болашаққа деген нық сенім ұялатты. Президенттің: «Қандай жағдай болсын, мен елордада қаламын. Халықпен бірге болу – бұл менің конституциялық міндетім», – деген сөзі елдің еңсесін көтеріп жіберді. Міне, мемлекет құндылығы, сенімге селкеу түсірмеу және уәдеге беріктік осындайда білінсе керек-ті.

Қасым-Жомарт Кемелұлы өзі сипаттаған анархияны тоқтатып, құқықтық, демократиялы мемлекетті қайта қалпына келтіруге шұғыл кірісті. Оның кейінгі Үндеулерін, Парламент Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзін, отандық бизнес өкілдерімен өрбіген әңгімесін, тұтастай алғанда, Қазақстанның ендігі даму межесін белгілеген, алдағы саяси-экономикалық, әлеуметтік бағытымызды айқындаған құнды құжаттар жиынтығы десек те қателеспейміз.

Қарап отырсақ, Қасым-Жомарт Тоқаев елді демократияландыруға баяғыдан назар аударған. Осыған дейінгі шыққан кітаптары мен әртүрлі жиындарда сөйлеген сөзін қоспағанның өзінде, кейінгі бірнеше жылдың жүзінде демократияға қатысты жақсы пікірлер айтқан, ауқымды жұмыстар атқарған. Соның бірі – Бейбіт жиналыстар туралы Заңның мақұлданып, қол қойылуы. «Естеріңізде болса, 2020 жылдың мамыр айында менің ұсынысыммен азаматтардың бейбіт жиналыстарды өткізуі туралы заң қабылданды. Бұл заң, шын мәнінде, елімізде демократияны ілгерілету бағытында жасалған маңызды қадам. Өйткені құжатта митингілер мен жиналыстарды өткізу үшін рұқсат алудың қажет еместігі, тек билік органдарына ескерту жеткілікті екені қарастырылған. Жиынды еліміздің кез келген қаласының орталығында өткізуге болатыны көрсетілген. Алайда қай жерде жиналып, не айтсақ та құқымыз бар деп санайтын кейбір «құқық қорғаушылар» мен «белсенділер» өздерін заңнан жоғары қояды. Осындай шолақ белсенділердің жауапсыз әрекеттерінің кесірінен полиция қызметкерлері өздерінің негізгі құқықтық тәртіпті сақтау қызметіне толық көңіл бөле алмайды. Оларға көбінесе зорлық-зомбылық көрсетіп, тіл тигізеді. Осындай «белсенділердің» кесірінен интернет бұғатталады. Нәтижесінде миллиондаған азамат пен отандық бизнес зардап шегеді. Яғни, ішкі экономикалық, әлеуметтік және саяси тұрақтылыққа орасан зор зиянын тигізеді», – деді Президент кезекті Үндеуінде. 

Көрдіңіз бе, Президент демократиялық үрдістерге басымдық бере отырып, бейбіт шеру өткізуге барынша мүмкіндік жасағанын аңғару қиын емес. Өкінішке қарай, осындай жеңілдіктерді арандатушылар өздеріне ұтымды пайдаланып кетіп отыр. Олардың ішінде сыртқы күштердің де ықпалы бар. Мемлекет басшысы бұларды жауапсыз демагог деп атап, қатаң шара қолданылатынын жеткізеді. Президент «Твиттер» парақшасында толқу Жаңаөзенде басталған кезде-ақ бейбіт митинг, халықтың талап қоюға құқығы бар екенін, бірақ әрбір жиынның өз тәртібі болатынын, шерулер заң аясында реттелетінін ескертіп отырған. Мәселен, «Азаматтардың жергілікті және орталық билік органдарына талабын ашық айтуға құқығы бар, бірақ, бұл заңға, нақтырақ айтқанда, Бейбіт шерулер туралы заңға сәйкес жүзеге асырылуы керек», «Демонстранттарды еліміздің тұтастығы мен бірлігіне сызат түсіруді көздейтін деструктивті топтардың үндеуіне құлақ аспауға шақырамын», – деген жазбалары осы ойымызға айқын дәлел. «Твиттердегі» тағы бір жазбасында Президент хаос жағдайында даму, реформалар жасау мүмкін еместігін, заң мен тәртіп – тұрақтылығымыздың негізі екенін ескертеді.

Президентіміз Ресей телеарналарының біріне бұрынырақта берген сұхбатында демократия мәселесіне тағы тоқталған еді. «Жалпы алғанда, демократия бір түнде пайда болатын нәрсе емес. Бұл Еуропада бірнеше ғасырға созылған үдеріс. Америка Құрама Штаттарында да демократия бір түнде орнаған жоқ. Алпысыншы жылдардың өзінде кемсітушілік белгілері анық байқалатын. Қара нәсілділерді, әйелдерді. Ал Қазақстанға келер болсақ, демократия – табиғи түрде дамыған процесс», – деп сипаттағаны жадымызда.

Жаны бар сөз. Демократиялы ел екен деп шетелден үлгі іздеудің орнына әр қазақстандық өзін тәрбиелеп, Отанына адал қызмет етіп, мемлекетіне жанашырлықпен қарай білсе, дәстүр-салты мен еркіндікті ұштастыра алса, міне, сол дұрыс бағдар болары айқын.

Президенттің: «Интернетке еркіндік берілгенімен ойына келгенді жазуға, жалған ақпарат таратуға, біреуге тіл тигізуге, арандатушылыққа жол берілмейтінін ескертемін. Ондай материалдар шықса, олардың авторларын тауып жауапкершілікке тарту шараларын қабылдаймыз», – деп мәлімдеуінде де үлкен мән жатыр.

Бұл, бір қарағанда, құқықтық жағынан шектеу сияқты көрінгенімен әр адамның желідегі жауапкершілігін арттырады. Әлеуметтік желі бүгінде үлкен күшке айналды. Ал оның құзыретін мемлекет тұтастығына сызат түсіру үшін, ел арасына іріткі салу мақсатында қолдану қауіпті. Оның үстіне, желі алдамшы. Онлайн аккаунт иелері мен өмірдегі бейнесі мүлде екі бөлек әсер береді. Сондықтан, желіде пернетақтаның батыры болғанша, өмірдегі тақтаңа жақсы із қалдыруға тырысқан жөн.

Ата Заңда көрсетілгендей, құқықтық мемлекеттің құндылығы неде? Ұлы даланың шаңырағын шайқаған кешегі тәртіпсіздіктен не түйдік? Тәуелсіздігімізден айыруға тырысқан жымысқы топтар бейбіт шеруді қалайша ұтымды пайдаланып кетті? Бүлік кезіндегі Президент Үндеулері, шұғыл шешімдер қандай нәтиже берді?

Осы және өзге де сансыз сауал әлі де қойылатыны, оған берілетін жауаптардың келешекте тағы толығатыны, алдағы уақытта бұл ауқымды тақырып бірнеше жылдық зерттеуге арқау болатыны айтпаса да түсінікті. Бірақ біз Қаңтар қасіретін зерттеп, зерделеуді бір ғана қымбатшылықтың шеңберінде қарастырсақ, қатты қателесетінімізді ұғынуға тиіспіз.

Қаңтар толқуына қорытынды шығармас бұрын әр салада тамыр жайған жемқорлыққа, жекелеген тұлғаларда отаншылдық сезімнің жоқтығына, лауазымды қызметтерге ұмтылып, мансабын қарақан басы мен жақындары үшін пайдалану әрекеттеріне, кеңседе басқа, үйде басқа кейіпке енетін екіжүзділікке, басшыларға жарамсақтану, жиіркеніш тудыратын жағымпаздық, функционалдық міндеттерді атқаруда ашықтықтың аздығы, қоғамның адал адамға зәрулігі секілді қадау-қадау мәселеге майшаммен үңілуге тура келеді.

Бұл түйткілдердің бірсыпырасы бүгінде шешімін тауып, көлеңкелі көп дүниеге сәуле түсе бастады. Күдіктілер құзырлы мекемелердің құрығына ілігіп, топ-тобымен тергеліп-тексеріліп жатыр. Жаппай қызметінен босатылып, балқып-шалқыған өмірімен қоштасып жатқандары қаншама?!

Қазақстандағы ахуалдың осыншалықты ушығуына өте көп фактор әсер еткені айқындалып отыр. Біздің пайымымызша, ең алдымен, жемқорлық, одан кейін жағымпаздық мемлекеттің қарыштап дамуына кедергі келтірген. Бұған жоғарыда атап өткен екіжүзділік пен отаншылдық рухтың төмендігін қосыңыз. Аталған төрт қатерді сырттан ешкім тасымалдап отырған жоқ. Өкінішке қарай, бұл қауіп өз азаматтарымыздың бойында кездеседі.

Жемқорлықпен күрес егемендік алғаннан бері айтылып келеді. Бірақ бар мәселе сол тек айтылумен шектеліп жатқандығында болып тұр. Меніңше, жемқорлықпен күресті жоғарыдағы «миллиардтардан» емес, төмендегі «мыңдардан» бастаған нәтижелі ме деймін. Ең қарапайым сұрақ, жүргізуші куәлігін оқып-тоқып, емтиханнан сүрінбей өтіп, ешқандай ақша, қаражатсыз алған қайсымыз бармыз? Немесе дәрігерлердің алдынан өтуге ерініп, медициналық анықтама қағазын «сатып ала салуға» бейілді болып тұратын кім?! Көліктің техникалық бақылауына пара ұсына салатын тағы өзіміз емес пе?! Тендерге қатысты «шапка», «рахметі болады», «еңбегіңді жемеймін», қызметке тұру үшін айтылатын «вставка» деген небір жаргон тіркестер жайдан-жай туа қалып па?! Бұл ретте ел Президентінің жемқорлықпен күресте ешқандай аяушылық болмайтыны туралы пәрмені өз нәтижесін берері анық.

Мемлекет қамқорлығын сезіне отырып немесе мемлекеттік қызметте жүріп өз ісіне сенімсіз, былай шыға бере жамандай жөнелуге бүйрегі бұрып тұратын мамандарды, түрлі сала қызметкерлерін көргенде амалсыздан тағы күйінуге тура келеді. Отбасы, ошақ қасында күңкілмен жүріп, кеңсесінде отаншыл кейіпке енетіндердің әрекеті екіжүзділік емей немене?! Айдың, күннің аманында, бейбіт заманда «мемлекетке опасыздық жасау», «сатқындық», «билікті күшпен басып алу» секілді айыптауларды естігенде еріксізден жағамызды ұстадық. Дәл осындай келеңсіз көріністердің жиынтығы, шоғыры айналып келіп, Тәуелсіздік тұғырын теңселтті. Бұл – өте қауіпті! Мұндай олқылықтарды сыртқы күш билік өз алдына, халық өз алдына өмір сүріп жатқандай етіп көрсетіп, өз мақсаттарына тиімді пайдаланып кетуі әбден мүмкін-ақ.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі жағымпаздық мәселесіне қатысты тоқетер сөзін екі жыл бұрын айтқан еді. Ресейдің танымал журналисі Алексей Пивоваров Қасым-Жомарт Кемелұлына жағымпаздыққа байланысты сауал қойғанда: «Білесіз бе, маған ешкім жағымпазданбайды. Бәлкім, мен ондайды ұнатпайтын болғандықтан шығар? Ұнатпау былай тұрсын, мен ондайды жақтырмаймын. Қазірдің өзінде жағынуға тырысып жатқандар бар. Мысалы үшін, Өзбекстанға барып қайтқаннан кейін: «Тамаша», «Мұндай ешуақытта болмаған», «Түр-тұлғаңыз керемет», – деген сияқты сөздер айтылды. Мен ондайды елемеуге тырысамын. Жауап бермеймін. Естімеген адамдай өте шығамын. Өйткені, бұл мақтау сөздердің көк тиындық құны жоқ. Ең басты сыншы ол – өзің. Мен қай жерде қателескенімді, қай жерде жарқырап көріне алмағанымды жақсы білемін. Бұл жағынан келгенде, мен өз-өзіме сыншымын. Тіпті, қатал сыншымын деуге болады», – деп жауап берді.

Отанды сүю, ел, жер үшін бәріне дайын болу – ХХІ ғасыр жастарына артылған ең қасиетті борыш. Өкініштісі, қазіргі таңда патриоттық сезім сөніп барады. Отаншылдық рух дарыту саңырауқұлақша қаптаған шаралардың қағаз жүзіндегі бір мақсаты ғана болып қалды. Президент айтқандай, Отан үшін бәріне даяр азаматтардың саналы таңдауы – армия. Қасым-Жомарт Кемелұлы баса назар аударуды қажет ететін тағы бір мәселе – әскерге барудан жастардың қашатынын сөз етті. Бұл да шұғыл реттеуді қажет ететін қауіпті үрдіс. «Көптеген жас азаматымыз Қарулы Күштер қатарында әскери борышын өтеуден қашады. Әскери билетке ие болу жастардың мақтанышын тудырмайды және Отанға қызмет етудің белгісі саналмайтын болды. Армия қатарында қызмет ету, құқық қорғау саласында жұмыс істеу – айрықша миссия. Бұл – Отан үшін жанын салуға бел буған азаматтардың саналы таңдауы. Жастарымызды әскери борышын өтеуге қалай ынталандыруға болатынын біз бүкіл қоғам болып ойластыруымыз керек», – деді Мемлекет басшысы.

Қалай десек те, Қаңтар толқуы Қазақстанда сірескен көпжылдық сеңді қозғады. Ендігі міндет – бейбіт шеруге шыққандарды ажыратып, жаппай тәртіпсіздікке ұластырған кінәлілерді, террорлық шабуыл жасағандарды тауып, теріс пиғылды топ мүшелерін жазаға тарту. Бұл орайда құзырлы мекемелер әділдіктен ауытқымайды деп сенім артамыз.

Қуаныш ТҰНҒАТАР